Сенбі, 23 Қараша 2024
Әріптестің әңгімесі 3722 42 пікір 24 Қараша, 2023 сағат 14:09

Астана Тасмағамбетовты ҰҚШҰ-дан алып тастамақ...

Кремль бұлбұлы Мәскеу базарынан көңілсіз қайтатын болады дейді, DALA INSIDE дереккөзі. Себебі, «ОДКБ» төрағасы Иманғали Тасмағамбетов Мәскеуде Қазақстанның сыртқы дипломатиялық көзқарасына мүлдем керағар мәлімдемелер жасай бастады.

Тіпті Астанаға келген Франция президенті Эмманюэль Макрон Тасмағамбетов туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін білгісі келген. Макрон Еуроодақ атынан Тоқаевқа «Тасмағамбетовтың сөздері Қазақстан саясатының аясында айтылып жатыр ма?» деген ауыр сұрақ қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Минскте өткен «ОДКБ» саммитінде Тасмағамбетовке дипломатиялық емеурінмен нақты сигнал бергенін көрдік.

«ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, Ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс», –  деді, Тоқаев.

Тасмағамбетов «ОДКБ» төрағалығына отырып алып, тура Путин мен Лукашенко сияқты «Ұжымдық Батыс қауіп төндіріп тұр. АҚШ, Еуропамен күресу керекпіз» деген сарындағы пластинаны қайта-қайта айналдыра бастады. Онысы Путинге майдай жақса, Ақорданың ашуын келтірген. Себебі Қазақстан өзін ОДКБ-ның батысқа айдап салуына мүлдем қарсы. Ал Иманғали Нұрғалиұлы Қазақстан азаматы болғандықтан, оның осы қылығы бізге Еуроодақ пен АҚШ санкцияларын алып келуі әбден мүмкін.

Бір қызығы, Лукашенко Тасмағамбетовке «Бәкиев сценарийі» бойынша гарантия беріп қойған. Егер «Жаңа Қазақстан» мен «Ескі Тасмағамбетов» арасы суып жатса, онда Тасмағамбетов Қазақстанның көк паспортын жыртып тастап, сол сәтте Беларусь азаматтығын ала алады. Бұл ұсыныс Нургалиевичке ұнаса да, оның түпкі жоспары басқа.

Қазақстан 2024 жылдан бастап «ОДКБ» төрағалығын қолына алады. Жаңа жылдан бастап Тасмағамбетов мандатын тапсырса, «Сол жағалау» оның орнына «ОДКБ» басшысы қылып үйде жұмыссыз жатқан Ералы Тоғжановты жіберуді ойластыра бастады. Тоғжанов бір ай болды үйде кішкентай бала бағып отыр. Егер Қазақстан «ОДКБ-ны» ыдыратуды мақсат етсе, онда Ералы Тоғжановтан артық кандидат жоқ. Тоғжанов кез-келген шаруаны жарты жылдың ішінде кері кетіріп, үлкен жобаларды ірітіп жібере алатынын бірнеше рет дәлелдеді.

Тасмағамбетов неге өйтті?

Иманғали Нұрғалиұлы Қазақстан өзін кезінде бағаламады деп санайды. Ал Ресей керісінше оны бағалап, көтермелеп, көпшік қойып, өз мақсатына пайдалана бастаған. Тасмағамбетов баяғы амбициясын жоғалтқан жоқ. Сол себепті, 2029 жылы президенттік сайлауға түсу сценарийін ойластырып отыр. Және Кремль мен «ФСБ» қолдауын сұрады. Кремль Тасмағамбетовты соңына дейін қолдап, Қазақстан президенті қылуға дайын. Тек Иманғали Тасмағамбетов өз кезегінде Қазақстанды Ресей-Беларусь одағына кіргізіп, кіші КСРО құруға барынша ат салысуы тиіс.

Әзірге Кремль Тасмағамбетовке Татарстаннан жақсы ақша түсіп тұратын бизнес беріп қойды. Иманғали Нұрғалиұлы биылдан бастап өзінің шын қожайыны Владимир Путин екенін анық түсінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тасмағамбетовтың бұлай өзгеретінін еш күтпеген болатын. Сондықтан, енді жедел қимылдамаса ертең жағдай ушығып кетерін Ақорда аналитиктері біліп отыр. Кремль мен «Ескі Қазақстан» күш біріктіріп, Тасмағамбетовке дем берсе, болашақта қазақ елінің тәуелсіздігіне қауіп төнетін болады.

Abai.kz

42 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371