Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2762 2 пікір 19 Қыркүйек, 2023 сағат 14:18

АҚШ сапары. Қандай кездесулер өтті? Не талқыланды?

Қыркүйек айының 17-сі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына жұмыс сапарымен барған еді. Сапар барысында Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөй сөйлейтінін және «Орталық Азия – АҚШ» саммитініне қатысатынын, бұдан бөлек, бірқатар мемлекеттің басшыларымен, халықаралық ұйымдардың, трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен кездесу өткізетінін Ақорда ресми хабарлаған.  Президент қайда барды, кіммен кездесті, онда не талқыланды – ашық дереккөздерге сүйеніп шолу жасап көрелік.

Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы қыркүйектің 17-сі күні Wabtec компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантананы қабылдады. Wabtec (Westinghouse Air Brake Technologies Corporation) Fortune 500 тізіміне кіреді, сондай-ақ ол көлік-логистика саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірі саналады.

Президент компанияның көлік-логистика саласына шамамен 1 миллиард доллар инвестиция құю жоспарын құптап, мұның Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ықпал ететінін және басқа да инфрақұрылымдық жобалар үшін негіз болатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Кемелұлының АҚШ-қа сапары аясында «Қазақстан темір жолы» «ҰК» акционерлік қоғамы мен Wabtec арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.

Президент сол күні Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен кездесті. Еліміздегі бірден-бір америкалық банк саналатын Citibank Kazakhstan – халықаралық инвесторлар, мемлекеттік сектор және ірі кәсіпорындар үшін жетекші серіктестердің бірі.

Кездесу барысында макроэкономикалық болжамдар мен әлемдік қаржы нарығындағы негізгі үрдістер, америкалық қаржы холдингінің еліміздегі қызмет аясын кеңейту перспективалары талқыланып, Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобаны қаржыландыруға ниет білдіріп отырған Citigroup холдингінің алдағы жоспарын қолдайтынын айтты.  Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Citibank арасында Wabtec локомотивтерін сатып алу үшін қаржыландыруды ұйымдастырудың негізгі шарттары туралы келісімге қол қойылды.

Мемлекет басшысы АҚШ-қа жұмыс сапарының екінші күнінде Mastercard компаниясының атқарушы вице-президенті Никола Вилланы қабылдады. Mastercard – әлемнің 210 еліндегі 2,3 миллиардтан астам тұтынушыны бірыңғай төлем жүйесіне қосқан жаһандық жетекші технологиялық компания. Нарықтағы құны 390 миллиард доллардан асатын Mastercard әлемдегі ең қымбат 10 брендтің қатарына кіреді.

Президент Mastercard компаниясының ТМД-дағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы консалтингтік бағытты дамыту үшін Алматы қаласын өңірлік хаб ретінде таңдау шешімін қолдады. Мемлекет Басшысына Mastercard компаниясының Инклюзивті өсім қоры Қазақстанда Strive бағдарламасын іске қосатыны жөнінде мәлімет берілді. Аталған бағдарлама елімізде бизнесті цифрландыруға, 300 мыңнан астам шағын және орта бизнестің біліктілігін арттыруға көмек көрсетеді.

Ел президентінің Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Mastercard компаниясы арасында осы және өзге де бастамалар қамтылған Digital Country Partnership (DCP) негіздемелік келісіміне қол қойылды.

Мемлекет басшысы сол күні Rio Tinto компаниясының бас атқарушы директоры Якоб Штаусхольмді қабылдады. Rio Tinto –  нарықтағы құны 99 миллиард долларды құрайтын, тау-кен өндірісі және металлургия саласындағы ірі ағылшындық-австралиялық компания.

Кездесу барысында геологиялық барлау, тау-кен және металлургия өнеркәсібінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланып, Якоб Штаусхольм Қостанай және Қарағанды облыстарындағы мыс кен орындарына геологиялық барлау жүргізу жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Бұдан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының аясындағы екіжақты келіссөздер бағдарламасын Мажарстан Президенті Каталин Новакпен кездесумен бастады.

Мемлекет басшысы бауырлас халықтар арасында тарихи және мәдени байланыстарға негізделген стратегиялық серіктестік орнағанын атап өтіп, Мажарстанның түркі ынтымақтастығын нығайтудағы белсенді ұстанымын және елеулі үлесін жоғары бағалады.

Мемлекет Басшысы биыл қараша айында Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық 10-саммиті өтетінін айтып, аталған жиынға Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қатысады деп жоспарланып отырғанын жеткізді. «Еліміздің Мажарстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқанын атап өткім келеді. Елдеріміз арасында өте сенімді, дәстүрлі байланыс қалыптасқан. Біз екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін жоғары бағалаймыз. Осы сәтті пайдаланып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Премьер-министр Виктор Орбан мырзамен кездесеміз деп үміттенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Ел Президенті екі ел арасындағы байланыстарды нығайту мақсатында Астана көшелерінің біріне Мажарстанның ұлт ақыны Шандор Петефидің есімі берілетінін айтты.

Президенттер мемлекеттеріміз арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайтуға бағытталған бірлескен шаралар қабылдау, сондай-ақ ынтымақтастықтың екіжақты тетіктерін жандандыру маңызды екенін атап өтті.

Сол күні, яғни 18-қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті. «Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан үшін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдық. «Орнықты даму қағидаттары біздің негізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағдарламаларымыздың өзегіне айналды. Бүгінде орнықты болашаққа белсенді түрде инвестиция құйып отырмыз. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді. Біз тегін білім алудың және денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Жаңа Әлеуметтік кодексте халықтың осал топтарын қорғау шаралары күшейтілді», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлының пікірінше, баршаға ортақ орнықты болашаққа қол жеткізу үшін шұғыл түрде бірлескен іс-қимылдар қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар ұсыныс айтты. «Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент климат, азық-түлік және энергетика дағдарысы орнықты дамуға айтарлықтай қауіп төндіретініне тоқталды. «Біз БҰҰ-ның басшылығымен техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Орнықты даму саласындағы мақсаттар бәріміз үшін жарқын әлемге жол ашады. Біз бірігуіміз және күш-жігерімізді арттыруымыз қажет. Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды, – деді ол.

Сессия барысында Мажарстан Президенті Каталин Новак, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, ОАР Президенті Сирил Рамафоса, Аустрия Президенті Александр Ван дер Беллен, Перу Президенті Дина Болуарте, Гайана Президенті Ирфан Али, Микронезия Президенті Уэсли Симина, Солтүстік Македония Президенті Стево Пендаровски, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және басқалар сөз сөйледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммиттен кейін бірқатар мемлекеттің басшыларымен кездесті. Мемлекет басшысы бірінші кезекте Словения Президенті Наташа Пирц-Мусармен келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Наташа Пирц-Мусарды келесі жылы елімізде өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Президенттер Қазақстан мен Словенияның сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық салалардағы ықпалдастық перспективаларын талқылады. Сондай-ақ әңгімелесу барысында фармацевтика, логистика және IT индустриясы салаларындағы өзара байланыстардың оң тәжірибесіне назар аударылды.

Словения Президенті Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін растап, Қасым-Жомарт Тоқаевты Словенияға арнайы сапармен баруға шақырды.

Тараптар халықаралық мәселелер бойынша да пікір алмасты. Атап айтқанда, әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, БҰҰ құрылымын жетілдіру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары Орталық Азия мен Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлінің артып келе жатқанын атап өтіп, халықаралық құрылымдар аясында өзара тығыз қарым-қатынас жасау жөнінде уағдаласты.

Содан соң Мемлекет басшысы Иран Президенті Ибрахим Раисимен кездесті.

Келіссөз барысында екі ел басшылары қазақ-иран ынтымақтастығының қазіргі жай-күйін және өзара қатынастарды одан әрі дамыту перспективасын талқылады. Тараптар көлік, логистика және сауда-саттық салаларындағы ықпалдастықты арттыру үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін жеткізді. «Біз виза рәсіміне, сондай-ақ адамдар мен бизнестің өзара қарым-қатынасына қатысты өте пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақстан тарапы Иранмен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өткім келеді. Екі ел үкіметтері бұған дейін Тегеранда қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Мен Қазақстанда Сізбен тағы да кездесуді асыға күтемін», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Иран Президенті Ибрахим Раиси Қазақстан мен Иранды достық пен өзара қолдауға негізделген үлгілі қатынастар байланыстыратынын атап өтті. «Иран мен Қазақстан арасында өте жақсы екіжақты қарым-қатынас қалыптасқан. Мұндай жоғары деңгейдегі серіктестік бізге өзара байланыстарды, әсіресе сауда саласындағы қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін нақты қадамдар жасауға жетелейді. Біз бауырлас Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз. Елдеріміздің әлеуеттері зор және осы мүмкіндіктерді пайдалану біздің ортақ игілігімізге қызмет етеді», – деді Ибрахим Раиси.

Мемлекеттер басшылары елдеріміздің көлік-транзит байланыстарын дамыту үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Нақтырақ айтқанда, өзара сауда-саттықты күшейту және Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау үшін «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін кеңінен пайдалану жағдайы атап өтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Бендер-Аббас портында Қазақстанның сауда терминалын салудың маңызды екеніне назар аударды.

Президенттер белгіленген экономикалық жоспарды жүзеге асыру үшін үкіметаралық байланыстарды жандандыруға уағдаласты.

Мемлекет басшысы сол күні Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен де келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомат Тоқаев Финляндияны Қазақстанның Солтүстік Еуропа елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі және инвестиция көлемі бойынша оның алдыңғы орында екенін атап өтті. Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі нығайу үшін зор әлеует бар екені айтылды. Саули Ниинистё, өз кезегінде, Қазақстан Финляндияның аса маңызды серіктесі және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша өзара тиімді ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Тараптар халықаралық саясаттың өзекті мәселелері, соның ішінде БҰҰ-ны реформалау жөнінде де пікір алмасып, Мемлекет басшысы Финляндия Президентін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумының негізгі спикерлерінің бірі ретінде Қазақстанға шақырды.

Мемлекет басшысы сол күні Эстония Президенті Алар Кариспен де келіссөз жүргізді.

Кездесу барысында екі мемлекеттің түрлі саладағы ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланып, Қасым-Жомарт Тоқаев эстониялық әріптесіне Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, соның ішінде шетелден инвестиция тартуға және инвесторларды қорғауға бағытталған шаралар жөнінде мәлімет берді.

Тараптар өзара ортақ мүддені көздейтін салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады және бір-бірін өз елдеріне арнайы сапармен келуге шақырды.

Ал бүгін Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.

Тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастығының басым бағыттарын, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін талқылады.

БҰҰ Бас хатшысы Қазақстан Президентіне ілтипат білдіре отырып, екіжақты серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. «Қазақстан мен БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және адам құқығының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыра береді. Қазақстан – біз үшін мультилатерализмнің тірегі, жаһандық деңгейдегі бейбітшілік қорғаны ретінде басымдыққа ие серіктес ел», – деді Антониу Гутерриш.

Қазақстан Президенті қазіргі заманның ең өзекті проблемаларын шешуде БҰҰ айрықша рөл атқаратынын және оның ешқандай баламасы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ой-пікірін жеткізді.

Бұдан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев Amazon корпорациясының вице-президенті Сьюзан Пойнтермен кездесті.

Кездесу аясында Қазақстанның Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі («ҰАТ» АҚ) мен Amazon Web Services арасында Outpost «бұлтты» технология шешімін сатып алу және оны QazTech платформасымен интеграциялау жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу туралы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ, бүгін Мемлекет басшысы GE Healthcare компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша президенті Роб Уолтонмен кездесті. GE Healthсare компаниясының әлемнің 140-тан астам елінде өкілдігі бар. 2022 жылы компанияның таза табысы – 19 миллиард доллар. Ал нарықтағы құны 34,5 миллиард долларды құрады.

Роб Уолтон Мемлекет басшысына GE Healthcare компаниясының Қазақстанда клиникалық бейнелердің орталықтандырылған ұлттық цифрлық мұрағатын құруға ниетті екенін жеткізді. Бұл шара науқастардың мәліметін басқару ісін оңтайландырып, нәтижесінде көрсетілетін қызмет құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды жобалар бойынша GE компаниясымен стратегиялық серіктестікке жоғары баға берді.

Кездесу аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен GE Healthcare арасында GE Healthcare компаниясының инвестициялық жобасын жүзеге асыруға қатысты негізгі шарттар туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.

Кездесулер әлі жалғасып жатыр...

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434