Сенбі, 23 Қараша 2024
Желтоқсан жаңғырығы 2575 16 пікір 8 Желтоқсан, 2023 сағат 15:32

Сіз желтоқсанда қайда болдыңыз?..

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Біздің қатарлардан жұрт, осы сұрақты міндетті түрде сұрап жатады. Ол түсінікті де болар, содан бері 35 жыл өткенмен де, сол желтоқсан жаңғырығы әлі құлақта тұрғандай!.. Ол «мой адрес не дом и не улица...» дегізіп ән салдырған адамзат табиғатына жат күштеп сіңдірген, қолмен құрастырған алып империяның идеологиясының құрақ-құрақ екенін көрсеткен күндер болатын. Олар, сырт көзге қарағанда момақан ғана қазақ қоғамының да сыздаған көптеген жараларының барлығын тырнап өткен күндер мен көпшілігі мәңгілікке соққы алған қазақ жастарының естен кетпес түндері еді. Мәскеуге бағынышты қазақ елі де сан топтарға, жік-жікке бөлінді... Қазір ше,.. кейбір мүлде алаңда болмағандар өздерін қахарман етіп көрсетіп те жүр...эххх...сатқындық көңіл-болмыс десеңші.

...1985 жылы оқуымды аяқтап диплом алған мен ол кезде жас маманмын, 1986 жылы, желтоқсанда алғаш еңбек демалысымды алып, аспирантурадағы оқуыма барып келген бетім. 13-желтоқсан күні  Алматыдан бірден көрші ауылда тұратын ағаның үйіне кешкі автобуспен жеттім, ол кезде үлкендеріміз марқұмдар тірі, бір жасар қызым мен келіншегім де сонда, бәріміз арқа-жарқа болып қалдық. Еңбек демалысыма әлі 5-6 күн бар, ауылда болдық.

17-күні таңғы сағат 07 болар-болмастан (колхоз басқармасының разнарядка-пятиминуткасы қысы-жызы 6 ларда басталатын еді ол кезде), аға марқұм алқын-жұлқын үйге кіріп келіп, мені оятты. Атам, апам өздері де ояу екен, сол жерде біздерге: - Қонаевты алып тастап, Колбин дегенді бірінші хатшы сайлапты, оған Алматыдағы барлық қазақ жастары қарсы шығып, орталық алаңда бас көтеріп, көтеріліс жасапты, милициямен, әскермен қақтығыс басталыпты... Әлгі Б-қа (оқудағы інім) не болды екен, басқа балалар қайтті екен...қазір ертеңгі отырыста айтылды, сағат 10-да клубта тұрғындардың жалпы жиыны болады...

...Ұйқы шайдай ашылды, апыл-ғұпыл таңғы ас ішіп, далаға шығып, бұл ауыл қызметкері болмағаныммен, клубқа тарттым. Ел гу-гу, неше түрлі алыпқашпа сөздер. Қаладағы балаларының қамын жеп у ішкендей болған жұрт... Жиналыс басталды, партком хатшысы (сол ағаны кейінірек, қазіргі күнде айтылған сөздері әбден белгілі болған, қазақстанның жазушыларымен Колбиннің кездесуіне барып келген кезінде кездестіріп, әңгімелескен едік), колхоз бастығы, ауыл совет төрағасы, т.б. жалдамалы-белгілі-активистер кезекші-идеологиялық-жаттанды сөздерін (...бізге осыншама жақсылық жасаған партияға қарсы шыққан болмайды...біз біргеміз...оларды еліктіріп, бұзғандарды айыптаймыз... т.б. қазіргіше «күлкілі» фразалар) сөйлеп жатыр. Осы ауыл баласы болғандықтан бәрін де танимын, тек, кеше ғана құлын-тайдай тебісіп, араласып, жатақханада бірге тұрған бір-екі курс төмен оқығандардың қазір қалайша бірден наркош-алкаш болып шыға келгені миыма сияр емес, түк түсінбей сең соққан балықтай күйге түстім. Көңіл ондайға, әрине, сенбейді (қазір ойлаймын да, сол кезде басқаша сөйлеп қойып, осы күндерде басқаша сайрап жүргендер болса, ойланыңыздар, біреу бетке баспасын!..).

...Түсте үйге келсем, 80-ге келіп қалған, Соғыс ветераны атам марқұм күйініп отыр екен: - Бұл деген болмады...несі бар еді, сол орыстардың бізде...қанымызды төгіп, қорғап едік...енді не болды, ел іші бүлініп жатқанда, мына жақтан Қытай бассалса не болады?.. Іштен шыққан жау жаман, не ата алмайсың, әйтеуір, балаларды арандатпай, ақырындап, ақыл айтып басса екен... (Ееее...қайран атам, қателескен екен ғой, ішімізден шыққан ғой деп балаларды аямағандығын кейін білдік қой, ал қытаймен ол кезде шынымен соғыс жағдайында едік...).

...Кешке телевизордан естіген, ...бір топ, бұзақылар алаңға шығып...деген жаңалықтар тіптен төбе шашты тік тұрғызды.

18-і күні үйдегілердің «Б... өзі де бір хабар берер, тоса тұралық» дегеніне қарамай, түскі автобуспен аудан орталығына шықтым, алайда, неше түрлі сылтаулармен Алматыға билет сатпады (ол кезде қазіргідей сотка, қаптаған такси деген жоқ), ертеңіне көлік қатынасы дұрысталады дегенді естіп, кешкі автобуспен ауылға қайттым. 19-күні таңғы автобуспен Сарыөзекке келсем, билет бар екен, сағат 12-лерге алдым. Тосып тұрмыз, Алматыға барушылардың қарасы аз, келгендерді жұрт қаумалай қалып, сұрақтың астына алады. Ауылдағы мұғалім Балғабай ағаның медучилищеде оқитын қызын біраз адамдардың қоршап тұрғанын байқап қалып, тез қасына бардым. 17-лердеғі аңқау қыз бар шынын бұрқыратып айтып жатыр: «...иә бардық, онда бармаймын деуге болмайды ғой...солдаттар соға бастағанда Фурмановпен төмен қаштық...қоршаудағы қазақ милициялар өтірік ұрған болып, ұстамақ болып шығарып жіберді...бүгін мұғалімдеріміз Жаңа Жылға дейін бәрімізді ауылға қайтарды...т.б.». Кезекші милиционердердің жақындай бастағанын көріп, әлгі қызды қолынан сүйреп, автобекет ішіндегі буфетке алып кеттім, шәй, пирожки алып беріп, біраз әңгімесін тыңдадым, өзіне жұрт көзінше көп сөйлей бермеуін ескерттім. – Қарындасым, Б. ағаңды случайно, көрген жоқсың ба,- десем, әлгі қызым «...көрдім ғой, аға! Б. аға, бір топ жолдастарымен тұрды! Сөз сөйлеп жатты! Былай әркім әртүрлі айтпасын, комитет құруымыз керек деді! Его все поддержали...». Ары қарай тыңдауға мұршам да болмай қалды, «аххх...анандай комитет деген сөзден кейін бітті ғой, ұсталды ғой...Тұратын жатақханасы алаң маңында...қап...» дегеннен басқаны ойлауға шамам да келмей, автобусқа міндім.

...Орыс-қазақ бір-біріне ата-жаудан жаман қарайды, әншейінде, көңілді жүретін, қалааралық «Икарус, ЛАЗ» жүргізетін орыс жүргізушілер де түнеріп алған (билетсіз жолаушы алып, орындық астына тығып тастаған, сосын ортаға қойып отыратын тақтайшалар беруші еді, ондайларын да қойыпты...). Артымда отырған қызулау бізден үлкен орыс жігіті көршісіне «...да им мало...я тоже был там...я выполнял приказ...» дегенін естіп қалып бұрылып бетіне қарап едім, ортамен келе жатқан екінші жүргізуші әлгіге «...че ты болтаешь, сччас высажу в Чингильдах...» деп еді жым болды (оларың ол кезде өздерін тым артық санаушы еді...).

...Алматы мүлде сүреңсіз, қаралы күндер орнағандай әсер қалдырды. Көлік тоқтаусыз жүріп тұр екен, дегенмен СХИ-дің Сәтпаев-Фурмановадағы жатақханасына жеткенше күн де қайта бастады. Вахтерша апайдың қасында тұрмын, мехфак өте көп студент оқитын үлкен факультет қой, дегенмен таныстар да ұшыраса бастады, біраз тұрған соң, ініммен группалас жігіттерді көріп ем, «біздер корпуста субботник жасадық, Б. та сонда болды, қазір кеп қалар...» деді. Әншейінде көңілді қарсы алатын бөлмелес жігіттерімен бірге інім де келді, бәрінің сұры қашып кеткен. Біраз оңаша сөйлестік, тамақ ішуге шақырып едім, қазір ағайлары осы группаны алып, дежурствоға кетеді екен, сосын асығып, ертең сағат 11 де жиналыс болатынын, сол жерде бар мәселе шешілетінін айтты. Аман екенін көрген соң, көңіл біраз демделіп, «Фурмановадағы» гастрономияға (Алматыда кешке аш қалсаң баратын, сағат 21 дейін істейтін жалғыз дүкен) барып, біраз жейтін тамақ әкеліп, вахтершаға тастап кеттім. Өзім «Абаяға» шықсам, біреуді түсіруге такси тоқтай қалғаны (ол кезде ел таксидің артынан жүгіреді), жүргізушісі ол кездегі өте сирек кездесетін қазақ жігіті екен, жататын жердің жөнін сұрап едім, «бар гостиница бос, отыр, қазір Ленинаға бұрылым, по пути Қазақстанға түсесің...» деді. Айтқанындай еш қиындықсыз алғаш рет «Қазақстанға» орналастым, бұрын ресторанында бірнеше рет болған едім, ал номерін бірінші рет көруім. Орналасып болған соң ғана сезіндім, өзімнің де әбден қарным ашыпты, төменге тамақ ішуге түстім. Сенесіздер ме, түгелдей дерлік персоналға қазақтарды қойыпты (қайдан алғандарын), әншейінде ырду-дырдуға толы керемет кең зал анда-мында болмаса бос деуге болады. Тек қана баяу ырғақты естілетін түрлі қазақ музыкалары ғана ойнап тұрды (бұрын мүлде жоқ еді ғой). Күліп, билеп, ырбаңдап жүрген ешкім де жоқ, түнергендей ғана атмосфера. Тамақтарын ішіп, жәй әңгімелесіп отырғандардың дені қазақтар, басқа қалалардан «бүлікке» қатысты іс-сапарға келгендер ме екен деген ойға қалдым.

...Ертеңгісін, жалғыз адам қашанғы жатарсың (әлде тартып тұрды ма...) «Океанның» қасынан түсіп алаңға бардым, әр-әр жерде әдеттегідей екі-екіден кезекші милиционерлер жүрді, солдат, өрт сөндіргіштер болмады. Өзім де алаңның Үкімет Үйі жағына бармадым, тек қарама-қарсы орналасқан екі Совминнің ақ ғимараттары маңымен бойлай аралап жүрдім. Үш-төрт күн өткенімен де, қаншалықты жиналғанымен де аласапыранның іздері анық көрініп жатты, сынған мәрмарлар, ағаштар, қалтарыстардағы күрелмеген қарда қоңырқай (қорқынышты, адам қаны!) қанның да дағы байқалғандай. Ешкіммен сөйлеспестен, артқа бұрылып, СХИ-дың айтқан корпусындағы аудиторияға бардым. Кейбірі менен әлдеқайда жасы үлкен студенттер толып жүрген жерде маған қараған ешкім жоқ, Б.-пен бас изесіп қана амандасып, соңырақ қатарға таман орналастым.

11-30 дарға таман жиналыс басталды. Қалалық партия комитетінен келген апай алаңға барғандарды айыптай ұзақ сөйледі. Бірдеме деген жан жоқ, «іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деген сәт сол болар. Ол кезде оқудан шығып қалу деген асылып өлумен тең дейтіндей түсінік еді ғой, оның үстіне мындағы 4-курс студенті дегеніміз, «5 минутсыз маман» дей бастайтын кез. Ол кезде оқуға түсу өзіңе ғана емес бар туысыңа, ата-анаңа үлкен абырой, ал мындағы студенттердің талайы әскерде болып, ауылда 5-6 жыл трактор, машина айдап, подкурстан соң түскен үлкен жігіттер, біз сияқты оныншы класты бітіре салып келгендер де жеткілікті. Сондықтан іштен ғана тынып отырғандардың жағдайын түсінген боларсыздар!

Жиналыс тізгінін өз қолдарына алған болулары керек, институт, деканат басшылары емес, сырттан (қала, аудан) келген партия-комсомол қызметкерлері сөйлеп жатты. Тыңдаушылар ішкі ызадан жарылардай болып түтігіп, төмен қараған жігіттер! Бір, айта кететіндей «қызық» оқиға болды: менен алдыңғы қатарда оңға қарай 4-5 адамнан кейін екі жігіт отырған (қаланың орыстілді балалары екені көрініп тұр), солар екеуара бір-біріне карта көрсетіп, ымдап сыбырласып, өз-өздерімен отырды. Басқалардың жақтырмай қарағандарын сезбеді. Солардың артында отырған ауыл баласы, сөз сөйлеуші ауысып жатқанды пайдаланып, әлгілердің бірін желкеден жұдырықпен, бірін шынтағымен жотадан салмақтай қонжитып, «сволочи» деді! Сонда ғана айналасын байқаған екеуі жым болды (коллоборантизм деген осындайлардан басталар деген ой қазір келіп отыр).

...Ішкі істер бөлімінен келген майор қазақша-орысша араластырып «бәрі де анықталады...суреттер бар...кім қайда болды, білеміз...больницаға түскендер күдікті...» деген мағынада  ызбарын шаша сөйледі. Одан кейін курс, әлде поток старостасы мұртты, жасы едеуір үлкен жігітке сөз берілді. Шешен, ақылды жігіт екен, басында келгендердің сөзіне қосылып, қоштаймыз, бұзақыларды айыптаймыз деп бастап, соңына таман, майорға қарата «біздердің жатақханамыз тура алаңға жақын, басқа барар жеріміз жоқ, ал солдаттар басып кіріп, мебелдерді, терезелерді қиратты...кезекші ағайлар да бұны растайды...талай студенттеріміз сол кезде босқадан босқа жарақат алды...Сіздер сол жағын да тексеріп қойсаңыздар...» дегенге аударды. Мақұлдаған гуіл аудиторияны кезіп өтті десем болады. Қазақта, құдай сақтасын, адал жандар жеткілікті ғой, бір-екі жастау мұғалімдер өздерінің сол кезде жатақханада кезекшілікте болып, ешкімді сыртқа шығармағандарын, ал солдаттар тарапынан жатақхананы қиратулары орын алғанын растай сөйледі. Сырттан келген «бастықтар» бұндай сарынды аса күтпеген болар, жиналысты тезірек аяқтай бастады. Әйтеуір, бұл жолы ешкімді комсомол, оқудан шығару туралы қаулы қабылданбады, «барлық жағдай тыңғылықты қаралып, тиісті шаралар іске асырылсын» деген қарармен жиналыс жабылды. Кейінгі өзім қатыспаған жиналыстар туралы толық білмегендіктен, көрмегендіктен айтпай-ақ қойсам да болар.

...- Сіз желтоқсанда қайда болдыңыз?- деген біз қатарлыларға қойылатын сұраққа менің айтарым осы, ананы қатырдым, мынаны былай істедім, ананы қорғадым десем, оным өтірік болатыны анық! Сол кездегіні еш қоспасыз, бояусыз айтып отырмын, өздеріңіз бағамдаңыздар. Желтоқсан туралы жазған басқа да өлең, жазбаларым бары рас, бірақ, олар кейінгі кезеңде...

... Жиналыстан соң, Б. пен бір досы (ұмытпасам орталық өңірден) үшеуміз агрофактың жатақханасы астынан тамақ іштік те, біраз қалған ақшамды беріп мен қайттым. Шығарда бірнәрсе қалт ойыма түсе қалып (суретке түсіру), Б.-тың нутрия тымағы мен пальтосын мен киіп, өзімнің шапкамды, аляска курткамды оған бердім. Ауылға кешкі автобустан кешігіп қалып, попуткалатып, жаурап, сағат түнгі 12-лерде әрең жетсем, атам мен апам марқұмдар ұйықтамапты, апамның «өзім де сезгем, бүгін келеді, әйтпесе, ұсталып кетеді-ау деген ем» деген уайымы әлі есімде... Ал Б.-тың мен ауыстырып киіп кеткен, тымағы мен пальтосы мүмкін әлдебір түйіншектердің арасында әлі күнге дейін жатқан да шығар...

***

Желтоқсан

Он алтыншы желтоқсан ызғарлы еді,
Күн суық, жүректе де мұз бар еді.
Озбыр күшке тайсалмай қарсы шыққан,
Талдырмаш, жас жігіттер, қыздар еді.

Оларды аямады ұрды, соқты,
Талатып иттеріне, жерге жықты.
Кінәсіз жас  бейшара өрімдердің,
Нахақтан көбісінің қанын төкті.

Еске түссе сол сұмдық, түршігер жан
Бірақ бекер кетпеді, төгілген қан.
Қазағымның аңсаған еркіндігі,
Сол күндерден басталып, бастау алған.

***

Тәуелсіздік

Тәуелсіздік ойлансақ ұлы ұғым,
Ата-бабаң бұл жолда көрген қырғын.
Арман жоқ, дүрсіл қағып жүрегіміз,
Ерекше алабұртар, сезім бүгін.

Қыс артынан көктемнің келгеніндей,
Ізгі армандар ақыры жеңгеніндей,
Бұл күнде неге екенін толғанасың,.
Жүрекке ыстық сезім енгеніндей.

Асыл үміт орнаған бар еліме,
Тыныштық, бірлік қонған бар жеріме.
Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын
Қуанамыз шаттықпен келгеніне!

Азкен Алтай

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434