Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4106 0 пікір 26 Қыркүйек, 2013 сағат 08:45

Әкім сайлау: Шудан шу шығып жатыр

Тамыз айының басында еліміз бойынша барлық аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтердің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауыл әкімдерін аудандық мәслихат депутаттарының сайлағаны белгілі. Яғни, 2,5 мыңға жуық ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келгендігі әрине қуантарлық жағдай. Бірақ, еліміз бойынша барлық әкімдердің 91,7 пайызын құрайтын ауыл әкімдері «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілгендей: «демократиялық» жолмен сайланды ма, жоқ, хакім Абай айтқандай: «Бар малымды шығындап болыс болдым мінекейдің» кері келіп, баяғы баз қалпындай күштілер мен дәулеттілердің «сайлауы» болды ма?  Десек «демократия» сөзінің тек қағаз жүзінде ғана құжат беттерінде қатталып қалып қойғандығын уақыт көрсетті. Осылайша халықтың: «өз әкімімізді өзіміз сайлайтын болдық» деген үкілі үміті су сепкендей басылып қалды...   

 

Мемлекеттік қызметшінің өзі Елбасы тапсырмалары мен стратегиялық жоспарларын орындаудан бас тартты

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «...Осылайша, біз азаматтармен тікелей жұмыс жасайтын және мәселені жергілікті жерде шешетін барлық әкімдерді сайланбалылықпен қамтитын боламыз.

Тамыз айының басында еліміз бойынша барлық аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтердің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауыл әкімдерін аудандық мәслихат депутаттарының сайлағаны белгілі. Яғни, 2,5 мыңға жуық ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келгендігі әрине қуантарлық жағдай. Бірақ, еліміз бойынша барлық әкімдердің 91,7 пайызын құрайтын ауыл әкімдері «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілгендей: «демократиялық» жолмен сайланды ма, жоқ, хакім Абай айтқандай: «Бар малымды шығындап болыс болдым мінекейдің» кері келіп, баяғы баз қалпындай күштілер мен дәулеттілердің «сайлауы» болды ма?  Десек «демократия» сөзінің тек қағаз жүзінде ғана құжат беттерінде қатталып қалып қойғандығын уақыт көрсетті. Осылайша халықтың: «өз әкімімізді өзіміз сайлайтын болдық» деген үкілі үміті су сепкендей басылып қалды...   

 

Мемлекеттік қызметшінің өзі Елбасы тапсырмалары мен стратегиялық жоспарларын орындаудан бас тартты

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «...Осылайша, біз азаматтармен тікелей жұмыс жасайтын және мәселені жергілікті жерде шешетін барлық әкімдерді сайланбалылықпен қамтитын боламыз.

Азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды.

...Біз бүкіл әлеммен бірге өркениетті жолмен жүруге және қоғамның одан әрі демократиялануына  бағыт ұстауға тиіспіз» - деп атап өткендігі баршамызға аян.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы айтқан: «Біз... демократиялық бағыт ұстауға тиіспіз» - деген стратегиялық мақсаты басқа басқа әсіресе, Жамбыл облысы, Шу ауданы, оның ішінде Ақтөбе ауылында іске аспай отыр. Енді осы жоғарыда айтқандарымыз туралы біраз көрген білгендірімізді тарқата жазайық.

Үстіміздегі жылдың шілде айының басында Шу ауданы әкімі Б.Нүркенов аудандық Мәслихат хатшысы Б.Саудабаевпен бірге Ақтөбе ауылы халқымен кездесіп, алда ауыл әкімдерін сайлау науқаны өтетінін, сондықтан ауыл халқының пікірін білу үшін ауыл халқымен кездесу өткізіп жатқандығын айтқан болатын. Сол жиында Шу ауданы әкімі Б.Нүркенов Ақтөбе ауыл әкіміне сайлануға үш үміткерді таныстырды.  Б.Нүркеновтың айтуы бойынша Ақтөбе ауылының әкіміне үміткерлер:

Б.Байдаулетов, С.Бексұлтанов, Н.Абдрашов деген азаматтар болды.

Олардың екеуі: мысалы, С.Бексұлтанов Ақтөбе ауылына еш қатысы жоқ, басқа ауылдың адамы. Ал Н.Абдрашов Шу аудандық қаржы бөлімінде сектор меңгерушісі. Бұл азаматтар өздерінің Ақтөбе ауылына әкім болуға кандидат екендігін білмейді де, яғни, бұлар жалған кандидаттар. Аудан басшылығының бұндағы мақсаты Б.Байдаулетовті ешбір кедергісіз әкімдікке өткізу болатын. Себебі жеме-жемге келгенде С.Бексұлтанов пен Н.Абдрашов әкімдіктен бас тартып шыға келеді.

            Аудан басшылығы өткізген аталмыш жиында Ақтөбе ауылының тумасы Қ.Тойбаев деген азамат өз кандидатурасын әкімдікке ұсынды. Сол жиында Қ.Тойбаевтың айтуына қарағанда ауыл әкімдерін сайлау науқаны басталғанда, яғни 2013 жылдың сәуір айында өзінің кандидатурасын Шу ауданы әкімінің кадр бөлімінде рәсімдеткен екен (Шу ауданының бұрынғы әкімі І.Тортаевтың рұқсатымен), бірақ, белгісіз себептермен оның кандидатурасы алынып тасталған. Осы жағдайларды айта келе Қ.Тойбаев өзін-өзі әкім болуға кандидат ретінде ұсынды. Осыдан кейін сөз алған бір топ ауыл азаматтары ауыл әкіміне Б.Байдаулетовты емес, Қ.Тойбаевты сайлау керек деп дауыс береді. Жиналыс аяқталған кезде Шу ауданы әкімі Б.Нүркенов ауыл тұрғындары ұсынған Қ.Тойбаевты сайлауға кандидат есебінде тіркеуге уәде берді. Бірақ белгісіз себептермен Қ.Тойбаев сайлауға құжат қабылдау аяқталмағанына қарамастан сайлау тізімінен алынып, сайлауға қатыстырылмады. Бұл жерден аудан әкімі Б.Нүркеновтың Б.Байдаулетовке бүйрек бұруы, артықшылық жасау оқиғасын байқауға болады. Яғни, Б.Байдаулетовтың мақтан қылып:  «Б.Нүркенов менің туған жездемнің туған бөлесі, яғни мен бәрібір әкім боламын» деген сөзі расқа айналып тұр.

Дегенмен аудан әкімі ұсынған үш үміткерді де ауыл халқы   қолдаған жоқ еді. Керісінше Қ.Тойбаев деген азаматты ауыл халқы басымдықпен қолдаған болатын. Бірақ қалай болғанда да ауыл халқының 98 пайызы қарсы дауыс берген Б.Байдаулетовтың кандидатурасы сайлауға өтіп кетеді де, ауыл халқы жақтап дауыс берген Қ.Тойбаевтың кандидатурасы алынып тасталады. Бұл Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған: «әлемдік демократияланған бағыт ұстауға тиіспіз» деген стратегиялық тапсырмасына аудан әкімі Б.Нүркеновтың ашық қарсы әрекеті деп қалай айтпаймыз?!

Шу аудандық «Шу  өңірі» газетінің №55, 13 шілде 2013 жылғы санында Шу аудандық аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ербол Аймамбетов: «Сайлауға дайынбыз!» деп жазды. Егер де әкімдікке сайлауға түсуге үмітті көптеген азаматтарымыздың құқықтары тапталып жатса, қалайша «сайлауға дайынбыз!» деп басқа емес, білдей мемлекеттік қызметші, сайлау комиссиясының төрағасы жалған жазады?! Осының өзі мемлекеттік қызметте кімдердің қызмет етіп отырғандығын аңғартса керек.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2013 жылдың 24 сәуірдегі №555 «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату» туралы Жарлығында: «Әкімдікке кандидаттар ұсынуды аудан (қала) әкімі жергілікті қоғамдастықпен консультациялардан кейін балама негізде (яғни әкім лауазымына кемінде екі кандидат) жүзеге асырады» делінген. Ал, Шу ауданы басшылығының әрекеті Елбасының осы Жарлығына қайшы екендігі тағы көрініп тұр. 

Елбасы ашық айтқан «демократия» сөзінің өзі «халық билігі» деген ұғымның нақ өзі емес пе?! Елбасының өзі осылай Жарлық етсе, сол негізде Аудан басшылығы халықпен кездесіп, пікірін білсе, онда неге халықтың пікірі ескерілмеуі тиіс?! Сонда аудан басшылығы сонша халықты құр сөзбен алдау үшін жинап отыр ма?! Елбасының: «Халық мүддесін бәрінен жоғары қойыңдар!» - деп, тікелей осы әкімдерге қарата айтқаны қайда?! Яғни, Елбасы Жарлығындағы: «жергілікті қоғамдастықпен консультациялардан кейін балама негізде жүзеге асырады» деген тапсырмасын аудан басшылығы ескермей отыр.  

Сонымен Б.Нүркеновтің уәдесінің «арқасында» халық ортасында жік пайда болды. Қазіргі уақытта Қ.Тойбаев әкім болады деп сенген халық дел-сал, ауыл халқы Қазақстан Республикасының Заңдары мен Елбасының Жолдауларына сенімсіздікпен қарайтын болды.  Елбасы Жолдаулары, стратегиялық тапсырмалары, ҚР-ның өзге де Заңдары негізінде емес, жеке мүддесінің қамы үшін әрекет ететін әкімдер кімге керек?! Меніңше ондай әкімдер не үкіметке, не халыққа керек емес! Өйткені ондай әкімдер билік пен халық арасында алтын көпір бола алмайды, сондықтан халықтың сенімінен шықпай отырып, өзі бағынышты болып отырған билікке де өз мүддесі үшін қарсы астыртын әрекетке көшкен басшысымақтар тәуелсіздігіміздің өркендеуіне, экономикамыздың үдемелі дамуына кері әсер етпесе, пайда әкелмесі анық! Сондықтан да осындай өз мүддесі мен құлқынының құлы болған кертартпа басшысымақтар заң алдында әділ жазасын алуы тиіс! ҚР Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің өкілі болып табылатын жергілікті жердегі әкімдердің өзі осылайша Елбасы тапсырмаларын орындаудан бас тартуда. 

 

Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: «Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек»

Ауыл халқының жанайқайы мынада: Ақтөбе ауылы әкімі Б.Байдаулетов ауыл халқын басқаруға қабілетсіз. Не білімі жетпейді, не білігі жетпейді. Өте сауатсыз, тіптен өзі басшылық етіп отырған мемлекеттік мекеме, яғни ауыл әкімі аппаратының атауын дұрыс жаза алмауы оның білімінің қай деңгейде екендігін аңғартса керек. Ақтөбе ауылына бір жылдай әкім болған уақыт ішінде ауыл халқын әбден араздастырып, арыздастырып, жік-жікке, ру-руға бөліп бітірді. Қарамағындағы тіпті қоғамдық жұмысшыдан да  ақша талап еткен. Ақша бермегендерін жұмыстан қысқартқан. Б.Байдаулетов өзі басшылық етіп отырған селолық округтегі қоғамдық жұмысшыларға ар-намысын таптайтын сөздер айтуы оның қай деңгейде әкім болып жүргендігін білдірсе керек. Әкім Б.Байдаулетов қоғамдық жұмысшы Мадина Домбаева деген азаматшадан ақша талап еткен, бірақ М.Домбаева ақша бере алмайтындығын айтып, әкімнің талабын орындаудан бас тартады. Әрқашан өз дегені болып жүрген Б.Байдаулетов М.Домбаеваны жұмыстан шығарып жіберуге бар күшін салып: қысым, көрсетіп, М.Домбаеваға шамасы келмейтін ауыр жұмыстар істеуді тапсырады, соңына түседі, ақыры әбден ығыры шыққан М.Домбаеваға енді әкім Б.Байдаулетов: «дамбалы үлкен екен, мойнына іліп, құм тасуға болады екен» деп, Мадинаға қадір-қасиетін қорлайтын сөздер айтып, ар-намысын аяққа таптаған. 

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады» - деп, атап өтті. Сол секілді Ата Заңымыз ҚР Конституциясының 1-ші бабында: «ҚР ең қымбат қазынасы – адам, және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,  делінсе, 17-бабында: «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды» делінген. Ал әкім Б.Байдаулетовтың М.Домбаеваға айтқан сөздері, оны жұмыс барысында ауыр жұмыс істеуге мәжбүрлеуі ҚР Конституциясының аталған баптарына және «Қазақстан-2050» Стратегиясында аталған ұзақ мерзімді мақсаттарға қарама-қайшы әрекет екендігі айдан-анық болып тұр.

 Әкім Б.Байдаулетов қоғамдық жұмысшы Маржан Жұрынбаевадан да ақша сұраған, егер де ақша берсе жұмысын одан әрі жалғастыратынын айтқан. М.Жұрынбаева ақша бермеген, сол себептен оны қоғамдық жұмыстан қысқартқан. Негізінде М.Жұрынбаева қоғамдық жұмыстан қысқармауы тиіс еді. Яғни, М.Жұрынбаева жалғыз басты ана болғанымен қоса, мектеп жасында жалғыз қызы бар, не баспанасы, не малы жоқ. Міне, осы М.Жұрынбаеваны жылатып-сықтатып жұмыстан қысқартып жібереді де, өзге төрт қоғамдық жұмысшыны алып қалады. Кезінде: «Жетім көрсе басынан сипап, жебеп жүретін», «Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған» ел едік. Басқа басқа «жетімін жылатып, жесірін қаңғытып» отырған әкім Б.Байдаулетов қайтіп әкім болып, ол қалай халқына жақын болады?!

Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының да түпкі мақсаты: қазіргі уақытта қаймағы бұзылмаған қазақы орта – ауылдарға білімді, білікті жас мамандарды тарту, сөйтіп ауылдың, қазақтың өркендеуіне үлес қосу. Аталған бағдарламамен ауылға келген жас маман Г.Бахалиева және т.б. жас мамандарға әкім Б.Байдаулетов: «Ауылдан көзіңді құртып, көшіріп жіберем!» деп қудалап, қысым көрсетуі, оның ауыл тағдыры мен Елбасы саясатына қаншалықты қолдау білдіретіндігін көрсетсе керек!

Тіпті әкім Б.Байдаулетов ауыл халқына Елбасының халыққа арналған Жолдауларының өзін насихаттамайды. Яғни, мемлекеттік қызметші өз антын, «Мемлекеттік қызметшілер туралы» Заңын және т.б. ҚР ның Заңдарын ашық қонышынан басу деген сөз. Бұл жағдайды аудан, облыс басшылары да біледі бірақ, Б.Байдаулетовтың сөзін сөйлеп әлек-ақ. Сонда облыс, аудан басшыларына Елбасымыздың Жарлықтары, Жолдаулары мен тапсырмаларынан гөрі Б.Байдаулетов жақын болғаны ма?! Кімнің сөзін сөйлеп отырғанын білсе онда басқаша болар ма еді. Кім білсін?

Қазіргі Ақтөбе ауылы әкімі Б.Байдаулетов ауыл ақсақалдары алқасының төрағасы Б.Қалымбетовтың немересін бас маман етіп жұмысқа алып, одан соң Б.Қалымбетов пен Б.Байдаулетовтың  арасында сыбайластық орнап, бірінің сөзін бірі сөйлеп отыр. Елбасы Н.Назарбаев: «тосқауыл қойыңдар!» деп айтудай-ақ айтып жатқан: «сыбайлас жемқорлық» деген осы  емес пе?! Яғни, Б.Қалымбетов Б.Байдаулетовтың сыбайласы екендігі анық болып тұр!

Ауыл ақсақалдары алқасының төрағасы Б.Қалымбетов ауылдағы ағайынды ауызбірлікке үндеп, араздасқан ағайынды  ымыраға келтірудің орнына, керісінше өзі бас болып ауылдың шырқын бұзуда. Яғни, ауыл әкімі Б.Байдаулетовтың әкесі Ж.Байдаулетов секілді өзі бас болып арыз жазуға білек сыбана кірісіп кеткен. Ау, бұл не деген сұмдық! Қандай масқаралық! Ауыл ақсақалы араздасқан ағайынға ара түсуі керек пе, әлде ағайынды араздастыруы тиіс пе?! Егер де араз ағайын арасында бықсыған түтінді одан бетер түтетсе, онда ондай ауыл ақсақалынан не қайыр, ондай төрағадан не пайда?! Кім ауыл өміріндегі ақ пен қараны ажыратып істің әділдігін айтпақ?!  «Тура биде туған жоқ» деген атам заманнан келе жатқан ұлы қағида қайда қалады сонда? Егер де Б.Қалымбетов секілділер күнбағыс секілді әкімнің аузын «бағып»,  ары үшін емес, малы үшін жанын құрбан етіп жатса?!.

Осы уақытқа дейін Б.Байдаулетовтың  үстінен ауыл азаматтары тарапынан бірнеше рет арыз-шағымдар болған, бірақ ол арыздар қашанда жылы жабылып Б.Байдаулетовтың пайдасына шешіліп отырды.

Бұл Ақтөбе ауылында болып жатқан оқиға емес, бұл бүкіл Шу ауданында ауыл әкімдерін сайлау науқанындағы оқиға, яғни барлық ауылдарда бұрынғы әкімдермен бірге түсіп отырған кандидаттар, жалған қолдан жасалған азаматтар. Яғни, Шу ауданының ауыл әкімдерін сайлау науқаны көбіне-көп заңсыз атқарылды.

Ақтөбе ауылы халқының дені Б.Байдаулетовтың әкім болғандығын қаламайды, Б.Байдаулетовтың әкім болғандығына қарсы.

 Сондықтан да Шу ауданындағы сайлау науқаны кезіндегі кейбір басшылардың қасақана қолдан істеп отырған заң бұзушылықтары  тиылмаса, сайлау құқығы бұзылған азаматтардың құқығы қорғалмаса, онда Елбасымыздың стратегиялық жолдаулары мен ҚР-ның өзге де Заңдарына халық сенімсіздікпен қарайтын болады. Тіптен Елбасының атына кір келтіретін осындай басшылар халыққа қалай жол сілтеп, елді қалай басқармақ?!

Ылшыбаева Бақыткүл

Жамбыл облысы, Шу ауданы

Ақтөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер

 

Редакциядан: Жоғарыда айтылған жайттарды ауыл тұрғыны, зейнеткер адам жазып отырған соң оған күмән білдірмейміз. Алайда, екінші тарап өз шындығын ұсынып, жария етуді жөн көрсе, қарсылығымыз жоқ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5301