Жапаров: Ресей Қырғыздың көмегіне зәру емес!
АҚШ сенаторы Боб Менендес Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты Ресейге санкциядан жалтаруға көмектесуді доғаруға шақырды. Бұл туралы «Америка дауысы» хабарлады (Дереккөзі: centralasian.org).
Қырғызстан басшысына жолдаған хатында сенатор Украинада соғыс басталғаннан кейін Қырғызстан мен Ресей арасында импорт-экспорт операциялары бірнеше есе көбейгенін атап өткен. Ол Қырғызстан билігі мұндай сауданы бақылай алмай, «қорғаныс мақсатындағы тауарларды заңсыз импорттауда Ресейдің сыбайласына айналып отыр» деп жазған.
Боб Менендес Қырғызстанға ел аумағы арқылы өтетін заңсыз тауар саудасын доғаруға кеңес берді. Сенатор Қырғызстандағы адам құқықтары мәселесін де қозғаған. Ол елде журналист мен тәуелсіз БАҚ құқықтары қайта-қайта бұзылып жатқанын атап өткен.
Бұған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жауап беріп, Қырғызстан Ресейге Батыс елдері салған санкцияны айналып өтуге көмектесіп жатыр деп айтуға негіз жоқ екенін жеткізді.
«Ресей мен Қытай кішкентай Қырғызстанға тәуелді емес. Ресей мен Қытай өздері бір-бірне көрші елдер. 4000 шақырым шекарасы бар. Ресей қаласа теңіз арқылы, қаласа темір жол арқылы қалаған тауарларын тасып алады. Қырғызстандық компания дрон алып бара жатқанын жерінен Қазақстанда ұсталды. Ол дрондор ауыл шаруашылығы бағытында жұмсалатын дрондар деп түсіндірілді. Бірақ соған қарамастан біз қазір дрондарды жібермей жатырмыз», - деген қырғыз президенті.
Ол сенатордан бөлек көп жақтан хат келіп жатқанын айтты. Ол Қырғызстан тәуелсіз ел ретінде көп векторлық саясат жүргізетінін, Украинадағы соғысқа қатысты бейтарап ұстанымда келе жатқанын атап өтті.
Еске салайық, биыл мамырда АҚШ сауда министрлігі «Ресейдің әскери өнеркәсіп кешендерін қолдағаны үшін» санкцияға ілікккен компаниялар тізімін жариялады. Олардың арасында қырғыз компаниясы да бар.
Ал 20 шілдеде АҚШ қаржы министрлігі 120-дан астам компанияға санкция салды. Қара тізімге Қырғызстанда тіркелген төрт фирма кірді.
Abai.kz