Саясатнама
«Ағаш атты» ерттеп мінудің тауқыметі немесе танымал саясаткер болу yшiн 55 млн тенге керек
«Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын»... Бұл –кешегіден қалған пәлсапалық ой. Ал бүгін ше? Бүгін ешкімнің де қатқан қара тас болғысы келмейді. Кез келген жеткіншек халықтың көз алдында жүретін танымал тұлға болуды армандайды. Әу дейтіндей даусы жоқтар әншіге, бетінің қызылы барлар журналиске, енді біреулері биші, сықақшы, суретшіге айналып шыға келетін кезеңде саясат әлемінде бағын сынап, саясаткер болып танылу қаншалықты қиын? Біз осы сауалдың жібін иіріп көрелікші...
Кәсіби саясаткер болу үшін...
«Ағаш атты» ерттеп мінудің тауқыметі немесе танымал саясаткер болу yшiн 55 млн тенге керек
«Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын»... Бұл –кешегіден қалған пәлсапалық ой. Ал бүгін ше? Бүгін ешкімнің де қатқан қара тас болғысы келмейді. Кез келген жеткіншек халықтың көз алдында жүретін танымал тұлға болуды армандайды. Әу дейтіндей даусы жоқтар әншіге, бетінің қызылы барлар журналиске, енді біреулері биші, сықақшы, суретшіге айналып шыға келетін кезеңде саясат әлемінде бағын сынап, саясаткер болып танылу қаншалықты қиын? Біз осы сауалдың жібін иіріп көрелікші...
Кәсіби саясаткер болу үшін...
«Саясат – ағаш ат» деп жатамыз... Сол ағаш атты ерттеп міну үшін туабітті талант қажет екенін жоққа шығара алмаспыз. Бірақ ешкім де саясаткердің шекпенін талантымен кие салмайды. «Өз үйінде сызу сызбаған адам сыртқа шыға сала ою оюы да мүмкін емес. Демек, белгісіз тұлға саясаткерге айналуы үшін, ең алдымен, интеллектуалды білімі, қоғамға деген өзіндік көзқарасы, түр-тұрпатында тартымдылығы, халықтың алдында сөз жұптарлық шешендігі болуы міндетті... Саясаткер дегеніміздің өзі нақты саяси идеологияны басшылыққа ала отырып қоғамдық шешім қабылдайтын кәсіп иесі болғандықтан, бұл саланы үлкен нарық деп білгеніміз жөн. Белгілі саяси экономист М.Вебер де бұл саланы кәсіп ретінде қарастырып, «кездейсоқ», «жұмысына қосымша», «кәсіби саясаткер» деп үш түрге бөліпті. Бізге керегі – кәсіби саясаткер...
Кәсіби саясаткер болу үшін не істеу керектігіне зер салалық...
Біріншіден, белгілі бір саяси идеяның болуы міндетті. Екіншіден, сол идеяны жүзеге асыратын адамды тауып, оны тұлғаға айналдырар жолдар қарастырылады...
Бұл орайда саяси дұрыс қадам жасауды үйрететін политехнологтер, киім-киісі мен жүріс-тұрысын реттейтін имиджмейкерлер, халық алдындағы сөзін жазып беретін спичрайтерлер, саяси нарықты бағамдап отыратын саяси маркетологтердің жұмысы іске қосылады.
Елнұр Бейсенбай, саясаттанушы:
– Бір адам көптеген жылдар бойы қоғамдық істерге үн қосу арқылы танымал саясаткер бола алмай жүріп, бір-ақ күнде лауазымды қызметке тағайындала қалуы мүмкін. Біздің халық осындай адамдарды танымал саяси тұлғаға айналды деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Саясаткер қоғамдық істердің, бастамалардың басында жүріп танылуы тиіс. Ал мемлекеттік қызметте жүргеннің бәрі – саясаткер емес, шенеуніктер. Олар биліктің тапсырмасын орындайтын – атқарушы менеджерлер. Осыны бөліп ажырата білгеніміз жөн. Десе де, шенеунік бола тұра, мемлекетке жаны ашитын, қоғамдық істердің басы-қасында жүретін саясаткерге айналуына болады. Бұл – бір. Екіншіден, белгісіз адамның саяси сахнаға шығуына, танылуына түрлі сайлаулар көп мүмкіндік туғызады. Бізде көптеген саясаткерлеріміз бүкіл халық атсалысатын президенттік, депутаттық сайлау кезінде танымалдыққа ие болып жатады. Ол кезде тұлғалық тегін жарнама жасауға мүмкіндік мол.
Маркетингінің мүмкіндігі қандай?
Енді бір мамандар сайлау күнде болмайтындықтан, танымал саясаткерге айналу үшін тек халықтық сайлауды күтіп отыру нәтиже бермейтінін айтады. Олардың пікіріне сүйенсек, танымал саясаткер болудың басты жолы идеяның өтімділігі екен. Бұл жерде саяси маркетингіге (ағыл. market – базар, нарық) баса мән беріледі. Саяси маркетинг қызметі қымбат болғанымен, саясат субъектілерінің белсенділігін арттыратын тиімді құрал екені рас. Өйткені бұл сала саяси жағдайды зерттеуге, саяси конъюнктура туралы ақпарат жинауға, субъектілердің шынайы мүмкіндіктерін есепке ала отырып саяси акцияларды жоспарлауға жол ашып береді.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Кез келген азамат саясатқа келген кезде белгісіз адам болатыны белгілі. Ол азамат түрлі саяси технологиялар, қоғамдық белсенділігі, баспасөз құралдары арқылы өзін-өзі танытады. Бүгінгі кезеңде беймәлім адамның атының халыққа тез танылуын әлеуметтік желілер жеңілдетіп отыр. Интернеттің пайда болуының арқасында бір минуттың ішінде бүкіл елге белгілі бола аласыз. Ғаламтордың аясының кеңуі саясатты да, саясатқа кірудің технологияларын да демократияландырып жатқанын мойындауымыз қажет. Десек те, осындай кезде біз саяси нарықтың қажеттілігін толығымен игере алып отырған жоқпыз.
Рас. Саясаткер болу тек мұнымен шектелмейтіні белгілі. Саяси акциялар, түрлі шаралардың шығынын есептеп әуре болмай, осы бір бес саладан шыққан есебімізді ғана түйіндесек, 55 млн теңгенің төбесі көрінеді екен.
Логикалық есеп
Танымал саясаткер болу үшін кемінде 55 млн (шамамен 366 мың доллар) теңге қажет
Мамандар белгісіз бір азаматты бес жылда танымал саясаткерге айналдыруға болатынын айтады. Осы бес жылда бұл жобаға қанша қаржы жұмсалуы мүмкін. Логикалық есеп жасап көрелік.
1. 5 жылда 60 ай бар. Ол азаматтың жалақысы 200 мың теңге деп алсақ, 60 ай ішінде 12 млн теңгенің құлағы қалқаяды екен.
2. Саясаткердің имиджін қалыптастыратын тұрақты имиджмейкер жұмыс жасайды. Оның айлық жалақысы кемі – 100 мың теңге. Осы соманы бес жылдың 60 айына шақсаңыз, 6 млн болады.
3. Қазір танымал политехнологтердің бір консультациясы 2 мың мен 4 мың доллар көлемінде. Орташа есебі – 3 мың доллар. Яғни 450 мың теңге. Сіздің болашақ саясаткеріңіз жылына кемінде алты рет консультация алса, бес жылда 30 рет политехнологке жүгінеді деген сөз. Енді осы 30-ды 450 мыңға көбейтіңіз. 13 млн 500 мың теңге көз алдыңызда күлімдеп тұрады.
4. Спичрайтерлікпен бір маман айналысса, оның жалақысы да 100 мың теңгеге бағаланса, бес жылдың 60 айына 6 млн теңге төлеуге міндеттісіз.
5. Саясаткеріңіз саяси жарнама үшін айына кемі бес мәрте республикалық басылымдарға, әлеуметтік желілерге мақала жазып, телеарналар мен радиоларға сұхбат беруі тиіс. Мұның көпшілігі тегін жүзеге асатыны белгілі. Бірақ республикалық газеттерде бір жарнамалық мақаланың 1 миллионға, телеарналардың 5 минуты 2,5 миллионға бағаланатынын ескерсек, аталған бес мәртелік қадам үшін 17 млн 500 мың теңге жұмсалады екен.
Түйін
Саясаткердің имиджін қалыптастыру технологиялары біз айтқан жайттармен түгесіліп қалмасы белгілі. Біз жасаған есеп те, нақты бір тұлғаның танымал болуына жеткілікті қаржыны айқындап отыр дей алмаймыз. Тек ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын саясаткер болудың оңай еместігін айтқымыз келген болатын.
Қанат БІРЛІКҰЛЫ
Саяси нарық
Спикерлік индустрия бізге қашан келеді?
Тақтан түссе де, аттан түспеген әр саясаткердің сөзінің дуасы кетпейді, саяси салмағы кемімейді, егер өз қадірін сақтаса... Өркениетті елдерде саясаткерлердің «нарықтық құны» болады. Мәселен, лауазымымен қош айтысқан саясаткерлердің елге берері, айтар тағылымы мол, сондықтан ірі компаниялар көпті көрген сақа саясаткердің айтқан сөзіне, берер дәрісіне қыруар ақша төлейді. Саясат сахнасындағы осындай нарықты «спикерлік индустрия» дейді, жалпақ тілмен айтсақ, «шешендік индустриясы». Бұл ділмарлық индустрия біз түгіл, Ресейдің өзінде әлі құлашын кеңге жая қойған жоқ. Дегенмен уақыт өте келе, мұндай нарықтың ауылы біздің елімізге алыс болмас.
Немістің FOCUS басылымы аузы дуалы саясаткерлердің дәрістерінің құнын шығарған екен. Неміс саясаткерлері француздық және америкалық саясаткерлерден аз табатын болып шықты. Мысалы, Германияның экс-канцлері Г.Шредердің дәрісі 50 мың евродан 75 мың евроға дейін барады екен. Дегенмен немістерді аузына қаратқан Герхард Шредер шетелдік әріптестерімен тайталаса алмайды екен. Мәселен, Ұлыбритания экс-премьері Тони Блэрдің бәсі 200 мың евродан басталса, 250 мың доллардан кем бағаға қызмет етпейтін Николя Саркози еуропалық нарықта көш бастап тұр. Оған осындай үлкен соманы америкалық Morgan Stanley банкі санап берген екен. Германияның қазіргі канцлері Ангела Меркельдің қызмет құны 60-80 мың евроға жетеді. Жалпы, саясаткерлердің сөзақысы АҚШ-та жоғары бағаланады. Сөзінің нарқы жағынан АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон алдына жан салмайды. Минутына 5555 доллар табатын Билл Клинтонның кесімді бағасы – 390 мың евро. Билл Клинтон 2001 жылы президенттік лауазымынан кеткелі бері сөз сөйлеп, дәріс оқудан 89 млн доллар тапқан екен. КСРО-ның бірінші және соңғы президенті Михаил Горбачевтің сөзақысы 100 мың евроға жетіп жығылады.
Ділмарлар нарығы
АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонның сөз ақысы –390 мың евро.
Францияның экс-президенті Николя Саркозидің сөз ақысы – 250 мың евро.
Ұлыбританияның экс-премьері Тони Блэрдің сөз ақысы – 200 мың евро.
КСРО-ның бірінші және соңғы президенті Михаил Гобачевтің сөз ақысы – 100 мың евро.
Германияның экс-канцлері Герхард Шредердің сөз ақысы – 50-75 мың евро.
Партия құруға қанша қаражат қажет?
Тәуелсіздіктен бергі 20 жылдан астам уақыттың ішінде Қазақстанда талай партия құрылып, талайы «дүние салып» жатса, бірқатары бірігіп еңбектену жолын таңдады. Кейбірі идеялық тоқыраудан дағдарысқа тап болса, ендігісі кадрлік резервтің жұтаңдығынан, азаматтық белсенділіктің болмауынан, енді бірі қаржылық қиындықтардың салдарынан бәсекеге төтеп бере алмай, біржола жоғалып кетті. Қазірдің өзінде іс барысындағы партиялардың басым көпшілігі пассив деңгейде жұмыс жасап жатыр.
Саяси ортада «өлі партияны тірілтуден гөрі жаңа партия жасақтап, жаңа идеяның атын қамшылау тиімді болады» деген тұжырым бар. Алайда партия жасақтаудың жүгі – алпыс батпан.
Жалпы, Қазақстанда партия жасақтау үшін оның 10 адамнан тұратын бастамашыл тобы және республика бойынша 50 мыңнан кем болмайтын жалпы мүшелері болуы керек. Сонымен қатар елдің әр аймақтарында филиалдар ашылып, әрбірінің құрамында кемі 800-1000 адамнан болуы қажет. Бұл – заңдық талап. Сонымен қатар партияның алғашқы үгіт-насихат жұмыстарына қыруар қаржы мен қажырлы еңбек қажет болатыны айтпаса да түсінікті. Ал алғашқы белестен өтіп, тіркеліп, Парламент қатарынан аз да болса мандатқа ие болған партияны Үкімет қаржыландыра бастайды. Үкіметтен бөлінетін қаржының көлемі партияның Парламент сайлауында жинаған даусының пайызына байланысты. Партияны жаңадан жасақтау қанша қиын болса, оны ұстап тұру, ісін өрге домалату да оңай емес. Көп жағдайда қаржылық қиындықтар қолбайлау болатыны түсінікті. Біз партияның қолына Үкіметтен немесе демеушілерден бөлек, мүшелік жарна арқылы түсетін қаржыға есептік шолу жасаған едік.
Партия туралы логикалық есеп-қисап
Биліктің негізгі партиясы болып отырған «Нұр Отанға» бөлек есеп қажет екені анық. Дәл қазір біз өзге партиялардың жағдайын шамамен есепке салып көрсек деп едік. Қазақстан заңнамасы бойынша тіркеуге отырушы партияның қатарында 50 мың адам мүшелікте болу керек. Қазақстандағы тоғыз партияның арасынан ресми тіркеудегі мүшелерінің саны ең азы Қазақстан коммунистік халықтық партиясына 54 мың адам тиесілі. Көптігі жағынан «Нұр Отаннан» кейін «Ақ жол» тұр – 175 мың адам, одан соң «Патриоттар» партиясы – 172 мың. Орта есеппен алғанда, әр партияда 90 мың адамнан бар. Кез келген партияда мүшелік жарна деген болады. Партия қатарына өткен қазақстандықтар партияның саясатын дамыту үшін, ұранын іске асыру үшін өз қалтасынан ақша шығарады. Ең төменгі жарна 500 теңгені құрайтын болып шықты. 90 мың мүшесі бар партияның мүшелік жарнадан бір жылда жинайтын қаржысы 45 млн теңге болуы керек екен. Алайда мүшелік жарнаны төлеу ерікті түрде жүзеге асырылады. Яғни партия мүшесі оны төлемеймін десе де өз еркі. Шындығына келгенде, партиялық жарнаның 50 пайыздайы жиналса да, жақсы көрсеткіш болар еді. Алайда кейбір партия қызметкерлерінің айтуынша, 50 пайызы да жиналмайды. Дегенмен біз осы 50 пайыз көрсеткіш бойынша есепке салып көрсек, жылына 22-23 миллион теңге шығады екен. Партияның ісін өрге домалату үшін бұл көп ақша ма, партияның саясатын халыққа жеткізу жолында түрлі шаралар жасауға 22 миллион теңгеге не істеуге болады?
Партияның жарнасы екі көлік алуға немесе 1 шақырым жол салуға ғана жетеді
Миллион деген аты болмаса, теңге жүзіндегі бұл ақшаның валюталық құны үлкен емес екені анық. Долларға шаққанда 150 мың АҚШ валютасы шығады. Бұл ақша мемлекеттік тапсырыспен екі көлік алуға ғана жетер еді. Ал Алматы қаласы әкімшілігінің есебіне салсақ, бұл ақша бір шақырым жол салуға ғана жетеді. Яғни партия мүшелері патриоттық танытып, парызын орындап, жылдық жарнасын адал жинап берген ақшаға бір шақырым ғана жол салуға болады. Әрине, біздің партиялар жол салып жатқан жоқ, ендеше, бұл ақшаны қайда, қалай жұмсап жатыр, оны да редакциямыздың есебіне салып көрелік. Кез келген партияның республикамыздың әр аймақтарында филиалдары болады. Демек, республика бойынша 14 өкілдік бар. Оның біреуі – негізгі орталық. Орталық бөлімшеде 20 шақты қызметкер бар. Партия басшысы, орынбасарлары, хатшы, бірнеше заңгер мен есепші, ең ақыры еден жуушы. Ал аймақтағы бөлімшелерде орта есеппен бес қызметкерден болуы керек. Яғни жалпы есепте бір партияның барлық кеңселерінде жалпы саны 80-100-ге жуық адам тұрақты жұмыс жасайды. Барлық қызметкерлердің орташа жалақысын 80 мың деп алайық. Сонда оларға төленетін жалақының жалпы есебі 1 миллион теңге көлемінде болады. Жылына 12 миллион теңге. Яғни мүшелік жарнадан жиналған 22 миллион теңгенің 12 миллионы жалақы есебінде төленді. Ар жағында 10 млн теңге (65 мың доллар) қалды. Оның біршамасы бөлімшелер орналасқан кеңселерді жалға алуға төленеді. Яғни партия өз саясатын ілгері жылжыту үшін демеушілердің көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Ал Парламент қатарына өткен партиялардың жағдайы дәл осындай мүшкіл деп айта алмаймыз. Себебі ол партияларға Үкіметтен төленетін қаражат тым болмаса қызметкерлерді ұстап тұруға жететіні жоғарыда айтылды.
Әрине, мүшелерінің саны бойынша да, биліктегі деңгейі бойынша да «НұрОтан» партиясын өзгелермен салыстыруға келмейді. Ресми есеп бойынша, «Нұр Отан» ХДП қатарында 900 000 адам бар. Соның 50 пайызы мүшелік жарна төлейтін болса, 225 миллион теңге болар еді.
Партияны жасақтау, оған қолдаушы электорат қалыптастыру, демеушілер мен қаржы көздерін іздеп, партияны ұстап тұру мәселесі жөнінде саясаткерлердің жеке пікірін де білген едік. Сарапшыларымыздың бірі – партияны тіркеу мәселесінің машақатын сезініп жүрсе, екіншісі тәуелсіз Қазақстанның партиялар тарихына шолу жасаумен болған.
Мамандар пайымы
Мэлс Елеусізов, эколог:
– Шындығына келгенде, партиямызды құра алмаудың негізгі себебі халықтың көңіл күйі болған жоқ. Яғни партия құру үшін қажетті талаптардың барлығын орындай алмадық, қол жинау қиын болды. Алайда үмітіміз өшкен жоқ. Елімізде экология мәселесінің маңызды екендігі жиі айтыла бастады. Халық түсіне бастады. Оның үстіне «EXPO 2017» көрмесінің Қазақстанда өткізілуі экологиялық тақырыпты одан ары пысықтап жатыр. Партия құру үшін сенімді демеушілердің болғаны дұрыс. Себебі партияны құрғаннан кейін де оның жұмыстарын ілгері домалату үшін қыруар қаржы, қыруар еңбек қажет. Соған қарамастан, Қазақстанның саяси нарығындағы мүмкіндіктерді, партиялық мүмкіндіктерді жоғары бағалаймын. Біздегі партиялар Парламентке өтіп, мемлекеттің қаржысына қол жеткізгеннен кейін босаңсып кетеді. Басшыларының партия жұмыстарымен айналысуына уақыты болмай жатады. Бұл дұрыс емес. Екінші жағынан, қазір кәсіпкерлері түрлі кәсіпорындар партияларға демеушілік жасамайды. Себебі сенбейді. Бірақ ол жағдай да мәңгі емес, өзгерістер бар. Өз басым көп ұзамай «Табиғат партиясының» ашылатынына және саяси алаңда тиімді жұмыс жүргізетініне сенімдімін.
Дос Көшім, саясаттанушы:
– Парламентке өткен болса, алған пайызға байланысты мемлекет қаржыландырады. Нақты көлемін білмеймін, бірақ оңай қаржы емес. Тым болмаса, шенеуніктерін ұстап тұруға жетерлік ақша деп естідім. Жалпы айтқанда, Қазақстанның саяси нарығында партиялық мүмкіндіктер төмен деп айтпас едім. Әрине, бәрі сайлаулардың әділдігіне келіп тіреледі. Бұл да уақыт талабына сай өзгере жатар.
Ғани Қалиев, «Ауыл» партиясының төрағасы:
– Партияның жұмысына ең бір ауыртпашылық түсіретін мәселе, ол – қаражат мәселесі. Қазақстанның жағдайында партияға жеке демеуші табу өте қиын. Сондықтан оған сенуге болмайды. Ал Үкімет тек Парламентке өткеннен кейін ғана қаржыландырады. Яғни осы арада қиындықтар бар. «Ауыл» партиясына келсек, халықпен қарым-қатынасқа түсіп жұмыс жасау үшін біз өзіміздің мүшелеріміздің күшіне ғана сенеміз. Біреу шараның орнын алып береді, енді біреу тағы бір қажеттілікті көтереді. Біздің партияның жұмысы өнімді болуы үшін ауыл-ауылды аралап, түрлі шаралар өткізіп, түрлі бастамалар көтеру үшін ұзақ уақыт бойы қаржы жинақтауымыз қажет. Партиялардың несие алуы мен салығы да жеңілдетілмеген. Яғни таза ерік-жігерге, еңбекке сүйенуге тура келеді.
Сәдуақас КЕБЕКБАЙ
Халыққа қандай идея өтімді деп ойлайсыз?
Мақсат Жақау, саясаттанушы, «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары:
– Халық үшін қымбатшылықты төмендететін экономикалық жаңғыру, жасампаз кәсіпкерлік, әлеуметтік реформалар бағытындағы идеялар өтімді.
Ұлттық идеяның кірпіші қаланған кезде үлкен жетістіктерге жол ашылатыны әлемдік тәжірибеден мәлім. Дамушы елдерден индустриялды дамыған елдерге ұмтылатын ұлт ретінде әуелі жаңашыл білім, отандық өнім, бәсекеге қабілетті технология мен менеджмент аса қажет. Зейнетақы реформасының азаматтың мүддесін ескеріп, мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмейтіндей етіп жасалуы, жергілікті аймақтарда кәсіпкерліктің дамуына жол ашу, кәсіпкердің қоғамдық жауапкершілігін ерікті түрде орнату маңызды жайттардың бірі. Онсыз да жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкердің қалтасына әкімшіліктік, салықтық салмақ салу әлеуметтік әріптестікті арттырмайды, керісінше, аймақтың бюджетіне, әлеуметтік орындарына үлес қосу арқылы жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік жасаған абзал. Қызмет көрсету және тауар өнімінің сапалылығына жағдай туғызса, кәсіпкер арзан әрі сапалы өнімді көрсетуі мүмкін. Ал бұл асыра сілтеген қымбатшылықты тұсаулап, халыққа қолжетімді бағаны жасайды.
Берік Ағыбаев, Болашақ РҚ-ның Жастар қанатының жетекшісі:
– Әрбір бесінші қазақ өзге елде өмір сүреді. Меніңше, олардың тілдері, діндері, салт-дәстүр мен алдағы жоспар-мақсаттары біздікімен ортақ болуы керек. Ол үшін біздер бір кітаптан сусындауымыз қажет деп ойлаймын. Біздің қозғалыс осыдан бірнеше жыл бұрын осы оймен Алматы қаласындағы типография, кітапханалар және жеке авторлардан 15000-ға жуық қазақ тіліндегі заманауи кітап жинап, шекарамыздан тыс қалып қойған Ресей, Моңғолия, Өзбекстан қазақтарына тегін таратып берген еді. Меніңше, бізге осындай идеялар аса маңызды болса керек. Қазір сәті түсіп, сол игі бастамамыз жалғасын тауып жатыр. Бірақ та бұл жолы кітаптарды шетел қазақтарына емес, өз ішіміздегі шалғай ауылдарда отырған қазақтарға жеткізіп жатырмыз. Яғни біз үшін орталықтан алыс ауылдарға мән беру, қол ұшын созу идеясы да өтімді деп ойлаймын. Көбіне мұндай игі бастамалар ауызбен айтылып, іске аспай жатады. Сол себепті де идеяны айтып қана қоймай, ойымызды іске асырудың төте жолын таба білгеніміз жөн.
Әміржан Қосанов, тәуелсіз саясаткер:
– Қазіргі Қазақстан үшін ең бір көкейкесті идея – ұлттық идея. Әңгіме тек қана рухани (тіл, мәдениет, тарих) саламен шектелмеуі керек. Оның ауқымы мейлінше кең болып, экономика, әлеуметтік сала, геосаяси басымдықтар (Тәуелсіздікті қорғауды қоса) секілді проблемаларды қамтуы тиіс. Қазіргі қоғамда осы мәселелерді жүйелі түрде зерттеп, негізгі мақсаттарды анықтай алатын күштер пісіп-жетілді. Ең бастысы – қоғам жағынан сұраныс та ерекше. Осының бәрін XXI ғасыр талаптарына сай, өркениетті әрі жоғары интеллектуалдық деңгейде жүзеге асыруға әбден болады.
"Алаш айнасы" газеті