Біз үшін жалғыз ғана мемлекет бар, ол – Қазақстан!
Биылғы 5 мамырдағы Бүкілармиялық кеңесте мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тағы бір маңызды міндет – жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу...
Біз батырларымыздың ерлігін үнемі дәріптеп отыруымыз қажет. Осыған орай әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу керек. Сондай-ақ «Жас сарбаз» қозғалысын дамытып, оны ұлттық деңгейге көтерген жөн», - деген болатын.
Сонымен бірге, мемлекет басшысы: «Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді», - деп санайды. Иә, елімізде патриоттық тәрбие беру қызу қолға алынып жатыр. Тілге қатысты түйткілді мәселелерде өз шешімін таба бастады. Біз осылар турасында түрлі саладағы дарынды да жалынды жастарды сөзге тартқан едік.
Патриотизм мәселесіне назар аударуымыз керек!
Ульзана Кадырова,
Магистр, Филология ғылымдарының магистрі, Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі:
– Патриоттық тәрбие беру Қазақ білім беру саласының басым бағыттарының бірі болып табылатыны жасырын емес, егер осы басым бағытқа барша назарды аударып, шындап ден қоятын болсақ, онда жоғарғы дәрежедегі патриоттық сананың балғын оқушылар мен өскелең жастар арасында қалыптасуына қол жеткізе аламыз. Шындығын айтар болсақ, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бастап, КСРО тараған кезде орын алған барша қиындықтарды арта қалдырып, қазақ қоғамы тұтастай түбегейлі өзгеріске ұшырағаныа куә бола алдық.
Бір кездегі бодандық қамытынан құтылған бүгінгі Қазақстан сан ғасырлық тағдыр талайлы тарихы бар өз алдына тәуелсіз елге айна алды. Мен жоғарыда сөз еткен Қазақтың сан ғасырлық тағдыр талайлы тарихын тереңнен қопара қаузай түссек, дәл қазір патриотизм мәселесіне басты назарымызды аударуымыз керек. Меніңше, патриотизмге тәрбиелеу процесі ұлтымызда мыңдаған жылдардан бері жалғасып келеді. Оны тек бір ғана тарихи мезет, тек Тәуелсіздік алған кезімізбен ғана байланыстыра салу ғылыми-тарихи көрсоқырылық болар еді. Біз қазақ елінің барша тұрғындары қазіргі таңда ұлттық бірегейлікке, патриотизмге, ынтымақ-бірілік пен салт-дәстүрге құрметпен қарауға негізделген ортақ мәдениетімізді түзе алдық.
Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек!
Ақерке Кәрімова,
Тарих ғылымдарының магистрі, «Еуразиялық дизайнерлер одағының» мүшесі, Суретші:
– Ең әуелі өзіме қатысты қойылып отырған сауалдың, яғни, «Патриотизм» сөзінің түп төркінін түсіну үшін сөздіктерге көз жүгірттім. Шын мәнісінде бұл сөз бізге орыс тілі арқылы еніп отыр. Осы сөзді біз неге 28 дыбысқа бейімделген ана тілімізге бейімдеп қабылдамаймыз деген ой келді. Мен дизайнер болғандықтан қыл қалам әр елдің табиғатын, ұлттық болмыс-бітімін сол күйі береді. Тілге сөз қабылдауда неге солай етпеске. Осы арада ойымды кілт доғарып, Мемлекет басшысының республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы берген сұхбатындағы мына салиқалы төрт пікірді келтіре кетуді жөн көрдім:
«Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс.
Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.
Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.
Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын - күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» дегені бізге көп ой салады. Отан, Отанды сүю деген мағына беретін «Патриотизм» сөзін неге грек тіліндегідей «patris» деп қабылдамаймыз.
Суретті дизаин тек ұлттық нақышы болғанда ғана әлемді өзіне табынтады. Сөз тек ұлттық әуезесі болғанда ғана өзге жұрттың да жүрегіне жол табады. Орыс сөздерін қазақша айтуға бейімдеу үшін әр салада жүрген жастар өз үлесін қосу керек деп санаймын.
Нағыз патриоттық дегеніміз өз салаң бойынша қазақ сөйлеу!
Ерлан Айқынұлы,
Суретші:
– Осы жолы, Ерік мырза бізден, яғни, түрлі саладағы жастар қауымынан, тілге һәм әскери патриотизмге қатысты пікірімізді білмекші екен. Өз басым, Ақерке апайымды мен әріптес ретін де, талантты жас суретші ретінде қатты сыйлаймын. Ойымда жүрген ойды менен бұрын айтқаны үшін бек разымын. Акерке апайыма алып қосарым, біздің сурет саласындағы барша терминдер гректік һәм латындық шығу төркініне қарамай тек орыс тілінде қалай айтылса, солай жазылатындығы. Бұл – бір, екіншісі – қазір Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде сурет пен дизаин саласындағы ағылшынан енген сөздердің бәрі де қазақи емес, орыс тілінің заңдылығына бағынып қабылданып отыр.
Бізде бір жаман дағды бар. Өзге тілден енген барша кірме сөздердің бәрін тілшілердің мойына артып қою. Міне, осының кесірінен өз кәсібім бойынша кірме сөздердің жолында күресуімді нағыз патироттық рух ұстын деп білемін. Жоғарыда Ақерке ханым да Мемлекет басшысының 2020 жылы 25 маусымда республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы берген сұхбатындағы салиқалы төрт пікірін тіліне тиек етті. Осыдан қорытынды ой шығарып айтарым, нағыз патриоттық дегеніміз өз салаң бойынша қазақ сөйлеу тіліне бейімделген кірме сөздерді енгізуді өмірлік мұрат етіп, ұлтыңның бір кәдесіне жарау.
Жастар — күш - қуат және парасаттың бүршігі!
Нұрбол Ұлан,
Жас айтыскер ақын:
– Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің астарында тәуелсіз еліміздің тұрақты да, бейбіт түрде дамуының кепілдігі жатыр. Дәл қазір басты орында тілдік тәуелсіздік тұр. Тілімізді алмас қылышқа баласақ оның екі жүзі бар: бірі – ұлттық төл әліпбиіміз, екіншісі – түрлі кәсіп пен ғылым саласындағы қазақи сөйлеу әуеземізге бейімделген кірме сөз қабылдау үрдісіміз.
Тек ақын емес, өзімді болашақ фиолог маман ретінде QWERTY-ге бейімделген латын жазуын қабылдау мен ата - бабамыздан мәңгіге мұраға қалған 28 дыбыспен әлем тілдерінен сөз қабылдауды бірізге түсіретін кез келді. Жастар тілдік алмас қылышты ыжалаңдатып, ана тілімізді түрлендіре түлетуі керек.
2020 жылы 25 маусымда Мемлекет басшысының республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы берген сұхбатындағы: «Туған тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін көп жұмыс атқарылды. Оған дау жоқ. Мұны сырт көз сыншылар да айтып жүр. Бірақ олардың кейбірі мұндай үрдіске аса қуана қоймайды. Өйткені енді қазақ тілінің дамуын тежеп, ел ішінде кең өріс алуын тоқтату мүмкін емес екенін сезеді» деген пікірі барша жастарға ой салуы керектей. Түрік халқының ойшылы, ақыны Фетхуллах Гуленнің: «Жастар – күш – қуат және парасаттың бүршігі. Жақсы тәрбиеленіп, бағыты дұрыс көрсетілгеннің арқасында қиындықтарды жеңген Геракл сияқты жүректерге жарық беріп, әлемде тәртіп орнататын күшке айналады». Біз тілдік қиындықтарды жеңген қазақ Гераклі болуды мақсат етуге тиіспіз.
Біздің ұрпақтың маңдайына қазақты 28 дыбыстық сөйлеу мен жазуға оралтудың тарихи – патроиоттық миссиясы жүктелініп отыр. Осы бағытта әрі ақын, әрі филолог ретінде өзімнің патриоттық парызымды сарқа жұмсамақпын.
Абайдың қара сөздерінің патриоттық тәрбие берудегі маңызы зор!
Мұратбек Жібек,
«Жас Дебатшы», студент:
– Жас дебатшы ретінде айтарым, Абай шығармаларында ұлттар мен мәдениеттерді жақындастырудың қуат көздері сыртқа лықсып, ұлт оқырманына рухани жағынан жетілген кемел адамға айнала алуымыздың жолы айқын нұсқалып көрсетілген. Абайдың қара сөздерінің әсіресе, патриоттық тәрбие берудегі маңызы зор. Білімге ұмтылушы барша жастар үшін айрықша құндылығымен көзге ұрады. Өйткені ғылым да, өнер де жастар үшін десек те, бойында патриоттық сезімі жоқ жастар алған білімі мен біліктілігін туған халқы үшін жұмсамай, тек өз қарақан басын күйіттеп кетеді.
Хакім Абайдың «Қара сөздері» біздерге, жастарға Абайша ойлануға үндейді. Кейде мен өзіме «Егер біз тап Абай бабамызша ойлана алсақ?» деген сауал қойып, оған Егер біз тап Абай бабамызша ойлана алсақ, онда қазақ ұлтының әрбір өкілі өзіне сын көзбен қарап, ішкі жан дүниесі нұрланып, «Адамзатты сүюі» керек деген жауап бергім келеді.
Хакімнің өлмес мұрасы «Қара сөздері» ұлт оқырманын тұңғиық ойға батыратыны жасырын емес. Өз басым Абайды оқымаған жас өзін ешқашан Қазақстанның патриотымын деп санауға тиіс емес. Бұл туынды ішкі әлеміңе рух - байлықтың ұрығын сеуіп, әр оқырманына терең парасаттылық пен өзгелерді сыйлау қажеттігінің құндылығын танытуға бағытталған Абай әлемінің бір бәйтерегі іспетті кемел қазына деуімізге болады.
Абай қазаққа қалай сын көзбен қараса, менде жоғарыдағы тілге қатысты айтылған ойлардың бәріне жастар сын көзбен қарап, бодандық кезде қазақ сөйлеу тілі мен жазу тіліндегі олқылықтар мен қателіктерді түзеп, нағыз бабалар тілінің исі аңқыған кірме сөз қабылдаушы елге айналғанымызды армандаймын. Өз басым бір дебатымды «неге біз кірме сөздерді орысша жазып, орысша айтуымыз керек?» деген тақырыпқа арнасам ба деп отырмын.
Ұлты үшін Ойшыл Абай даналық ойларымен жаңа бір дүниенің есігін ашса, біз жастар қазақ жазуы мен кірме сөз қабылдауының кілтін тауып, ұлт кәдесіне жарап нағыз патриот ретінде өзімізді таныта білуіміз керек.
Түйін: Жастардың айтқан уәжді сөздеріне разы болып аталған мақаламызды: «...Халыққа айтарым, бұл дүниеде қазақтардың тағдырын тек өзіміз ғана шешеміз. Біз үшін жалғыз ғана мемлекет бар, ол – Қазақстан. Бұл – біздің қасиетті Отанымыз. Басқа Отанымыз жоқ. Отанын қорғау, халқының амандығын сақтау – әр азаматтың борышы. Осыны ұмытпауымыз керек. Қазақ елі жасай берсін!» деген Президентіміздің аталы сөзімен аяқтығым келеді.
Ерік Қайратбекұлы
Abai.kz