«Қазақстан анти-Ресей емес! Бірақ, санкцияны сақтаймыз!»
28 қыркүйекте Қазақстан президенті Тоқаев Алманияға ат басын тіреп, неміс канцлері Олаф Шольцпен бірлесе өткізген баспасөз конференциясында сөз сөйлеп, Ресейге қатысты пікір айтты.
Өзіне дейін көмекшісі Тимур Сүлейменовтің: «Біз Ресей мен Беларусьпен экономикалық одақта болсақ та, біз бәрі бір әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі болып табыламыз. Астана АҚШ пен Еуроодақтың шектеулерін аттап өтудің құралына еш айналмайды», - деген пікірін одан ары дамыта: «Қазақстан анти-Ресей емес, бірақ, қай кезде болмасын санкциялық шектеулерді ескеріп отырады», - деген болатын.
«Казинформ» басылымына берген жауабында президент Тоқаев: «Қазақстан анти-Ресей болып табылмайды, біз әлемдегі ең ұзын шекара біріктіретін Ресеймен жан-жақты ынтымақтастығымызды қатаң ұстанамыз», - деді.
«Кейбір ресейлік БАҚ-тар мен саяси қайраткерлері Сіздің Берлиндегі баспасөз конференциясында айтқан сөзіңізді «Ресейден ірге ажыратып, Батыстың жыртысын жыртуға кірісті» деп сын садағына алып жатыр?» деген кезекті сауалға Президент: «Баса айтарым, Қазақстан санкциялық шектеу қойылған тауарларға иелік етпейді, әрі онымен сауда жасамайды. Сондай-ақ Ресейге жасалатын параллельді импортқа қатыспайды», - деп жауап берді..
Әрі осы сұхбатты: «Егер қолымнан келсе, қазір атысып-шабысып жатқан екі елді бітістірер едім», - деп тамамдады.
Abai.kz