Диктатормен достықтың бодауы
Кеше Ресейдің ұшақ апатын тергеу комитеті «Вагнер» атаманы Пригожинның опат болғанын ресми түрде растады. Осылайша маусымның аяғына таман соғыстың ел білмейтін тұстарын жария етіп, Маскеуге «Әділет жорығын» жасаған өзіне бек сенімді атаман арада екі ай өткенде көкте ажал құшты.
Ресей басшысы Путин Пригожинның «24 сағаттық бүлігінен» кейін ел алдына шығып сөйлегенде оның әрекетін «сатқындық», «арқадан пышақ ұру» деп бағалаған еді. Сол кезде-ақ Путиннің өзіне сатқындықты, бас көтеруді кешірмейтін мінезіне қанық Батыстың барлау орғандары Пригожииің тағдырының шешіліп қойғанын, өмірінің ұзаққа бармайтынын болжап қойған еді. Тіпті, Америка президенті Байденнің өзі: «Мен ол болсам (Пригожинді меңзеп) тамақ ішкенде де өте сақ болар едім» деген еді. «Вагнер» қолбасшылары мерт болған ұшақ апатынан кейін Американың атын жасырған лауазымды тұлғалары ұшақтың жарылғыш заттан әуеде жарылғанын, жасанды серіктің ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің тосын қимылдарын байқамағанын айтқан еді. Қалай болғанда да Пригожинның бір беткей диктатормен достығы мен ойланбай от басқан оспадарлығы таразыға түскенде, қарсы жақтың оның өлімін таңдағаны анық.
Маусым айының басында Украина тарабының жауланған жерлерін қайтарып алу мақсатында жаппай қайтарма шабуылға шыққаны белгілі. Басында Ресей әскерінің тас қамалын бұзып, ілгерлеу үшін батыс берген танклерді алдыға салып, шабуылға шықты. Бірақ орыс әскері миналаған жерлерден айтарлықтай ілгерілей алмады. Артынан тактикасын өзгертіп, алыстан соққы жасау мен шабуылды бірге алып жүріп, айтарлықтай нәтижеге жетті. Осындай соғыстың ұрымтал тұсында Пригожин әскери бүлік бастады. Оның әрекетінің Путиннің билігі мен алдынғы шептегі орыс әскерінің шабуылына айтарлықтай соққы болғаны анық.
Бір апта бұрын, ұшақ апатының алдында НАТО Украинаға Американың жойғыш F16 ұшағын беретін болды. Алдымен Нидерланды 42 дана, Дания 19, жиыны 61 данасын бермек. Ағылшын тілін жетік білетін 10 ұшқыш әлемдегі ең озық соғыс ұшағын меңгеруге кірісіп кетті. Қалғандары тіл курсынан өтуде екен. Украина әуе оғландары 2024 кіргенде Орыс көгіне шабуылға шықпақ.
Ресей президенті Путин мырза егер НАТО Украинаға F16 соғыс ұшағын берсе, атом бомбасын қолданатынын айтып, қорқытып келген еді. Батыс тағыда оның құқайын елемеді. Қызыл сызығын аттап өтті. Бұл арада да Пригожинның сұлбасы көрінеді. Оның қысқа мерзімдік бүлігі ресей қорғанысының әлсіздігін, әскери элитасының алауыздығын, Путин билігінің қыл үстінде тұрғанын, уақыт өткен сайын оқшауланып бара жатқанын айдай әлемге жария етті. Бәрін бақылап отырған батыс жаға қадамдарға барып жатыр. Пригожинның өлімі де талай тартыстарға жол ашары анық.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz