«Атымды адам қойған соң...»
Өмір туралы үш өрім
Ұлы Абайдың заман мен замандас туралы көзқарасын ақынның асыл мұрасы паш етеді. Қоршаған орта мен айналасы жайында ой толғаған Хакім өз өмірін де өлеңмен өреді. Әлбетте, «дүние есігін ашқан соң» көріп, білген және көңілге түйген алғашқы әсерлерінің сүйініші мол. Бірақ, «ерте оянып, етекбастыны көп көріп», тірліктің қыр-сырын таныған сайын «неге бұлай?» деп, санасын сарсылтқан сан сауалға жауап іздейді. Адам баласының қарама-қайшылыққа толы «мінезіне» таңырқай келе жаны күйініп, тіпті, «жалғаннан» түңілгендей күй кешеді. Жуан атаның дарынды ұрпағының қараңғылық қапасындағы елінің ауыр тағдырынан қабырғасы қайысып, қабағын мұң басады.
«Қайран елі – қазағының» ұйқылы-ояу тіршілігіне көңілі толмай, оның келешегіне алаңдаған Хакім өркениет «жарығына» талмай жол іздеп, өз мақсатына да жетеді. Ерінбей еңбек етуді, білімге құмарлық пен үйренуге тоймауды, яғни «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» секілді бес асылды үлгі тұтады. Бұған қоса қандастарын бес дұшпан – «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан» сақтандырады. Шынында да, өмір – «бес күндік ер сынарлық бір майдан» ғана: «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ, Ертең өзің қайдасың, білемісің, Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ».
Кемеңгер ақынның шығармаларын зерделей келгенде, оның асыл мұраға «тұндырған» әуелгі ой-толғамдарының кейінгі туындыларында, оның ішінде қара сөздерінде де мейлінше өрістеп, шыңдала түскенін көреміз. Соның бірі – алпыс жастың асуының «етегіне» тізе бүгіп, яки бақилық боларынан екі жыл бұрын – 1902 жылы жазған «Тоты құс түсті көбелек» атты шағын өлеңі. Аталмыш үш шумақ шығарма ғұламаның осыған дейін талай айтқан өсиет сөздерінің өзіндік үш өрімі деуге лайық. Мұнда ол адамның «жарқылдаған» сән-салтанатты малданбай, «заман билеген» өмір сапарын мәнді аяқтауы туралы терең тағылым түйеді.
«Тоты құс түсті көбелек...»
немесе бірінші өрім
Қолымыздағы өлеңді оқи бастағаннан-ақ, тірліктің қызығының да, шыжығының да өтпелі екенін, түбі «таусылатынын» тағы бір түйсінеміз. Алланың адамға ғажайып сыйы – өмір «жаз сайларда гулеген тотықұс түсті көбелек» секілді көзді алдап, көңілді арбайды. Бұған елтіп, есіле шалықтамайтын жан сирек. Әсіресе, «көкірек зор, уайым жоқ» бозбала шақтың ду-думанының жетегінде кетпеу екіталай. Абай жазғандай, «өлең айтып, ән салып, біреуді қалжың қылып, қызды ауылды жағалаудың» жастыққа тән табиғи сезім екені де рас. Бұдан, бірақ дер кезінде аяқ тартып, «әуелі өнер іздеп, қыздың бірін ғана таңдап сүйіп, еңбекпен мал тапқанның» сыбағасы да толымды.
Хакім, әсіресе жастарға «Қартаймастай көрмелік, ойланалық... Күлкі баққан бір көрер бейшаралық... Уайым – ер қорғаны, есі барлық... Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық... Әсем салдық өлгенше кім қыларлық», - деген өсиет айтып, мұны ұқпасаң, жан иесін алдан тосқан «шошынарлық уайым көп» екенін ескертеді. Алайда, жас адамның тірлік сапарында жолды дұрыс таңдап, адам деген атқа сай өмір сүруі туған отбасы мен өскен ортасына тәуелді. «Басында әке айтпаса ақыл жарлық, - деп, тағылым түйеді ақын, - Ағайын табылмаса ой саларлық, Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?..».
Абай, сондай-ақ әрбір жастың шыңдалып, азамат ретінде қалыптасуында маңызды орын алатын қоғамдық ортаның теріс әсерін де жасырмайды: «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп, Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік, - деп, қынжылады ол. - Ойшылдың мен де санды бірімін деп, Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп... Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін, Көп надандар өзіне тартар бейім». Інісі Шәкәрім Құдайбердіұлы да «Жастарға» атты өлеңінде «Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық, Замандасы болмады сөзді ұғарлық», - дей келе ақын ағасының өкінішін бөлісіп, «қараңғы», кертартпа қоғамды жазғыра келіп.
Дегенмен, Хакім айналасында «сөзді ұғарлық бозбала жоқ» екен деп, қарындастарын оқу-білім мен еңбекке, адалдық пен әділдікке үндеген мақсатынан бас тартпақ емес. Себебі, «жасында ғылым бар деп ескермеудің, пайдасын көре тұра тексермеудің» салдарын ол жақсы біледі. Бұған да кінәні «қолымды дөп сермесем, өстер ме едім» деп, бастапқыда өз басынан іздейді. Ендеше, ақынның ұрпағын оқытуға күш салуы да өткендегі өкінішінің қарымтасы еді. Балаларын «медресеге берудегі» бар мақсаты да олардың «қызмет қылып, шен алуы» емес, білімді азаматтар болып, еліне пайдасын тигізуіне келіп саяды.
Қырық жасында «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» немесе «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» деп, ақынның «ашуының ашыған у, ойының кермек» татуының да басты себебін «сандалмамен күн кешкен» төңірегінен, «мұңдасарға сөзді ұғарлық» кісі таппаған өкінішінен іздеген жөн. «Өмірдің мәні неде?», - деген сауалдың да жауабын ақын ертерек табады: «Бәйшешектің солып, көбелектің өлмегі» секілді «өткен өмір қайта келмек тағдыр жоқ» екен: «... Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек. Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек, Өнерсіздің қылығы – өле көрмек...».
Олай болса, адам баласына «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» басшы болғаны абзал. Абайдың асыл мұрасы тіршіліктің көп замандас елеп, ескере бермейтін азды-көпті, тіпті бір сәттік қуанышын да бағалай білуді меңзейді. Өзі сүйіне отырып жырға қосқан туған жердің табиғаты мен адам мінезін шендестіре суреттеуі де содан. Ақын бірде, күздің ызғары, қыстың аязы арқылы кейбір кісінің қатал «табиғатын» елестетіп, жанымызды мұздатса, енді бірде замандастың көктем мен жаздың жаймашуақ «мінезіне» ұқсас болмысымен жадыратады. Өмірдің мәнін өлең сөзден, білім мен еңбектен тауып, Аллаға, адам мен әділетке деген махаббатты, үш сүюді аманат етеді.
«Адамзатқа не керек...»
немесе екінші өрім
Адам баласы, жаңа айтқандай, өмірге «қонақ» көрінеді: «Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек...». Демек, мынау «ер сынарлық бес күндік майданның» қатал сынынан лайықты өте білу ғанибет. «Адамзатқа не керек: Сүймек, сезбек, кейімек, - деп, толғанады Абай, - Қарекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек». Адамға ең керегі – сүйіспеншілік екен. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде ол «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және сүй хақ жолы осы деп әділетті...», - дей келіп, «Біріңді, қазақ, бірің дос / Көрмесең – істің бәрі бос» деген аманат қалдырады.
Сонда, ең алдымен, жүрегіміздің төрінде ыстық мейіріміне бөлеген ата-анамыз тұрады. Абай да әкесі Құнанбай қажыны ерекше мақтан етіп, үлгі тұтады. Бұған ақынның перзенті Әбдірахманның қазасына арналған «Арғы атасы қажы еді...» деген бір ғана өлеңін айтсақ та жеткілікті. Мұхтар Әуезов те «Абай жолы» роман-эпопеясында ұлы даланың салт-дәстүрі мен жол-жоралғысының «қалт кетпес» қорғаны – Құнанбай тұлғасын тарихи шындыққа сәйкес сомдайды. Ақынның Зере әжесі мен Ұлжан анасына және ғашығы Тоғжан мен талапты ұрпағына деген махаббаты да адамға сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
Хакімнің «Жаратушы иемізді, барша адам баласы мен әділетті» сүю туралы өсиетін түсініп, осы ақиқатқа мойынсұнғанда ғана иманың берік, ізгілікті жан болғаның. Өмірдің бар мәні де Алла тағалаға, бүкіл замандасқа және әділетке деген айнымас махаббатта екені ақиқат. Ақын 45-ші қара сөзінде де «адамшылықтың алды – махаббат, әділет» екенін қадай-қадай атап көрсетеді. Себебі, «махаббат – өмір көркі... махаббатсыз – дүние дос...» екенін ұққан жан үшін «жүректің көзі ашылса» керек. Ақиқатты да, әділетті де сонда танимыз, «зұлымдықтың бетін ашатын да әділет».
Адалдық пен әділдіктің тірлікке арқатірек болып, оны жарқын ете түсетіні кәміл. Абайдың әділ болыс әрі әділ би болғанына Көкбай ақын бастатқан замандастарының естеліктері куәлік етеді. «Шындыққа, дұрыстыққа құмарлығын, жолдағы елден ерекше мінездерінің барлығын билікте анық көрсетіп жүрді, - деп жазады ол. - Билікке келгенде Абайдай әділ таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы, соңғы заманның қайсысы болса да көрген жоқ деп айта аламын. Абайдың билігіне, Абай тергеуіне әрқашан ел ішінде шиеленісіп, ұстасып жүрген жаулары құмар болатын» («Абай туралы естеліктер», «Қаламгер» баспасы, 208-б).
Ұлы ақынның Алла мен адамды сүюден кейінгі өсиет еткен ақиқат да – әділет: «Досыңа достық – қарыз іс, Дұшпаныңа әділ бол...», - деген ұлағат қалдырады Хакім. Шынайы достықтың адамдар арасындағы әділетті қарым-қатынастың өзіндік айнасы екені де даусыз. Мұны Абай «адамдық қарызы», яки асыл қасиет ретінде дәріптейді: «Дос-асықтың болмайды бөтендігі, Қосылған босаспайды жүрек жігі... Құдай берген бұл достық – кәннің бірі, Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі». Бірақ, ол сатқындықтың да ащы дәмін аз татпай, жанына «сая» іздеп, жабығады. Адал көңілін «итмұрындай жыртқан надандықтан» күңіреніп, достықты «жоқтайды».
Жау жағадан алғанда доспын деп жүрген «көптен тату қимасың бұзылып, дұспандығын оздырса», не шара?! Құдайдан қорықпайтын антұрған «Басыңа жұмыс түскен күн / Татулықты бұрынғы / Не қылып ол ойласын? Ашып берер жауыңа / Өзі көрген қоймасын...». Әлгіндей, «күн жауғанда қойныңда, күн ашықта мойныңда» жүргенін ұмытатын, «жаман достың «көлеңкеден» айырмасы жоқ. Хакім 37-ші сөзінде жазғандай, ондай зымияндардан «Басыңды күн шалса, Қашып құтыла алмайсың; Басыңды бұлт алса, Іздеп таба алмайсың». Ендеше, «досы жоқпен сырласып, досы көппен сыйласқан» татулық бәрінен қымбат.
«Заманды қай жан билемек..»
немесе үшінші өрім
Сонымен Абай «Тоты құс түсті көбелек» өлеңінің алғашқы екі өрімінде Алланың ғажайып сыйы өмірдің өткіншілігін, оның мәнді болуы – «сүймек, қарекет қылмақ және ақылмен ойлап сөйлемек» екенін санаға құяды. Ал, өмірдің ғажайып сый ғана емес, Алланың ғаламат сыны да екенін осы шығарманың үшінші шумағында пайымдаймыз: «Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек?». Мұны да баршамыз күнделікті көріп те, сезініп те жүрсек керек. Заман ағымына қарсы «жүзудің» қиямет екені белгілі. Демек, оның ырқына көніп, ығынан пана іздейтініміз де, өмір базарында «әркімнің өз іздеген нәрсесі бары» да шындық.
Біздің әрқайсымыздың, сондай-ақ бақыт туралы ұғымымыз да, ұстанатын бағыт-бағдарымыз да әртүрлі. Абай осы жолда «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстағанда» ғана адам баласының «толық адам» болатынына, яки кемелдікке жететініне оқырманын ұйытады. Алайда, «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, - деп жазады ол өзінің 38-ші қара сөзінде. - Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің». Осы үш кеселдің салдарынан «арамдықты еп көріп, тоқтау айтқан кісіні шет көріп, ит қорлықпен күн кешетін» екіжүзді, сұйық жандарды аға буын біршама білеміз.
Хакім де әлгіндей пенделердің тұрлаусыз мінезінен еріксіз күйінеді. Тіпті, көңілі әбден суына келе, бұ дүниеде жападан жалғыз қалғандай құлазиды: «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да, Алдамаған кім қалды тірі жанда? Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, жалғыз-жарым болмаса анда-санда». Бас пайдасы үшін жолдас болғансып, жалп-жұлп құрақ ұшып, «бастан жыға қисайғанда мұнан менің қай жерім аяулы деп, майданда бірге тұрып қалатын жан» аздау. Пендеңнің осы әлсіздігіне қанша кешіріммен қарауға тырыссақ та, «жау жағадан алғанда оған қосыла тақымдайтын» соғындыдан сақтасын деңіз.
Амал қайсы, бақиға жастай озбасаң, ондайды да көресің. «Ішім өлген, сырты сау, Көрінгенге деймін-ау. Бүгінгі дос – ертең жау, Мен не қылдым, япырым-ау», - деп, жабыққан Хакіммен бірге біздің де жүрегіміз шаншиды. Жалпы, қоғамда «адамсып босқа талтаңдаған татымсыз» жан аз емес. Абай әлгілердің бетпердесін сыпырып, сыбағасын береді: «Ақыл жоқ, қайғы жоқ онда, Ісі жоқ – теріс пе, оң ба? Тіленіп, телміріп ізденер, Тиын ба, яки сом ба?». Ол «жасынан үлгісіз, ешкі көзденген» алаяқтарды сөз «сойылмен» шаңға аунатып, сілесін қатырады: «Жайы мәлім шошқаның, Түрткенінен жасқанба... Үйтіп асқан жолығар / Кешікпей-ақ тосқанға».
Кейбіреуді жақын біле түскен сайын ақынның «күңгірт көңілі сұрғылт тартқан бейуақпен» сырласып, «қорлықпен өткен қу заманға» қабағы түйіледі: «Бір кісі мыңға, Жөн кісі сұмға, Әлі жетер заман жоқ. Қадірлі басым, Қайратты жасым / Айғаймен кетті, амал жоқ». Кемшіліксіз, әрине кісі жоқ: еріншектік, өзімшілдік, қызғаныш пен бақталастық әркімнің-ақ бойынан табылады. Бірақ, әділ адамның сол кемшілігін тыя біліп, адалға тілеулес болу қолынан, әбден келеді. Әйтеуір, қасақана алдап, қулық-сұмдығын асыратындарға, жолықтыра көрмесін. Жолдас болғансып, қиындықта жалт берген опасыздар «ұрлаған» алтын уақыт обал.
Біздің замандастарымыздың арасында да Аллаға шын иланған, ойы көркем, ниеті таза мүминдермен қатар екі жүзді мұнафықтар да баршылық. Олардың сырты мұсылман көрінгенімен, сөзінде бәтуа жоқ, ісі – баянсыз екенін кештеу біліп жатамыз. Екіжүзді кейбіреу өтпелі болғаны үшін ғана «жалған» атанған өмірді өтірікпен «жөрмеп», былғап бағады. Ондай сұйық, алаяқ жанның аз екені ғана көңілге таяныш. Өйтпесе, алаяқтар бірде жылмаң қағып, момынды алдап соқса, енді бірде ақша үшін «шошқа сауудан» да тайынбайды. Жақсылыққа жақсылық жасамайтын, күнкөрісі үшін ар-ұятты ұмытып, қызғанышын күшпен жасыратын да солар.
Ондай зымиянның «құрығына түскенімізді» көпшілігіміз кеш те болса, ұғып жатамыз. Бірақ, ата-әжелеріміз айтқан ертегілердегі достық пен адалдықты үлгі тұтып өскендіктен, алаяқтардың өтірігі мен лас әрекетін байқасақ та, көпке шейін сенбейтініміз өкінішті. Көңілде жылт еткен күмәнді «сұйық пен жылтырдың» алдыңда құрдай жорғалап, «ләпбай» қаққан «бейкүнә» жүзі жуып-шайып жібереді. Ал, оның шын бейнесін көргенде үндемей де қалу да мүмкін емес. Абай айтқан «заманға күйлейтін жамандардың» түк болмағандай, дәнеме көрмегендей, айналасын алдап-сулап, талтаң қағуы қоғамның кембағал дәрежесін көрсетеді.
Осы алаяқтық ғалымдар «сұйық заман» деп айдар таққан қазіргі кезеңде бұрынғыдан бетер ушыға түсуде. Бұл заманның «сұйық» аталуы қоғамның тұрақсыздығымен, жалпыадамзаттық, оның ішінде отбасылық құндылықтардың «арзандап», адамның құбылмалы, яки жаңа жағдайларға «күйлегіш» болуымен түсіндіріледі. Айталық, кейбір жан саяхатшы секілді мекен-жайын, жұмыс орнын жиі өзгертеді. Сондай-ақ, жұбайына, дәстүрлі қарым-қатынастарға немкетті қарау мен саяси және жыныстық бағдарын өзгерту қалыпты жағдайға айналады екен. Осындай екіжүзді «сұйықтар» техника мен технология жетістіктеріне де «алақандарын» ысқылайды.
Соның салдарынан ғылым мен техниканың шапшаң дамып, ғаламтордың кең өрістеуінің жағымды және теріс әсерлерінің жарыса етек жаюының куәсіміз. Осыны алаяқтар арам мақсатына жаратып, мыңдаған шақырым жерден-ақ, талай жанды зар қақтыруда. Уақытша болса да «айдарларынан» жел ескен алаяқтарды ауыздықтаудың қиындығы да сонда, арам пиғылдылар қылмыстарын алыста отырып, көрінбей жүзеге асырады. Алайда, кешегі кеңестік қоғамда өмір сүрген Сіздер мен біздер де жалған тірлікке тұрмыс жағдайын себеп қылған арам мен қуды да көрдік. «Мыңмен жалғыз алысқан» Абай заманында да әлгілер аз болмапты.
Бұған халқымыздың «жарлы болсаң, арлы болма» секілді ескірген, қасаң мақалдары да дәлел болады. Мұның, бұра сөйлегенге болмаса, мағынасы ұяттан жұрдай: «Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес», - деп, Хакім түсіністік танытқандай да болады. Рас, «Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі». Алайда, екіұшты мақалдың астарына үңілген ақын кейбір бай мен жарлы, би мен болыстың, «жүз қараға екі жүз аларманның» түр-сиқынан еріксіз түңіледі.
Осы «сырқаттың» нарық кезінде бұрынғыдан бетер асқынғаны мәлім. Тегінде, «Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп», еңбекпен тапқанын қанағат тұтқанға не жетсін! Жең ұшынан жалғасып, ақшаға арбалған кейбіреу, тіпті қасиетті Меккеге сапарлаудан қысылмай, қайта оралған соң да, арандарын тыймайды. Ондай «сұйық» кісәпірлер жағдайға тез бейімделіп, жаңа таныстарының ығына да тез жығыла кетеді. Жалпы, «сұйық» заттардың құйған ыдыстың пішінін бірден қабылдайтыны секілді олар да иіліп, бүгілуге құмбыл. «Сұйық» бірде кедергінің ернеуінен асып төгілсе, енді бірінен «саңылау» тауып, тіпті кейбірін «езіп» берекені алады.
Алаяқтар да сұйық зат секілді шапшаң «құбылуы мен өзгеруінің» арқасында замандасты жанын «ерітіп, елжіретіп» жүріп, сазға отырғызады. Ондайлар әрқашан өз пайдасын күйттейді, ұсталып қалса, өзін – жазықсыз «құрбан», сені кінәлі етіп көрсетуге дайын. Жақсылықты тез ұмытып, кешегі көкесінің есімін жаңа бастығының миына құйып ала қойған ныспысымен қалай шатастырғанын да байқамайды. Бірақ, алаяққа не дауа?! Тегінде, жаңағыдай «иленгендер мен күйлегендер» болмаса, заманды билеу еш мүмкін емес. Сондықтан адамды алдамақ түгілі, ұлы ақын Мұқағали айтпақшы, замандасқа «көлеңкеңді» де түсірмеу ғанибет!
Бүгін біз де заман мен замандас туралы қалам тербесек бұл, ұлы Абай жазып қалдырғандай, «әділетсіз, ақылсыз, арсыздарды, көргенде «көңілде тыныштық тұрмастың», «сұйық» заманда елді ішінен ірітетін «қаны сұйық» жылпос пен алаяқтан, тым құрыса сақтандыру еді. «Өзім күйдім, басқалардың менен несі әулие» деп қол қусырмай, жақсыға – жанашыр болып, жаманды жалғанның жарығына шығарғанға не жетсін! Адамның заманды билей алмайтыны, әриене даусыз. Бірақ «заманға жаманның ғана күйлеп, замана оны илейтіні» айтпақ ойдың түйіні, алаяқ пен екіжүздіге шығарған үкім десек, бұған Сіз де келіссеңіз керек.
Болат Жүнісбеков, жазушы
Abai.kz