Қатер солқылдақ саясаттан төнеді
Ресей Федерациясы Думасында Қазақстан Республикасы бойынша арнайы «маманданған» бірнеше депутаттар бар. Олар Қазақстандағы жағдайды жітік бақылай отырып, өздері «мәңгілік дос» деп санаған тәуелсіз көрші мемлекетттің билігінің әр қадамына баға беріп, «мәңігілік достың» қалай отырып‑тұруын, қалай жүруін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Сондықтан да олар Қазақстанның унитарлы мемлекеттілігі мен ішкі ұлтаралық қатынасына өздерінің «ұлыорыстық империялық шовинистік» пиғылдары тұрғысынан шабуылдауын тоқтатқан емес. Бүгінде, дәл осы «империялық мүдде» Ресей Федерациясын тәуелсіз Украинамен арадағы соғыс операциясына алып келді. БҰҰ мүше мемлекеттердің барлығы дерлік оны «Халықаралық қатынас заңдарын өрескел бұзу» деп бағалап, Ресейге бұрын‑соңды адамзат тарихында болмаған санкцияларды салып тастады...
РФ Думасы депутаттары арасында өзінің тарихи білімі аздығынан, тарихи логикадан мүлдем бейхабарлығынан ұялмайтын, арсыздығын әлемге паш етуден еш намыстанбайтын Евгений Федоров деген бір депутат бар. Ол РФ армиясының запастағы офицер‑полковнигі бола тұра, әруақытта әскерилер арасында кең тараған прапорщиктер туралы анекдоттарға сай өзінің «прапорлық санасымен» бүкіл Орта Азия және Евразия тарихын қайта қарап, өзінше өзгерістер жасағысы келеді. Тіптен, орыс халқының көптеген тарихшыларының «Орта ғасырларда Евразияда пайда болған Алтын Орда империясының негізгі арқа сүйеген халқы – түркілік халықтар, соның ішінде оның тікелей мұрагері ‑ қазіргі қазақ халқы. Олар Ресей мемлекеттілігінің пайда болуының қозғаушы күші болды» деген нақты ғылыми дәлелдеріне де құлақ аспай, Евгений Федортегінің елірген санасы Ұлы далада өткен Ұлы оқиғалардың тізбегін «орыс батпағына» батырып жібергісі бар... Алайда, қазір өз құрамында болған халықтардың барлығын «орыс батпағына» батыруды ғана ойлаған «ұлыорыстық империялық саясаттың» уақыты өтіп кеткен сыңайлы. Қазір ол батпақ мұз құрсаққа оранып, қатып жатыр...
Бірақ, қазақтың «Жыланды үш кессең де, кесірткелік әлі қалады» деп айтқанындай, Қазақстанға бүгінда жайбарақаттық танытуға болмайды. Неге? Өйткені, біздің «тұңғыш президент» отыз жыл бойы Ресеймен «мышық‑тышқан» ойнап келді. Оның объективті себептері «экономикалық байланыстардың күйреуі», «дербес мемлекеттерге бөлінуі» деу жеткіліксіз. Өйткені, дәл осы «шекпеннен» шыққан Прибалтика мемлекеттері КСРОдан кейін Ресеймен арада өз саясатын ашық жариялады. Оны халқынан жасырмай, бірден «еуропалық бағытқа» бұрылатынын мәлімдеді. Ешкімге жалтақтаған жоқ. Ресей қаншама қоқан‑лоқы жасаса да, прибалттар ықпады. Нәтижесінде, әскері күйреп жатқан Ресей Прибалтиканы «өз еркіне» қоя беруге мәжбүр болды... Көп ұзамай ондағы үш мемлекет НАТО қарауына алынды.
Сол сияқты КСРО ыдырағаннан кейін Кавказ мемлекеттері де біршама тәуелсіз саясат жүргізіп, өздерінің «тәуелсіздік статусын» нығайта алды. Тек қана «православие дінімен» біріккен Армения‑Ресей альянсы ғана Кавказдағы Ресей рөлін күшейтуге ықпал етіп отырды... Ал, АҚШ‑қа бет бұрған Грузия мемлекеті көп ұзамай Ресей шабуылына ұшырады – нәтижесі бүгінде белгілі.
Ал, Днепр бойындағы экономикалық потенциялы жағынан Ресеймен парапар Украина бірде олай, бірде бұлай саясат жүргізіп, ақыр соңында өзі де «Ұлыресейлік империялық мүдде» деп аталатын «соғыс қақпанына» түсті ‑ Украинаның одақтан бас тартуының соңы соғысқа ұласты... Молдовия болса әлі де екіге бөлініп тұр...
Ал, Орталық Азияға келер болсақ, мұнда бір ұлтты монолитті халқы бар Өзбекстан өзінің толық тәуелсіз бағытын әуел бастан ұстана бастады. Тіліне, дініне, ұлттық мәдениетіне, дербес экономикасына басымдық берді. Халқы күйзелістен қаншама қиналып, жұрты Ресейге, Қазақстанға, алыс шет елдерге кетіп жатса да, өзбектер ұлттық мемлекеттігі принциптерін бәрінен жоғары қоя білді. (Әрине, бұл жерде Қазақстанның, әдеттегідей Өзбекстанның Ресей мен Қытай арасындағы форпост ретінде «қосалқы қызмет» атқарғанын айта кету керек. Өзбек туыстар осы обьективті жағдайды дұрыс қолдана алды).
Енді, өз Қазақстанымызға келейік... Біздегі жағдай күрделі болды. «Ұлттар лабораториясы» атанған Қазақстанда ұлтаралық қатынас шиеленіскен жағдайда жүрді. Көптеген сепаратистік қозғалыстар пайда болды. Сондықтан Қазақ Еліне «ақырын жүріп, анық басуға» тура келді. Алайда, біз Қазақстан‑Ресей қатынасындағы бұл шиеленісті мәселенің түпкі себептері мен қазіргі «федортегілердің» тәуелсіздігімізге қарсы шығу себептерін тек осы мәселеге апарып тіреп қоя алмаймыз... Біз олардың бізге қарсы сөздері Қазақстанның о бастан тәуелсіздіке қатысты «солқылдақ саясат» жүргізгендігінде десек – қатты қателеспейміз. Мәселен, біздің билік әуел бастан Қазақстан мүддесін жоғары қоятын, халықаралық қатынастар заңнамаларына негізделген, әрі, тарихи әділеттілікті негізге алған ашық саясат жүргізудің орнына, екі арада билік деңгейіндегі «әмпей‑жәмпей, көз қысты» саясатын жүргізді. Мұны орыс тілінде «панибратство» деп айтады. Біз осыған жол беріп қойдық... Нәтижесінде, екі елдің достығы президенттердің «өзара достығы», «өзара байланысы», «стақан соғыстыруы», «моншаға баруы», «сапарлап барғанда қарсы алуы» және т.т. субъективтік факторларға тәуелді болып қалды. Мұнда Ресей жағы «үнемі ақыл айтушы аға», «жол көрсетуші дана» рөлінде болса, қазақ билігі «мәселені айтқызбай түсінеміз» деген ықылас танытумен болды. Сөйтіп, Қазақстанның тәуелсіздік статусы осындай субъективизм жетегінде кетті. Енді, ел тәуелсіздігінің кепілі ретінде заңдар, халықаралық нормалар емес, билік тұлғаларының көңіл‑күйі алға шықты... Ол Ельцин заманын басталып, Путин заманына ұласты... Ал, осының бәрінің басы‑қасында Қазақстанның тұңғыш президенті тұрды: Ол «СНГ құрамыз» деді – құрды, «ТМД болсын» деді – болды, «Еуразиялық одаққа бірігейік» деді – Ельцин назар аудармап еді, Путин келіп осыны іліп алып ‑ құрды, «Кедендік одақ» деді – ол да пайда болды...
Иә, сөйтіп, қызы‑қыза біз өзіміз «Қазақстан территориясында бұрын соңды осындай мемлекет болмаған» дегенді құлаққағыс етіп, олардың «империялық диірменіне» жел беріп отырдық... Неге десеңіз, біз жеке басқа табына бастадық та, «Қазақ мемлекеттілігі», «Қазақ халқы», «Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті» деген тәуелсіздік бастауларымызды оның көлеңкесінде қалдырдық... Содан болар, біз бір кездері Абылайханның үш жүз жылдығы, Қазақ Хандығының құрылуы сияқты даталарды «мереке» деп батыл айтуға бата алмадық. Тек, ресейліктер тарапынын «мемлекеті болмаған» деп намысқа тигер сөзден кейін ғана, оған жауап ретінде бұл даталарды тойлағандай болдық...
Ал, шындық олай болмауы керек еді. Бізде мемлекеттік «солқылдақ саясатты» әуел бастан ысырып, Ресеймен толық тәуелсіз саясат жүргізуге мүмкіндігіміз болды. Бірақ оны тек өз халқыңа арқа сүйеген мемлекет қана жүргізе алады. Бізде ол болмады ‑ біздің жалтақ билік коррупцияға байланып, өзімен өзі болып кетті... Бейнелеп айтсақ «Қазақ театрында театрдың өзі емес, оның киім шешетін гардеробы маңызды болып, ал спектакльде спектакльдің өзі емес, оның декорациясы басым боп кетті» дер едік,,,
Енді, міне, осының зардабын әлі күнге дейін кешудеміз – жөні түзу сөзі жоқ, не білімі жоқ, ойы таяз қайдағы «федортегі» деген тексіз біреу қарап отырудан жалыққанда «Қазақстан андай‑мындай» деп аузына келгенді айтатын болды: Неге айтпасқа ‑ егер Қазақстан Петропавловскіде бас көтерген бір топ сепаратистерді жазалап, түрмеге отырғызып жатса... Неге айтпасқа ‑ егер Қазақстан басқыншы вагнер әскерінде соғысқан Қазақстан азаматын сотқа тартып, жаза кесіп жатса. Неге айтпасқа – егер Қазақстан барлық түркі әлемімен бірігу жолдарын іздей бастаса... Ортаазиялық Республикалар өзара бірге даму жолдарын қарастыра бастаса... Ал, Ресейдің Украинамен соғысында Украинаға «бүйрегі бұрып» тұрса, оны жасырмай ашық айтып отырса... Міне, осының бәрі «ұлыресейлік имериялық санамен» ауыратын Евгений Федоровке ұнайды деймісің? Әрине, ұнамайды. Ол, жалпы, қазіргі Ресей билігіне де ұнамайды...
Иә, айтылар сөз айтылды. Біз енді «кімнің кім екенін» анық білеміз. Ендеше, бізге де солтүстік қала аттарын ауыстырудың, «Солтүстікке қоныстандыру» бағдарламасын күшейтудің кезі келген сыңайлы... Ал, сөз соңында, осы мәселе бойынша Ресейге арнайы нота жіберуді Қазақстан билігі ұмытпайды деп сенеміз дегім келеді...
Әбдірашит Бәкірұлы,
философ‑публицист
Abai.kz