Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3076 0 пікір 18 Қыркүйек, 2013 сағат 10:37

Сарбаздарымыздың бірін – табытқа, бірін түрмеге тоғыту қайтсек тыйылады?

Өз-өзіне қол салды. Бұл – Отан алдындағы міндетін атқарып жүріп белгісіз жағдайда қайтыс болған сарбаздардың өліміне қатысты айтылатын жауапты органдардың жаттанды сөзі. Өз-өзіне қол салды деген сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары «сүйегі сынып, үсті-басы көк ала қойдай болып кеткен» деп шырылдап жатса да, болған жағдайдың ақиқаты анықталмаған күйі боздақтар жер қойнауына, мәңгілік сапарға аттанып кетіп жатыр. Сонда да әскери құрам басшылары «әскерде әлімжеттік жоқ» дегеннен танар емес.

Өз-өзіне қол салды. Бұл – Отан алдындағы міндетін атқарып жүріп белгісіз жағдайда қайтыс болған сарбаздардың өліміне қатысты айтылатын жауапты органдардың жаттанды сөзі. Өз-өзіне қол салды деген сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары «сүйегі сынып, үсті-басы көк ала қойдай болып кеткен» деп шырылдап жатса да, болған жағдайдың ақиқаты анықталмаған күйі боздақтар жер қойнауына, мәңгілік сапарға аттанып кетіп жатыр. Сонда да әскери құрам басшылары «әскерде әлімжеттік жоқ» дегеннен танар емес.

Әрине, сарбаздар арасында әлімжеттіктің бол­­мағанын, Отан алдындағы борышын өтеуге бар­ған әрбір азаматтың әскери тәртіпке бейім­де­ліп, міндетін абыроймен атқарып, аман-есен туған топы­рағына оралып, ата-анасымен қауышқанын әркімнің де тілері анық. Алайда, өкінішке қарай, бейбіт заманда Отан алдындағы азаматтық боры­шын атқарып жүріп жарық дүниемен қош айтысып кетіп жатқан сарбаздар жайлы ақпарат бұқаралық ақ­парат құралдарында жоқ дегенде айына бір рет бой көрсетіп жатыр. Бұл – журналистер қауымына белгілі болып жатқандары. Ағымдағы жылдың тоғыз айында қанша сарбаз қайтыс болғаны жайлы нақты мәлімет алу мүмкін болмай отыр. Өйткені жауапты орган мамандарына хабарлас­са­ңыз, түрлі сылтау айтып нақты жауап беруден тай­сақтайды. Сондықтан кей жағдайда бейресми дерек көздерінің мағлұматына жүгінуге мәжбүр боламыз. Алайда бейресми мағлұматтарға жүгіне қалсаңыз, «біз өзіміз нақты жауап берер едік қой» деп артынан байбалам салып жататындар да табылады. Сондықтан да тек ағымдығы жылдың жеті айында баспасөз беттерінде жария болған жағ­дайларды ғана келтіргенді жөн көрдік. 2013 жылдың жеті айында сарбаздардың өз-өзіне қол салу жағдайына қатысты жеті оқиға баспасөз бе­тін­де жарық көріпті.

Нақты айтар болсақ:

24 қаңтар күні Жамбыл об­лы­сында мерзімдік әскери қызметін ат­қарып жүрген сарбаз жазатайым көз жұмған. 4 сәуір күні Астанадағы әс­кери бөлімшеде қатардағы сар­баз асылып қалған. 5 сәуір күні Қа­ра­ғандыда сарбаз автоматты қа­ру­дан өзін-өзі атқан. 15 сәуірде 32 жас­тағы сержант табельдік пистолеттен аты­лып өлген. 7 маусым күні Өскемендегі әс­кери бөлімнің сарбазы тамырын кесіп, жа­рық дүниені тәрк етпек болды. 16 шіл­де­де Жамбыл облысында шекара қыз­ме­тін­дегі кіші сержант автоматтан ажал құш­ты. 31 шілдеде Маңғыстау облысында ше­кара бекетінде қызмет атқарып жүрген жа­уынгер асылып қайтыс болған. Ал қыр­кү­йектің алғашқы күні Шығыс Қазақстан об­лысындағы Зайсан шекара отрядында Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүр­ген 18 жасар сарбаз көз жұмған. Тер­геу барысында анықталғаны, сарбаз ше­ка­ра заставасы басшысының орын­ба­са­рына тиесілі қарудан атылған оқтан опат бол­ған. Шекара басшылығының жауабы бәз баяғы – өз-өзіне қол жұмсады. Алай­да шекара заставасы басшысының орын­ба­­сарына тиесілі қарудың сарбаз қолына қа­лай түскені жұмбақ.

Аталмыш жағдайлардың басым бө­лі­гінде әскери прокуратура мамандары «өз-өзіне қол жұмсауға жеткізген» деген кү­дік­пен қайтыс болған сарбаздың қыз­­мет­тес­те­рінің үстінен қылмыстық іс қоз­ғап жатса да, әскери бөлім басшылары «қыз­мет ба­рысында абайсызда өз-өзін атып ал­ды, өзін-өзі белдігіне асып қойды, әскери бө­­лім­де әлімжеттік жоқ» дегеннен танған емес.

Толымбек АЙТЖАНОВ, әлеуметтанушы:

– Өзім де әскерде болдым. Әскерде әлімжеттік бар екені рас. Қызметте болған кез келген азамат мұны растай­тын шығар. Тек әлімжеттік әр жерде әр­түрлі. Қай жерде тәртіп қатаң болып, ко­ман­дирлер өз міндетіне жауап­кер­ші­лікпен қарап, сарбаздарды үнемі ба­қылауда ұстаса, ондай жерде әлім­жет­тік аз болады. Ал егер командир өз міндетін «дедтерге» жүк­теп қойса, он­дай жерде бақылау бол­майды. Салда­ры­нан қайғылы оқи­ға орын алуы да мүмкін. Сондықтан ко­мандирлердің жауапкершілігін арт­тыру керек.

Айды етекпен жауып болмайтыны сияқ­ты, әскердегі әлімжеттіктің бар еке­нін жасырып жаба алмаймыз. «Устав» бо­йынша емес, қызметке алдымен келген сар­баздардың кейін келген сарбаздарды жа­зылмаған ережелермен тәртіпке ша­қы­рып, бағынбағандарын күштеп, ұрып-соғып бағындыру үрдісі – Тәуелсіз Қазақ­стан армиясына кеңестік армиядан қалған мұра. Кеңес әскеріне бұл жазылмаған ере­­желер түрме жүйесінен енген екен. Түр­­­меден келген мұраны түбегейлі жой­ма­­­йын­ша, жастарымыздың бірін – та­бытқа, бірін түрмеге жатқызу тоқтамай­ды. Оны жою­­дың бірден бір жолы – офи­цер­лер­дің жауапкершілігін арттыру. Яғни әс­ке­ри бөлімде сарбаздарға қатысты қай­ғы­лы жағ­дай орын алса, «өз-өзіне қол жұм­­сады» деп «қазанның қақпағын» жаба сал­май, тікелей командирлерді қатаң жа­заға тарту қажет.

Людмила КОСТЕНКО, «Солдат аналары» комитетінің мүшесі:

– Талай рет Отан алдындағы мін­детін атқарып жүріп қаза болған сол­дат­тардың өліміне қатысты өткен сот оты­рыстарына қатыстым. Кей жағ­дай­да әлімжеттіктің болғаны көзге ұрып тұрса да, дәлел жеткіліксіз бо­лып, іс жа­былып жатады. Ал дәлел­ден­ген жағ­дайда, бір өрімдей жас қыл­мыскер болып қамалады. Сол сәт­тегі ата-ана­сының күйін көріп, жа­ным ауырады. Бі­реуінің баласы өліп қайғырса, екін­шісі баласы қылмыскер болып түрмеге қа­малғандығына қай­ғы­рады. Олар ба­­­ла­сын өлім­ге не қыл­мыс жасауға жі­бер­ген жоқ қой. Олар­дың бірі өліп, бірі абай­­сыз­да қыл­мыскер болуына бө­лім ко­­ман­дирлері тікелей кінәлі. Бі­рақ әс­ке­­ри бөлімде әлімжеттік бо­лып, сол­даттың қа­за тапқаны үшін командирлердің түр­­меге отырғанын көрген жоқпын. Әрі кетсе, қызметтен шеттетеді. Біре­уі­­нің баласы өліп, біреуінің баласы түр­­меге қамалып қайғы жұтып жат­қан – тек ата-аналар ғана.

Қазақ қашан да жауынгер халық бол­ған. Осыншама ұлан-байтақ жер бізге елін-жерін найзаның ұшымен, білектің кү­шімен қорғаған ұлы бабаларымыздың бір­лігі арқасында мұраға қалды. Сон­дық­тан да әскердегі әрбір сарбаз жеңістің кілті бірлікте екенін әрдайым есте сақтауы керек.

Әмірбек ТӨГІСОВ, генерал-майор:

– Әскердегі әлімжеттікке қарсы ке­шенді жұмыстар жүргізу қажет. Ең ал­дымен, мектеп қабырғасында ал­ғаш­қы әскери дайындық пәнін оқыт­қан­да жастардың санасына бір-бі­рімен дос бо­луды, әлімжеттіктің қыл­мысқа ұрын­­дыратынын сіңіруіміз қа­жет. Екіншіден, әрбір әскери оқу орнында педогогика-психология пәнін енгізу керек. Бо­лашақ командир әр сарбаз­бен оның мі­нез-құлқына қарай қалай жұмыс іс­теуді меңгеруі тиіс. Үшін­ші­ден, әскери прокуратура қыз­мет­кер­лері әскери бөлімдерге барып, әлім­жет­тіктің қыл­мыс екенін айтып, оның заң­дық жауап­кер­шілігі туралы дәріс өт­кізіп отыруы керек. Содан кейін бір кез­­дері Мұхтар Алтынбаевтың тұ­сын­да­ғы әлеуметтік делдал лауазымын қай­­та енгізу қажет. Әлеуметтік делдал ла­уазымындағы офи­цер сарбаздар­дың дұрыс тамақ­тануын, медициналық кө­­мек алуын, сарбаздың ауылдағы ту­ған-туысымен хабарласып тұруын қа­дағалап, сарбаз­дың командирлер­ден жасырып айтпай жүр­ген жағдайлары бол­са, анықтап, нақ­ты әлеуметтік-пси­­хо­­логиялық кө­мек көрсететін. Сол кез­­де ол өз нәти­же­сін беріп, сарбаздар ара­сындағы әлімжеттік азайған еді. Та­­ғы бір айта кетер мәселе келісімшарт не­гізінде әскерде қызмет ететіндерге қа­тысты. Жасыратыны жоқ, кей жағ­дай­да олар­дың жас сарбаздарға күш көр­сету фактілері орын алып жатады. Сон­­дық­тан олармен шарт жасасқанда жа­уап­кер­шілік жайын қатаң ескерту ке­рек. Егер осы кешенді шараларды ат­­қар­сақ, әскердегі әлімжеттік, суицид азаяды.

Автор: Қалдар КӨМЕКБАЕВ

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369