Михай Эминеску. Диуананың ғазалы

Эссе
1. Дара
Заманы бір қос алып Абай (1845-1904) және Михай Эминескуді (1850-1889) бір-бірін білмесе де рухани туыстыратын қасиет сөз энергиясының асып-тасып біткен құнары болар. Әдебиеттану ғылымында мұны конгениальды құбылыс деп екшеп атайды.
2021 жылы көктемде қазақтың қазіргі заманғы ұлттық ақыны Ұлықбек Есдәулет Михай Эминеску туралы көкейге идея салып, жазуға ойтүрткі беруімен румын классик ақыны Эминескудың жыр әлемін ашып, иен қазынаға кенелдім. Нәтежесінде бір ай уақыт жұмсап орыс тілінде екі эссе жаздым: «Абай и Эминеску» және «Михай Эминеску. Лишь в искусстве свобода».
«Михаил Эминеску. Звезды новорожденной свет...» атты кітап мәскеулік «Художественная литература» баспасынан классик дүниеден озғанына жүз толуына орай 1989 жылы жарық көрген. Оның орыс тілінде шыққан аударма поэзиясы маған айрықша көркем әсер қалдырды.Аудармасы осындай тұңғиық болса, түпнұсқада мұнан бетер жауһар жырлар болды ғой деп есім кетті. Ұлы ақынның шығармашылығына ұзын саны 25 бет екі эссе арнасам да, кәусар бұлаққа шөлім қанбай қалғандай, Михай Эминескуді жете оқып білмегендей, сүйіп зерттемегендей шерлі сағыныш сезім іште тұнып қалды.
Мұның астарын Ұлықбек ақынның жыр жолынан іздеп таптым: «Адамзаттың арман-сөзін жаздым дер, /Ақын ұлты!». Расында сөз өнерін қуған басқа құт қонған суреткер қалам иелері шұғыла сипат сұлулыққа, құдайшыл жаратылысқа өлердей ғашық болады. Әлем сипаты Жаратушының өнері болып табылады. Мұның бір ұшы Жалаледдин Руми суфизм қағидалары арқылы құпия жасырған Мәжнүн бейнесінде жасырылған. Мәжнүн-жүрек, Мәжнүн – құдайын іздеген адам жүрегінің символы. Мұның жұмбағын сопылық танымда ет пен сүйектен жаралған адам нәсілі өте бейім тұратын нәпсіге Мәжнүннің бой алдырмауынан, Ләйлі аруды платондық сүйіспеншілікпен аңсауынан, ашкөздіктен риясыз ада биік рухани болмысынан анық көруге болады. Владимир Набоков суфизм адам баласының төменгі, жаман, хайуандық табиғатын тұншықтырып, басып тастайды деп ен тағып жазатыны сондықтан.
Бір құдайдың құдіретімен ұлы суреткер атаулы диуаналық санаға даусыз бағынады. Жарық дүниеден зороастризмдегі зұлымдық пен ізгіліктің бітіспес күресін көргенде, адам нәсілінде озбырлық, өзімшілдік басым екенін сезгенде идеализм қағидалары тоқырауға ұшырап, ақындық жұмсақ жүрек түңіліс сарынға икем болуы соның әсерінен болар. Күллі әдебиет сонда диуананың ғазалы болып шықпай ма!
Ақындар өзін Мәжнүн атайтыны содан ғой. «Өңімде әркім өзегімді пышақтап, / түсімде жүр аруақтар құшақтап, / жүрегім бар жартас сынды жай түскен, / жаншылсам да кеткенім жоқ ұсақтап. / мұңсыз, / мылқау, / меңіреу бір мергендер / көңілімнің көлінен кеп құс атпақ.../ Қызым менің, ізім менің, Назымым, / қарлығашым, талдырмашым, нәзігім, / қол сұқпайын құзырына құдайдың / өзі білер – күнәһар кім, қазы кім? / Өмір бір күй: өзегі – өрт, сазы – мұң, / әкең – мәңгі мәңгірген бір мәжнүн...» (Ұлықбек Есдәулет).
Абай Құнанбаев пен Михай Эминескуді туыстыратын ең басты белгі – теңдесі жоқ жыр бағы басқа қонған соң оның қасіретін қоса тартуға үкім еткен шығармашылық жұмбағы. Біртұтас әлем әдебиеті дәуірі туарын 1827 жылдың басында әулиелікпен болжаған фон Гете айқындайтын «асқан ұлы ақын» деген категорияға бұл екеуі енген соң солай деп білемін.
Ғарыштан ой толқындары миға, жүрекке даритын қасиет болмаса, шығармашылық иесі болу мүмкін емес. Шын талант көңілі бірде тасып, бірде жасып, өз әлемінде шалқып, болмаса өксік буып, қыстығып жүреді. Кезең-кезеңімен. Бір от, бір мұз. Төменгі вибрацияға, бөтен тербеліске тап келсе Кафканың торығуы аш қасқырдай ториды.
2. Сөз шалығы
Эпикалық жанр толғауда сөз қуаты жұлқып әкетердей адуын келеді. Абайды өзге тілге аудару өте күрделі іс. Түпнұсқаға бәрібір жетпейді, себебі ең мықты тәржімашы инемен қазғандай мұқият еңбек қылса да идеалға жеткізе алмайды; өйткені өлең ырғағы, стилі, сөз қоры, аз сөзге көп мағына сыйдырып жіберетін шеберлігі ерекше Абай поэтикасындағы математикалық өлшеммен екшеп жазғандай зергерлікті өзге ұлт өкілдері түгілі қазақтар қайталай алмайды. Абай сөзінде ғарыштан құйылған сөз магиясы кернеп тұрады. Абайды қайта оқығанда текст бұрынғы қабылдаудан өзгеріп, құбылып, мән-мағынасы тереңдеп кететіні маған, ана тілінің уызына жарып ауылда өскен жазушыға егер өзім үнемі бастан кешпегенде бар ғой, адам сенгісіз құбылыс. Абай лирикасын оқыған сайын жаңа көргендей елегзу содан туындайды. Мұны құдай дарытқан асқақ даралық десе керек. Сондай даралықты, космостық жыр қуатына елтуді Михай Эминескудің эпостық қуатынан, лирикасынан көріп ішім еріді.
Андрей Вознесенский Федерико Гарсиа Лорканы сүйемін деп жазды. Ұлы әдебиет тұлғаларын аруақ болса да, сүйегі баяғыда қурап қалса да өлі дегізе алмайтын кереметті шебер құдай жыл құстары тырналардай тізбектелген әріптерге сыйып тұратын сөз магиясына қалайша салды екен?!
Михай Эминеску туралы орыс тілінде жазған қос эссемнің сарынын қайталамай, су жаңа дүние жазуға кенет құлшыныс кернеуін сол сөз энергиясының шалығы деп білемін. Сүйген жүрек сөз тылсымына елжірейтін сияқты.
Әр кезде өзім «Абай және әлем әдебиеті» циклімен жазған Омар ибн Аби Рабиа, Абу-ль-Аля-аль-Маарри, Хакани, Мақтымқұлы, Иоганн Вольфганг фон Гете, Уильям Блейк, Михай Эминеску – баршасы асқан ұлы ақындар болғандықтан зерттеу үстінде Абаймен рухани үндестігі айқын шыққаны шынымен тылсым құбылыс. Абай 13 жасында шығыстың жеті жұлдызына сыйынып төрт жол өлең жазған, оның алтауы парсы, біреуі түркі: Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз. Шәмсиді зерттеушілер Руми дейді. Сирияның ескі атауы – Шам. Абай орыс классикалық поэзиясынан Пушкин мен Лермонтовты сүйіп оқыған, әсіресе Лермонтовты жанына тым жақын балаған. Абай одан көп аударма жасаған, Гетеден аударылған қос шумақ «Қараңғы түнде тау қалғып» оған Лермонтов арқылы жеткен.
Абайды өзінен он екі, он ғасыр ғасыр бұрын өмір сүрген араб классиктерімен көшпелі өркениет ұқсастығы туыстырса керек. Ол европалық ұлы ақындарды атымен білмесе де, баршасының дүниетаным, кісілік қасиет, ар-ождан, азаматтық, гуманистік көзқарас, өз халқын шын сүйген арман-мұраты ортақ болатын. Жан сарайында тартылыс тегін тумайды, ұлы ақындар ұлты және заманы бөлек болғанымен, жер бетінен бақыт іздеп адасатын адам баласын шын сүйген жүрекпен бір вибрацияда өмір кешкендері білінді. Тұтас алса, бұл ой – аристократиясы, рухани бекзаттық, адамсүйгіш қасиеттен туындайтын конгениальды құбылыс. Мұның түп негізінде құдайдың таңдауы түскен әулиелік, пайғамбарлық қасиет жатуы күмәнсіз. Пайғамбарлық абыздардан ақындарға ауысарын діни тексттер жоққа шығармайды.
Қазақ халқы «Қырықтың бірі Қыдыр» дейді. Абай өзінің туған халқына ақындық құт қонған, әулие-пайғамбар болып жіберілген ілім иесі, магиялық сөз иесі екенін анық білген. Оны Михай Эминескумен туыстыратын дәл осы кеп.
Абай Михайдан 5 жас үлкен, 20 жыл артық өмір кешкен. Екеуінің есімдері ұқсас екен-ау. Есім демекші, серб халқының эпосында «Степан патшаның үйленуі» атты жыр бар. «У Михайлы, короля латынян...», Михайло – жатжерлік билеушілердің тұрақты есімі болып табылады. Михай Эминескуде Рим империясының өркениетіне сүйіспеншілік белгісі мол.
Михай Эминеску бейдауа өмірінің соңғы күндерін психиатриялық емханада өткізсе, үміт еткен екі ұлының беймезгіл қазасы Абайды өлердей есеңгіртіп, артынша қазаға ұшыратты. Абай тіршілікте түк кедейшілік көрмесе де, жаны күйіп, қайран елі қазағы надандықта шырмалмаса, азып-тозып кетпесе деп алаңдап, күңіреніп өткен. Өйткені оқу-ғылымнан құр қалып бара жатқан, ақ патшаның құзырына өткен, қоғамы надан, қараңғылық әбден шырмаған туған халқының болашағын уайымдап өткен. Қос ақын өз халқының езілген қалпына ет жүрегі қоса жаншылып, барша уайым-құсасын азаматтық лирика арқылы суреттеп берді. Елге, отанға деген риясыз сүйіспеншілік екі ақында боямасыз, шынайы.
Романтик Михай Эминеску романтизм бағыты жиі қаһарман қылатын күпір идеяға берілді. Антикалық ежелгі өркениетті пір тұтқан ақын көп құдайлылық дәуірдің алтын кілті язычестволық сенімде табиғи құбылыстарға шетінен жан салатын ертегілік сарынды сүюі анық. Оның «Лучафэрул» атты поэмасында бас кейіпкер – христиандық ілімде Люцифер. Ғарыштан Лучафэрул (таң жұлдызы) жасындай жарқылдайды, көктегі жұлдыз патша қызы – жас сұлу оған ынтық. Махаббатқа мас Лучафэрул адам болуға ынтызар, соның үшін мәңгілік өмірден бас тартуға даяр болмағы романтикалық сарын.
Петр Гнедич «Эллин құдайларды адам бейнесінде көрсетті» деп жазады. Римдіктер гректерден көп қарызданды. Рим атауы румын атауының түбірінде тұр. Антикалық көне дүниетаным фатализмі, жазмыш Эминескуге жат емес. Ежелгі Римдік дүниетанымда адам тағдыры алдын-ала сызылған жазмыштан аспайды.
Румын мифологиясын зерттеуші Наталия Осоянудың жазуынша, румындардың этногенез, шығу тегінде фракийлік дак тайпалары, кельт, көнегерман нәсілі бар, олар әуелі римдіктердің, кейінірек славяндардың ықпалына түсті. Мифтік Орфей фракиялық болған. Балкан жерінде фракийлік, фригийлік тайпалардың түбі бір. Пушкин мұны білгендіктен «Муза» атты өлеңде: «Уже наигрывал я слабыми перстами / И гимны важные, внушенные богами, / И песни мирные фригийских пастухов» деп жазды.
Наталия Осояну Михай Эминескудің романтикалық кейіпкері, сүйген қызына түнде келетін Лучафэрде збурэтор (инкуб), түнгі ұйқыда басатын албасты сияқты жынның белгілері бар болғанымен, Лермонтовтың Демоны сияқты әлдеқайда биік жаратылыс деп жазады.
Михай Эминескумен аттас Михаил Лермонтовтың «Демон» поэмасында Ібіліс, жазған құл, оның Тамара аруға махаббатының күштілігінен көз жасы тасты күйдіріп тастайды. Қара тасты еріткен ыстық сезімге кім құламасын. Тәкәппар Демон өзі туралы асқақ мәлімдейтін: «Я царь познанья и свободы» (Лермонтов) – таным, бостандық, азаттық идеясы, бағыныштылыққа жаны қас күрескерлік рухқа толы автопортрет романтиктерге тегіс сүйкімді болатын. Адам нәсілін омыртқалы, сүт қоректі жануарлардан бөліп тұрған құдірет оның ақыл-есі, таным-түсінігі болса, Демон уағыздайтын бостандық идеясы артықшылық кепілі. Ал жарық дүниеде азаттықтан асқан қандай қазына болуы мүмкін!
Михай Эминеску творчествосына терең пессимистік сарынға толы Артур Шопенгауэрдің философиялық көзқарасы әсер еткен. Шопенгауэр философиясына неміс романтизмінің бастауында тұрған Новалистің бақбақ басындай үлпілдек, асқан сыршыл, асқақ идеалға негізделген дүниетанымы әсер етті, Гофманның қиялға бай ертегі әлемін дүниеқоңыздық прагматизмге қарама-қайшы қоятын суреткерлік, еркіндік сүйгіш рухы берілді. Ерекше суреткер Новалис есі ауысып өлді. Өмір сүруге икемсіздік космогониялық көркемдікке, мифтік құдіретке, өнерге өлердей сүйіспеншіліктен туады деп ойлаймын. Табаны жерде, көңілі көкте жүретін суреткерден қандай тоғышар шықсын. Михай Эминеску тек өнерде бостандық барын айқын сезді.
Антикалық әлем жаңа европалық мәдениетті тудырды. Қайта Өрлеу, Ренессанс дәуірі әдебиет пен бейнелеу өнері өркендеді. Михай Эминеску Румыния – Рим империясының мұрагері деп білді. Оның шығармашылығында діни догматтар болмауы, язычество, айнала тірі табиғатқа сыйынған көпқұдайлық дәуірінің мифологиялық сарыны, фольклор басым болуы сондықтан. Көнеримдік ұлы ақын Овидийді түп себебінде поэзиясы үшін император Август өркениеттен алыс жабайы өлке саналған Қара теңіз жағалауына жер аударған. Овидий Румыния жерінде өлді.
Ұлы суреткер жазушы Оноре де Бальзак қайтқан жылы туған Михай Эминескудің өмір сүрген дәуірі күллі әлем қайта бөліске түсейін деп тұрған тарихи мезгіл. Онымен заманы бір тұлғалар бар. Роберт Луис Стивенсон (1850-1900), ол да романтизм өкілі, скептик жазушы, адам баласының зұлым табиғаты ізгілік жағынан басым түсерін мистер Хайд образында бейнеледі.
Реализм өкілі Томас Харди (1840-1928) адам тағдыры қақпақылға түскен өз қоғамын әшкерелейтін романдар жазды. Буржуазиялық қоғамның құдайы – капитал, ақша. Генри Джеймс (1843-1916) шығармашылығында ақшаның үстемдігі адам тағдырына қалай әсер етері көркем бейнеленген.
Сахарада Абай жанын жегідей жеген уытты күйзеліс пен пессимизмді Европада фламандтың ұлы ақыны Эмиль Верхарн (1855-1916) кешіп, қоғамды рухани дағдарыс меңдеген кезеңді ауырсына суреттеді. Всеволод Гаршиннің тағдыры аянышты (1855-1889), орыс жазушысы психикалық ауыр дертке ұшырап, өзіне-өзі қол жұмсап көз жұмды. Оскар Уайльд (1856-1900) қоғам талқысына түсті, ол содан оңалмады. Бернард Шоу (1856-1900) зиялы қауымның рухани дағдарысын драматургия жанрында сарказммен жазды.
Кеме капитаны Джозеф Конрад (1857-1924) отарлаудың көкжиектерін өз көзімен көріп-біліп, рухани дағдарысқа түскен соң таңдаулы проза жазды. Біздің елде ағартушы, жаңа низамның алғашқы ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) қазақ балаларын оқу-білім жолына бастады. Оның Михай Эминескуден 9 жас үлкендігі бар, әйткенмен Гаршин сияқты қайтқан уақыты бір, біртуар тұлғалардың арманы іште кеткен құсалы кезеңге дауа жоқ.
Эпик ақын Михай Эминескудің бір бақыты, ол да Лессинг, Якоб Гримм, Борхес сияқты кітапханада, кітап кенішінде жұмыс істеген.
3. Қапалының қайғысы
Ақын – пайғамбар идеясы екі ақында айқын. Сөз өнерін екеуі де ұлы сый, керемет деп қабылдаған. «О, ақынның таңғажайып қабілеті» (Эминеску), «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (Абай).
Эминеску «Оралмастай жоғалғанда» (Орыс тіліндегі нұсқадан жолма-жол аудармалардың қазақшасы менікі. - А.К.) «Мен бақсылық қылдым, мен дүниенің тылсым күштерін шақырамын, / Олар маған күңгірт мәңгіліктің қақпасын ашсын деп. /.. Өйткені бұл жалғанда ақын керексіз, оған қалған ештеңе жоқ, – / Панасыз бейбақ қаңғыбастың дауысы кімдердің жүрегін мазаласын? / Әлпеш көрмеген, жетім пақыр тентірейді жер кезіп, / Ол сорлыдан тіпті ешкім есімін де сұрамас» деп келіп, мұнан да тумаған жақсы еді, туа сала көрге көмілгенше, азап шеккенше, болмағаным дұрыс еді деп жырлайды. Диуананың ғазалын талай ұлы ақын шертті ғой. Михай жастық шағында актерлік труппада туған жерін кезіп жүрген болатын, сонда оның дәруіштен несі кем?!
Абай мұндай рухани дағдырыс теңселткен өлімші халді, қорқытшыл күйдің құса-зарын қазақ халқына надандықтан арылсын деп өсиет еткен «Сегіз аяқ» жоқтауында «Моласындай бақсының / Жалғыз қалдым – тап шыным!», – деп өлмес өлеңге аманат етті. Қорғансыз халықты алдауды екеуі бірдей ащы тілмен айыптайды. Эминеску «Мен бірнеше ұрпақтың қасіретін шектім» десе, Абай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп тұтас бір халықтың қайғысын арқалап алды.
Румын жұртының ұлы суреткері «Мен ақиқат шындықты тек жүректен іздеймін, / Менің міндетім, жазмышым сонда» десе, Абайда жүрек культы зор қазына. Олардың махаббат және табиғат лирикасында ұқсас суреттеулер аз кездеспейтінін орысша эсседе тізіп жазғамын. Оны қайталамай-ақ қояйын. Әйелдің опасыздығын Абай («Сен мені не етесің?»; «Қор болды жаным»; «Ойнасшы қатын болса қар, / Аңдыған ерде қала ма ар?») және Эминеску («Бесінші жолдау», Далила бейнесі; «Мен өзімді өзім ұмыттым, сен де мені ұмыт») жүрегі қан жылап жазды.
Эминеску неліктен менің жаным дертті, неге маған мұраға қапалы жан бітті деп налиды: «Жан өлсе де, күлкі шат – Бұл мен». Абай «Қаны қара бір жанмын, жаны жара», қайғы ұя салған жүрек шіркін ештеңеге жұбанып, қуана алмайды. Мұның бір сыры «Тіл өнері дертпен тең» деп Абай жырлайтын шындықта жатыр.
Эминеску «Сөне бер, алау..» атты элегияда «Мен баяғыдан бері өлі жанмын, тірі емеспін» десе, Абайда мұндай күйзелістің неше атасы бар: «Ішім өлген, сыртым сау»; «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?»; «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да».
Эминеску кебінін тігіп отырғандай мұңлы кедей бойжеткен қыз өлгенде тірлік қайғы мекені, күнәдан арылсаң, тәубеңе түссең сол ғана бақыт деп түсіндіретін діни догмаға наразылығын білдіреді. Асау ақын жаны мұндай көнбістікті қош көрмейді. Абай Лермонтовтан аударған өлеңде сүйген жігіті жаумен соғыста өлген қалыңдық туралы: «Ақ көйлекті бітіріп, / Кебінім деп киді, өлді../ Қол жетпеген некені / Сүйіп кеткен жан екен. / Көзің неге жетеді, / Қосылмақ онда бар ма екен?».
Эминеску «Күйкілік пен зерігу білінбей басады» деп келсе, Абайда «Ауру жүрек ақырын соғады жай, /Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай»; «Пендеде бір іс бар жалығу деген», «Қан жүректі қайғылы-ау, / Қайырыла кет сен маған. / Қасиетін ойлан-ау, / Қам көңілдің тынбаған» – депрессия мен сплин ойлы адамды құрсай бермек.
Абайда діни сарын күшті, жан мен тән екі бөлек ұғым болмағына ұштасқан таным. Жас ұрпақтың санасы, ар-ожданы, моралдық келбетін қос ақын бірдей уайымдайды. Эминеску бұзылған, азғындаған жастар туралы күйініп жыр жазды. Абай «Заманақыр жастары»; «Көзінен басқа ойы жоқ, /Адамның надан әуресі»; «Шошимын кейінгі жас балалардан» деп қиналды.
P.S.
Михай Эминескудің жыр кітабын қайта оқыған соң ұйқым қашты. Біртүрлі сағыныш буғандай, оның қайғылы жазмышына жанашырлық күй меңдеп, түн ауа қараңғы бөлмеде көзіме жас келді. Өйткені сөз магиясынан басқа дүниені місе тұтпайтын диуананың бірі өзім екемін. «Қапалының қайғысын бөлісе алам, / Туыспайтын туыстай кемедегі» (Ұлықбек Есдәулет). Олардың уақытқа бағынбайтын ғазалы жаныма сонша жақын, ыстық көрінетіні сол үшін.
«Жазмыш» атты әдебиет әлемі туралы танымдық-зерттеу кітабында Қадыр Мырза Әли Михай Эминескудің жазмышына жаны күйіп, ол туралы бірқатар деректерді сүзіп жазған. Қазаққа Михай Эминескудің есімін жария еткен Қадыр аға тәрізді.
Мені шын қайран қалдырған құдірет мынау. Евразияның арасы үш сағат алшақтық бар өлкеде екі бөлек қоғамдық формацияда өмір кешкен қос ақын өмірде бейқам бақыт дәмін азырақ татып, құсадан арылмай, түбі ойран тіршілік сырын танып, отына күйіп кетті. Европа империалистік дәуірге енген кезеңге тап келген Михай Эминеску мұқтаждықтан көзі ашпаған сияқты, жазылмас дерттің бір ұшығы сонда болуы әбден мүмкін. Ол баспанасыз, бақсыз күн кешіп, қазынаның қаралы үйі жындыханада жан тапсырды. Сүйіктісінен көрген жалғыз баласы тумай жатып шетінеді, ресми үйленген жоқ. Абай дала шонжары болып өмір сүрді, төрт әйелі болды, ұрпағы баршылық болғанымен, келер заман кесапатына, өлім-жітім, қуғын-сүргінге ұшырады, артында еркек кіндіктен жалғыз шөбере қалды. Абайдың көзі тірісінде кітабы жарық көрген жоқ, әдеби мұрасы сақталып, тасқа басыларын білмей, елі үшін жаны күйзеліп жылап өтті.
Әуелгі пайғамбар Прометей. Пайғамбарды тірісінде аңдамау ежелден кәрі дүниенің салты да, сиқы да болатын. Екеуіне тіршілікте бір сәуегей келіп, сендер өлген соң аттарың өшпейді, асыл сөздерің өлмейді, кітап қазынаға айналып жарты әлемге таралады десе олар сенер ме еді? Шерлі жүректер сонда өлмесіне сенер ме?!
Бірақ құдіреті күшті құдайдың қалауымен, ажалы жеткен соң екеуі бірдей өз халқының ең ұлы суреткері санатына шықты. Мұның сыры неде? Құдайдың құдіретінде! Дүниеде түбі әділет салтанат құрарына мұнан артық қандай шындық керек!
Диуананың ғазалына жететін асыл қазына жер бетінде жоқ екеніне мұнан артық қандай дәлел керек!
Айгүл Кемелбаева
Abai.kz