Сыртқы саясаттағы «саммитшілдік» нақты нәтиже бере ме?
Сөз жоқ, сыртқы саясаттың өз заңдары мен заңдылықтары, сырт көзге көріне бермейтін құпия қалтарыстары бар. Солай болуы да керек, әйтпесе дипломатия секілді білім мен біліктілікті, айлакерлік пен қулықты қажет ететін бұл саламен кез келген айналыса берер еді ғой.
Десек те, сыртқы саясат – жария саясаттың бір түрі болғандықтан онда орын алып жатқан оқиғалар мен тенденцияларға қоғам өкілдері баға беріп отыруы да заңды. Өйткені оны жүзеге асыратын – мемлекет, ал мемлекетті асырап отырған біз, салық төлеушілер.
Алыс пен тереңге бармай-ақ, Жаңа Қазақстан тұсындағы сыртқы саясаттың бір ғана қырын сараптайын.
Оны шартты түрде сыртқы саясаттағы «саммитшілдік» синдромы деп атар едім.
Қарап отырсаңыз, соңғы кезде Қазақстан ресми түрде бірнеше саммитка қатысты. Еуроодақ, АҚШ, Қытай, Ресей – әлемдік саясаттың амбициялық орталықтары «аяқ астынан» Орталық Азияға, соның құрамдас бөлігі – біздің елге емешегі үзіліп қалғандай. Бұрын-соңды болмаған жайт!
Әрине, әр бастамашылдың өз мүддесі бар.
Пандемия мен антиресейлік санкциялар зардабын шегіп жатқан «ұжымдық Батыстың» діттеген мақсаты бесенеден белгілі. Ол – Ресейдің мұнайы мен газынан біз жаққа бет бұру, Ресейден тыс жаңа тасымал мен логистикалық бағыттар табу.
Қытай болса, мыңжылдық дипломатиясының дәстүрі мен дәйектеріне сай өзімен шекаралас Орталық Азия аумағын қаржы, инвестиция, меншік, нақтырақ айтсақ, саяси ықпал арқылы өз уысында ұстағысы келеді. Сол қағидатпен ол баяғыда-ақ алыстағы Африканы жаулап алды.
Ресейдің непоимпериялық пиғылы о бастан белгілі: кешегі империяның қалдықтарын бағынышынан шығармау. Келесі жылы ол жақта президент сайлауы өтуі тиіс. Ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ахуал ушығып тұр, басқа елмен соғысып жатқан елдің жағдайы белгілі ғой, күн сайын миллиардатр жұмсалып жатыр. Сол себепті «шағын әрі жеңісті соғыс» идеологемасы әлі де болса, өзекті. Ол пасық та сасық ой бізде де жанап өтуі әбден ықтимал.
Осынау, әрбір алпауыттың өз мүддесі мен қалағаны бар жағдаятта тәуелсіз Қазақстан өз орнын қалай табады? Әлемдік қайта құруда біздің елеп-ескеріп жатқа кім бар?
Және де ел экономикасына соншалықты қажетті сыртқы инветицияларды тартуда біз әлеуетті елдерге не ұсынамыз?
Тағы да сол қазба байлықтарымызды ма? Олай болса, экстенсивті дамуды қалаған, соның арқасында елді тығырыққа тіреген «ескі Қазақстаннан» айырмашылығымыз не?
Әлде инфрақұрылым, қолда бар байлықты өңдеу саласы, жоғарғы технологиялар мен зиялы да зайырлы экономика бағыттарын дамытамыз ба?
Қарап отырсам, біздің билік өткеннен тиісті сабақ ала бастаған сықылды: саммиттермен қатар ел басшысы қонақтарды қабылдаған ел басшыларымен дербес кездесулер өткізіп, нақты инвестициялық жобаларды талқылай бастапты.
Мәселен, президенттің Германияға барған сапарында осы үрдіс ерекше көзге түсті. Тоқаев неміс компанияларын мұнайды өңдеу ісін мен кенжелеп қалған геологиялық барлау ісіне араласуға шақырды. Бұл да болса, ежелден айтылып келе жатса да, өз шешімін таба алмай келе жатқан өте-мөте өзекті мәселе.
Мұндай нақтылық пен жасампаздықты өз басым дұрыс өзгеріс деп бағалаймын.
Тек «ұзағынан сүйіндіріп, жария болған жобалар қағаз жүзінде қалып қоймаса» деген тілек бар.
Сол кезде ғана бірінен соң бірі өтіп жатқан саммитердің жемісін, халқымызға, мемлекет экономикасына берер пайдасын көре бастаймыз.
Әміржан Қосан
Abai.kz