Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясына жақын бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен оппозициялық телекомпаниялар "Яндекс.Такси" қызметіне наразылық білдірген. Олар Ресейдің арнайы қызметі YandexGo. қосымшасы арқылы грузин азаматтарының жеке мәліметтерін алып отыр деп санайды.
YandexGo қызметінің Грузиядағы бөлімі "Яндекстің" орталық кеңсесі жоққа шығарған жауапты алға тартып, "Ресей заңнамасы халықаралық бизнеске және Грузиядағы пайдаланушыларға қолданылмайды" деп жауап берген. YandexGo. мәліметінше, такси қызметін қолданушылардың барлық мәліметі жеке мәліметтерді қорғау жөніндегі Еуропа хаттамаларына сай өңделеді.
Грузияның жеке мәліметтерді қорғау қызметі тексеріс қорытындысына байланысты үкіметке YandexGo қосымшасына тыйым салу жөнінде ұсыныс жасай алады. Тексеріс екі аптада аяқталады.
Өткен аптада "Медуза" сайты "Яндекс" компаниясы такси қызметін пайдаланатын шетел клиенттерінің мәліметтерін Ресейдегі серверде сақтайды деп хабарлаған.
"Медузаның" ақпаратынан кейін Қазақстанда YandexGo қызметін ұсынатын "Яндекс.Такси Корп" компаниясы "қазақстандық қолданушылардың жеке мәліметтерімен Қазақстан заңына сай жұмыс істейміз" деп мәлімдеген.
"Қазақстандағы жеке мәліметтерді шетелдің құзырлы органдары (соның ішінде Ресей де) халықаралық процедурада көрсетілген ресми жолдармен ғана сұрай алады" дейді компанияның Қазақстандағы өкілдігі.
"Медузаның" ақпаратынан соң Финляндияның мәліметтерді қорғау бойынша омбудсмені клиенттер мәліметін "Яндекске" беруді тоқтататын қаулыға қол қойған.
"Медуза" сайтының мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап Ресей ФСБ-сы "Яндекс" жинайтын барлық ақпаратқа, соның ішінде клиенттің аты-жөніне, геолокациясына, телефон нөміріне, банк мәліметтеріне қол жеткізуге мүмкіндік алған. Бұл қаулыға Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин қол қойған.
"Яндекс" такси қазір 20 елде, соның ішінде Қазақстан, Израиль, Норвегия, Финляндия, Беларусь, Армения және Грузияда жұмыс істейді.
Abai.kz