Эстетикасыз экран
Шүберек – «адам көркі» ғана емес. Ол – сонымен қатар кісінің эстетикалық талғамынан хабар берер, қала берді сол кісі өкілі саналатын халықтың таным-түсінігін ұқтырар бұйым.
Әрине, күнделікті өмірде кім не кием десе де, еркі. Оны айналамыздан сәт сайын көріп те жүрміз. Жараса ма, жараспай ма, сәнді ме, жоқ па, ол – өз алдына бөлек әңгіме. Ал өнер – ел қазынасы, халық игілігі, ұлт мәдениетінің көрінісі. Ендеше өнер туындыларындағы киім сәні, сахналық костюм үйлесімділігі – талқылауға тұратын тақырып.
Мәселен, кино саласын алайық. Бұрынғы киногерлеріміз бұл мәселеге жіті қарап, жете мән беретін еді. «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Гауһартас», «Транссібір экспресі», «Ақырғы аманат», «Долана» секілді тағы да басқа фильмдерде кейіпкерлердің киім үлгісі сол өз заманына сай, ондағы образдардың әлеуметтік деңгейіне лайықты болушы еді және негізінен әлгі уақыттың өлшемімен алғанда өзіндік жарасым-келісімі де үйлесіп тұратын.
Егер соғыстан кейінгі, ел аса ес жия қоймаған қиын замандағы малшы әйелдің қара баласы Қожа мен оқуды тастап, жылқы бағып, «жалғанды жалпағынан басып жүруді» армандайтын Сұлтанды «балтырын байпақ қысқан бай ұлындай» үлде мен бүлдеге орап қойса, есекке ер салғандай ерсі көрінбес пе еді? Қайта олардың қоңылтақ киінуінің, кейде тіпті жалаңаш кеуде, жалаңаяқ жарыса жүгіруінің өзі сол заман балаларының ғана емес, жалпы елдің әлеуметтік әл-ахуалынан хабар беріп тұрған жоқ па?
Немесе Сырлыбай байдың сылаңдаған сұлу қызына асыл тастармен әдіптелген кәмшат бөрік, көрген жанды жалт қаратар бедерлі бес етек көйлек, ақбоз аттың сауырын сипаған шалғынды көк майсамен үйлесе кетер мақпал қамзол емес, қасындағы нөкер қыздардың біріндей етіп қарапайымдау киім кигізсе, не болар еді? Бай қызы қайсысы, жай қызы қайсысы, ешкім айыра алмас еді, картинаның көркемдік-эстетикалық сипатына нұқсан келер еді. Мұндайда фильмнің көркем де мәнді, сапалы да сәнді шыққанын көре алмаған, «мынау кино емес, этнография боп кетіпті ғой» деп күңкілдеген күншілдер қуанар еді, басқа не?
Әлі күнге дейін ұлттық киноөнеріміздің үлгісі ғана емес, экрандық костюм жөнінен де эталон болып келе жатқан «Қыз Жібек» қайта сол бұрынғы дәуірдегі қазақтың мәдениеті бай, талғамы жоғары, еңсесі биік ел екендігін көрсетеді ғой! Мұндағы киім атаулы өз уақытына ғана емес, кейіпкерлердің әлеуметтік тұрмыстың қай сатысынан, қай ортасынан екенін де аңғарта алған.
Халқымыздың тарихына қатысты фильмдер кейінгі жылдары да түсіріліп жатыр. Олардың мазмұны, көркемдік сапасы жөнінен қилы-қилы көзқарастар білдіріліп, жылы лебіз де, өткір сын да айтылып-жазылып жүр. Ал ол туындылардағы киім мәселесіне келсек, көңіліміздің түсіп-ақ кететіні рас.
Мысал үшін дақпырты басым болғанымен, даңқымызды шығарып қарық қылғаны шамалы, өзі де көп дауға ілігіп, көресісін көрген «Көшпенділерді» алайық. Ең қынжылтатыны – киімдердің түр-түсі. Апыр-ай, қазақта қара, қоңыр, қарақоңыр, сұр, қарасұр түстерден басқа түс болмаған ба мүлде? Фильмдегі қазақтардың бәрі осындай сүреңсіз, сұрқай киініп, өздерінің де, туындының да реңін бұзып-ақ тұр. Кейбірінің шекпен-шапаны тіпті малқораның ішінде әлденеше рет тайып-жығылып тұрғандай қи түстес, көң сипаттас, шалдың шақшасындағы насыбайдай күңгірт жасыл бірдеме...
Еркектер киген «шоқпыттардың» сықпыты жаңағы болған соң, әйелдер жағына тіпті назар аудармай-ақ қойған жөн болар еді. Жалпы, өнерде ғана емес, өмірдің өзінде де ерлерге қарағанда қыз-қырқын, келін-кепшік, әйел-ана, әже-ене киімдерінің ерекше сәнді болатыны белгілі және түсінікті жәйт. Өйткені, әйел заты – табиғаттың ең тамаша жаратылысы. Егер «қыз өссе – елдің көркі» болса, сол «елдің көркінің көркі – шүберек».
«Көшпенділердің» және кейінгі жылдары түсірілген басқа да тарихи фильмдердің авторлары тым болмаса осы қыз-келіншектердің өзін жөндеп һәм сәндеп киіндіре алмағаны қалай? Олардың киімдерінің түсі де жаңағы сұрықсыздықтан асып кете қоймаған: түсі оңыңқырағандай сезілетін ақшыл немесе сұрғылтым көйлек, киіз үйдің өңіне ұқсас қоңырқай қамзол, т.б.
Сонда қызғалдақтай қан қызыл, раушан гүліндей ашық қызыл, сарғалдақтай сары, жыңғылдың күлтеленген ұшындай күлгін, масаты майсадай жасыл, көркем көлдей көгілдір, мамық мақтадай аппақ, қырмызыдай қызғылтым түстер қайда? Әлде бұл түстерді ғалымдар кейінгі жылдарда ғана ойлап тауып па? Мозаикадай сан құбыла құлпырған осы рең-бояуларды, нақыш-өрнектерді құрығанда қыз-қырқындардың киімдерін әсем кейіптеу үшін сәтті пайдалануға болар еді ғой. Мұны ойлаған режиссер, суретші болды ма екен?
Қазір «фильм үшін суретшінің аса қажеті жоқ» дейтін білгіш режиссерлер де шығып жатыр. Қажет болғанда қандай! Кинода үш суретші жұмыс істеуге тиіс: суретші-гример (актерлердің бет-жүзін кейіпкер келбетіне, әр эпизод сипатына, натура бедеріне сай келтіру үшін әрлеуші маман), суретші-костюмер (кейіпкерлердің экрандық бейнесіне орай киім таңдайтын, сол арқылы образды толықтыра түсуге атсалысатын маман) және осы екеуінің үстінен қадағалап, фильмнің бүкіл әсемдік-эстетикалық формасына жауап беретін қоюшы-суретші.
Құдайға шүкір, өзін де, асқақ өнерді де сыйлайтын режиссерлердің фильмдері (мәселен, «Жаужүрек мың бала», «Біржан сал») кино өнерінде қалыптасқан бұл қағиданы бұлжытпай орындауға тырысып жүр. Ал олардың киноға суретші тартудың қаншалықты маңызды екеніне мән бермейтін әлгі әріптестерінің туындылары елдің назарын да аудара алар емес.
Киімге байланысты тағы бір кемшілік – кей киногерлер фильм оқиғасы өтіп жатқан мезгіл мен кейіпкер костюмінің үйлесімсіздігін де аңғара бермейді. Бұл да негізінен тарихи тақырыптағы картиналарда көп кездеседі. Осындай олқылықтар туралы бір сұхбатында жазушы-драматург Дулат Исабеков былай деп еді: «Тарихи фильмдерді көріп отырып, бұ қазақтарда жаздық киім болмаған ба деп деп ойлап қаласың. Менің «Тіршілік» хикаятым бойынша түсірілген Ұлжан Қолдауованың «Тауқымет» картинасын алыңыз. Жаз мезгілі, анау жақта алтыбақан тебіліп, ақсүйек ойналып жатыр. Мына жақтағы кейіпкерлер болса басына құлақшын, үстіне күпі, аяғына саптама етік киіп жүреді. Өлді ғой сорлылар, биттеп-құрттап! Ата-бабамыз сонша ақымақ болған ба? Қырғыздар «Қараш-Қарашты» түсірді, олардың киімдері жап-жақсы. Біздің режиссерлер «көрермен киімге мән бермейді» деп ойлай ма, білмеймін. Сонда біз қайда бара жатырмыз?».
Көрермен кинодағы әрбір детальға мән береді. Мән бермей жүрген режиссерлер. Әйтпесе кинодағы киім мәселесі – соншалықты қиын мәселе емес. Қазіргі түсіріліп жатқан фильмдердің бюджеті тәп-тәуір. Демек, дұрыс көзқарас, жанашырлық болған жағдайда, қазақ киносы да өз кейіпкерлерін лайықты сипатта көрсете алар еді. Сонда біз де экранға қарап отырып, қарадай қысылмас едік...
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz