Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2231 3 пікір 2 Қараша, 2023 сағат 16:32

Қазақстанға Мажарстан Премьері не үшін келді?

Бүгін Қазақстанға Мажарстан республикасының Премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапармен келді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан әуелі бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.

Содан соң Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі шағын құрамда келіссөз өткізді

Тараптар саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, қазақ-мажар қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.

«Құрметті Премьер-министр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Виктор Орбан Қазақстанға шақырғаны және өзіне, Мажарстан делегациясына көрсеткен қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Виктор Орбанменн кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстанның тарихи тамырластығы және тығыз байланыстары бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болғанын атап өтті. Сондай-ақ, Президент Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы институционалды негіз бар деп санайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысының пікірінше, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес екі елдің сауда қатынастарын дамытуда белсенді рөл атқаруы керек.

«Геосаяси шиеленістерге қарамастан, былтыр тауар айналымы 20 пайыздан астам өсті. Таяу болашақта бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар екеніне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті.

Тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді.

Келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары арқылы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМҰ және түрлі халықаралық платформалар аясындағы өзара ықпалдастық перспективалары қарастырылды.

Мемлекет басшысы келесі кезекте екі елдің гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесіне де тоқталды. Бүгін Астана көшелерінің біріне мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Петефидің есімі беріледі. Бұл – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тығыз достық қатынастардың тағы бір айқын дәлелі.

Келіссөз қорытындысы бойынша білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

« Халықтарымыз арасындағы достық арқауын және өзара тиімді байланыстарды нығайту ісіндегі айрықша рөліңізді ескере отырып, Сізді I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – зор құрмет пен ризашылықтың белгісі. Сондай-ақ Қазақстан мен Мажарстанның – достас екі халық бірлігінің әрі өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қатынастарды нығайтуға деген ниетіміздің айқын көрінісі. Осы марапат ынтымағымызды одан әрі дамытуға және ортақ игілік жолындағы бірлескен жұмысымызға септігін тигізетініне сенімдімін», – деді Президент.

Қазақстанның жоғары наградасымен марапаттағаны үшін Виктор Орбан Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бар күшін жұмсауға дайын екенін мәлімдеді.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371