ОА5+1 және Германия: ОА-ға талас қыза түсті
Қазір әлем картасында орын алып жатқан алағай да бұлағай ахуал Орталық Азия елдерін де айналып өтпегені анық. Әсіресе, Ресей Украинаға қарсы соғыс бастаған тұстан бастап, ОА-ға талас қыза түсті.
ОА МЕМЛЕКЕТТЕРІ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ
Ресейдің осы хәлінде ОА-да ықпалын күшейту үшін түрлі экономикалық һәм саяси қадамдар жасап, Ресеймен жеке дара таласқан Қытайдың сөзі күшейер, жүрісі екпінденер тұс еді. Сол үшін де биыл Бейжің ОА басшыларын Қытай жеріне, Шиан төріне арнайы алдырдып, қонақ асын берді. ОА елдерімен интеграцияны күшейту жайын ақылдасты, кей дүниелерге мақұлдасты.
ОА МЕМЛЕКЕТТЕРІ ЖӘНЕ ТҮРКИЯ
Дей тұра, ОА-ға көңіл бұрып, ықпалдасқысы келетін жалғыз Қытай емес. Түркі мемлекеттерінің одағы һәм оның ықпалды ойыншысы Түркия да шекараның шетінен қарап тұр. Кейінгі жылдарға дейін Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінен аттап шыға алмай, гуманитарлық-мәдени байланыстардан аспаған Түркия енді саяси одақ статусын алған Түркі мемлекеттері одағын барынша пайдасына жаратуға жарамданып отырғаны жасырын емес. Бұған Әзербайжанның Қарабақты толық қайтаруы һәм 2020 жылғы Екінші Қарабақ соғысындағы жеңіс эффектісін тағы қосыңыз. Өйткені, осы датаға дейін аса бір аралас-құралас болып кетпеген Түркі мемлекеттері арасындағы байланыс күшейе түсті.
ОА МЕМЛЕКЕТТЕРІ ЖӘНЕ АҚШ
Сонан соң, ОА-ға назар салып отырған тағы бір алып – АҚШ. АҚШ-қа Еуразия құрлығына стратегиялық көзқарас қажет. Тарихи тұрғыдан Ресей мен Қытайға қарағанда, АҚШ-тың әсері бұл аймаққа әлдеқайда аз болды. Мәскеу де, Бейжің де қиындықтарға тап болған кезде, Вашингтон Орталық Азиямен берік байланыс орнатуға екіленіп кірісті. Сол себепті, жуырда АҚШ-қа ОА-ның бес бірдей басшысы барып, президент Жо Байденмен жолықты.
ОА МЕМЛЕКЕТТЕРІ ЖӘНЕ ГЕРМАНИЯ
Енді. Енді кезек Германияда. Қазақстан президенті Германияға сапарлап барды. Неміс канцлері Олаф Щолц президент Тоқаевты сән-салтанамымен қарсы алды. Жекелеген жолығулар өтті. Екеуара бизнес мүмкіндіктері талқы болды.
Бұдан бөлек, әрине, ОА басшыларымен бірге тағы да басқосу өтеді.
Германия әлем экономикасындағы үздік бестіктің ішінде, Еуропадағы көшбасшы елдің бірі. Ресей мен Украина соғысы Германия экономикасына үлкен өзгеріс әкелді. Ол Ресей газы мен мұнайынан бас тарта бастады, «Солтүстік ағын-2» жобасын тоқтатты, кейін «Солтүстік ағын-1» құбырында жарылыс болды. Германия жаппай энергетика саласында Ресейді алмастыру жолын іздей бастады. Міне, осының аясында Қазақстан мен Германия арасында байланыс артты. Қазақстан Ресей аумағы арқылы және Транскаспий бағытында (Қазақстан-Әзербайжан-Грузия) Германияға мұнай сатуда. Соғысқа дейін Германия бізден жылына 200 мың тонна мұнай алса, енді ол көрсеткішті 1,2 млн тоннаға жеткізу келісімі ұсынылуда. Яғни, 6 есеге ұлғайған.
Германия мен Қазақстанның тауар айналымы өткен жылы 2,7 млрд доллар болыпты. Оның ішінде біз немістерге мұнай, ферроқорытпа өнімдері, балық өнімдері, тұз, бағалы металдар, темір және т.б сатыппыз. Олар бізге ұшу аппараттары, дәрі-дәрмек, көліктер, ауыл шаруашылық техникалары, медициналық жабдықтар, адам және жануар қаны, мотор майы және басқа сатыпты. 2,7 млрд жақсы әрине, бірақ оны 5 млрдқа жеткізу мүмкіндігі айтылса керек.
ТОҚАЕВ АЙТҚАН ЕКІ АУЫЗ СӨЗ:
Германияның Қазақстанға неге көзі түсіп отыр? ОА5+1 форматы неге соңғы уақытта өзекті бола түсті? Себеп: ОА аймағы, соның ішінде біздің Қазақстан табиғи ресурстарға бай және транзиттік потенциалы жоғары аймақ. Сондықтан да Қазақстан бұл мүмкіндіктерді сыртқы саясаттағы тең баллансты сақтау үшін ұтымды пайдалануы керек-ақ. Саяси һәм экономикалық сипатта.
Президенттің неміс жеріндегі сапарында сөйлеген бірнеше тезисінен сөзмысал келтіре кеткенді жөн санадық.
Сонымен: «Ақылды һәм рационалды дипломатияның дәуірі туып келеді. Екі тарап болып, қайшыласып айыптаспай, іскерлік келіссөздерге көшу керек. Содан сабақтасып, екі тарапқа да жағымды әрі пайдалы бейбіт келісімге келу мүмкіндігі туады», - деді.
Әрі қарай: «Қазақстан санкциялық режимді ұстанатынын нақты айтты. Біз санкциялық режимді сақтау бойынша тиісті ұйымдармен байланыстамыз және неміс тарапының санкциялық режимді айналып өтуге бағытталған ықтимал әрекеттерге қатысты қандай да бір күдігі болмауы тиіс», - деді.
Бұл айтылған екі сөздің де саяси салмағы ауыр және оны естуі тиіс құлақтардың естігені анық!
*Суреттер Ақорда сайтынан алынды
Abai.kz