Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2367 2 пікір 20 Қыркүйек, 2023 сағат 15:34

Нью-Йоркте жүрген президент Тоқаев кімдермен кездесті?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары барысында бүгін бірнеше мемлекеттің президенттерімен кездесті.

Атап айтар болсақ, әуелі Португалия Президенті Марселу Ребелу де Соузамен келіссөз жүргізді.

Екі елдің басшылары инвестиция, су ресурстарын басқару, туризм және басқа да салалардағы жан-жақты қатынастарды одан әрі арттыру үшін зор әлеует бар екеніне тоқталып, цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Сіздің елдің IT саласындағы тәжірибесі мол. Осы бағыттың болашағы зор екенін ескере отырып, мен Лиссабонға бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін зерделеу үшін арнайы делегация жіберемін. Қазақстан португалиялық серіктестермен тығыз байланыс орнатуға мүдделі», – деді Қазақстан Президенті.

Кездесуде аһандық ұйымдар аясында, ең алдымен, БҰҰ шеңберінде өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Содан соң Мемлекет басшысы Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты байланыстарды стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін кеңейту мүмкіндігіне назар аударды және сауда-экономикалық ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, Қазақстан мен Моңғолияның Іскерлік кеңесін құру қажет екенін айтты.

Кездесу соңында президенттер жақын арада бір-бірінің еліне сапармен бару мүмкіндігін талқылады.

Президент бүгін Кения Республикасының Президенті Уильям Рутомен де кездесті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Кенияны Африка құрлығындағы қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде атап өтіп, өзара ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық туғызатын мемлекет екенін жеткізді.

«Мен Кенияның даму барысын, экономикалық және сыртқы саясатын қадағалап отырамын. Сондай-ақ Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе әрекет етуге дайынмын», – деді ол.

Уильям Руто өз кезегінде қазақстандық компанияларды Кения экономикасына белсенді түрде инвестиция құюға, соның ішінде астық терминалын салу арқылы Момбаса портын кеңейту мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықты нығайтудың мүмкіндіктерін зерттеу үшін Кенияға сауда миссиясын жіберуге ниетті екенін айтты. Сонымен қатар, Президент Африка мемлекеттерімен екіжақты деңгейде және көпжақты бірлестіктер аясында, ең алдымен БҰҰ шеңберінде өзара байланысты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Ел Президенті Уильям Рутоны келесі жылы Қазақстанға сапармен келуге және Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Мемлекет басшысы Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльмен де кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты тауар айналымы былтыр 6 миллиард доллардан асып, тұрақты өсім байқалып отырғанын айтты. Сонымен қатар корей компанияларының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 8 миллиард доллардан асып, еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарында нық тұрғанын жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанда 700-ден астам кореялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мысалы, еліміздің нарығында KIA, Hyundai, Samsung, LG және басқа да компаниялар белсенді қызмет етіп жатқанын айтуға болады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев сирек металдар өндірісін, атом энергетикасын дамыту салаларындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына тоқталды.

Корея Президенті Юн Сок Ёль Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394