Алтын жүген туралы аңыз
(Ертегі)
Ертеректе, елден төмен, етігі ескірген Жұбан деген ортан қолды бір бейбақ өмір сүріпті. Кірісіп кетейін десе дайын тұрған шаруа жоқ, әйтеуір алдындағы екі ешкі, жалғыз сиыр және есегін бағып күн көреді екен. Бірақ, Асқар тумысынан анша-мұнша дүниеге көп мұңая қоймайтын, таңертеңігілік қол аяғым сау тұрса сол да жарты бақыт деп жүре беретін жан еді. Әкесінен қалған ескі үйді әр жерінен жамап қойып, күніге қыдырыспен уақыт өткізетін көрінеді. Ана ауылға бір , мына ауылға бір барып жаман есегін жауыр қып, бос әңгіме өтірік өсектен басқа тындыратын шаруасы болмапты. Тіпті, елдің соңында қалып, жүдеу үй жұлым-жұлым киіммен жүруден ұялмайды екен. Ұялғаны былай тұрсын әрі-беріден кейін осы жүрісіне бойы үйреніп «үйімдегі екі ешкі, жалғыз сиыр қалай бақсам да көбеймейді ғой» деп бірсыдырғы тірлігіне әден бауыр басыпты. Малы аз адамның шаруасы да аз. Қорадағы қос ешкі аса бір қатты күтімді қажет те қылмайтын. Ал жалғыз сиырмен көк есектің жарасы тіптен жеңіл. Күндіз қорадан шығаруын білсең болғаны, кешкілік «Асқар қайдасын» деп ауылды іздеп өздерінің келіп тұрғаны.
Осылай жүйрік күндер жүйіткіп өтіп жатты. Өмірден дәл осы қалпы өтіп кетер ме еді, кім білсін. Бірде мынандай қызық болды. Шілденің шіліңгір ыстығы. Түс мезгілі болатын. Жастығына жантайып көкке қарап ойланып жатқан Асқар төбедегі тықырлап жүгірген тышқандарды аңди-аңди ұйықтап кетіпті. Тәтті ұйқы құшағында ғажайып бір түс көрді. Табиғаты таңдай қақтырар керемет өлкеде жүр дейді. Ұшар басына қар қонған қос таудың сайыннан мөлдір бұлақ ағып жатыр. Қарағай қоршаған жазық көгалда ала-құласы араласқан неше мың жылқы шұрқырайды. Асқардың ауызыңың суы құрып, есі шығып кетті дерсін. Дәл жанында қарағайға байлаулы тұрған тұлпарды көзі шалды. Дәу де болса мына пырақ маған арнайылап жүгенделген ғой деп соған қарай адымдап еді марқұм әкесі жолықты. Қолын созып қамшы ұсынып тұр екен. Жұбан болса ыржалақтап әлгі қамшыны ала бергені сол еді, әкесі қолындағы қамшымен қақ маңдайдан салып қалмасы бар ма. Ойбай деп баж ете қалды бұл. Бажылдағаны бекер екен. Түс болған соң ба қамшы тиген жер соншалық ауырған жоқ. Бірақ әкесін өңіндегідей көріп тұр. Қабағы қатулы, жүзі ашулы.
- Әй, Жұбан,балам! Сен неге күннен-күнге кері кетіп барасың? Жалқаулық, әбден мойынына мінген екен ғой.
- Ойбу, әкетай! Сізден қалған екі ешкімен жалғыз сиыр. Соларды қамы деп еңбектеніп жүрмін. Алайда оларды отыз жыл бақсанда көбеймейтін тәрізді. Маған не қыл дейсіз?
- Тәйт! Өзің де жаныңды салып, жанталасып жүрген жоқсың! Түн жарымға дейін қыдырасың, түске дейін ұйықтайсың! Саған қайдан дәулет бітеді. Ана өзіндей елдің балаларын қарашы? Жұмыртқадан жүн қырқып, жоқтан бар жасайды! Ал сенің түрін мынау?
Тірі кезіңде де жұрттың баласын мақтаушы еді, мына жақта да онысын қоймапты ғой деп, Жұбан бір налып алды да қайтадан сылтау айтуға көшті.
- Ой, әке! Елдің әкелері балаларына мыңғыртып мал қалдырушы еді, сіз шыңғыртып тал қалдырыпсыз ғой! Ол талдармен қалай байып кетемін. Жұбан бұл айтқаны да, рас! Алтай әкесі дәулет жинамайтын, дүниеге қызықпайтын жан болған-мыс. Бірақ «тал таудың көркі» деп бақшасына неше бір ағаштарды отырғызғанды. Сол талдар Алтай әкесінің бір белгісіндей Жұбанның жамау үйінің шырайын кіргізіп тұр!
- Әй, балам! Олай өтірік сылтаулатпа! Тірлігімде мал жимасам да еңсем түсіп, тіршілігімнің шашау шыққан жері болған жоқ. Сені ештенкеге тарылтпай өсірдік анаң екеуміз. Мына сөзімді санаңа құйып ал! Сол талдардың ішінде итмұрын өседі. Итмұрын ағашының түбін қазсаң сандық шығады. Тек белге дейін қаз! Сандықтың ішінде алтын жүген бар! Сен оны бірақ сатушы болма. Ол жүгенді таққан жылқыңа тіл бітеді, жүйрік тұлпарға айналады. Жүгенді орынымен пайдаланып мақса-мұратына жет! Осы сөзді айтты да әкесі жоқ болып кетті.
Бақ ішіндегі сандық
Көзің ашса түсі екен. Бірақ бәрі өңінде болғандай санасында сайрап тұрғанын қарашы. Әкесі алтын жүген туралы неге айтты екен? Шын жаны ашып, әкелік қамқорлығын көрсетпекші болғаны ғой. Шіркін ата-ана деген жаныңда болмаса баланың тілеуін тілеп жүретінін қайтерсің. Ендігі жерде көп ойланбастан Жұбан баққа қарай жүгірді. Әке өсеиетін тексеріп көрмек ниетте. Қолына алған күрегін мығымдап ұстап үйдің сыртындағы баққа ентелеп кіріп орта тұсқа жеткенде шынымен итмұрын талын кезіктірді. О, тоба тура әкесі аян берген түсіндегідей. Апыл-ғұпыл қаза бастады. Әуеліде қолына ештенке ілінер емес. Тізе бойы қазды. Әлі де топырақ пен тамырдан өзге ештеңе. Үміт үзілмекке айналған. Тегі, жалаң аяқ жалаң бас Жұбан осы екі ешкіні бағып, өмірден өту маңдайына жазылған жазымышы болар. Бәсе деймін ау. Не қылған батпан құйрық бақ десеңізші тура үйдің жанында жасырынған. Жұбанның үміті түбінен үзіліп, түңіліп кеткені сол еді күрек басына бірдеңе тарс ете қалғаны. Қатты зат. Қыры да бар секілді. Жанталаса қаза бастады. Сандықтың бір бүйірі көрінді. Жұбанның жүрегі алып ұшып аузынан шығып кетердей. Әп, дүние-ай десеңізші. Өмір мұнша керемет болар ма?! Көктен іздегенім жерден табылды деген осы емес пе? Міне, сандық толығымен сыртқа шықты. «Пәлі деймін ау ауызын да бекітпеген екен» -деп, Жұбан сандық жасырушыға ренжіді. «Осынша құнды дүниеге сонша бей-берекет қарағаны о, несі-ей» деп қояды тағы іштей. Сандық дегені соншалықты үлкен зат емес екен. Ішін ашып көргенде киізге оралған жүген шықты. Міне ғажап, өң-түсі сол қалпы. Ауыздығы алтын екен. Жылт-жылт етеді. Қайыстан өрген әркімнің үйінде бар кәдімгі жүген дерсің. Жұбан жүгенді ала сала үйіне жүгірді. Осы бір алтын дүниесін ешкімге көрсетпеуге бекінген. Сол түнге бұрынғы Жұбанның барлық жаман мінез, жалқаулығы қалып қоятындай күй кешіп балбырап ұйықтаған еді.
Ерең жүйрік көк есек
Жүгеннің сиқырын сынамаққа жылқы болмаған соң амал нешік көк есекке бақ қонды. Тумысынан қыршаңқы көк есек, ер-тұрманы түгенделіп көрмеген, алтын жүген былай тұрсын қайыс жүген түсіне кірмейтін иесіне тартқан хайуан еді. Жұбан алтын жүгенді кигізген бетте ауыздығын қарш-қарш шайнап тіл бітпесі бар ма ?
- Әй, боз өкпе! Қырып бара жатқан шаруаң болмаса да қыдырыстамай отыра алмайтын бәле екенсің! Бұл жол белімді қайыстырып қайда жол салмақсың ?
Алтын жүгеннің сиқыры жаман есекке тіл бітірмесе несімен алтын деп түйген Жұбан есектің сайран жөнелгеніне анау айтты таң қала қоймады. Қайта есектің шамасына қарамай өзін мінеп тұрғаны ашуына тиді.
- Әй, көк есек! Осы сен жөніңді білсеңші. Ауыл арасында әрлі-берлі жүргеніңді міндет қыласың. Енді екеуміздің өміріміз түбегейлі өзгереді. Сенің арғымақ болмақ арманың орындалайын деп тұр.
- Өй, бос қиялмен алдама мені. Сен не есектен тұлпар жасамақпысың?
- Тура солай, көк есек! Мына алтын жүген енді сені елден ерек жүйрік етеді. Қане кел сынып көрейік. Жұбанның көк есекке аяқ артуы сол еді, жануар ала қашты дерсің. Көзінен жас шығарып тіпті екпіндеп барады. Мұндай шабысына өзі де таң тамаша болған көк есек:
- Қожайын, өмірімде бұлай қатты шауып көрмеппін, маған тіпті қанат біткендей. Сенің жүгенің шынымен сиқырлы екен деп дауыстап қояды.
Келесі күні Жұбан мен көк есек алтын жүгеннің айласымен дәулетке кенелу мақсатында көршісіне келген. Көрші деген аты болмаса бұл нағыз сараң жігіттің нақ өзі. Жұбанның « кел атыңмен менің есегімді қара жарысқа салайық, сен ұтсаң екі ешкімді беремін, мен ұтсам екі ешкі сен бересің» деген ұсынысына бірден көнді. Дүние қор адамға мұнша оңай олжа күнде кезіге бермейді. Және көршісі ұзын аяқ торы атымен есекті екі аттап озып кететініне бек сенімді болатын. Алайда қара жарыста көк есек қара үзіп кетті. Дауласып жүріп сараң жігіт тағы бір мәрте жарысқа түсуді сұрап еді, ол жолы да жолы болмай торы ат есектен қалып қойды. Ел естісе ұят қой деп көршісі екі ешкісін беріп құтылды. Көк есектің ең алғашқы жүлдесі осы еді.
Бәйгетөбедегі аламан
Ауыл ішінде сөз жатсын ба? Жұбанның ерен жүйрік көк есегі туралы қилы-қилы сөз ел арасын аралап, ауылдан әрі шығып кетіпті деседі. Біреулер сондайда сондай, Жұбан есегін таза бидаймен, биенің сүтімен жаратады десе, бәз біреулер «ой, әлгі көк есектің қанаты бар және тұяғы темірден екен деп піш-піш әңгіме қылып жүрді. Кейбіреулер көк есекті бір көруге құмартып аула сыртынан аңдыса, ал кейбірі «уай, Жүкенің көк есегін сонша дақпыртып мақтай бересіңдер. Ол деген ауыл ішінде жаман аттары озып бәйге болып жүр ғой, тегі. Мықты болса Бәйгетөбедегі Қанай беретін асқа барып бақ сынап көрсін, сонда көрінеді шамасы» деп сынай қарайтындар да табылыпты.
Бәйгетөбедегі Қанай беретін үлкен ас осы өлкенің атағынан ат үркетін не бір бәйге мен бапкердің басын қосатын ұлы аламан екені рас сөз. Жылда беретін астың жүлдесінің де жүгі ауыр. Анау мынау деп ұсақталмай алдымен сөреге жеткен атқа бірден екі үйір жылқы еншілетеді. Көк есектің бабымен мазасы кеткен Жұбанның ендігі мақсаты осы бәйге. Межелі күн дегенде бәйге басталды. Өкпесінде саңылауы, тұяғында желі бар не бір тұлпар бақ сынаспаққа жиылған екен. Алайда даяшы жігіт мына есектегіні жарысқа қостырмаймын деп лаң шығарды. Жиылған жұрттың алдына тұрып :
- Уа, халайық! Мына пақыр дүбірлі додаға есегін қоспақшы екен. Бұл бұрын сонды естімеген масқара ғой. Алты алаштан ат қосамын деп не бір дүлдүлдер келіп тұрғанда мұндай бассыздыққа жол бере алмаймын!
- Ағайын, араша сұраймын! Көк есегіме сенімдімін! Сенімді болмасам сіздерге күлкі болып мұнда келмес едім. Бір мүмкіндік беріңіздер – деп жалынды, бұл.
- Уай, пақыр- ау! Сайын даланың не бір қыл құйрықтары жиылған ұлы аламанға көк есегіңді қосып тақсыр ие Қанай байдың асын мазақ еткің келе ме ?- деп даяшы жігіт шын ашуға мінді. Қалын көпшілік осы екеуінің тартысымен тұрғанда сөзге Қанай байдың өзі араласты:
- Әй, даяшы, көп сөзді қойып қостыр мынаның есегін. Мен берген астың аламанын көк есек ұтыпты деген сөз көпке дейін ұмытыла қоймас!- деп күліп жіберіп еді,маңыңдағы жұрт та қолпаштап қыран топан күлкіге батты.
Жұбан бір кедергіден өтіп арқасынан ауыр жүк түскендей терең демалып қояды.
Аламанға алпыс ат шықты. «А» дегенде аяғы ұзын арғымақтар көк есекті шаң қаптырды. Адымдаған сайын алысқа ұзап Жұбанды да, көк есекті де көпшілікке көрсетер емес. Көк есектің жайы не болар екен деп ентіккен жұрт; уай, мына есегің қойға да жете алмайтын бірдеңе екен деп мұрын шүйірген. Қызық келесі айналымда басталды. Әбден қызып алған көк есек қарқын алып құйындатып келеді. Алдындағы аттарды тапап, топтың ортасына қосылды. Үшінші айналымда қара үзіп кеткен он атты қуып жетіп сәлден соң оларды да озып елді қызыққа батырды. Соңғы айналым. Көк есек тіптен үдеп алды. Сөрені жалғыз өзі кесіп өте шыққанда жұрттың жартысы сенбей де қалған тәрізді. Тіпті, Қанай байдың өзі ентелеп мына ғажапқа илана алмай көпшілікпен бірге көк есекке қарай ұмтылды. О заман да бұл заман есектен бәйге шығады деп кім ойлаған. Аузымен құс тістеген не бір арғымақтарды артта қалдырды. Мерейі тасыған Жұбан сол түні әзер ұйықтаған.
Көк есек пен Ақсұңқар
Арада жыл өткенде алты Алашқа Жұнның бапкерлік даңқы мен алдына қара салмас көк есегі әбден танылғанды. Бүгінге дейін алмаған бәйгелері, бармаған жерлері қалмады. Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік барлық аймақтың не бір сәйгүліктері көк есекпен сайысқа түсіп сағы сынып қайтып жатты. Жүлде алған сайын Жұбанның да күй жайы түзелген. Хан сарайдай үйі бар. Үйір-үйір жылқы, отар –отар қой. Көк есектің де жағдайын келістіріп жеке қора салғызды. Тек бәйгеден озып келіп отырса болды, артық жұмыс жүктемейді. Баяғыдағы жауыр-жауыр болған көк есек қазірде құлпырып, нағыз бәйгеге айналған дерсіз. Қазақ ішінде қарсылас қалмаған соң кейіннен қырғыз елінен де бап пен бағын сынамақшы болған не бір сайыпқырандар келгенді. Олар да сайыс соңында көк есектің жүйріктігіне таңдай қағып, бас шайқап ауылдарына тарасты.
Бірде арнайылап Жұбанның өзін іздеп, теңіз асып, Арап елінен он адам келген. Ақ матаға оранып алдынан шыққан соң Жүкең де қазаққы дәстүрмен қонақ қылып бабымен күтті. Тілмаш арқылы тілдесіп көргендегі олардың айтқаны мынау:
- Уа, мәртебелі Жұбан сейіс! Біз Арап елінен сізге арнайылап келіп отырмыз. Біздің елдің Ақсұңқар деген бәйге тұлпары бар. Ол алпыс күн аламанда тұяғы мүжілмейтін, белі талмай құм мен шөлді басып өткен атақты арғымағымыз. Сол тұлпармен рұқсат етсеңіз, көңіліңіз қаласа сіздің көк есекпен додоға түсірсек. Егер бағымыз жанып жеңіп жатсақ есек біздікі, егер жеңілсек сөзссіз Ақсұңқарды сізге сыйлаймыз. Жұбанға бұл ұсыныс қатты ұнады. Ел ішінде жүйріктің талайын көріп жүр ғой. Бірақ мына Арап тұқымды Ақсұңқардың бітімі бөлек екен. Алтын жүгеннің сиқырына сенген ол келсімін береді.
Келесі күні қос жүйрік жарыс алаңына шықты. Шарт бойынша екі жүйрік жүз шақырымды бағындыруы тиіс. Көз көріп, құлақ естіп үйренген бұл жолы да көк есек сөреге бірінші болып кірді. Сайыс осымен бітсе жарайды ғой, араптар енді көк есекті бізге сат деп өре түре келмесі бар ма? «Алтын ділдә берейін, Ақсұңқардай аттың әлі отызын әкеп берейін, айналайын Жүке тек көк есекті бізге сыйла»- деп жата кеп жабысқанда Жұбан да көне жаздап барып әрең түзелді. «Көк есектің құны жоқ, бұл менің досыма айналған жануар ғой» деп алдап сулап әрең шығарып салған жайы бар.
Атқора
Зулап өткен уақыттың сұрауы бар ма? Дүниенің бар байлығын жинамаса да бір басына жетерлік дәулеті бар Жұбан ақыры бұл тірлігінен, бір сарынды өмір ағысынан да жалыға бастады. Аттан-аттың несі артық, адымдап басқан жері артық деуші еді өтіп кеткен бахадүр бабалар. Сол сөз рас екен. Әйтпегенде барлығы сол бір жылқы түлігі. Ақсұңқар атты олжалағалы бері Жұбан көк есекке қарауды қойды. Көк есектің де жас күніндей көркі қалмаған. Басындағы алтын жүгенін сыпырып алып Ақсұңқарға еншілеп бергеніне алғашында налығанымен кейіннен қожайынды іштей кешірген еді. Қора жайдағы Жұбанның әр елден ұтысқа алған кілең сәйгүліктер ішінде көк есек көзге сұрықсыз көрінеді екен. Басқа аттар – Осы жаман есектің ауруы жұғып кетпесін деп одан бөлек жайлатынды шығарды. Шындап келгенде Ақсұңқар атта көк есекті соншалықты ұната қоймайтын. Алтын жүгеннің сыйқырымен өзін ұтып кеткені есіне түссе тіптен ашуы келеді. Әлемді аралап не бір бәйгелердің алды болып келіп, ауылдан ұзап шықпаған әлде бір есектен ұтылып қалған күні намыстан жарылып кете жаздап еді. Көк есектің кереметі кейіннен ашылды. Сөйтсе жүйрік болып елдің аузына іліккені алтын жүгеннің арқасы екен.
Бірде Ақсұңқар ат Жұбанның жанына жақындағанын пайдаланып былай деп ақыл қосты:
- Қожайын, ат қора не бір сәйгүліктермен толып тұр. Қайсысын алсаңыз да айтулы бәйгелер. Осы бір атқораның көркін мына есегіңіз бұзып тұр десем артық айтқандығым емес. Және алтын жүген енді менікі. Мен барда ұқшан құс та төбеңізден өте алмайды. Есекті қанша мақтасаң да тұлпар болмас деген бағзыдан қалған жақсы сөз бар. Сондықтан біз мынандай қорада есекпен бірге тұрғанды өз атақ-абыройымызға қор санаймыз.
- Ақсұңқар, тұлпарым. Сөзің орынды. Бірақ ол менің ескі досым секілді. Оның бір ақ күнде күлтөкпеге тастап қиып кете алмаймын. Бір есекте тұрған не бар дейсің. Оған жеке қора салып беремін деп Асқар жылы жауып қойғандай болды.
- Қожайын ау, қазір көк есектің күйі тіптен төмен. Өзінің жөтелі бар сыңайлы ма қалай? Кешкілік күрсілдеп жатады. Аяқ асты онысы бізге жұқса шаруамыздың біткені ғой. Бәріміз ауырып шыға келеміз деп осы тұста Керей елінен келген кер бесті сөзге араласты.
- Қарттық деген кімге опа таптырсың. Көк есектің көзі де нашар көреді ау деймін. Кейде жанынан қатарласа бергенде не қыршып не теуіп жіберуге оқталып тұрады деп Адай жылқысы араласты.
Бір Ақсұңқар айтса бір жөн, атқорадағы айтулы аттардың сөзі осы көк есектен құтылу болған соң амал жоқ оны баяғы ескі қорасына көшіруге тура келді.
Көк есектің жалғыздығы.
Адам деген жақсылықты тез ұмытды. Жамандық жасасан жадынан шығармайды. Көкірегі шерге толып бейшара есек Жұбанның ескі қорасында бір түн түнеді де қорлыққа шыдай алмай басы ауған жаққа кетіп қалды. Мұндай пейілсіз ортадан еркіндігім артық деп шешкен болар. Жылдар бойы жылы жұмсақ жеп, ақ бидайды асап күтімде болғанға жаман үйреніп алғанын көрмейсің бе. Ең далада жайылған шөбі бойына батпай біраз жүдеп те қалды. Бірақ ешкім қараламайтын, ешкімнің сенде шаруасы болмайтын еркіндігі өзіне ұнайтын тәрізді. Орман маңындағы суатты мекендеп жүрген. Ол жердің қожайыны бар болып шықты. Таңғы мезгілде ағындап келетін көп киіктің ішінен өзіне орын таба алмай сапарын әрі жалғады. Күн-түн аяңдап жалғыз лашыққа кез болады. Лашық ішінде адам болған соң ит-құс та көп жолай қоймайды. Көк есекке керегі де осы. Ең қолайлы жер осы болар деп лашықтың маңындағы бұлақты паналады. Жалғыз лашықтың несі жетім бала екен. Есекті қызықтап, ертеңінде ентелеп жанына келді. Мейірмен сыйпап, еркелетіп қояды. Көптен бері кісі қолы бойына жұқпаған көк есек балқып кетті дерсің.
- Балақай, сен маған ұнап қалдың! Мен сенің жағдайынды көріп жүрмін! Адам баласынан көңілім қалса да сені бақыт пен байлыққа жетелегім келеді.
- Ой, оған әуре болмаңыз! Маған осы тірлігім өзіме ұнайды. Аңшылықпен, балық аулаумен айналысамын.
- Бұл күйбін сені алысқа апармайды. Сен енді шабандоз боласың. Екеуміз не бір бәйгелерді ұтатын боламыз.
Балақай шиқылықтап күліп жіберді.
- Сіз көңіліңізге алмаңыз, бірақ есектің бәйгеден озғанын көрмедім. Ертеректе көк есек болыпты деуші еді. Алтын жүгенімен талай аламанның алдын бермеген көрінеді.
- Сол көк есегін алдын да тұр, -,һ деді бұл.
Көк есек пен балақай
Жұбанның шабармандары кейіннен бір жайсыз хабар әкеп көңілің бұзған ды. Айтуларынша көк есекке мінген бір балақай маңайда болып жатқан бәйгелердің басын бермей ылғи жүлдемені қайтып жүр екен мыс. Тіпті, айтулы деген Ақсұңқармен бәсекелес бәйгелер осы балақай мінген көк есектің шаңына тұңшыққанын көргендерде табылды. Жұбанның енді есі кетті. Шабармандарына сәлем айтқызып әлгі баланы өзіңе қоңақ қылып алдыртады. Балақай, алдына жаяу келіп, ордада отырған жұртты одан сайын қызықтырып қойды.
Алдымен сөзді Жұбан өзі бастады.
- Балақай, сенің бәйге бермейтін бір есегін бар екен!
- Бары рас, ағатай! Бірақ сіздің бәйгелеріңіздей тұлпар емес.
- Тұлпар болмаса сенің атағын бұлай шықпас еді ғой. Елдің бәрі сені мақтап, көк есегінді көкке сыйғызбай жүр. Менің саған бір ұсынысым бар. Менің отыз бәйгем тұр. Сол отыз бәйгемен сынасуға қалай қарасың, – деп қулана бір күлді.
- Сынасуға болады. Бірақ, мен есегімді аяймын! Және оның бәрін ұтқанмен маған тиер – пайда қанша?
- Отызын ұтсан бәрін де саған сыйға беремін!
Жұбанмен балақай осылайша отыз күн бәйге жасамаққа кірісті. Жалғыз есек отыз күн бойы атағы жер жарған Асқар сейістің ең үздік тұлпарларымен қара жердің бауырын қыздырып сайысқа түсетінің естігенде жиылған жұрттың қарасында есеп болмады. Қазақ қашан да аттың жүйрігін, тазының алғырын сарапта отыратын сырбаз халық. Мұндай ұлы аламан дегенде көбі істеп жатқан шаруасын тастап жиылса керек ті.
Отыз күннің отызында көк есек мәрені бірінші болып кесіп отырды. Отыз бірінші күн кезек Алтын жүгенді Ақсұңқарға тиген еді. Отыз күн алдына қара салмаған көк есектің атағы Ақсұңқарды ұтпаса да алыс-жақын елге аңыз болып тарап жатты. Екі күн талмай ауыздық тістей, ақыры Ақсұңқар да көк есектің шаңында қалды. Бұл бұрын сонды болмаған, Асқардың өзі сене алмай, есенгіреп қалған оқиға еді. Алтын жүгенді Ақсұңқарды ұту әлі жұмыр тұяқты,қыл құйрықтының түсіне кірмеген іс болатын.
Балақай алдынан шыққан Асқар көк есекті таңып тұрып былай деді:
- Көкесек, алдында айыптымын. Неше жылдық еңбегінді бағаламай, сені сатып кеткендей болдым. Енді мынаны айтшы. Алтын жүгенсіз, сен көп есектің бірі едің ғой. Бүгін қалайша, алтын жүгенді Ақсұңқарды ұттың. Сенің сиқырың неде? Осы кезде асықпай көк есек тіл қатты.
- Қожайын, шынында ешқандай сиқырдың мұнда араласы жоқ. Тіпті анау Ақсұңқардың басындағы алтын жүген де ешқандай сиқыр жоқ. Хайуанмен адамды тілдестіргені болмаса ол ешкімді де жүйрік ете алмайды. Мені жүйрік еткен «сенім» деген сиқыр болатын. Сіз түсінізде аян берген әкеңізге сендіңіз. Ал, мен «сен енді жүйрік бәйге боласың» деген сіздің сөзіңізге сендім. Аян берген әкеңіз сіздің ажары кеткен тірлігіңізге налып сізді түзегісі келді.
- Көрдіңіз бе? Сенім деген сиқыр қаншалықты қанаттандырып қиялға жетелейтінін. Сенім болмаса, бұл өмірде ештеңенің мәні болмайтын еді. Ақсұңқар аттың менен ұтылғаны оның сенімінің аздығынан еді. Сан мәрте бәйгеден келіп тұрса да ол менің дақпырт атағымның буына масайып өз-өзіне сенуден қалды. Сондықтан ол менен екі мәрте де жеңіліс тапты.
Адам болсын, ат болсын бәрібір де іштей өзіне, өзінің кереметтілігіне сенуі керек. Менің жетпіс жеті бабам есек болып, бәйгеге қосылу туралы ойлары тіпті болмаса онда олардың сенімінің болмауынан. Өздерін бағаламай, тек қара жұмыс пен қой бағудан аса алмай күн кешеді. Ал менің тура бәйге аттарындай төрт тұяғым бар. Ендеше мен неге бәйге болмауым керек. Көрдіңіз бе, қожайын, өзіңді сендіре білуден, саған елдің сенім артқанынан үлкен жеңістер пайда болады. Сіз мені менсінбей тастап кетсеңіз де маған берген сеніміңізді өте қатты бағалаймын», - деп есек сөзін аяқтады.
Соңы.
Айтқали Қуат Рахатұлы
Abai.kz