Азиада 2023: Қоржынымызда сегіз алтын
Қазақстан спортшылары Қытайдың Ханжоу қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында сегізінші алтынды жеңіп алды.
СЕГІЗІНШІ АЛТЫН - НҰРҚАНАТ АЖЫҚАНОВ
Бүгін каратэ кумитеден Нұрқанат Ажықанов 75 келіде Азия ойындарының чемпионы атанды. Ол финалда иорданиялық Хасан Масаруэхті 8:0 есебімен уақытынан бұрын жеңді.
ЖЕТІНШІ АЛТЫН - НҰРЖАН БАТЫРБЕКОВ
Қазақстандық спортшы Нұржан Батырбеков Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алды.
69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз финалда БАӘ келген қарсыласы Мұхаммед әл-Суваидиді 4:2 есебімен жеңді. Бұл Азия ойындарында Қазақстан құрамасының жетінші алтын медалі.
АЛТЫНШЫ АЛТЫН - ЕВГЕНИЙ ФЕДОРОВ
Сонымен қатар ұлттық құрама спортшылары веложарыстың топтық сайысында Евгений Федоров алтын, Алексей Луценко күміс медаль жеңіп алды.
БЕСІНШІ АЛТЫН - АЛЕКСЕЙ ЛУЦЕНКО
Луценко бұған дейін 39,7 шақырымға созылған жекелей есеп сайысында озық шығып, алтын медаль жеңіп алған болатын.
Алексей 39,7 км қашықтықты 48:05.75 секундте бағындырды. Қытайлық спортшы 50:05.83 секунд, Гонконгтан келген велошабандоздың көрсеткіші – 50:17.76 секунд болды.
Алексей Луценко 2014 және 2018 жылдары да Азиада чемпионы атанған.
ТӨРТІНШІ АЛТЫН - СЕРГЕЙ ЕМЕЛЬЯНОВ, ТИМУР ХАЙДАРОВ
Ал төртінші алтын медальді қазақ еліне ескекшілер Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров алып берді.
Қазақстандық ескекшілер каноэда 500 метр қашықтықта сынға түсіп, 1:49.010 көрсеткішпен мәре сызығын бірінші болып қиды.
Жапониялық, ирандық ескекшілер екінші, үшінші орынды алды.
ҮШІНШІ АЛТЫН - ӘСЕМ ОРЫНБАЙ, ЭДУАРД ЕЩЕНКО
Қазақстандық Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында алтын медальді жеңіп алды.
Туризм және спорт министрлігі мәлім еткендей, «Скит» жаттығуының финалында қазақстандықтар Кувейттен келген қарсыластарынан озық болды. Қорытынды есеп – 40:35. Бұл – Азиададағы еліміздің ұлттық құрамасы үшін үшінші алтын медаль.
ЕКІНШІ АЛТЫН - ЗУХРА ИРНАЗАРОВА
Екінші алтын медальді 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында 18 жастағы Зухра Ирназарова ұтып алды. Отандасымыз 560 ұпай жинап, Солтүстік Кореядан келген екі мергеннен озып кетті.
Ең алғашқы алтынды да қыздарымыз алып берген.
АЛҒАШҚЫ АЛТЫН - ӘСЕМ ОРЫНБАЙ, ЗОЯ КРАВЧЕНКО, ОЛЬГА ПАНАРИНА
Стенд атудан скит бағдарламасы бойынша сынға түскен әйелдер құрамасы Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина чемпион атанды.
Айта кетейік, отандық мергендер бірінші орынға ие болып қана қоймай, жалпы 350 балл жинап, Азиада рекордын орнатты. Олар Қытай (348 ұпай) және Таиланд (342 ұпай) командаларынан озып кеткен еді.
Abai.kz