Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3414 0 пікір 13 Маусым, 2013 сағат 04:43

Нұралы ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ: «Абайтану дегеніміз – даналық тану»

Жаңа мультимедиялық жүйе бойынша, қазірдің өзінде Абайдың таңдамалы шығармалары мен 13 кітаптан құралған «Даналық әліппесін» арнайы қаламмен «сөйлетуге» болады. Енді жоба жетекшілері қаражат табылса, тіпті кітапты сөйлетуден де ары кетіп, оларды бейнекөріністермен толықтыруға мүмкіндік барын алға тартады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батасын алған нағыз ұлттық жоба Білім министрлігінің арнайы бұй­рығымен мектеп кітапханаларына енгізіледі деп күтілсе де, жергілікті жерлерде қиындыққа тап болып отыр екен. Жапон технологиясын жатсынып, инновациядан үрке қашқан жергілікті атқамінерлер мен жалпы баласына уақыт таппайтын әке-шеше мен ата-әженің орнын басатын «электронды ата-аналар» жайлы «Interаctiv Kazakhstan» ЖШС-ның төрағасы Нұралы Құдайбергенұлы әңгімелейді.

Жаңа мультимедиялық жүйе бойынша, қазірдің өзінде Абайдың таңдамалы шығармалары мен 13 кітаптан құралған «Даналық әліппесін» арнайы қаламмен «сөйлетуге» болады. Енді жоба жетекшілері қаражат табылса, тіпті кітапты сөйлетуден де ары кетіп, оларды бейнекөріністермен толықтыруға мүмкіндік барын алға тартады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батасын алған нағыз ұлттық жоба Білім министрлігінің арнайы бұй­рығымен мектеп кітапханаларына енгізіледі деп күтілсе де, жергілікті жерлерде қиындыққа тап болып отыр екен. Жапон технологиясын жатсынып, инновациядан үрке қашқан жергілікті атқамінерлер мен жалпы баласына уақыт таппайтын әке-шеше мен ата-әженің орнын басатын «электронды ата-аналар» жайлы «Interаctiv Kazakhstan» ЖШС-ның төрағасы Нұралы Құдайбергенұлы әңгімелейді.

Бұл идея халқымыздың тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі, ұлттық үр­дісін насихаттау әрі халықты өзінің ұлттық тамырымен қайта қауыштыру үшін туындады. Ұлт­тың рухани құндылығын бо­йына сіңіру өз ұлтын ойлайтын әрбір азаматтың көкейінде жатқан арманы деп білемін.
Кезінде мен бұл саладағы ең мықты азаматтармен араластым. Атап айтсам, академик Әбдуәлі Қайдаров қазақ тілінің этно­лингвистикалық сөздігін жасау­ға бүкіл ғұмырын арнады. Профес­сор Мекемтас Мырзахметұлы – ұлт руханиятына теңдессіз еңбек етіп келе жатқан бірегей ғалым.Жағда Бабалықұлының этно­лингвистика мен жалпы этно­графия саласындағы еңбектері ұшан-теңіз. Осы салада еңбегі орасан азамат – этнограф Тоқта­сын Өмірзақ. Бұл ғалымдар­дан көп нәрсені үйрендім. Соның арқасында «Біз кімбіз?», «Мен кіммін?» және «Қазақтың бола­шағы бар ма?» дегендей сұрақтар пайда болды. Нұрсұлтан Назар­баев та өзінің 2050 жылға бағыт­талған Жолдауында осы түйткіл­дерге баса назар аударған.
Өзім инженер болғандық­тан, техника жағын меңгеруге тыры­самын. Сондағы мақсат – инно­вациялық технологияларды бі­лім саласына енгізу. Мәселен, инте­рак­тивті тақта, соңғы үлгідегі ғы­лыми кабинеттер жасау, т.б. жұ­мыстарды жасадық. Соның ішін­­де «сөйлейтін қаламды» жа­пондармен қарым-қатынас ор­натудың арқасында дүниеге әкел­дік. Мәселен, арнайы кітап­қа қаламды жүргізсеңіз, ол бір­ден сөйлеп кетеді. Біз басында бұл технологияны білмегендіктен, оны жапондардың өздеріне жа­саттық. Жобаның жасалуы мен жергілікті мамандардың оны үйреніп шығуына көптеген қа­ражат кетті. Өз басым инженер ретінде оның жасалу тетіктерін көре отырып, өз азаматтарымыз­ға үйрете бастадым. Қазір біз бұл қаламды жапондарсыз өзіміз-ақ жасай аламыз. Өйткені біз жа­пондардан бұл технология бағ­дарламаларының лицензиясын да алдық. Бұл технологияны меңге­ріп алған азаматтар: Канитаева Айжан, Мейрамбек Мелдеш, Шуриева Ағила.
– Бұл инновациялық жүйе бо­йынша қандай шығармалар «сөй­лей» бастады?
– «Абайтану әліппесінің» төрт кітабын 5300 данамен шы­ғардық. «Жақсы бала», «Жақсы ата-ана», «Жақсы құрбы-құрдас» және «Жақсы ұстаз» деген бағыт­тар бойынша жұмыс істедік. Таяуда бұл еңбекті коммен­та­рийлермен толықтырдық. Яғни әрбір қара сөзге, өлеңге абай­танушы Мекемтас Мырзах­мет­ұлының комментарийі бе­ріледі. Сондай-ақ тест сұрақтарын қосып, оларды да сөйлеттік.
Кейін «Даналық әліппесі» деген үлкен жобаға кірістік. Оған төрт жылдан астам уақыт пен еңбек кетті. Әрине, басында «Да­налық әліппесіне» қандай ба­ғыттарды енгізуіміз керек деп тол­ғанғанымыз бар. Ақыр со­ңын­да халық даналығының қай­­нар көзі ретінде жобамызды қо­быз, сыбызғы, домбыра үнімен әр­леп, үлкен жұмысты бастап кеттік. Кейін халық әндері мен жыр­лар, ертегілер, билер сөзі, бабалар батасы, т.б. енгізілді. Біз бұл са­ладағы мықты ғалымдарды іздеп, оларды сол еңбектерге белгіледік. Әбдуәлі Қайдаров, Серік Не­ги­мов, Мекемтас Мырзах­метұлы, Әб­дулхамит Райымбергенов, Ұлжан Байбосынова, Қайрат Байбосынов, т.б. мықты аза­мат­тар­ды бұл игі бастамаға тарттық. Сол сияқты мәтіндерді дұрыс оқитын әртістерді таңдадық. Олардың оқуын, күй орында­уын, ән айтуын өз студиямызда жаз­дық. Қазақстанда алғаш рет біз­дің компания «Дот-код» техноло­гия­сын толық меңгерді. Осы жа­ңа­лықтардың жарыққа шығуы­на орасан зор еңбек еткен қазақ ру­ханиятының жанашыры, ғалым Бижан Құрманғалиқызы. Біз кез келген сала бойынша сөйлейтін қалам мен кітаптарды шығара аламыз. Бұл саланы дамыта бер­сек, ертектерді бейнесімен, сурет­термен сөйлетуге, оның ішінде кейіпкерлермен сөйлетуге дейін болады. Мұның бәрі балаларға қызықты болу үшін жасалып жа­тыр. Тіпті кітаптағы мәтінді кино етіп көрсететіндей дәрежеге жет­кізуге мүмкіндік бар. Яғни бұл технология ары қарай дами береді.
– Біздің жалпы орта білім беру жүйесінде әлі де кеңестік заман­дағыдай қатып қалған партада қатып қалған кітаппен баланы оқыту үрдісі басымырақ емес пе?
– Біріншіден, кітаппен оқы­ту – классикалық оқыту жүйесі. Екіншіден, мультимедиялық оқу жүйесі бар. Мультимедиа деген сөз – оған аудио мен видеоны қосу. Біздің жасап отырғанымыз – екінші дәрежедегі білім беру жүйесін дамытатын бірден-бір құрал. Мектептегі кітаптар осы технологияға көшетін болса, онда мультимедиялық білім беру жү­йесі мықты дамитын еді. Үшін­ші дәреже – интерактивті техноло­гия. Бұл жүйені мүмкіндігінше көбірек енгізуге тырысып жатыр. Атап айтсақ, интерактивті тақта, интерактивті құралдар, план­шеттер, т.б. пайдаланып жүр. Төр­тінші дәреже – интеллектуалды технология. Осындай техноло­гиялардың ішінде мультимедия­лық нұсқасы ең мықты құралдар­дың бірі деуге болады. Қазір мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға осы техно­логияны ұсынсақ, онда олар­дың даму, жетілу дәрежесі артар еді. Оның үстіне бала оқытудың тиімділігі де бірнеше есе арта­ды. Балалар сөйлеу мәнерін үйре­неді. Тез жаттап, дұрыс сөйлейді. Дұ­рыс айту мен жазу дамиды. Бұл жағынан келгенде, бұл теңдесі жоқ технология. Құзырлы ми­нистр­лікпен бірігіп жұмыс істеу бағыты әлі де ерекше назарды талап етеді.
– Бұл жобаға бөлінген қаржы қан­шалықты ақталды?
– Кітаптарды шығарудың өзі­не көп қаржы кетті. «Даналық әліп­песі» 10 мың данамен шықты. Қазірше жұмсалған қаржының басы да қайтқан жоқ. Егерде қар­жы қайтарылса, алда тұрған ке­лесі мақсатты жұмыстарға кірісу­ге болар еді.
– Өз басым журналист ретінде «сөйлейтін» кітаптарды көріп, таң­ғалдым.Мәселен, елімізде 8000-нан астам мектеп болса, солардың әрқайсысына бір-бір данадан өт­кі­зуге болмас па еді? Себебі бұл әр мек­тепке қажет жаңалық қой...
– Жалпы, Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына бұл еңбектер енгізілді. Бір айта ке­тер­лігі, мұнда әр аудан мен мектеп­тің таңдауы бар екен. Таңдау мәсе­лесіне келсек, олар бізге: «Үлгер­медіңіз, кешіктіңіз, бюджет қар­жы­сы бітіп қалды» дегендей мә­се­лені айтады. Бұдан бөлек бас­палардың таласы тағы бар. Баспалардың таласында мұндай мультимедиялық оқулықтарды енгізу оңай емес.
– «Даналық әліппесі» кіта­бы­ның құны 45 мың теңге. Жалпы, бұл қарапайым халықтың қалтасы үшін тым қымбат емес пе?
– Біз рухани құндылықтың еш уақытта арзан болмағандығын айтамыз. Егерде адам шын мә­нінде, рухани құндылыққа кенел­гісі келсе, онда ол бағасына қара­майды. Бұл адамның таңдауына байланысты.
– ТМД аумағында осы тектес технология бар ма?
– Жоқ, тек Қазақстанда бі­рін­ші рет жасалып отырған жоба. Біз мұның бірінші үлгісін жасап бол­ған соң, Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевқа ұсындық. Ол кісіге бұл технология қатты ұнап, кітаптарға алғысөз жазып берді.
– Бүгінге дейін сөйлейтін қа­ламы бар қанша кітап сатылды?
– Бұл кітаптардың 1000-ға жуық данасы сатылды. Бірақ бұл – өте аз көрсеткіш. Өткенде депу­тат­тар бұл кітаптарды көріп, мұны он мыңдап, жүз мыңдап шығару керек деп отыр. Әрине, түсінген адамға, әрбір отбасы мен баланы тәрбиелеймін деген ата-анаға өте қажет дүниелер. «Даналық әліп­песі» тек мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға ғана арналмаған, ол адамның туғаны­нан өмірінің соңына дейін алып жүретін құндылығы деп ойлай­мын.
– Бұдан кейін қандай жобалар­ға кірісу ойда бар?
– Келесі жобамыз – екі том­нан тұратын Абайдың толық шы­ғармаларын шығару. Одан кейін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын«сөйлейтін кітаптар» қатарына қоссақ деп отырмыз.
– «Меломан» сөрелерінде са­тылып жатқан кітаптарыңызға сұраныс қандай деңгейде?
– Қазірше өте төмен. Себебі біріншіден, сөйлейтін кітаптар­дың әлі де жарнамасы дұрыс болмай жатыр. Екіншіден, мәселе – елдің материалдық дәрежесі­не байланысты, яғни оны сатып алуға қаншалықты мүмкіндігі бар деген түйткіл туындайды. Соған қарасаң, адамның кітап пен жал­пы жаңа технологиялармен байланысты дүниелерді сатып алу деңгейі өте төмен.
– Ал бүгінгі қоғамда дұрыс бата беріп, көне шежіре-дастандардан мысал келтіре алатын қариялар қалды ма?
– Шыны керек, қазір қария­лар өте аз. Өйткені өмірдің ағы­мы сондай, олар күнделікті өмірде бір саланың маманы болуы үшін көп уақыт пен күш-жігерін жұмсай­ды. Белгілі бір мамандықты алып жүремін деген соң, ұлттық тәлім-тәрбие, даналық сөздер артта қалады. Сондықтан қазір ата, әже болам дегендерде ұлттық құнды­лықтардың жиыны аз. Сондық­тан екінші мақсат – электронды ата-әже мен электронды әке-шеше жасау. Былайша айтсақ, біз ата-әженің ертегі мен нақыл сөз ай­татын жұмысын электронды нұс­қамен ауыстырып жатырмыз. Әрине, ата-әже мен әке-шеше­нің орнын ешкім де ауыстыра ал­­майды. Ата-әженің айтқан на­қылы, бо­йына жиған-терген үлгі-өне­гесіне еш нәрсе жетпейді. Бірақ соған көмекші құрал ре­тін­де бұл жобалар да үлкен қызмет атқара­ды деп сенеміз.
Жалпы, мен «Даналық әліп­песін» қазақ үшін құнды дүние дер едім. Мәселен, «Бесік жыры» – кез келген ананың бесіктi тер­бете отырып айтатын әндері. Бала өс­кен соң, ертегілер айтудың қа­жеттілігі туады. «Ертегілер» мен «Батырлар жыры» да жинаққа енгізілген. Ал «Қобыз үні» деген кітап арқылы бала қобыз, сы­бызғы, т.б. аспаптардың үндерін естиді. Бала ержеткен соң, да­на­лық кітаптарын сұрай бастайды. Сол кезде Жүсіп Баласағұн­ның «Құтадғу Білік» еңбегімен таны­сады. Осылайша даналықтың керемет деңгейіне жеткен баба­мыздың мұрасымен етене жа­­қындасады. Жасы келе, сөздің ма­йын тамызып сөйлегісі кел­генде, «Билер сөзі» кітабы ал­ды­нан шығады. Сөйтіп, дұрыс сөй­леп, салмақты ой айтуды үйренеді. Ел ағасы болған кезінде бата бе­руді үйрену үшін «Бабалар бата­сын» қолына алады. Меніңше, мұн­дай кітаптар жинағын сыйлық ретінде де беруге болады. Тіпті қыздың жасауы ретінде немесе тұсаукесер, тілашар тойларына да сыйлау дұрыс.
– Сұхбатыңызға рақмет

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420