Алтынбек Сәрсенбайұлы. Билiк үшiн кiмдер күреседi?
Алтынбек Сәрсенбайұлы. Билiк үшiн кiмдер күреседi?
Ұлт мүддесі (мемлекет мүддесі) жолындағы ұлы күрес қай заманда да бір сәтке тоқтаған емес. Бұл күрестің мазмұны өзгермейді. Тек формасы ғана заманына қарай ауысып отырады. Ал, күрескерді ұлт тудырады. Қазақ елінің бүгінгі территориялық, мемлекеттік, мәдени-тарихи және тілдік, халықтың һәм ұлттық біртұтастығы алтын басын Алаштың бақыты жолына бәйгеге тіккен батыр ұлдардың күрескерлігі мен ерлігінің еңбегі. Сондай сардар тұлғаның бірі және бірегейі, екі ғасыр тоғысындағы өліара шақта қазақтың көшін алға сүйреген, сол жолда мерт болған - мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы.
12-нші қыркүйек - Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Тірі болса, елу бірге толар еді. Елімен бірге тойлар еді.
Ұлт күресі жолында өлген ерде арман жоқ. Өйткені, қара орман қазақтың жадында сөзі жаттаулы, бейнесі сақтаулы.
Алтекеңнің туған күніне орай, көз тірісінде жазылған мақалаларының бірі –« Бұқпантайдың бұлғағы немесе билiк ақырында жөнiне келдi...» атты мақаласын беріп отырмыз.
«Abai.kz»
Алтынбек Сәрсенбайұлы. Билiк үшiн кiмдер күреседi?
Ұлт мүддесі (мемлекет мүддесі) жолындағы ұлы күрес қай заманда да бір сәтке тоқтаған емес. Бұл күрестің мазмұны өзгермейді. Тек формасы ғана заманына қарай ауысып отырады. Ал, күрескерді ұлт тудырады. Қазақ елінің бүгінгі территориялық, мемлекеттік, мәдени-тарихи және тілдік, халықтың һәм ұлттық біртұтастығы алтын басын Алаштың бақыты жолына бәйгеге тіккен батыр ұлдардың күрескерлігі мен ерлігінің еңбегі. Сондай сардар тұлғаның бірі және бірегейі, екі ғасыр тоғысындағы өліара шақта қазақтың көшін алға сүйреген, сол жолда мерт болған - мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы.
12-нші қыркүйек - Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Тірі болса, елу бірге толар еді. Елімен бірге тойлар еді.
Ұлт күресі жолында өлген ерде арман жоқ. Өйткені, қара орман қазақтың жадында сөзі жаттаулы, бейнесі сақтаулы.
Алтекеңнің туған күніне орай, көз тірісінде жазылған мақалаларының бірі –« Бұқпантайдың бұлғағы немесе билiк ақырында жөнiне келдi...» атты мақаласын беріп отырмыз.
«Abai.kz»
БҰҚПАНТАЙДЫҢ БҰЛҒАҒЫ НЕМЕСЕ БИЛIК АҚЫРЫНДА ЖӨНIНЕ КЕЛДI...
Түйе толғақтары бiттi. Билiк ақырында азаптан құтылды. Бiр жағына шықты. Қазiрше тек сайлау күнiн ғана айқындады. Назарбаев өз жолдауын дауыстап оқыған күннен-ақ белгiлi болған едi: сайлауды аттап кетпесi. Сайлау болады. Ауа райы қолайсыз болса да. Қар мен жауынға қарамастан. 2007-шi жылы емес. 2006-шы жылы емес. Ал дәл 2005-шi жылы! Өйтпесе сұлу бикештей сылаңдап қажетi не едi?
Бұған күмән туғызғандар кiм? Оппозиция ма? Жоқ! Баспасөз бе? Жоқ! Бәлкiм, қоғам болар? Жоқ. Онда кiм? Билiк пе? Дәл өзi!
Биылғы жылы сайлау өтерiн бәрi де бiледi. Әсiресе, билiк. Бiрақ ол оны мойындай қойғысы келмедi. Бәлкiм, қорқақтаған шығар. Уақытынан бұрын қажетi қанша дегендей. Халықтың басын қатырып қажетi не дегендей. Уақыты келер, бәрiн де бiлер...
Мұның бәрi де бекершiлiк едi. Бәрi де бәрi туралы бiлетiн. Ал билiкке ешкiм де сенген жоқ. Тiптi ОСК төрағасы Жұмабеков мұны жоққа шығарғанда да сенбедi. Ол құдды гестапо қолына түскен партизандай қасарысса да. Сайлау боларын Әдiлет министрi Зағипа Балиева жоққа шығарғанда да сенбедi. Мәжiлiс сайлауынан кейiн сенiмнен жұрдай болғандығы үшiн ғана емес. Өйткенi өтiрiктiң ебедейсiз құлағы тым сорайып тұрды.
Президентке қажет болған кезде, өздерiңiз бiлесiздер, мүмкiн емес нәрсе жоқ. Тiптi бiздiң бет моншағы төгiлiп тұрған үкiметiмiзден 100 миллиардты сұрай салу түкке тұрмайды. Билiк дегенiңiз әйел секiлдi. Егер ол бiрдеңенi сұрай қалса, ең дұрысы - бере салу. Өйтпесе қалтаға қолды өзi салады.
Алайда әңгiме бұл туралы емес. Сайлау биылғы жылы өтуi тиiс деп нүкте қойылса керек едi. Нелiктен? Ендi бұл да ешкiмге құпия болмас. Шетелден қарақошқыл бұлт төнiп келедi. 2006 жылғы қаңтарда АҚШ-та президент Назарбаевтың экс-кеңесшiсi Джеймс Гиффеннiң соты басталады.
Қашанда да солай, мұхиттың ар жағынан күн күркiрей бастаса, бiздегiлер береке таппайды. Салдары «Катринадан» да жаман болуы мүмкiн. Бiздiң үстемдiк құрушы билiк үшiн. Мiне, сөйтiп кейбiреулер ойға қалды. Не iстеу керек? Түсiнiктi жайт, тездетiп сайлау өткiзу керек! Ең бастысы - тездету! Сот басталғанға дейiн. Күнәға батса да өткiзу қажет. Көп болса, әдеттегiсiн айтар. Ештеңенi де бiлмеймiз, сараң құлағымыз ештеңенi де естiмейдi дегендей. Керек десеңiз, бiз Айдан түскендеймiз, аң-таңбыз дегендей бiрдеңелердi ойлап табар. Содан соң айыптай берсiн. Әзiрейiл саналармыз, бiзге тiптi қолдарын бермейтiн болар. Түкiрдiк, есесiне сайланған боламыз! Әрине, адамгершiлiк тұрғыдан алғанда күте тұрған да абзал. Мәселе, тiптi арифметикаға тiрелiп қалған жоқ. Саржамбас болғанша отырғандар аз ба екен? Әне, кейбiр адамдар отыз жыл бойы басқарған. Шындығына жүгiнсек, олардың ақыры ақырзаманға айналды. Сухарто, Саддам Хусейн, Слободан Милошевич. Әрi қарай жалғастырмасақ та жетер. Буштан Бушқа дейiн отырғаны да маңызды емес. Таяу күндерi өзi кездескен Клинтонның екi мерзiмiн де сөз етпей-ақ қоялық.
Алайда күте тұру қажет-ақ едi. Сайлауды сот дүрмегiнен кейiн өткiзсе ғой. Халық кiмге дауыс берерiн бiлер едi. Бәлкiм, аяқ астынан ақтап қалар? О, онда қандай жеңiлдiк сезiлер едi! Әсiресе, оппозиция үшiн. Оны себептi, себепсiз сiлкiлемес едi. Гиффеннiң қармаққа iлiнiп қалғанына олардың не жазығы бар едi!
Ендi айқын болды, сайлаудың нелiктен осы желтоқсанда өтетiнi. Түсiнiктi-ақ. Бiрақ осы бiр сәтсiз қойылымның - спектакльдiң қажетi не едi? Оған депутаттар, Конституциялық кеңес, министрлер, партиялар қатысты ғой. Ақылгөйсiнген бiреу айтты ғой: «Нұрекең қалаған кезде «бiз жариялаймыз» деп. Бiрден-ақ жариялай салмады ма. Сағыздай созғаны несi?
Оңай шаруа қайда дерсiң. Мұның да өз бұқпантайы бар. Кез келген қуға КК-нiң шешiмi табылар дейтiн сөз шыққан. Тегiн айтылмаған. Үлкен кiсiге кедергi келтiрiп қайтсiн. Оның қолы тимей жатты емес пе. Аймақтарды армансыз аралады, сайлаушылармен кездестi. Сайлауалды науқанын жүргiздi. Мiне, ендi онысын аяқтап та үлгердi. Мерзiмiнен бұрын. Есi кеткен ескi замандағыдай, өзi оза шапты. Ал басқалар үлгермей жатса, өздерiнен көрсiн, ол ендi маңызды саналмайды. Оларды бәрiбiр бiрнеше сағат бойы «Хабардан», «Қазақстаннан» көрсетпейдi ғой.
Мiне, ендi бәрi де тамаша! Кездесулер өткiздi. Пiкiрлердi тыңдады. Бәрiне үйiп-төгiп уәде бердi. Ендi жағаны жайлауға жiберiп, дем алса да болады. Ендi Жармахан Тұяқбаймен теледидардағы пiкiр-тартыстан батыл түрде бас тартса да болады. Мейлi ол ендi қалыпқа салынған, дайындалмаған сайлаушылармен кездесе берсiн. Немесе, керiсiнше, «дайындалғандармен», яғни, тас пен таяқ берiлгендермен-ақ...
Президент өз науқанын, мiне, аяқтап шықты. Сайлауды жариялай берсе де болады. Оның бiткенiн күттi де, жариялады.
БIР ӨЗЕНГЕ ЕКI РЕТ ТҮСУГЕ БОЛА МА НЕМЕСЕ БАСТЫ МӘСЕЛЕ ТУРАЛЫ ЕСКI ӘНДЕР
Таяу күндерде президент адал сайлауға уәде бердi. Елге және де шекарадан тыс жақтардағы әрқилы обкомдар мен қалакомдарға. Әлем демократияның шарықтауынан шашалуға тиiс едi. Кең мүмкiндiктер сiлкiндiрiп тастаса керек едi. Бәрiн де. Әсiресе сыншыларды. Бiрақ әсерi жоқ. Жiгерлендiрмейдi де. Бiздiң жағдайымызда мұндай салиқалы мәлiмдемелер баяғыдан-ақ ерекше қозғалыс туғызбайды. Вишневский айтқандай: «Мадам, мен сiздi сүймеймiн ғой, дәл сiз үздiккендей...»
Президент Назарбаев тура былай деп мәлiмдедi:
«...мен өз мiндетiмдi терең түсiнемiн әрi алдағы сайлаудың мейлiнше еркiн, адал әрi ашық өтуi үшiн және де қорытындылары қазақстандықтардың да, халықаралық қоғамдастықтың да зәредей күмән туғызбауы үшiн қолымнан келгеннiң бәрiн де жасайтын боламын».
Әдемi ме? Әрине, әдемi. Бұл әдемiлiктен қорқыныш туындайды.
Бiздiң елiмiзде әдемiлiктен қарабайырлыққа дейiнгi аралықтың жарты қадамға да жетпейтiнi белгiлi ғой.
Осыған ұқсас бiрдеңелердiң бұрын болғаны есте сақталып қалыпты. 1998 жылғысы да. 2003 жылғысы да. 2004 жылғысы да. Сөзбе-сөз қайталанғандай.
Черномырдин жарықтықтың айтқанындай болып тұр. Ал ол арақ туралы ғана айтып қойған жоқ қой. Басқашасы қолдан келмейдi. Ол сан рет «кепiлдiк берген», «қамтамасыз еткен», «ықпал еткен». Оның бәрiнiң немен тынғаны белгiлi. Өткен күзде «қамтамасыз» еткенi сондайлық, әлi күнге дейiн жүрек айнытады. Көпшiлiктiң дауыс беруге деген көңiлiн қалдырып тынды. Бiздi қойшы - депутаттардың өзi қолайсызданып жүр. Кiмге ол кепiлдiк бердi, сол парламентке топ ете түстi. Ал қалғандары, халықты қосқанда, жай ғана жерге «топ ете түстi». Тiршiлiгiмiздiң сиқы осындай...
Әрине, сенгiң-ақ келедi. Үмiт соңынан өледi дегендей... Бiрақ сене алмайсың. Сенейiн деп өзiңдi қаншалықты қинасаң да. Сөз бар. Бiрақ нақтылы қадам жоқ! Тiптi бiр табан да жылжу жоқ! Егер ол мәжiлiстiң сол жиынында Орталық сайлау комиссиясының құрамына оппозиция өкiлдерiн енгiзсе ғой... Содан соң оның өкiлдерiн округтiк учаскелiк комиссиялардың құрамына теңдей жағдайда енгiзсе. «Электрондық алдамшыны» алып тастаса. Оппозицияға мемлекеттiк каналдарда сөйлеуге мүмкiндiк берсе. Өздерiнiң газеттерi мен үнпарақтарын кедергiсiз таратса. Егер де... Егер де... Онда айтқан сөздерiне сенiп те қалар ма едiк...
ТҮЛКI, ТАУЫҚ КҮРКЕГЕ ТIРКЕУГЕ ТҰРДЫ НЕМЕСЕ ТАҒЫ ДА АДАЛ САЙЛАУЛАР ТУРАЛЫ...
Егер адамның аяқ-қолының саусақтарынан бастап тән шiруi (гангрена) басталса, әдетте оны кесiп тастайды. Дәрiгерлер солай дейдi. Және де оны кешеуiлдетпей, дереу жасайды!
Бiздiң елiмiзде саяси реформа жасау қажеттiлiгi баяғыда пiсiп жетiлген. Қай жағынан алсаңыз да. Мейлi объективтiк, мейлi субъективтiк тұрғыдан болса да. Әсiресе, субъективтiк жағынан. Мiне, сол «субъективтiк» дегенiмiз - шiрудiң-қағынудың нақ өзi. Ол қанға тарап, барлық тәндi бүлдiрмей тұрғанда, бүгiн кесiп тастау керек. Ертеңге қалдырса, одан да көбiрек кесуге тура келедi. Бұл - күн тәртiбiндегi басты мәселе.
Бүгiнде, өкiнiшке қарай, бәрi де бiр адамның - президент Назарбаевтың қолында тұр. Бас дәрiгер бейнесiнде. Анығында бас хирургтiң. Бас терапевтi де, анестезиологты да, тiзiм бойынша одан арғыларын да бiр өзi алмастырған кейiпте.
Соңғы 10 күн iшiнде бас дәрiгер осы мәселеге қатысты бiрiн-бiрi жоққа шығаратын үш түрлi мәлiмдеме жасады. Төрелiгiн өздерiңiз айтыңыздар.
1) Республикалық он телеарна бойынша көрсетiлген тiкелей эфирде ол былай дедi: «Парламенттiң санын көрнекiлiк тұрғыда ұлғайту - бұл тiптi де демократияның мәселесi емес. Атқарушы органдар тағайындала ма, немесе сайлана ма, бұл да демократияның мәселесi емес. Демократияның мәселесi ашық та әдiл сайлауларда. Мiне, бұл басты мәселе болуға тиiс. Ал ендi партиялық тiзiм бойынша ма немесе партиялық тiзiм бойынша болмауы дегенге келсек, тағы да талқылап, Қазақстанға қайсысы керек екенi туралы пiкiрлесу қажет».
2) Конституцияның 10 жылдығына арналған халықаралық конференцияда былай деп мәлiмдедi: «Бiз осынау жылдары сондайлық еңбекпен қол жеткеннiң бәрiн ойланбастан iстелген бiр қадаммен сызып тастап, балаларымыздың болашағын тәуекелге сала алмаймыз.
Билiк дегенiмiз, бұл - ең алдымен, жауапкершiлiк. Сондықтан да мен бүкiл жауапкершiлiкпен былай деймiн: бiз сенiмдi болғанда ғана әрекет етемiз - тарих бiзге екiншi рет мүмкiндiк бермейдi.
Экономиканың бәсекеге қабiлеттiгi жетiмсiз болып, азаматтық қоғам нығаймаған жағдайда радикалдық саяси реформаларды асығыс, демек, дайындалмай жүргiзу әлеуметтiк тұрлаусыздықты туғызуы және либералдық құндылықтардан айыруға, демократиялық үрдiстердiң тоқталуына соқтыруы мүмкiн. Мұны бiз кейбiр посткеңестiк республикалардан байқап отырмыз. Бұл тек солардан ғана байқалып отырған жоқ.
Сондықтан қоғамда бүгiнде жүрiп жатқан пiкiрталастың басты мәселесi - демократиялық реформалардың қарқыны туралы мәселе.
Мен кезең-кезеңмен эволюциялық ырықтандыруды жақтаймын, мұнда интенсивтiк экономикалық даму саяси жүйенi демократияландырудың тереңдiгi мен тұрақтылығын айқындайды. Әлемдiк тәжiрибе, соның iшiнде бiздiң көршiлерiмiздiң тәжiрибесi көрсеткенiндей, кедей қауымдастықтарда демократия мен саяси бостандық еш мүмкiн емес».
(Мұнда ол бiздiң экономикамыздың «бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң жетiмсiздiгiн» мойындағанына шүкiршiлiк етейiк, аз болмағанда көш басшылардың қатарындамыз дегендi тықпалай берушi едi).
3) Ал парламенттiң сессиясын ашарда 1 қыркүйекте сөйлегенiнде былай дедi: «...мен өзiмнiң төрағалығыммен Демократиялық реформалар бағдарламасын әзiрлеу және нақтылау жөнiндегi мемлекеттiк комиссия құруды жоспарлап отырмын. Оның құрамына парламент депутаттары, президент әкiмшiлiгiнiң, Үкiметтiң, партиялардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерi кiретiн болады. Комиссия 2006 жылдың маусымында нақты ұсыныстарын беруге тиiс.
Тек осындай терең демократиялық өзгерiстер ғана бiздiң экономикалық табыстарымызға сай келетiн болады...
Әлбетте, орныққан демократиялық дәстүрлердiң жоқ екенi де рас және бiзге «тәжiрибе жасау мен қателiк кешу» тәсiлiмен алға жүруге тура келедi. Бұл оңай жол бола қоймайды. Мұны да бiз бiлемiз. Оңайлықпен келмейтiн осы тарихи қайта құруды бiз сол арқылы елiмiздiң болашағы үшiн қазақстандықтарды одан әрi топтастыра түсемiз деген үмiтпен жүргiзуге тиiспiз».
Бiр-бiрiнен мүлде бөлек, тұрақсыз үш жолдау. Мұндайды бүгiнде қойыртпақ дейдi. Қайсысына сенемiз?
Бұл не - болып-толғандық па? Әлде «өлтiруге болмайды кешiрiм жасауғаның» жаңа түрi ме? Егер соңғысы болса, онда үтiр белгiсi қай жерден қойылады? Және де бастысы, оны қоятын кiм? Егер жолдаулары осындай әрқилы болса, онда президентке қалай сенесiң? Ел үшiн түйiндi мәселе бойынша басы әңкi-тәңкi болған адамға елдiң тағдырын табыстап, бiз орынсыз тәуекелшiлдiк жасап отырған жоқпыз ба?
1999 жылы президент өзiнiң инауграциясындағы сөзiнде қазақстандықтарға тек екi нәрсе бойынша уәде еттi - демократия мен әл-ауқаттылығы. Есiмде, сөзiн дайындауға өзiм де қатыстым. Кейiннен ол басқаша айта бастады: алдымен экономика, содан кейiн саяси реформа дегендей. Бiрде атты арбаның алдына жексе, ендi бiрде артқа...
Жетi жыл өттi. Демократия жоқ - ол айтпаса да түсiнiктi. Соған орай әл-ауқаттылық та жоқ. Оның сөзiне қарағанда экономика гүлденген. Статистиканың деректерi бойынша елiмiздегi iшкi өнiм шығару өсуде. Ал бақытқа кенелу, яғни халықтың әл-ауқаттылығының жақсаруы жоқ! Әзiрше оның төбесi де көрiнер емес. Қашан болары да түсiнiксiз. Әлi жетi жыл күту керек пе?
Бұл арада басқа идея туындайды. Бәрi үшiн және бiрден әл-ауқаттылықты жасай алмайсың. Ол ұзақ та. Сондықтан, бәлкiм, басқаша жасап көруге болар? Егер көрсетiлген ретпен қисыны келмесе. Мысалға айталық, алдымен - демократия, содан соң - экономика! Қара да тұрыңыз, iске асып-ақ кетедi! Өйткенi демократия кезiнде ұрлауға көнбейдi. Сайланған басқарушыларға да ыңғайсыздық туады. Газеттер шу көтередi. Парламент тексеру жүргiзе бастайды. «Электорат» алаңдайды. Ақшаны бюджеттен «суырып алу» қиындайды. Тiптi ғарыштық бағдарламалар үшiн болса да. Пирамидалар мен мұхитариумдар үшiн де.
Президент саяси реформаларға уәде еткен дәл сол күнi, елiмiздiң екiншi бiр шетiнде түн қараңғылығын жамылып, бiр адамға сөгiс бердi. Тағдырлық мәнi зор реформа мен сөгiс жариялауда не байланыс бар? Мәселе мәнiсi сөгiсте емес. Оның кiмге берiлгендiгiнде.
Сөгiстi Ғалымжан Жақияновқа бердi. Қайратты да қажымас адамға. Оған бүгiнде күштеп мал бақтырып қойған. Белгiлi болғанындай, күндiз де, түнде де. Заңды белден баса отырып. Бiзде қай жерде заң сақталған едi?
Оның серiгi бар. Есiмi - Нұрсұлтан. Ғалымжан одан жарты сағатқа сұранған. Үйге барып, жылы киiм әкелуге. Түн суытып, жауын жауарға айналған соң. Дәл осы арада түнгi жортушылар, полковниктер сап ете қалады да, болмады деп актi қаттайды. Сонымен сөгiс жариялайды.
Сөгiс дегенiңiз - шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға жасалған тыйым салушылық. Оны заң бойынша 2 қазанда бостандыққа шығаруға болар едi. Саяси реформалар бағдарламасының басталуы осы емес пе?!
Алайда бiреулер мұны тiптi де қатты қаламайтын көрiнедi. Бiр Нұрсұлтан жiбередi, екiншiсi - қаламайды. Өйткенi Жақиянов саясатпен айналысатын болады.
Ойпыр-ау, ол онсыз да айналысып келедi ғой. Ол - «Әдiлеттi Қазақстан үшiн» қозғалысы кеңесiнiң мүшесi.
Мынандай сұрақ туындайды: «Егер келесi күнi оның қол астындағылар өзiнiң айтқанының бәрiн сызып тастайтын болса, онда мемлекет басшысының сөзiнiң шынайылығына қалайша көз жеткiзiп, сенуге болады?! Бiреулер айтар, бәлкiм, нелiктен ол деп. Солай-ақ болсын. Онда «нелiктен ол» кiм? Қандай себептермен әр кезде «нелiктен ол» жауапкершiлiктен тайсалып кетедi? «Нелiктен олды» тек бiр ғана адам болатындай жүйенi жасаған Назарбаев кiнәлi. Дәл соның өзi! Ол кiмге өкпе артады? Бiр қарағанда өкпелемейтiн де секiлдi. Тек әр кезде-ақ соңғының таптырмай кететiнi жаман. Тұйықталып қалған шеңбер болып шығады.
Мiнеки, Назарбаев Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығарды дейiк. Онда оның жазылып қойылған жақтастары ғана емес, тiптен бiз де, оппозициядағылар да, «рақмет» айтар едiк. Тiптi «өйткiмiз келмесе» де...
Немесе басқа бiр мысал, Назарбаев сөз бостандығы туралы айтады. Шындығына сайғанда, ол заңның шеңберiнде, яғни қысқа қарғыбауда болуы тиiс деп бiрден атап көрсетедi. Iс жүзiнде қалай? Журналистердi ендi қорқытпайды, оларды өлтiре бастайды. Газеттi жай ғана жауып тастамайды, оларды жоюға тырысады. Прокуратура оппозициялық ұйымдардың ғимараттары мен үйлерiн заңсыз тiнтедi және демократиялық басылымдарды заңсыз тартып алады. Полицейлер оппозициялық газеттердi сатып жүрген кемпiрлердi қуғындайды. Президенттiң саяси өзгерiстiң қажеттiгi туралы әрбiр сөзiнен кейiн дүние тарылып сала бередi. Елiмiз үшiн қорқынышты. Оның қазiрше басқа сөз айта қоймағаны қандай ғанибет...
ЖЕКЕ-ЖЕКЕ ДАУЫС БЕРЕМIЗ, НЕМЕСЕ НАЗАРБАЕВ ИДЕОЛОГИЯСЫНЫҢ «САУЫН СИЫРЫ» ТУРАЛЫ
Аймақтардағы сайлауалды өз сапарын аяқтай келе Алматыда болған Назарбаев тұрақтылық туралы тағы да тiл қатты.
Ол «тұрақтылық - бiздiң басты жетiстiгiмiз» дедi. Дұрыс-ақ айтып тұр! Тұрақтылық - бiздiң жетiстiгiмiз! Оның ғана емес! Бiздер үй-iшiмiзбен, әулетiмiзбен, ауламызбен, қаламызбен достық қарым-қатынастамыз. Мына бiздер бiр-бiрiмiзбен атысқанды қаламаймыз. Бiр-бiрiмiздiң көзiмiзге шұқымаймыз. Адамдар бiрлiк пен келiсiмнiң қажеттiлiгiн ежелден-ақ түсiнген. Бұл көп ұлттық елдегi тiршiлiк етудiң бiрден-бiр тәсiлi. Бiз этникалық және дiни ұрыс-керiстердiң ең бiр қантөгiстi және ең бiр мақсатсыз екендiгiн бiлемiз. Оны бастап алған соң тоқтату мүмкiн емес. Бiз осыны өте ертеде түсiндiк. Бiздiң халқымыздың күшi де осында.
Президенттi қолдаушы кейбiр ұйымдардың кең түрде жарнамаланған науқандары еске оралады. Олар былай дейдi: «Орыстар Назарбаев үшiн!». Қазақстандықтар емес, халық емес, ал көп этностардың бiрi. Мiне, солай. Сұрау салусыз, референдумсыз. Жай ғана ұйғара сала, алдын ала анықтап қойған. Бiзде Конституция да, заңдар да жоқтай-ақ. Бұларға мұндай құқықты кiм берген? Мұндай батылдық қайдан пайда болған?
Мынандай парадокс бар. Солтүстiкке қарай жақындаған сайын облыс әкiмдерiнiң тоталитарлық сипаты асқына түседi. Ондағы әкiмдердiң бәрiн де бүрiп ұстағандары соншалық, дем алудың өзi қиынға түседi. Шектен шыққан жайсыздық.
Осындай облыстардың бiрiнде алабөтен жағдайлар бой көрсеттi. Солтүстiк Қазақстан облысындағы, билiкке жақын бизнесменнiң бiрi шағын автобустар сатып алған. Оған ойларына келгенiн жазып, әлдеқандай ұйымдарға сыйға тартқан. Олар да мәз. Жаяу жүрiп дауыс бермейтiнiне! Сiз билiктiң бұған қаншалықты қатысы бар деп ойларсыз? Нелiктен оның қатысы бар екенiн қараңыз.
Сонымен қоса ол көптеген сұрақтардың туындауына себепкер болды. Дәлiрек айтқанда, 130 сұрақтың. Қазiр бәрi ойлануда. Ойланып жатыр. Електен өткiзуде. Ал қазақтар кiмге дауыс беруi керек? Украиндықтар ше? Немiстер ше? Татарлар? Дүңгендер? Кәрiстер? Еврейлер? Ассирилiктер де таңдау жасауға тиiс қой. Табасарандықтар. Нганасандықтар. Мiне, осындай 130 қоюланған, от шашқан сұрақтар! Бiрден-бiр жалғыз ғана сұрақ болуы тиiс қой! Қазақстандық! Жалпы мемлекеттiк! Жалпы ұлттық!
Былайша айтқанда, билiк сызықтан аттап өттi. Ол шектен шығып кеттi. Бiз қадiр тұтқанның бәрi де бүлiне бастады. Назарбаев қолына екi қырлы пышақ алды. Онымен кесуге де болады, сондай-ақ өзiңдi жарақаттап алуыңа да болады.
Украинаның мұңлы тәжiрибесi бiрден еске оралады. Онда басқа пәле iздеген саяси технологтар елдi жасанды түрде бөлуге тырысты. Шығыс пен Батысқа! Украиндықтар мен орыстарға!
Саяси технологтардың ойындары қанбаған секiлдi. Күрескерлiк күйiнiшi мен тапталған сезiмдерi әлi де қалған. Жеңсiк алуға ынтызарлық қалған. Оларды бiзге шақырған кiм?
Ең қорқыныштысы: билiк үнсiз отыр. Прокуратура үнсiз. Соттар үнсiз. Үкiметтiк БАҚ үнсiз. Үкiметтегi идеологтарымыз үнсiз. Алматыны ескiше Алма-Ата деп атауға төзгiсi келмейтiн «жазылып қойылған» қазақ «патриоттары» да үнсiз. Бәрi де айнала қорғанған және үндемейдi.
Бұлардың ойындары өзгеше. Қауiптi. Салдарлары оңайға соқпайтындай.
Олар Югославияның мысалын ұмыта қалған ба? Карабахты ұмытқан ба? Ошты ұмытқан ба? Жоқ, естерiнде. Бұл туралы жиi айтады. Олай болса мұндайға неге барады?
Бiреу алдыға мақсат қойғанға ұқсайды: қандай құнмен болса да жеңу керек. Қандай құнмен - маңызды емес. Жеңу керек. Арғы жағы көрiне жатар! Олар мақсат құралды ақтайды деп ойласа керек. Бiрақ мұндай құрал болуы тиiс емес қой! Мақсаты да қатерге байланған. Этникалық белгiлерi бойынша дауыс беруге шақырған елдiң тағдыры не болмақ? Жiктелумен тынбақ. Олай етуге болмайды!
Шешiмiн күткен сұрақтар бар. Бұл - басқа iс. Ұлттық мәселелер де баршылық. Алайда оны шешу қажет. Жай ғана шешу. Күнделiктi. Әрбiр нақтылы жағдайда. Мәселелердi топтап-тоғыта бермей. Оларды тұздап қоймай. Бүгiнгiдей кейiнгiге сырғытып тастамай. Шешу, яғни қандай да бiр қадам жасау керек. Ымырашылдық жолын iздеумен. Онсыз авторитарлық жүйе қираған кезде, мемлекет те құлап тынады.
Министрлiктер мен әкiматтардың басшылық құрамын қараңыз. Телефон анықтамаларын парақтаңыз. Орыс тiлдегiлер тегiндегi адамдарды көбiрек кездестiресiз бе? Лауазымдық қызметте отырғандарын. Қоғамда мұндай мәселе бар ма? Бар. Талқылана ма? Иә. Демек, оларды шешу керек.
Бұл квота белгiлеу дегендi бiлдiрмейдi. Бұл азғантай адамдар тобының президенттi қолдау туралы жасаған мәлiмдемелерi проблемаларды өздiгiнен шеше салады дегендi бiлдiрмейдi. Бұл саяси жүйенiң залалды екендiгiн бiлдiредi. Ол демократиялық тұрпатта емес. Ол жабық. Ол әдетте адал емес жолдармен қалыптастырылған.
Демек, демократия туралы мәселеге қайтадан ораламыз. Және де бiр ғана жеңiс қажет. Демократия мен парасатты ой жеңiсi.
Түркiстанға сапары кезiнде Назарбаев тiл саясатын жүргiзген кезде абайлау қажеттiлiгiн, мемлекеттiк тiлдi үнемi, кезең-кезеңдерiмен енгiзу жөнiнде айтты. Дұрыс-ақ сияқты. Алайда ақиқаттан алыстық мынадан байқалады: айтылған саясаттың өзiнiң көрiнбейтiндiгi қалай? Кезең-кезеңiмен жүргiзу қажет емес. Нелiктен? Өйткенi iстелiнiп жатқан iс жоқтың қасы. Iстелiнiп жатыр дегендерi тек қағаз жүзiнде. Есеп бар. Бұрыштамасы бар. Мәлiмдемесi бар. Тек қана iс жетiспейдi.
Татырлық оқулықтар мен методика аз ба? Бұл - шынайы шындық. Лайықты мамандар жеткiлiксiз бе? Ақиқаты осы. Мектептерде тiл пәнi көңiл қалдырарлықтай жүргiзiле ме? Әрине. Ең ауыр жылдардың өзiнде телеарналарда тiл үйрету бағдарламалары шығып тұрды. Бүгiнде ол жоқ. Факт.
Әйтсе де тiл жоғарыдан төнiп тұрған семсерге айналды.
Шағыстыру құралына айналды. Саяси ұпай жинайтын құрал болды.
Билiк қылмыстық сипат алған кезде, қылмыс билiкке айналып шыға келедi!
Биылғы жылы билiк оппозициямен күрес үстiнде бұрынғы орнында қалмауды ұйғарды. Жаңалықтар енгiздi. Онысы - қылмыстық әлемдi саяси күресте пайдалану. Бұл Өскеменде, Шымкентте және Атырауда сынақтан өттi. Ол жайында демократиялық БАҚ көп жазды. Ал үкiметтiк басылымдар жақ ашпады.
Бұл да - жол беруге болмайтын жағдай. Бұл да - шектен шығушылық. Этносаяси құрылымдардағы жағдай сияқты. Тарих мұнымен және қылмыстық әлеммен ойнаудың қауiптi екендiгiн көрсетедi. Мұның алғашқысы мүлде принципшiл, ал екiншiсi принцип атаулыны мойындамайды. Көптеген режимдердiң ұлтшылдармен, дiни экстремистермен және жай ғана бандиттермен ауыз жаласу тәжiрибесiнiң басқаруға көнбейтiн төтенше жағдайға ұрындырарын көрсетiп бердi. Олар өз қаруларын оп-оңай өз «достары» мен «қамқоршыларына» қарай кезенуге бейiм тұрады.
Қазiрдiң өзiнде зардап шеккендер бар. Тәнi жарақаттанғандар да. Моральдық тұрғыдан қорланғандар да. «Әдiлеттi Қазақстан үшiн» қозғалысының белсендiлерi тән жарақатын алды. Ал билiк моральдық соққыға ұрынды.
Билiктiң оппозицияны жақсы көрмейтiнi түсiнiктi. Ал бандиттер билiкке көмекке келетiндей оларға әлеуметтiк жағынан жақын элемент болғаны ма? Кiм кiмдi қолдайды? Билiк бандиттердi ме? Немесе бандиттер билiктi ме? Кiм ұтысқа шықты? Қылмысқа дейiн құлдилаған билiк пе? Немесе билiк деңгейiне дейiн көтерiлген бандиттер ме? Түсiнiксiз. Айқын нәрсе бiреу: сондай билiк үстемдiк құрған қоғам ұтылды...
Мұның бәрiнiң жоғарғы жағында билiктiң тұрғандығы әу дегеннен-ақ түсiнiктi болды. Тобыр арасында әкiмшiлiк қызметкерлерi жүрген кезде-ақ. Автобуспен бандиттердi тасымалдағанда-ақ. Олардың қауiпсiздiгiн полицияның күзеткенiнде-ақ. Соттың Жабайы Арманды бiр жылға жазалағанында-ақ. Жабайы Арман тағдыр тәлкегiмен басқалар үшiн тұтылды. Қандай көрiнiс дерсiз! Жабайы Арман күллi билiк үшiн жауап бердi! Ол «жабайы билiк» бейнесiне айналды.
Мен өзiме мынандай сұрақ қоямын: билiк соншалықты кiмнен қорқады? Ол неден қорқады? Қылмыстық әлем оның соңғы сүйенiшi, сенiмдi тылы боларлықтай соншалықты оның жағдайы шатқаяқтап кеткен бе?
ТАҒЫ ДА ШЕКТЕН ШЫҒУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ
Газеттердi қалай да оқу қажет. Кез келгенiн. Тiптi ертеңгi ас кезiнде де. Сонда ғана елiмiзде не болып жатқандығын түсiнесiң.
Жақында кейбiр республикалық және аумақтық БАҚ бiр хатты жариялады. Елiмiздiң шығыс аймағындағы 16 жастағы қыз анасының хатын. Бұл мектеп оқушысы жергiлiктi АIIБ бастығының мәжбүрлеуi бойынша жергiлiктi жеңгетайлар қолына түседi. Кәмелеттiк жасқа толмаған қыздың «қызметiн» көптеген аудандық дөкейлер пайдаланады. Тiптi аудан әкiмi де. Қыз өзiнiң басынан кешкен қасiретi туралы айтады. Алайда оны құтқару жөнiнде ол ештеңе де iстемейдi. Тыңдады, көңiл көтердi, ұмытып кете барды...
Аттан саларлық факт. Қылмыспен күресуге тиiстi билiктiң өзi адамдарды қылмыстық жолға итермелейдi. Адамдар, әсiресе, аудан деңгейiндегiлер, қауқарсыз, қорғансыз қала бередi. Қорғаушысы жоқ. Құқы жоқ. Олардың үрейге берiлгендiгi соншалықты, тiптi көп нәрсеге төзуге бар. Тiптен олардың балалары жезөкшеге және жаңадан пайда болған феодалдардың құлдарына айналса да.
«Тоталитарлық» кеңестiк заманда мұндайдың мыңнан бiрiндей ғана кiнәраты болса, ондай шенеунiк қызметiнен қуылып, партиялық билетiнен айырылар едi. Ал заң қызметкерлерi кемiнде бес жылға отырғызылар едi. Бүгiнде мұндай «қайраткерлер» өздерiн толық билiктегi қожайындардай сезiнедi. Ең төмен болғанда аудан деңгейiнде. Олардың не iстегiсi келсе де ерiктерi өздерiнде. Оларға ешкiм ештеңе де айтпайды!
Екiншi мысал. Алматы әкiмi Тасмағамбетов «ерлiк» жасады. Полицияның күшейтiлген жасағының жәрдемiмен қорғансыз әйелдердi қуғындады. Оларды таяққа жыққызды. Айып төлеттiрдi. Темiр торға қаматты. Не үшiн? Оған қабылдауға, жазылуға келгендiгi үшiн.
Оның қол астындағылар адамдарды өз меншiгiндегi үйлерiнен шығарып тастады. Өз пәтерлерiнен. Жұпыны басқалқалары мен лашықтарынан. Қоныс аударылған жатақханаларынан. Мұның орнына оларға сәйкес келмейтiн ақы ұсынады. Кейде тiптi қорланатындай соманы атады. Мұндайда ол бейшаралар қала әкiмiне бармағанда, кiмге мұңын шақпақ едi?
Онда неге әкiм мен оның қарамағындағылар ел алдына шықпады? Мәселенiң мән-жайын неге түсiндiрiп бермедi? Полицейлер неге шарасыз әйелдер мен қарттарды соққының астына алды? Қала тұрғындары төлеген салықтың есебiнен оларға осы үшiн жалақы төлене ме? Бұл туралы баспасөзде көп жазылды. Ал президент оған тiптi мақтау сөз айтып: «Жарайсың, Иманғали, жақсы жұмыс iстеп жатырсың», - деп қолпаштап қойды.
Тағы бiр мысал. Жақында Маңғыстаудағы әрiптестерiмiз келдi. Олар бүгiнгi билiктiң адами бет-бейнеден айырылғанын дәлелдейтiн тағы бiр сойқан жағдайды айтты. Ол жақтағы мұнайшылардың наразылық акциясын өткiзiп жатқанын жұрт бiлетiн шығар.
Жұмысшылар жалақыларын өсiрудi талап етiп жатыр. Олар еңбектегi ахуалдың жақсаруын қалайды. Жер астынан қанша мұнайдың «сорылып» жатқанын ең жақсы бiлетiн солар ғой. Ал өмiрде еш өзгерiс жоқ. Жергiлiктi басшылық олардың заңды талабына құлақ аспады. Қуғын ұйымдастырды. Кәсiподақ қозғалысының белсендiлерiн қамап тастады. Бiреулерiн - 15, ендi бiреулерiн - 5 күнге.
Ол жақта Кендiрлi деген демалыс орны бар екенi белгiлi. Бiр ортаңқол менеджер өз туған күнiн әлгi демалыс орнында «атап өтiптi». Дөңгелек дата да емес, әншейiн кезектi туған күн. «Өте қарапайым» өтiптi. Екi чартерлiк рейспен Ресейден эстрада жұлдыздары жеткiзiлiптi. Ас-судың бәрi де сол жақтан әкелiнiптi! Осы «қайреткердiң» құрметiне атылған отбұрқақты сол маңайдың халқы аңыз қылып айтып жүр екен. Жаңғырығы бүкiл облысқа жетiптi. Бар болғаны осы-ақ.
Басшылар Монте-Карлоларда сайрандап жатса, Құдайдың жөнi. Бiз оны байқамаймыз. Ал жұрттың бәрiнiң көзiнше сән-салтанат құрып жатса, бұл - адамгершiлiкке жат нәрсе. Әсiресе, қарттардың, зейнеткерлердiң, үйсiз-күйсiз, жұмыссыз жүргендердiң, мүгедектердiң және бастық немесе бизнесмен болып туу пешенесiне жазбағандардың көзiнше тайраңдау дұрыс па? Ал мұндайлар миллиондап саналады. Бұл миллиондар осы «байшыкештердiң» сауық-сайранына бiрi қызғанышпен, бiрi ашу-ызамен, ендi бiрi кектене қарайды.
Бұл туралы неге тәптiштеп жазып отырмын? Өйткенi бұл өмiр заңдылығына айналып барады. Бұл қаптаған сандар мен сызбаларға қарағанда бүгiнгi билiктiң бет-бейнесiн жақсы айғақтайды. Бұл - өтiрiкке, жалған уәдеге, жемқорлыққа, парақорлыққа, принципсiздiкке негiзделген, адамгершiлiктен ада билiктiң бет-бейнесi. Олардың тежегiшi iстен шыққан. Ешқандай шет-шек дегендi бiлмейдi. Ұят сезiмiнен жұрдай. Олар қоғамға пысқырып та қарамайды. Оларға басшыларынан басқалардың сөзi сөз емес. Мiне, осылар сайлауға түскелi жатыр.
Мұндай билiк өте қауiптi. Ол өздiгiнен сауығып кете алмайды. Еш қарекет жасамасақ, ол бұрынғыдан да еркiнсiп кетуi мүмкiн. Сөйтiп, қоғамды, оның жас азаматтарын iрiтiп-шiрiтедi. Басты қауiп - осы.
Президент «ай сайын Грузия мен Украинаның министрлерi бiзден сабақ алуға келедi» дейдi. Олар қандай үлгi алады? Берер сабағымыздың түрi осы ма?
АРТЫҚШЫЛЫҚ ДЕГЕНIМIЗ КЕМШIЛIК БОЛЫП ШЫҒЫП ЖАТСА...
Тағы да президентке жүгiнейiк. Бiр Назарбаев оппозицияны «шәуiлдек» деп атады. Екiншi бiр Назарбаев, керiсiнше, оның керектiгi мен маңыздылығын айтты. Бiзде ол өркен жайып келедi-мiс. Бұл екеуiнiң қайсысы шындықты айтты, бiлмеймiн.
Бiрiншi Назарбаевқа жауап бергiм келмейдi. Жалпақ тiлмен бiрдеңе деудiң ретi болса да... Олай еткiм келмейдi. Ең алдымен, әдептен озбайық. Ал екiншiсiмен пiкiр жарыстырып көрейiн. Өткен сайлауда демократиялық күштер жеңiске жеттi. Олар жалпы алғанда, сайлаушылардың 50 пайызының даусын жинады. Бұл - халықтың еркiн бiлдiруiнiң шынайы нәтижесi бойынша жасалған тұжырым. Бұл туралы көп айтылды, көп жазылды.
Демек, билiк жаппай жүгенсiздiкке бой алдырып, күштi әкiмшiлiк ресурсты, компроматтар соғысын, ақпараттық блокаданы, бiрiкккен оппозиция белсендiлерiне қысым жасап, бопсалау әдiстерiн пайдаланса да жеңiлiс тапты. Олардың демократиялық оппозицияға қарсы қояр ештеңесi болмады. Ал оппозициялық күштер ақпараттық, қаржылық және адам ресурстары аз болса да қазақстандықтардың - милиондаған сайлаушылардың жүрегiне сенiм ұялата бiлдi.
Әңгiме «билiкте кiм, оппозиция жағында кiм бар?» деген сұраққа тiрелiп тұрған жоқ. Мәселе жеке адамдар туралы емес. Әңгiме демократиялық күштер ұсынған идеялар турасында. Олар халыққа шынымен қажет. Олар қоғамның қажеттiлiктерi мен мүдделерiне сай. Мәселе осында! Мiне, сондықтан бiз күн сайын теледидардан сол бiр қойыртпақты көремiз. Мiне, сондықтан, компьютерлiк технологияны, спутник пен арнайы эффектiлердi есептемегенде, баспасөз баяғы Брежнев заманына қайта оралып жатқандай.
Сондықтан ол «қола» патриархтың бейнесiн қалыптастыруға тырысады. Сондықтан күн сайын, сағат сайын «көсемге деген сүйiспеншiлiк» паш етiлiп жатады. Сондықтан алдын ала дайындалған адамдар «жырларын» жырлап жатады. Ақ патшаға алғыс, алғыс, тағы да алғыс. Барлығы үшiн алғыс: жарық үшiн де, газ үшiн де, күн үшiн де, түн үшiн де. Мұғалiмдер - оқытып жатқаны үшiн, оқушылар - оқып жатқаны үшiн рақмет айтады. Қолын сүю ғана қалды. Оңтүстiктегi көршiмiз сияқты. Бизнесмендер оған өз бизнесi жүрiп жатқаны үшiн алғыс айтатын көрiнедi. Мұнысының жаны бар. Егер оған немесе оның жақындарына әлдене ұнамай қалса, ол бәрiн тартып алуы мүмкiн ғой. Бiр күнi қарттар жиналып, бақытты балалық шағы үшiн президентке алғыс айтып жүрмесе болды.
Кейбiр арналар «кек алу сағатын» ұйымдастырып, оппозицияға қара күйе жағып-ақ бағуда. Есесiне, «жарылқаушыны» мадақтап, оның астына көпшiк қоюды. Ол бiздiң теледидарымызға мықтап «орнығып» алды. Қосқышқа сұққаныңның бәрi сол кiсi туралы сөйлейтiн болды. Үтiктiң өзiн қосудан қорқатын болдық. Ол күндiз-түнi экономиканың тұрақтылығын, мемлекеттiң қорғанысқа қабiлеттiлiгiн, кеспенiң қалыңдығын, сүттiң майлылығын, дәннiң толықтығын «ойлап», бас қатырып жүредi. Әйтеуiр, өз басым теледидарды қосқан сайын, «Казправданы» оқыған сайын мұның бәрiн кеңестiк кезде бастан өткергенiмiздi ойға ала беремiн. Мұндай екi ұдай сезiмге тек мен ғана бөленiп отырмағанымды бiлемiн.
Мұның бәрi бос әурешiлiк қой. Бұрынғы Назарбаев жақсы едi. Елдiң жағдайы онша жақсы болмаған күннiң өзiнде Назарбаев халыққа ұнайтын. Ширақ, елгезек және шыншыл едi. «Қоламен» қапталмаған, шаң баспаған Назарбаев едi ол.
ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ КҮШТЕР ҚАНДАЙ?
Олар сайлауға бұрын-соңды болмаған бiрыңғай күшпен келдi. Олар барған сайын қарқын алуда. Қоғамдағы беделдерi өсуде. Олар бiрлесе алды және «Әдiлеттi Қазақстан үшiн» қозғалысы шеңберiнде бiрыңғай сайлау-алды коалициясын құра алды.
Соңғы айлардың iшiнде ғана оның қатарына 250 мыңнан астам мүше қосылды. Оның едәуiр бөлiгi бұрын ешқандай партияларда болмағандар. Бұдан бiрнеше ай бұрын кейбiр идеологтар көреалмастың сөзiн айтқан едi. Олар блок бөлшектенiп қалады деген тұжырым жасады. Бәрiбiр амбиция аспанға шапшиды-мыс.
Бiр-бiрiмен шайнасады. Әркiм өз жолымен кетедi.
Оппозиция олай еместiгiн дәлелдедi. Тарихта бiрiншi рет қоғамның неғұрлым iске татырлық күштерi - партиялар, қозғалыстар, үкiметтiк емес ұйымдар бiрлестi. Олар ортақ мақсат жолында бiртұтас командада жұмыс iстеуде. Осы уақыт iшiнде көп шаруа атқарылды. Ортақ шешiмдер жасалды. Бiрыңғай стратегия бар. Олар алдағы сайлауға бiрыңғай кандидатты анықтады. Олардың кандидаты - белгiлi мемлекеттiк және қоғамдық қайраткер Жармахан Тұяқбай.
Кейбiр адамдар оны «нағыз қарекеттiң адамы» деп атайды. Есесiне қандай Қарекеттiң! Және қандай сәтте! Миллиондарға шындық туралы мәлiмдеу үшiн бәрiнен бас тарту! Әркiмнiң қолынан келмейтiн iс.
Ол өз өмiрiне жасалған қастандықты басынан өткердi. Қорықпады. Шетке шығып қалмады. Керiсiнше, мiнездiң табандылық үлгiсiн көрсеттi. Таңдануға татырлық жеке батылдығын танытты. Ол әр нәрсенi өз атымен атап, өте күштi мәлiмдеме жасады. Және қазiргi президенттi адал күресуге шақырды.
Тұяқбай ұйымдастырушының тамаша өнегесiн көрсеттi. Өз идеологиялары бойынша әртүрлi саяси күштердi, белгiлi қоғам қайраткерлерiн топтастыру, олармен күнделiктi бiрлескен жұмысты жолға қою - оңай iс емес. Оның басшылығымен Қазақстанның Жаңа Конституциясының жобасы жасалды. Бұл - даусыз iргелi құжат. Ол сайлау алдындағы бағдарламаның саяси бөлiмiне кiредi.
Жармаханның басшылығымен ауқымды орташа - шұғыл әлеуметтiк-экономикалық бағдарлама жасалды. 2006-2010 жылдарға арналған. Оны жасауға белгiлi экономистер, сарапшылар, тәжiрибелi адамдар қатысты. Қысқа мерзiм iшiнде кедейшiлiктi жеңудiң, коррупциямен күрестiң арнайы бағдарламасы, сондай-ақ басқа да елеулi мәселелерге арналған, мұқият қарастырылған құжаттар жасалды.
Кейбiреулер оппозиция әлсiз дегендi тағы да айта алар ма екен? Және бiреулер оппозиция «шәуiлдек» дегендi айта алар ма екен?
Билiк әлсiз және қорқақ. Оппозициямен күресу үшiн заңсыз тәсiлдердi және қуғындауды пайдаланатын - билiк. Заңсыз түрмелерге отырғызатын - билiк.
Саясаткерлер мен баспасөзге театрландырылған сот процестерiн жасайтын - билiк. Ондай билiктiң ғұмыры ұзақ болмайды.
ЭЛИТАНЫҢ АУЫСУЫ АПАТҚА ҰРЫНДЫРА МА?
Мәңгiлiк билеушi болмайды, мұны бәрiмiз де бiлуге тиiспiз. ТМД билеушiлерiнiң қасiретi бiр ғана мәселеге тiрелiп тұр: авторитарлық үлгi-қалыптың болашағы жоқ және аса зиянды.
Бiз президент Назарбаевтың еңбегiн жоққа шығармаймыз. Әсiресе, Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы. Ол КСРО тарағаннан кейiн терiс сценарийлердiң өрiстеуiне жол берген жоқ. Ол тiптi маңызды реформаларды бастап та кеттi. Рас, орта жолда тоқтап қалды. Бәлкiм, тоқтатты. Кiм тоқтатты? Отбасы ма, достары ма, алпауыттар ма, айналасы ма! Не керек, оның бүгiн өз халқына бергенiнен гөрi алғаны әлдеқайда көбейiп кеттi. Президенттiң кемшiлiгi мен қателiгi оның жетiстiктерiн басып озып кеттi. Шын жетiстiктерiн де, қолдан жасалған «жетiстiктерiн» де.
Масқаралыққа ұшырап, абыройдан бiржолата айырылып қалмасы үшiн мұндай жағдайда өзiн-өзi сыйлайтын саясаткерлер сахнадан кетедi. Әрине, әркiм әртүрлi жолмен кетедi. Бiреулер Борис Ельцин сияқты кешiрiм сұрап кетедi. Екiншi бiреулер Вацлав Гавел секiлдi халқына рақметi мен ризашылығын айта отырып кетедi.
Күнделiктi тiрлiкте адамның көп мәселеге терең үңiле бермейтiнi де бар, бiрақ сайлаудың тұсында халықтың санасы өткiрлене, жаңғыра, ұштала түседi. Қоғам шындап ойлана бастайды. «Бiз қандай қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз?» деп айналасына жiтi көз тастайды. Құндылықтарға, жағдайға, көңiл-күйге баға берiледi, оны жан-жақты парықтайды. Осы процестiң бiздiң азаматтарымыз үшiн, халқымыз үшiн аса пайдалы әрi жемiстi болатынына өз басым сенiмдiмiн.
Бiзге қазiр «Назарбаев - тұрақтылықтың кепiлi» деп үстi-үстiне төпеп айтып жатыр. Назарбаевсыз бiздiң мемлекет қараң қалады екен-мiс.
Ендi осы жерде төмендегiдей сұрақ өз-өзiнен туындайды, сонда ол 14 жылда не құрған? Мемлекет пе, жоқ әлде жеке меншiк компания ма? Ал егер, жаман айтпай жақсы жоқ, ол аяқ астынан бiрдеңеге ұшырай қалса ше? (Әрине, Құдай мұның бетiн әрi қылсын). Бiрақ бiздiң бәрiмiздiң тағдырымыз Алланың қолында ғой. Мұндай жағдайда бүгiнгi парламенттiң елдегi тыныштықты сақтап тұруға шамасы жете ме? «Екiншi» адамымыз Әбiқаев жағдайды тұрақтандыра ала ма? Күдiгiм көп. Өйткенi олардың өкiлеттiлiгi жалған. Элитаның ауысуы қажет пе? Иә, қажет. Ең болмағанда, ескi билiктiң қателiгi мен қылмысы елiмiздiң дамуына кедергi келтiрмеуi үшiн.
Кiм жеңедi? Уақыт көрсетедi. Не десек те, оппозиция үлкен белестерден өттi. Қазiр күшiнде. Билiк қорғануға көштi. Қару-жарақ сатып алуда. Полицейлiк террор ұйымдастырып, ойына келгендерiн жасауда. Әндiжандағы қанды оқиғаны еске түсiрiп, мұрындары оқ-дәрiнiң иiсiн ерте бастан сезе берсiн деген оймен халықты қорқытып, үркiтiп бағуда.
БИЛIК ҮШIН КIМДЕР КҮРЕСЕДI?
Қалай айтсақ та, қалай тон пiшсек те, шынайы үмiткер екеу ғана. Олар: демократиялық күштердiң көшбасшысы Жармахан Тұяқбай мен қазiргi президент Нұрсұлтан Назарбаев. Әрине, бұл президенттiкке лайықты басқа тұлға жоқ дегендi бiлдiрмейдi. Керiсiнше, бiзде Назарбаевқа балама бола алатын лайықты саясаткерлер жетерлiк. Бiрақ бiздiң заңымыз да, оның үстiне саяси мүмкiндiктер де кез келген үмiткерге 12 күнде 90 мыңнан астам дауысты жината қоймасы да белгiлi.
Әсiресе, қорқытып-үркiту, басқан iзiңдi аңду, арандату асқынып тұрған уақытта. Мұндай кедергiнi аса қуатты, қаржысы бар саяси құрылымдар ғана жеңе алады. Билiктi есептемегенде, әзiрге мұндай мүмкiндiкке ие құрылым «Әдiлеттi Қазақстан» ғана.
Мұның өзi де президенттiк сайлауға екi-ақ адам түседi дегендi бiлдiрмесе керек. Менiңше, бұл науқанға Тұяқбай мен Назарбаевтан басқа тағы екi-үш ғаббасовтар араласады. Ғаббасовтар демократиялық күштердiң даусын бөлiп-жарып, электоратын бөлшектеуге тырысады. Оларға билiк көмектеседi. Дауыс жинап бередi. Олар үшiн бағдарлама жазып, мақала жариялап отырады. Олар президенттi сынамайды. Оның есесiне Тұяқбайды «өзiң ақымақсың» деген принциппен жерден алып, жерге салатын болады.
Бұл да аса маңызды емес. Жылдар өтер. Сол кезде халық бүгiнгi билеушi бiз үшiн кiм болды және артына не қалдырды деп өз-өзiнен сұрайтын болады. Сол кезде оның өз қолымен сарайлар мен зәулiм үй тұрғызғаны, Астананы, немесе Атырауды салғаны, қол қойған жарлықтары, қандай зауыт пен фабрика салғызғаны маңызды болмай қалады. Мұны өзгелер де тұрғыза, соға алады. Ең маңыздысы, жалғыз мына мәселе ғана болып қалмақ: ол қандай құндылықтарды қалыптастырды және өзiнен кейiн халыққа қандай қоғам қалдырып кеттi!
Егер назарбаевтық кезеңде қоғамның негiзгi құндылықтары жаппай сыбайлас жемқорлық, нигилизм, арсыздық, қылмысқа жауап бермеушiлiк, азғындық, кедейшiлiк, бостандыққа жол бермеу, төзбеушiлiк болса, онда бұл жылдар Тарихта қара әрiппен жазылады.
Егер Назарбаевтан кейiн әр адамға тең дәрежеде мүмкiндiк берiлген жарқын қоғам, адамның еркiндiгi мен бостандығын құрметтеу, мемлекеттiң әрбiр адам алдындағы биiк жауапкершiлiгi, адамгершiлiкке негiзделген саясат, ең алдымен адамның қамын күйттейтiн бәсекелi экономика қалса, онда ол Тарихта өзiнiң жақсы атын қалдырары сөзсiз.
Ол реформаларды жүзеге асырушы және оны логикалық түрде аяқтаған адам ретiнде де Тарихқа ене алар едi. Немесе билiкке, игiлiк пен сый-құрметке өмiрiнiң соңына дейiн жабысып қалмай, уақтылы әрi дер кезiнде кетiп қалу арқылы да Тарихқа енер едi.
Бiрақ Тарихқа жағымсыз жағымен де енуi әбден мүмкiн. Авторитарлық билеушi ретiнде. Бiрде-бiр рет әдiл де таза сайлау өткiзбеген адам ретiнде. Өз халқының даусын ұрлаған, сол арқылы оның болашағын күл-талқан еткен адам ретiнде.
Мұның бәрiне мен көзжұмбайлықпен қарай алмаймын. Мемлекетiмiздiң болашағы үшiн ғана емес. Тәуелсiздiгiмiздiң қаз-қаз тұра бастаған қатерлi де күрделi шағында ұзақ жылдар онымен қоян-қолтық бiрге жұмыс iстегенiм үшiн. Мен Қазақстанның өзiнiң мүмкiндiгiн пайдалана алмай, босқа жiберiп алған мемлекет болғанын қаламаймын. Тек мен ғана емес, менiң буыным да. Бiзден кейiнгi буын да.
Сондықтан да кейде осындай мақала жазуға тура келедi. Маған тән емес жанрда.
Abai.kz