Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 2368 3 пікір 21 Қыркүйек, 2023 сағат 13:31

52 жыл бұрын «кеңес адамы» қалай пайда болды?

Бұрынғы Ресей империясының кең-байтақ жеріндегі КСРО-да осыдан тура 52 жыл бұрын «кеңес адамы» деген ұғым-түсінік пайда болды. Бұл әзіл емес, сөздің шындығында тап солай. Леонид Брежнев 1971 жылы 30 наурызда КОКП-ның XXIV съезінде баяндама жасап жаңа тарихи қауымдастықтың – кеңес халқының құрылғанын жариялады.

Бұл күні КСРО көсемі жаңа халықтың дүниеге келгенін жариялады. Әрине, «кеңес халқы» термині бұған дейінде, әсіресе соғысқа дейінгі және соғыс кезінде жиі қолданылған еді.

Бірақ осы термин мүлдем басқа контексте қолданылып: елдің барлық ұлт өкілдерін біріктіретін ұлттан жоғары құрылым ретінде емес, керісінше ел тұрғындары деген ұғымды ғана білдіріп келді. Брежневтен тура он жыл Хрущев совет халқының жаңа қауымдастық ретінде өмір сүруін жариялауға әрекет жасағанын тарихтан жақсы білеміз. Бұл атауды ол КОКП съезі алдындағы баяндамасында қолданғанымен Хрущевтің идеялары еленбей, «кеңес халқы» терминдік түсінігі съездің қорытынды қарарына енбей қалды.

Хрущев орыс мектептерінде білім алушылардың санын көбейту үшін ана тілін үйренудің ерікті екенін жариялады, содан кейін Брежнев орыстандыру саясатына тағы зор қадамын жасады. Ол бәрінен асып түсіп, орыс тілін ұлттық республикалар үшін мемлекетаралық тіл ғана емес, республикалардың өздері мен тұрғындары үшін мемлекеттік тіл деп жариялады.

Брежнев басшылығы жаңа тарих тұжырымдамасы өмірге келіп, кеңестік тарихшыларға оған сүйене отырып, орыс емес халықтардың бүкіл тарихын бұрмалап қайта жазуға мәжбүр етті. Жаңа тарихи тұжырымдама тек анти-ғылыми ғана емес, сонымен қатар ашық анти-тарихи еді десек еш қателеспейміз.

Жоғарыда біз санамалап көрсеткен үш тұжырымдаманың негізін құрайтын үш қағида жұрт назарына ұсынылды:

бірінші қағида - барлық орыс емес халықтар патшалық империяға өздері ерікті түрде қосылды;

екінші қағида - бұған қарсы тұрған ұлт-азаттық қозғалыстар реакциялық қозғалыстар болды;

үшінші қағида - бұл халықтардың патша империясына қосылуы олар үшін тарихи прогрессивті жағымды құбылыс болды

1971 жылы съезд Брежневтің кеңес халқы туралы идеясын қуаттап, өзінің қорытынды хаттамасында КСРО территориясын мекендеген барлық таптар мен жіктердің, ұлттар мен ұлыстардың күшті әлеуметтік-саяси және идеологиялық бірлігі нәтижесінде жаңа тарихи қауымдастық пайда болды деген сөздер енгізілді. Орыс тілі кеңес халқының мемлекеттік тілі болып жарияланды. Шынында да, осы уақытқа дейін бұрынғы кеңес басшылары таптық мәселелерге ғана көбірек қызығушылық танытып, бір тілді жаңа ұлттың қалыптасуына мән бермей келген еді.

Лениннің тұсында 1918 жылы РКФСР-дің ең бірінші конституциясы жазылған шақта мемлекеттер мен ұлттар арасындағы қайшылықтарды, барлық қанаушы таптарды жойып, бүкіл әлемде тек жұмысшылар мен шаруалар өмір сүретін тез әлемдік революцияға үміт тым күшті болды. Оның үстіне, Ленин коммунизмнің пайда болуымен бірге мемлекеттің құрып кетуі туралы тезиске шындап қызығушылық танытты және бұл тезистер екі конституцияға - 1918 және 1925 жылы енгізілді.

Онда былай делінген:

«Қазіргі өтпелі кезеңге арналған Ресей Социалистік Федеративтік Кеңестік Республикасының Конституциясының негізгі міндеті - қала және ауылдық пролетариат пен кедей шаруалардың диктатурасын қуатты Бүкілресейлік Кеңес өкіметі түрінде орнату. Буржуазияны толығымен басып-жаншып, адамды адамның қанауын жойып, таптарға бөлінбейтін, мемлекеттік билік болмайтын социализм орнату».

Соған қарамастан, өмір өз түзетулерін енгізді: дүниежүзілік төңкеріс те, мемлекеттің құрып кетуі де болған жоқ, керісінше, барлығын толығымен ұлттандыру белең алды. Дегенмен, сталиндік конституцияның өзі кеңес басшыларының санасы әлі де таза таптық негізде болғанын және ұлттар туралы ойламайтынын анық көрсетеді.

1936 жылғы конституцияда КСРО жұмысшылар мен шаруалар мемлекеті деп те аталды. Нәтижесінде: Германияда немістер, Англияда ағылшындар, ал КСРО-да жұмысшылар мен шаруалар тұрады екен делінген абсурдтық жағдай пайда болды.

Неліктен Брежневтің баяндамасы маңызды кезең болып табылады? Ол жаңа тарихи қауымдастық туралы айтты. Бірақ ол жай ғана айтқан жоқ оны үгіт-насихат машинасына айналдырып, ол ұлттан тыс бағытта қауырт жұмыс істей бастады. Себебі 1977 жылғы Брежнев конституциясында кеңестік тарихта алғаш рет жаңа тарихи қауымдастық құру туралы ерекше тармақ енгізілді. Осы құжаттың кіріспесінде: «КСРО-да дамыған социалистік қоғам құрылды. Бұл кемелденген социалистік қоғамдық қатынастар қоғамы, онда барлық таптар мен әлеуметтік жіктердің жақындасуы, барлық ұлттар мен ұлыстардың құқықтық және нақты теңдігі, олардың туысқандық ынтымақтастығы негізінде адамдардың жаңа тарихи қауымдастығы пайда болды ол - кеңес халқы», - деп жазылды.

Сонымен бірге, кеңес халқы сөздің кәдімгі мағынасында жеке бір ұлтты емес, ортақ маркстік-лениндік ұстаным әм дүниетаным аясында бір-бірімен өзара байланыстырылған әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың ерікті түрде бірігуі екендігі қажымай насихаттала бастады. Кеңес халқы түсінігі бар болғаны 20 жылдай өмір сүрді. Ал одақтас республикалардағы ыдырау процестері басталған кездегі көптеген ұлттық наразылықтарды ескерер болсақ, онда оның санамызды улауы он жарым жылдан аспайды.

Әдеттегідей, РКФСР-де қалыптасқан кеңес халқының миын орыстардың үгіт-насихаты шайып жіберді де, аталған термин тек сонда ғана тамыр жайып өз өміршеңдегін ресей халқы ұғымымен алмастырды. РКФСР ұлттық республикаларында кеңес халқы ұғымы ұстемдікке ие болса, одақтас республикада қазақ пен эстон бұл сөзді қолдануда екі ойлы күйде болды. КСРО-ның ыдырауымен бір идеологиялық клише басқасымен жаңа тарихи қауымдастық, ресейліктермен ауыстырылып, негізінен орыс халқының санасында мықтап орнықты.

Осылайша, «кеңес халқы» ешқашан болған емес, оны кеңес басшылары «жаңа тарихи қауымдастық» деп жариялады. Ресейдегі билікті басып алғаннан кейін большевиктер «адамның жаңа түрін» құруды мақсат етті. Бастапқыда лениншілер мемлекеттер арасындағы шекараларды жойып, барлық «қанаушы таптарды» жойып жіберетін тез әлемдік революцияға үміттенді. Жаңа дүниеде тек жұмысшылар мен шаруалар өмір сүреді деп болжанды.

Горбачевтің Қайта Құруы кезінде кеңес халқының жасанды бірігу екені белгілі болды. Латыштар өздерін латыш, қазақтарды қазақ, тіпті орыстарды орыс деп санауды ешқашан тоқтатқан емес. Коммунистік идеялардың танымалдылығы төмендеп, тоталитарлық режим сыр бере бастап, маркстік-лениндік үлгі бойынша құрылған мемлекет ыдырай бастады. Ақыры құрып тынды.

Америка ұлты 239 жыл өмір сүрсе, кеңестік «саяси ұлт» қайта құру басталғанға дейін ғана өмір сүрді.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391