Ресей басқыншылығына қарсы әзілкеш Галкин Қазақстанға келетін болды
Максим Галкиннің Қазақстанға келетіні туралы ақпаратты Халықаралық концерттік агенттіктің басшысы Алексей Пучков растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, Қазақстанда әртістің екі концерті өтеді.
"Достар, бізде жақсы жаңалық бар! Максим Галкиннің Қазақстандағы концерттері ақыры өтетін болды! Астанада 8 қазан күні “Қазақстан” орталық концерт залында өтеді. Алматыда – 9 қазан күні Республика сарайында", - деп жазды Пучков.
Еске салайық, бұдан бұрын ресейлік әртіс өзінің ұйымдастырушыларымен бірге бірнеше айдан бері концерттерін өткізуге рұқсат алуға тырысып жатқанын жеткізген.
«Кейбір ойдан шығарылған себептер, сахна сыртындағы тыйымдар. Билеттерді сату не тоқтайды, не тоқтамайды. Түсінемін, мен қандай да бір себептермен Қазақстан билігіне қауіп төндіретін сияқтымын, олар менің концерттерімді өткізуден сескенетін сияқты. Қазіргі уақытта менің концерттеріме тыйым салынған», - деп шағымданды Максим.
Танымал әзілкеш «Қазақстанды және оның халқын жақсы көретінін» және осы оқиғаға өкінетінін айтты.
Айта кетсек, Максим Галкин Ресей Федерациясының басшылығын Украинаға басып кіргені үшін сынап, елден кетуге мәжбүр болған. Ресейде оған шетелдік агент мәртебесі берілді.
Бір жылдан астам уақыт бойы Галкин Израильде өнер көрсетіп, Ресей басшылығының кейбір шешімдерін келемеждеді.
Алла Пугачева күйеуінің артынан Израильге барған. Күзде ол балаларына оралды.
Abai.kz