Жұма, 20 Қыркүйек 2024
1417 0 пікір 8 Тамыз, 2023 сағат 14:04

Қарағандыдағы жаппай улану: 2 баланың жағдайы өте ауыр

Министр Ажар Ғиният Қарағандыдағы балалардың тамақтан уланбағанын мәлімдеді. 

Қарағанды қаласында ауруханаға түскен 14 баланың тамақтан уланбағаны анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан ауруханаға түскен 14 баланың жетеуі сауығып, ауруханадан шығарылған.

«Қазір олар сол орталықтағы дәрігерлердің бақылауында. 6 бала реанимация бөлімінде жатыр. 4 баланың жағдайы оң динамикамен ауыр болып қалуда. 2 баланың жағдайы өте ауыр. Жағдайдың ауырлығы неврологиялық және интосикациялық синдромына, тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты болып отыр.

Осы оқиға туралы ақпарат түскеннен бастап, Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл түрде жетекші республикалық балалар мамандарының шығуын ұйымдастырды. Қарқынды терапия қамтамасыз етіліп жатыр. Республикалық және облыстық деңгейдегі бейінді мамандардың кеңейтілген консолиумдары күн сайын ұйымдастырылады», - деді министр Үкімет отырысында.

Ажар Ғиният министрлік зардап шеккен балалардың жағдайына мониторинг жүргізіп, оларға медициналық көмек көрсетіп жатқанын атап өтті. Алдын ала тексеру нәтижесінде балалардың тамақтан уланбағаны анықталған.

«Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті эпидемияға қарсы және тексеру шараларын жалғастырып жатыр. Алдын ала эпидемиологиялық тексеру, зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижесі аурудың даму сипаты тамақтан уланбағанын және инфекциялық аурулардың жоғын көрсетті. Бұл жағдайдың болу себебін дәрігер мамандар токсикалық заттан қатты уланған деп пайымдайды. Қазір сот медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Балалардың жағдайы министрліктің ерекше бақылауында», - деді ведомство басшысы.

Премьер-министр Әлихан Смайылов министрге уланған балаларға барлық көмек көрсетіп, олардың жағдайын ауруханадан шыққаннан кейін де ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Abai.kz

0 пікір