Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 4157 0 пікір 4 Қыркүйек, 2013 сағат 06:04

Төлен Әбдікұлы. Тұғыр мен ғұмыр (жалғасы)

***

 

         Бористің шын аты – Батыр болатын. Әкесі – Шәйкен елге танымал ғалым, әрі лауазымды қызметкер еді. Өз басы ұлық болғанмен, ата-тегі жалшыдан шыққан кедей әулет болған соң, босағада жүріп күн кешіп, жалтақтықтың зардабын көп көрді ме, әйтеуір өзінен кейінгі ұрпағының батыр болғанын қалап, атын осылай деп қойған.

         Шешесі Сақып мінезділеу, жай сөйлегенінің өзі ұрсысқан секілді. Жүрген жерін у-шу қылып, күйеуіне де қарсы сөйлеп, балаларға да жекіп қалып отырғаны. Бірақ, енесі тепкен құлынның еті ауырмас деген,  балалары оны елең де қылмайды. Батырдан басқа төрт жасар сары қыз Рәушан – осы үйдің еркесі. Тұлымшағы желбіреп, адам ойына келмейтін бірдеңелерді тауып айтып, үйдің ішін базар қылып отырғаны. Оны ешкім бетінен қақпайды, не айтса да, не істе де, бәрі өзіне жарасып тұрады.

         Бұл үйдің бір әдеті - қазаны оттан түспейтін. Екі күннің бірінде қонақ қабылдап, шешесі тамақ істеп үлгіре алмай, әбігер болып жатқаны. Әкесі мен шешесінің тірлігіне қарасаң, адам  дүниеге қонақ күту үшін ғана келетін секілді.  «Үй көрсете алмадық», «сыбаға бере алмадық» деп айдаладағы біреулерге қарадай қарыздар болып жүрер еді. 

***

 

         Бористің шын аты – Батыр болатын. Әкесі – Шәйкен елге танымал ғалым, әрі лауазымды қызметкер еді. Өз басы ұлық болғанмен, ата-тегі жалшыдан шыққан кедей әулет болған соң, босағада жүріп күн кешіп, жалтақтықтың зардабын көп көрді ме, әйтеуір өзінен кейінгі ұрпағының батыр болғанын қалап, атын осылай деп қойған.

         Шешесі Сақып мінезділеу, жай сөйлегенінің өзі ұрсысқан секілді. Жүрген жерін у-шу қылып, күйеуіне де қарсы сөйлеп, балаларға да жекіп қалып отырғаны. Бірақ, енесі тепкен құлынның еті ауырмас деген,  балалары оны елең де қылмайды. Батырдан басқа төрт жасар сары қыз Рәушан – осы үйдің еркесі. Тұлымшағы желбіреп, адам ойына келмейтін бірдеңелерді тауып айтып, үйдің ішін базар қылып отырғаны. Оны ешкім бетінен қақпайды, не айтса да, не істе де, бәрі өзіне жарасып тұрады.

         Бұл үйдің бір әдеті - қазаны оттан түспейтін. Екі күннің бірінде қонақ қабылдап, шешесі тамақ істеп үлгіре алмай, әбігер болып жатқаны. Әкесі мен шешесінің тірлігіне қарасаң, адам  дүниеге қонақ күту үшін ғана келетін секілді.  «Үй көрсете алмадық», «сыбаға бере алмадық» деп айдаладағы біреулерге қарадай қарыздар болып жүрер еді. 

         Әкесі жоқшылықты көп көрген ғой, қонақ шақыру тоқшылықтың белгісіндей болып, соның қызығын көре бергісі келе ме екен, ол жағын бір құдай білсін. 

         Бірақ, шынында да, қонақтар келген кезде отбасы шаттыққа кенеліп, әзіл-күлкі, әңгіме-дүкеннен үйдің іші кеңейіп, жарық болып кеткендей көрінеді. Дастархан үсті толған – тағам мен жеміс-жидек. Ішімдікті сөйлеп отырып ішу дағдыға айналған. 

          Айтылатын әңгіменің түрі көп. Әзіл, қалжың таусылмайтын бір жыр секілді. Әсіресе, әкесінің құрдасы Еркін деген кісімен екеуінің әзілдері отырған жұрттың күлкіден езулерін жидырмайды. Еркіннің айтқанын тыңдасаң, мұның әкесінен өткен әпенді жоқ, ал әкесінің сөзін тыңдасаң, Еркіннен өткен Қожанасыр бұрын-соңды болмағандай. Ара-арасында әлеуметтік жағдайларға риза еместік те байқалып қалады. Жағымпаздар мен өтірікшілердің, пайдакүнемдердің заманы деп отыратындары бар. «Құлдық сана», «рушылдық» секілді балаларға түсініксіздеу бір сөздер де ауызға жиі алынады.  Алайда саясат туралы әңгімеге бәрі де жоламауға тырысатын. Әлдеқалай артық ауыс бірдеңелер айтылып қалса, біреу жасырынып тыңдап тұрғандай, үрейленіп, абыржып, «қайтесіңдер, қойыңдар» деп біріне бірі ақыл айтып жатар еді.

         Кейде бірыңғай лауазымды кісілер келеді. Олардың әңгімелері тіпті бөлек. Олар көбіне бір-біріне деген айрықша ықыластарын білдіріп, неге бірін-бірі жақсы көретінін, неге осынша сыйлайтынын – біреу жоқ олай емес деп тұрғандай - өлердегі сөзін айтып дәлелдеп жатады. Өздерінің аттары да белгісіз - өңкей Бәке, Сәке, Төке, тағы сол сияқтылар.  Әсіресе, Сәке әлде Зәке деген бір кісі,   шүлен үлестіргендей, мақтау сөздердің не бір дүриясын таратып, жұрттың бәрінің аяқ-қолдарын жерге тигізбейді. Егер лауазымы жоғары біреу болса, одан ұлы, одан данышпан ешкім жоқтай етіп мақтар еді.  Оның сөзіне елдің еті үйренген, мынауың артық болды-ау деп жатқан ешкім жоқ. Тек ол жоқта кейбір құрдастары: «Сәкең адамды мақтағанда өлтіріп жібере жаздайды ғой» деп қалжыңдар еді.

         Қыркүйекте әкесінің туған күні тойланды. Қонақтар көп болды. Әкесінің үстіне жабылған шапанда есеп жоқ. Балалар да сыйлықтан құр қалмады. Оюлап жасалған домбыраны қонақтардың бірі Батырға ұсынды. Батыр әкесінен ептеп домбыра үйреніп жүрген, мәз болғаны сонша, сыйлаған адамға не дерін білмей, ыржалақтап күле берді. Раушанға өзінің бойына жуық қуыршақ ұсынған кезде, ол қуанғаннан үйді басына көтере шыңғырып, үй ішінде күлмеген адам қалмады.

         Қуыршақ сыйлаған Ғалым аға балажан еді, Раушанды алдына алып, ертегі секілді бірдеңе айтып, екеу ара мәз болып отырған. Әлдеқалай «Шайтан» деген сөз айтылған болу керек, Раушан түсінбей:

         - Шайтан деген не? – деді.

         - Шайтан ба? Шайтан деген...- деп Ғалым аға қапелімде не айтарын білмегендей, аңтарылып тұрып қалды. Содан кейін: - Шайтан деген көзге көрінбейді, көрінсе, кейде басқа бірдеңеге...- деп аса түсінікті ете алмай күмілжіп қалған.

         Раушан осы тұста әлденеден қауіптенгендей – соның алдында маса шағып, қолын ісіріп жіберген еді – Ғалым ағасына қадала қарап:

         - Шақпай ма? – деді жұлып алғандай.

         Оған үй ішіндегілер тағы да ду күлді.

         Түн ортасына жуық қонақтар тарады. Батыр қызықты думанға толы тойдың әсерінен біразға дейін ұйықтай алмай, ақыры талып барып көзі ілінген. Әлде бір жағымсыз үндерден оянып кетті. Ол үндердің не екенін айыра алмай, біраз жатты. Кенет шешесінің жылаған даусын естігендей болып, зәресі ұшып, орынынан қалай атып тұрғанын білмей қалды.

         Бірінші көргені – үстінде ашық қоңыр кителі бар, теріс қарап тұрған ұзын мойын қара торы кісі, оның ар жағында абдырап, костюмінің түймесін сала алмай әлек болып жатқан әкесі. Есік жақта әскерше киінген дембелше біреу тұр. Шешесі шашы дудырап, әкесі әлде бірдеңеге көнбей жатқандай, жалбарына қарап, булыға жылап, арасында түсініксіз бірдеңелерді айтып, қайтадан булыға жылайды. Қасында тұрған бейтаныс кісілерде үн жоқ. Мынау оқиғаға қатысы жоқ адамдар секілді. Ештеңеге түсінбесе де, шешесінің жылағанын көріп, Батырдың жүрегі атқақтап аузына тығылды. Бір қарағанда осы тұрған көріністе кісі шошырлық ештеңе жоқ секілді еді, келіп тұрған адамдардың түрінен де қорқынышты ештеңе байқалмайтын, бірақ бір сұмдықтың басталғанын бала жүрегі әкесінің абдыраған жүзінен, шешесінің тұншыға жылаған үнінен анық білді.

         Түпкі бөлмеден ұйпа-тұйпа болып кіріп келген Батырды көріп, Шәйкен қанша сабырлы болайын десе де, сабырлы бола алмады. Қасына келіп баласын құшақтап, өксіп жіберді де, өз үнінен өзі шошығандай, кілт тоқтап,  ентіге дем алып, ештеңе айта алмай, үнсіз қалтырана күрсінді. Содан кейін артына бұрылып:

         - Жылама, - деді әйеліне кекештене, - Раушанды оятасың. Балалардың зәресін ұшырмайық.

         Әкесі, көп ұзамай қайтып келетін адамша, ештеңе айтпастан, шығуға бет алды. Есік алдында тұрған әскери адам, аса бір лауазымды адамға қызмет көрсеткендей, бұған есік ашып күтіп тұрды. Ең соңынан шыққан ұзын мойын бейтаныс кісі ешкімге бұрылып қарамай,  мұндай оқиғаға көзім үйренген, маған сендердің уайымдарың, көз жастарың түкке де қажет емес дегендей бір сазарған бейтарап күйде немесе мен ештеңе де көрген жоқпын, сендерді де көріп тұрған жоқпын, ештеңе де білмеймін, ештеңе де айтпаймын дегенді  де білдіргендей бір түрмен үн-түнсіз шығып кетті.

         Олар кеткеннен кейін шешесі мұны құшақтап, өксіп ұзақ жылады. Неге жылап тұрғанын білмесе де, шешесіне қосылып Батыр да жылады.

         Бірақ шешесінің де, өзінің де неге жылағанын ол көп ұзамай-ақ білді. Әкесі халық жауы деген атпен тұтқындалыпты.

         Басқа түскен нәубеттің орасан үлкендігі сонша, оны анықтап, мәніне терең түсініп, тұжырым жасауға, әрине, баланың шамасы жеткен жоқ. Тек аяқ астынан осындай жамандық тап болатын болса, неге аяқ астынан тағы бір жақсылық тап болмасқа дегендей әлде бір түсініксіз дәмеге емексіп жүрген.

         Жамандық мұнымен тоқтамады. Екі күннен кейін бұларды төрт бөлмелі үйден шығарып, әлде бір барақ секілді ескі үйге көшірді. Бұрынғы үйге бұлармен аралас-құралас болып жүрген әкесінің бір қызметтес достарының бірі кірді. Шешесі бар бәлені солардан көріп, қарғап-сілеп, бәлағаттап жүрді.

         Алайда бәле мұнымен де тоқтамады. Бір аптадан кейін шешесі ұсталды. Шешесі кетіп бара жатып, жылауға да шамасы келмеді. Демі таусыла булығып, бәленшеге, түгеншеге хабарлас деп, араласып жүрген бір-екі достарының атын сыбырлай айтып, содан кейін зарлана сөйлеп: «Бір Аллаға тапсырдым, бір Аллаға...» - дей берді демікпе адамдай қатты ентігіп.

         Шын қасіретті Батыр енді түсінді. Үрей дауылы аяқ-қолын жерге тигізбей, беймәлім бір жаққа ұшырып ала жөнелгендей болды. Қарсыласарға дәрмені жоқ. Қолынан келгені қорқу ғана. Төрт жасар қарындасымен екеуі сәби санасы түсініп болмайтын қатыгез уақытпен, күнмен, түнмен, мейрімсіз билікпен,  беймәлім тірлікпен  бетпе-бет қалды.

         Қарындасы шешесін іздеп шырылдағанда, Батыр, не істерін білмей,  қосыла жылаған. Кенет енді не істеу керек деген сұрақ алдынан шыққанда, құлама жардың шетінде тұрғандай, құйқа тамыры шымырлап, есін жиып алды. Не істеу керек – мына қарындасын өлтіріп алмай, өзі де өліп қалмау үшін бірдеңе істеу керек. Магазинге бару керек, тамақ істеу керек. Шешесі тастап кеткен ақшаны үнемдеп жұмсау керек. Әр жағы белгісіз. Одан әрі ойлауға Батырдың ақылы жетпейді. Қарындасы, бала неме, жылап-жылап ұйықтап қалды, Батыр таң атқанша көз ілген жоқ.

         Келесі күні тәңертең бараққа бір әйел келді. Өзін көрген секілді, бірақ жыға тани алмады.

         - Мен - әкеңнің досы - Ғалым деген кісінің көршісімін ғой, - дейді.- Сендердің жағдайларыңды біліп кел деп жіберді. Олар келе алмады. Күніміз не болады  деп, өздері әрең отыр.

         Әйел Батырды   іргедегі базарға ертіп апарып, сүт, айран, май, ет алуға көмектесті. Сүтті тәңертең ерте келіп алмаса, бітіп қалатынын айтты. Тамақты қалай істеу керек екенін түсіндірді.

         - Шырағым, бұған дейін ерке болған шығарсың, бала болған шығарсың, енді амал жоқ есеюге тура келеді. Тамақ істеп үйрен, кішкентай қарындасыңды ойла. Оның сенен басқа ешкімі жоқ. Ал жақсы, құдай жар болсын, қарақтарым. Өзім келіп тұрармын,- деді кетерінде.

         Екі күннен кейін тәңертең базардан сүт алуға кезекте тұрғанда әлде бір егде әйел Батырдың иығынан түртіп, анандай жерде тұрған машинаны көрсетіп:

         - Шырағым, сені ана машинаның ішінде бір кісі шақырып тұр, - деді.

         Батыр ештеңеге түсінбей, машинаның қасына барғанда, сұр макентош киген жалтыр бас кісі мұны ішке кіргізіп алды. Батыр таныды, үйге қонаққа талай келген, жоғарғы қызметтердің бірінде істейтін Раха деген кісі. Оның шын есімін де, қызметінің атын да бұл білген емес. Әйтеуір жұрттың бәрі қолпаштап, қошемет көрсетіп жататын.

         Раха бұған көзінің қиығымен қарап тұрып:

         - Айналайын, сендердің жағдайларыңды біліп отырмын. Қол ұшын беруге шама келмей жатыр. Шәйкеннің басына келген жағдай бәрімізге де  келуі мүмкін. Мына машина ішінде тығылып сөйлесуге мәжбүр болып отырған себебім сол. Мынаны күнкөрістеріңе жаратыңдар, - деп бір уыс ақшаны Батырдың қолына ұстата салды.

         - Мектепке барып жүрсің бе? – деді сосын бұған бұрыла қарап.

         -Жоқ, - деді Батыр. – Кішкентай қарындасым жалғыз қала алмайды, қорқады.

         - Апыр-ай, - дегеннен басқа Раха ештеңе айта алмады.

         Төрт-бес күннен кейін үйге тағы бір әйел келді. Ата-анасы жоқ жас балаларды балалар үйіне жіберу керек екен. Бұлардың аты жөндерін, туған жылдарын жазып алып кетті. Арада бірнеше күн өткенде осы әйел Батырды әлде бір мекеменің директорына әкелді. Директор, шашы қоқырайған, беті шамадан тыс аппақ, жалпақ бет әйел екен, бұның бас, аяғына көз жүгірте қарап тұрды да:

-         Нешінші класта оқисың? – деді.

-         Алтыншыда.

-         Жақын туыстарың бар ма?

         Батыр жақын туыстардың кімдер екеніне түсінбей, директордың бетіне қарады.

         - Әкеңмен, не шешеңмен бірге туысқан біреулер бар ма? – деді директор, «бар жоғы маған бәрі бір» дегендей, басқа бір қағаздарын ақтарып жатып.

         - Жоқ.

         Директор әлде бір қағазын тауып алып, соған қарап тұрып:

         - Кішкентай қарындасыңды балалар үйіне жібереміз, - деді.- Бағусыз қалған балалардың бәрін сонда жіберіп жатырмыз.

         - Қайда?

         - Семейге, - директор қағаздан басын көтеріп, сөзінің қалай әсер еткенін білгісі келгендей, Батырға қарады.

         - Мені ше? – деді Батыр зәресі ұша.      

         - Сені басқа бір интернатқа, не балалар үйіне орналастырамыз.       

         Батыр бірдеңе айтайын деп еді, демі таусылып, сөйлей алмады. Түрі күреңітіп, не айтып тұрғанына өзі түсінбей:

         - Ол жалғыз қалай барады? Менсіз қалай...- деді тұттыға.

         - Ештеңе етпейді, барлық балаларды солай жіберіп жатырмыз.

         Кіп-кішкентай Раушанның,  қағу көрмей, еркелеп өскен сәби қарындасының жалғыз кететінін енді анық түсінген Батыр алақтап, не істерін білмей, жан-жағына қарай берді де, кенет бар даусымен өкіріп жылап қоя берді. Екі қолымен қапсыра ұстап, алдындағы  столға басын ұрғанын өзі білген жоқ. Қасында отырған әйел мұны ұстай алды. Батыр өзін тоқтатуға шамасы келмей, тоқтаусыз жөтелгендей бір дыбыспен демі біте үздігіп, бірауық дыбысы шықпай үнсіз қалғанда, директор да, әйел де бұған шошына қарады. Әлден уақытта барып шегін тарта, қайтадан еңірей жөнелді.

         - Екеуін бірге жіберуге болмас пе екен? – деді әйел директорға жылап отырған баланы көзімен көрсетіп.

         Директор қолын жайып:

         - Орын жоқ, - деді орынның жоқ екеніне өзі де таң қалғандай бір үнмен.- Осы бір орынның өзін  әрең тауып отырмын.

         Бұл сөздерді Батыр естіген жоқ. Армансыз жылап, бойы сәл жеңілдеп, өзіне-өзі келген секілді.

         - Оны жалғыз жіберуге болмайды, - деді ол. - Өзі өте қорқақ. Жүрегі ұшып кетеді ғой...- Сөзін аяқтай алмай, тағы да кемсеңдеп кетті.

         - Онда былай қылайық, - деді директор сәл жібігендей болып. – Қарындасыңды басқа балалармен қосып жібере береміз. Сосын артынан орын тауып, өзіңді жібереміз. Қазір орын болмай жатыр. Жарай ма?

         Батыр үндеген жоқ. Директор оны келіскеннің белгісі деп ұғып:

         - Бара беріңдер, - деді әйелге қарап.

         Қарындасынан айрылу Батырға өте ауыр болды. Шырылдап жылаған Раушанның жүзінде неге бұлай болып жатқанына түсінбеген сәбидің қиналысы мен қорқынышы жатыр еді.

         Бір кезде дәурені жүріп, абыройы артқан,  дастарханы дос-жаранға, жақсы мен жайсаңға күнде жайылып, думанды да қызықты күндері көп болған отбасының шаңырағы өстіп ортасына түсті.

         Бұдан кейінгі өмір Батырға әсері  жоқ, жылуы жоқ бір мағынасыз уақыт секілді болып көрінді. 

         Осындай күндердің бірінде әкесінің досы Ғалымның үйіне барып, тамақ ішіп, қайтып келе жатқанда қала шетіндегі парк секілді бір жерде болып жатқан үлкен жиынның үстінен шықты.  Батыр жақындап келгенде көрді - ішінде өзі білетін таныс адамдар аз емес секілді. Биік мінбердің үстінде әлдекімдер айғайлап сөйлеп жатыр. Кенет өзінің үйіне келіп жүретін өте сыйлы үлкен кісі екі қолтығынан демеген екі жас жігіттің көмегімен трибунаға көтеріліп:

         - Елімізде сатқындар көбейіп кетті. Ортамызды солардан тазартуымыз керек. Партиямыз бен үкіметіміздің дұрыс саясатын мен қолдаймын, - деді де,  міндетімнен құтылдым ба, құтылмадым ба дегендей, екі жігіттің жеңінен өзі ұстап, апыл-ғұпыл тез-тез басып түсіп кетті.

         Шеттеу тұрған екі кісі сыбырласып, сөйлесіп тұр.

         - Өткен жолғысы басқа біреу еді ғой, -  дейді мұрттысы жиынды басқарып жүрген толық сары кісіні көрсетіп.

         - Өткен жолғы қайыс қара ұсталып кетіпті ғой, - деді қасындағы аққұба жастау жігіт.

         - Қойшы, - дейді мұртты таң қалып. – НКВД-нің да адамдары ұсталады екен-ау.

         - Неге ұсталмайды? Олар адам емес пе? – Жастау жігіт осыны айтып, өз сөзі өзіне оғаш көрінгендей, мырс етіп күліп жіберді. Содан кейін ұрлана жан жағына қарап, Батырды көрді де, баласынып, оған мән бермей, тағы күлді.

         Адамдар кезек-кезек трибунаға көтерілуде. Сөздері негізінен бір-біріне ұқсас, тек біреулері қатты айғайлап, біреулері орташа дауыспен сөйлейді. Біреуі өлең оқыды. Оған біреулер қол соғып жатты.

         Болып жатқан оқиғаның астарына ешкім мән беріп тұрмаған секілді. Әр кім өзінің амандығына қуанғандай, жайдары кейіпте бір бірімен алаңсыз әңгімелесіп тұр.

         Батыр өзін «азап мен уайымның шегіне жеттім,  бұдан әрі мені бақытсыз ету мүмкін емес шығар» деген секілді бір ойдың жетегінде жүрген болатын. Бірақ бақытсыздықта шек жоқ екен. Семейге бара жатқан жолда салқын тиіп, науқастанып, кішкентай қарындасы Раушан қайтыс болыпты деген хабарды естігенде, Батыр есінен танды. Аздап есіріктеніп, орынсыз сөйлеп, орынсыз күле бастағанын естіп, Ғалым мұны ауруханаға жатқызды. Батыр бір айдан кейін есін жинап, қалпына келді. Бірақ бөтен бала секілді. Сөйлеген сөзінде, мінезінде, көз қарасында  бір жаттық бар. 

         Қыс ортасында Батырды Семейдегі   интернатқа жіберді. Халық жауларының балаларын Алматыда қалдыруға болмайды екен.  Батыр өзін Семей түгілі шетелге асырып жіберсе де, ренжиін деп отырған жоқ-ты. Үйткені енді оған бәрі бір еді.

         Ауырғанды сезбеу үшін арнайы укол алған адамдай жан күйзелісін алыстан ғана сезініп, әлдебір доғал түйсікпен жүрген осы күйін өзі дұрыс болды деп ойлады; алғашқы қайғының жетегінде кетсе, тірі қалу-қалмауы неғайбыл секілді  көрінді.

         Әйтсе де халық жауының балаларына деген көзқарасты сезбеу мүмкін емес еді. Бұлар есіктері дұрыс жабылмайтын, терезелерінен жел саулаған, сыз қабырғалы ескі бөлмелерде жатты. Тіпті төсек орындарына дейін тозығы жеткен ескі-құсқы бірдеңе. Тамақты да бөлек үстелде отырып ішеді. Әлде бір мереке кездерінде немесе жоғарыдан өкілдер келгенде, бұларды сапқа тұрғызбайды. Еден жуу, отын-су тасу секілді қара жұмыстардың бәрі осылардың мойнында.

         Ең бастысы, сол үшін бұларды мүсіркеп, осыларға обал болар-ау деп жатқан ешкім жоқ, қайта соның бәрі әлі де аздау болып тұрғандай көрінетін секілді.

         Мектепте неше түрлі балалар оқиды.  Шектен шыққан бұзақылар көп. Олардан мұғалімдердің өздері қаймығатын. Әсіресе, 9-класта оқитын ұзын бойлы, арық, бірақ қолдары күректей Есентай, аты оқушы демесең, соқталдай жігіт. Үзіліс сайын туалеттің ішінде бұрқыратып темекі тартып тұрғаны. Қылмыс жасайтын топпен байланысы бар екен деген де сыбыс бар.

         Бірақ балаларға зәбір жасайтын ол емес, біреуге тиіспесе, жүре алмайтын есерсоқтау ұсақ-түйек сотқарлар. Олар біреуді қорлағаннан, зорлағаннан, жылатқаннан айрықша ләззат алатын секілді. Кім көбірек қатыгез болса, соның беделі үстем.   

         Осының бәрі зиялы қауым отбасында тәртіп пен тәрбиенің қорғауында өскен Батырға өте ауыр тиді. Өзінің түсінігі бөлек, ғұрпы бөлек басқа бір әлемде жүргенін сезді. Бұл ортаның ережесін қабылдап, оның өз адамына айналу қандай ауыр болса, ол ортада бөтен адам болып жүру де сондай ауыр еді.

         Бір рет жоғарғы класста оқитын Шәкен деген жалпақ сары бала коридорда тектен текке мұны желкесінен түйіп жіберді. Еш қандай себеп жоқ, ұрғысы келді, ұрды, бітті. Оған әлі келмейтінін білген Батыр да ештеңе дей алмай, үн-түнсіз қала берді. Бірақ түні бойы қорланып жылап, ұйықтай алмады. Жынұрған адамдай өзінен-өзі бағжаңдап жүретін бір тентек асханада мұның қолындағы нанын жұлып алып, аузына бұралай тығып, бұған бұрылып та қарамастан, кете барды. Қарсы тұруға мұның жүрегі дауаламайтынына сенімі зор. 

         Әйтсе де төзім де шексіз емес. Мың күн сынбаған шөлмек бір күні сынады.

         1-май мерекесінде мектептің ұзын коридорында концерт болды. Батырмен жатақханада бірге жататын Сәбит бұған шеткерілеу тұстан орын алып қойған екен, сахнада не болып жатқанын көретіндей мүмкіндіктің болғанына қуанып, бұлар көңілді отырған. Кенет Батыр өзінің сол жағында отырған қыздың Шәрбат екенін көріп, қарадай қысылып, терлеп, берекесі кетті. Шәрбат 6 «А» класында оқитын ең әдемі, әрі әнші қыздардың бірі. Бірақ салқын тиіп, тамағы қарлығып, өлең айта алмайтын болыпты. Жайдары ашық қыз екен, Батырмен көптен таныс адамдай еркін әңгімелесіп отырды.

         Концерттің орта тұсында сырттан ересек екі бала кірген.  Біреуі жалпақ сары Шәкен. Алқа-салқа болып, ісініп, шалқақтап тұрған тұрысынан мақтаншақ екені көрініп тұр. Бос орын іздеп, біраз тұрғаннан кейін, жақын тұған Батырды көріп:

-         Әй бала, тұр! Үлкенге орын беру керек, - деді мұны иығынан нұқып.

Батыр естімеген болып отыра берді.

-         Әй, мен кімге айтып тұрмын? – деп Шәкен мұны жеңінен жұлқып 

қалды.

         Істің насырға шауып бара жатқанын сезіп, Сәбит орынан тұрды.

         - Жоқ мен мынаның орынына отырамын, - деді Шәкен енді Батырға әбден шүйлігіп.

         Батыр оған үнсіз  қарап тұрды да: 

          - Мен өз орынымда отырмын,- деді  бейбіт үнмен.

         - Слушай, мен саған не дедім? Әлде ести алмай қалдың ба? А? – Шәкен еңкейіп, жауап күткен адамдай құлағын тосты.

         - Естідім, бірақ орындағым келмейді, - Батыр да аяқ астынан қырсыға қалды.

         Сәбит Батырды бүйірінен түртті:

         - Қой, құрсын кетейік.

         - Кетпеймін,- деді Батыр. Бір есептен, кетсем бе деп те ойлап еді, бірақ мына басбұзар жәй да сұрамай, әкіреңдеп, келісімге баратын жолды бітеп тастап отыр.

         Шәкен жанындағы жылтыр қара балаға қарап:      

         - Мынау не дейді?- деді Батырды басымен нұсқап көрсетіп.     

         - Бұл баланы түлен түртіп тұр. 

         - Тұрасың ба, тұрмайсың ба? Соңғы рет айтамын,- Шәкен, бұл жолғы сөзім бір бөлек дегендей, қабағы түйіліп сазара қалды.                           

         Батыр жауап берген жоқ.

         Кенет Шәкен қатты долданып, Батырды желкеден ұстаған күйі дырылдата сүйреп, шетке шығарды да, желкеден бір ұрып, ұшырып жіберді.

         Отырғандар бұларға ошарыла қарады. «Ау, бұл не?», «Қойсаңдаршы» деген дауыстар естіліп жатты.

         Мені де өстіп шығара ма деп қорыққандай, Сәбит те атып шықты.

         Осы кезде  қып-қызыл боп түтіккен Батыр, жығылып жатып жерден күш алғандай, атып тұрып, орынға отыра берген өзінен ересек баланың жағасына жармасты. Өзінен күшті, әрі аты шыққан тентек баладан түк қорықпай тұрғанына оның өзі де таңқалып еді. Қатты ашудың адамға ерекше қуат беретінін ол бұрын білмейтін. Өзіне бір жақтан көмек келгендей арқаланып, енді не істеймін десе де, қақысы бардай және ештеңеге жауап бермейтіндей өзін еркін сезінді.

         Шәкен өзінен кіші баланың мынандай шабуылын күтпеген болу керек:

         - Өй, өй, - дей берді қорғалақтап. – Атаңа нәлет, өлгің кеп жүр ме?- деді де, орынынан тұрып, Батырда итермелей, мұның шаруасын біржола бітірейін дегендей, бүйірдегі есіктен сыртқа алып шықты.- Мен саған көрсетейін, иттің баласы...

         Құлаштай ұрған соққыдан Батыр тағы да ұшып түсті. Шәкен долданған күйі оны умаждап, соққының астына алды да, тұра беріп іштен екі рет тепті.

         Ол осымен шаруа біткен шығар деп, бұрылып ішке ене бергенде, артынан қайта жармасқан Батырды көріп, бір сәт сасып қалғандай болды. Батыр соны пайдаланып, бетінен бірнеше рет ұрып үлгірді.

         Тұщы етіне ащы таяқ тиген долы тентек:

         - Өй, әкеңнің...- деп алас-күлес қайта ұмтылды. Батырды көтеріп әкеліп, балшықтың үстіне алып ұрды да, тамағынан қылғындыра: - Қоясың ба? - деді барылдап.- Жоқ, қоясың ба?..

         - Өлтірем,- деді Батыр қырылдап. Ашудан күш алған Батыр денесінің ауырғанын да сезген жоқ.  Тырбаңдап жатып, ретінің қалай келіп қалғанын өзі де байқаған жоқ, үстіндегі баланы аяғымен бастан бір тепті.

         - Өй, әкеңнің...- Шәкен одан жаман долданып, астындағы баланы тағы да құлаштап ұра бастады.

         Батыр қайтатын емес. Бір көзі ісіп, жабылып қалған. Аузында жылымшы қанның дәмі.

         Шәкен ұра-ұра шаршаған адамдай орынан тұрып, екі-үш қадам шегініп, өлі-тірісін білгісі келгендей, екі бүйірін таянып, Батырға қарап қалған. Батыр орынан тұрды да, жерден қолына іліккен жұдырықтай бір тасты алып, жіберіп қалды. Шәкен, құдай сақтағанда, бұғып үлгірді, тас мектеп терезесінің күл талқанын шығарды.

         Осы кезде Шәкен шын қорықты. Мынаның, өлтіріп тастамасаң, қоятын түрі байқалмайды.

         - Әй, мынауың жынды ғой! Өлтіресің бе адамды? – Шәкен, тағы бірдеңемен ұрып жүре ме деп, жүгіріп келіп, Батырдың екі қолынан қапсырып ұстай алды. – Қойсаңшы, болды ғой енді. – Даусы жалынғандай шықты. – Кенет шыңғырып қолын ербеңдетіп шегініп кетті. – Мынау оңбаған, қолымды тістеп алды, - деді, жан-жағына қолын көрсетіп. Шәкен мына баланың  бірі өліп, бірі қалатын ережесіз төбелеске көшкенін сезіп, жұмысара бастады.

         - Болды, болды енді, давай, татуласайық. Жарай ма?

         Батыр оның сөзін естіген жоқ. «Өлтірем» дейді қырылдап, жалғыз көзімен ежірейе қарап. Кенет өзіне тағы бірдеңе айтқысы келіп, жақындай берген Шәкенннің тұмсығынан басымен бір пергенде, ананың «А-а-а» деген даусы бір-ақ шықты. Мұрынынан қан кетті. Батыр тағы да оның жағасына жармасты.

         Шәкен енді шын жалына бастады:

         - Айналайын, қоя ғой енді, болды ғой. Міне менің де мұрынымнан қан кетті. Мен қойдым. – Сосын жанындағы жылтыр қараға қарап: - Ұсташы мынаны, құдай үшін,- деді.

         Жылтыр қара араға түсіп, басу айта бастады.

         - Қой енді. Төбелестің де бітетін кезі болды ғой. Атың кім өзіңнің?

         - Батыр,- деді Сәбит.

         - Өзің де батыр екенсің. Қоя ғой. Қазір мұғалімдер біліп қалса, екеуіңді де оңдырмайды.

         Сол екі ортада Шәкен   жоқ боп кетті. «Қашып кетті», - деді Сәбит сыбарлап.

         Төбелесетін адам болмағаннан кейін, Батыр да басылды.

         Келесі күні терезені сындырған адамды іздеп, мұғалімдер тергеу жүргізді. Бірақ ешкім мойындаған жоқ. «Түнде бір мас адамдар жүрген, солар болар» деп   балалардың бірі тергеуді теріс жолға түсіріп жіберді.

         Сол күннен бастап, Батырдың жаңа өмірі басталғандай болды. Ашу деген бір серік тапты. Ашуға ерік берген кезде мүлде әруақ қонған адамдай арқаланып, ештеңеден қорықпайтын, арты не болар екен деп ойламайтын өлермен бір күйге енетін. Тентек балалар бұдан қаймығатынды шығарды. 

         Осындай әр күн үшін арпалысқан өлермен күреспен, өгей сезіммен, болжаусыз беймәлім тіршілікпен жүріп Батыр алтыншы класты қалай бітіргенін де аңдамай қалған секілді.

         Жетінші класта алыс-жұлыспен шыңдалып, бойы өсіп, біржола ересек балалардың қатарына қосылды. Топ-топ болып шайқасатын төбелестерге қатысып жүрді. Ақша салып карта ойнайтындардың да арасына ілікті. Темекі тартатынды шығарды. Бұларды мектептен шығару туралы бірнеше рет мәселесе қаралды. Бірақ әлде бір себептермен сөзбұйдаға салынып, кейінге қалдырумен келеді. Қысқасы, Батыр қаланың кәдімгі  бұзақы баласына айналды. 

         Алайда осы тірліктің аяғы жақсылыққа апармаған секілді. Қаланың баукеспе ұрыларымен болған қырғын төбелесте бұлардың атаманы Есентайды өлтіріп кетті. Төбелеске қатысқандарды тергеуге шақырып, мектептен шығаруға шешім қабылдады.  Одан кейін әлде кімдер араласып, бұларды тағы қалдырды. Арада көп өтпей, газетке мақала шығып, бұлардың ісін қайта қарады. Бірақ оның да аяғы немен аяқталғанын ешкім білген жоқ. Бітпейтін дау, гу-гу әңгіме, өмір осылай өтіп жатты.

         Батыр мектептен шығамын деп бәлендей қайғыра қойған жоқ. Біріншіден, өзінің бұған дейін бастан кешкен қасіретімен салыстырғанда, бұл  әшейін түкке тұрмайтын нәрсе секілді. Екіншіден, кездескен қиындықтарды белден басу, тентектікпен жеңу өзіне ұнайтын.

         Бірде түсіне әкесі кірді. Өзінің баяғы кішкентай кезі екен. Тақтай көпір секілді ұзыннан-ұзақ бірдеңенің үстімен кібіртіктеп жүре алмай келеді.  Тақтайдың арсиған ара-арасынан қап-қара болып терең құз көрінеді. Түсіп кетем бе деп  қорыққанннан бұл жан-жағына алақтай қарап, өзінен әудем жерде төмен қараған күйі тақтай-тақтайдың арасымен аттай басып, кетіп бара жатқан әкесін көреді. «Көке!» дейді бұл жан даусы шыға айқайлап. Бірақ көкесі бұған бұрылып та қарамайды. Ұзап барады.  Батыр өзін жанындай жақсы көретін көкесінің неге бұған қарамай, кетіп бара жатқанына түсінбей, тұрып қалған... Кемсеңдеп жылап жатқан күйінде оянып кетті. 

         Көрген түсінің байыбына жете алмай, өң мен түстің ортасында мең-зең болып ұзақ жатты. 

         Ол өзінің екі адамға айналғанын сезді.  Оңашада - қанжүректі қайғылы, жұрт көзіне - мұқамайтын тентек.

         Батырдың жалғыз ғана қорғанышы бар, ол - оның сабаққа деген зеректігі. Пәлендей ұқыптылығы мен ыждһаттығы болмаса да, ұғымталдығын мұғалімдер білетін. Әдебиеттен сабақ беретін, әрі класс жетекшісі Ағыбай бұған анда-санда жылы қабақ көрсетіп қояды. Мұның әкесі Шәйкеннің өзіне училищеде сабақ бергенін де әңгіме қылған. 

         Бір күні Ағыбай Сәбит екеуін сабақтан кейін класқа алып қалды. Ағыбай қабағы кіржиіп, үнемі шаршап жүретін, көзі қитарлау, бұйра шашты  сары жігіт. Әлде кімге ренжігендей, екі көзі екі жаққа қарап, ойланып отырды да:

         - Қалай жағдайларың? – деді, алдында отырған екі балаға жаңа көргендей аңтарыла қарап.

         - Жаман емес, - деді Батыр да әлде неге түсінбегендей сұраулы жүзбен.

         - Мынандай мәселе болып тұр. – Ағыбай балаларға тура қарап, жөнделіп отырды. – Сендер естерің кіріп қалған балаларсыңдар. Не ойлап жүрсіңдер? Осылай халық жауының баласы деген атпен елдің қоры болып жүре бересіңдер ме, әлде ел қатарына қосылғыларың келе ме? Сендер, ертең мектеп бітіргеннен кейін де, жоғарғы оқу орнына түсе алмайсыңдар. Сонда өмір бойы қайыршы болып өтесіңдер ме? Қазір ақылы бар балалар фамилияларын өзгертіп жатыр. Қалай болғанда да әкенің тағдыры сендердің бақтарыңды байламауы керек. Тіпті солардың өздері де сендерге осы ақылды айтқан болар еді. Үйткені оларға да керегі ең алдымен сендердің болашақтарың.  Осыны екеуің ойланыңдар. Маған қажеті шамалы. Өздерің үшін. Келісімдеріңді берсеңдер, қалған шаруасына өзіміз көмектесеміз.   

         Ағыбай кетерінде бұларға жамандық ойлап отырмағанын, біреуінің әкесі өзіне сабақ бергенін, ал біреуінің өзіне туыс екенін даусын төмендетіп, сыбырлағандай болып айтты. Сәбиттің мұғалімге туыстығы бер екенін Батыр сонда білді.

         Мектеп директоры, әлде бір идеялармен көзге түспесе, жүре алмайтын, белгілі белсенділердің бірі еді, өзі басқаратын мектептің үкімет пен партия саясатын қалай қолдап жатқанын білдіру үшін, дуылдатып жиналыс өткізді. Газеттен журналистер келді. Халық жауы болып атылған, түрмеде жатқан әкелерінен бас тартып, жаңа өмірге бет бұрған, коммунистік идеяға адал берілген балаларды өзгелерге үлгі ету рәсімі жасалды.

         Мұғалімдердің қыстауымен аты-жөндерін өзгертуге келісім берген бірнеше бала жаттап алған сөздерін мүдірмей айтып шықты. Бұлардың енді пионерлер слетіне делегат болып сайлануға, пионер лагеріне жолдама алуға, комсомолға өтуге хақылары болады екен. Тек Сәбит қана сөзін айтып бола беріп, еңіреп жылап, жиынның салтанатына біршама көлеңке түсіргендей болды.

         Ағыбай жиын үстінде Батырдың қасына екі рет келді. «Сен әлде де ойлансаң қайтеді, - деді ол сыбырлай сөйлеп. - Өз болашағыңды өзің байлап отырсың ғой... Ең болмаса, мектепте қалар едің. Енді басқа амал болмай тұр ғой...»

         Батыр төмен қараған күйі үнсіз басын шайқады. Аузын ашса, жаңағы Сәбит секілді еңіреп қоя беретінін сезіп тұр.

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3334
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6105