«Тәртіпке бағынған құл болмайды»
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аймақтың құқық қорғау құрылымдарының басшыларымен бірге Риддер қаласының тұрғындарымен кездесіп, бірқатар маңызды нысандарды аралады.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аймақтың құқық қорғау құрылымдарының басшыларымен бірге Риддер қаласының тұрғындарымен кездесіп, бірқатар маңызды нысандарды аралады.
Әуелі аймақ басшысы №2 және №4 ықшам аудандардың жылыту маусымына дайындығымен танысты. Аталмыш аудандарды «Л-ТВК» ЖШС-нің иелігіндегі Тишинка кен ошағының қазандықтары бу арқылы жылытады. Серіктестік директоры Александр Поповтың айтуынша, мұнда жылыту маусымына қажет көмірдің бір айлық қоры дайын. Қалада жылыту маусымы 223 күнге созылады. Осы уақыт аралығында кешендегі алты қазандық Қаражыра және Шұбаркөл көмірін жағады. Қыстың көзі қырауда негізінен алты қазандықтың төртеуі жұмыс істейді де, қалған екеуі қатты аяздарда іске қосылады. Мұндағы басты мәселе жылу желілерінің толық тозуымен байланысты. Желілердің басым бөлігі соңғы 40 жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Александр Попов №4 ықшам ауданның жылу желілері 1965 жылда қолданысқа берілгенін айтады. Ол сондай-ақ, аталмыш сала мамандарының еңбекақысының жеткіліксіз екенін қозғады. Серіктестік мамандары мұндағы бу арқылы жылыту түрін суға ауыстыруды жоспарлап отыр. Мұндай жүйе қазіргі шығынды 10-20 пайызға азайтпақ. Облыс басшысы Зырян ауданында турбиналы генераторлардың көмегімен жылу мен электр энергиясын қатар алу жобасы жүзеге асатынын, шығын үнемдеу ісінде солардан үлгі алу керектігін жеткізді. Көмір қоймасын аралай келіп, аймақ басшысы серіктестік директорына қазандықтардың ақаусыз жұмыс істеп, жылу желілерінің сыр бермеуі үшін дайындықты шегіне жеткізу керектігін ескертті.
Аталмыш шағын аудандардың тұрғындарымен кездесу №17 мектепте өтті. Өңір басшысы мемлекеттің ел алдындағы негізгі міндеттері орындалып отырғанын айта келіп, балабақша, баспана, ауызсу мен жылу сынды негізгі мәселердің шешілуі үшін күш салынып жатқанын баса айтты
- Екі ауданды жылытатын стансалардың барлығы жаңа маусымға дайын тұр. Жылудың берілу мерзімі күн райына байланысты болмақ. Тозған желілерді жөндеуді де қолға алғанбыз. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бері жұмыс істеп келе жатқан құбырлардың барлығын ауыстырып болдық. Бір жыл бұрын көпір мәселесін алдыма қойған едіңіздер. Негізгі көпірдің жөндеуі келер жылы толық аяқталады. Ал қосымша бір көпірді жыл аяғына дейін қолданысқа береміз. Ең бастысы, талпынған адамға жұмыс бар. Бұл тұрғыда «Қазцинк» ЖШС-нің жаңа кен орындары ашылуы өз септігін тиігізіп отыр. Ал бүгін барлық құқық қорғау мекемелерінің басшыларын аталмыш сала бойынша қордаланған мәселелеріңізді бірлесіп шешу үшін ертіп келдік, - деді ол.
Әуелі облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Рашид Жақыпов қаладағы қоғамдық тәртіп пен қылмыстың өршуі жөнінде мәлімет берді. Соңғы сегіз айда қаладағы құқықбұзушылықтар саны өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 55 пайызға өскен. Солардың ішінде ұрлық, тонау, жол ережесіне бағынбау, бұзақылық сынды ұсақ қылмыс өршіп тұр. Департамент басшысының айтуынша, көңіл көтеру орындарындағы төбелестер мен түнгі көлік жарыстары Риддер үшін қалыпты көрініске айналған. Қоғамдық тәртіптің тұрақсыздығына қалада бұрын сотты болғандардың көп шоғырлануы да өз әсерін тигізуде. Қылмыстың аталған түрлерін болдырмау, көшедегі тәртіпті назарда ұстау мақсатында маңызды деген жол бөліктерінде бейнебақылау орнату талабы туындап отырғанын мәлімдеген Рашид Жақыпов тәртіп орнату ісіне тұрғындардың да белсенді атсалысуы керектігін ескертті.
Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың бірқатары тағы сол жол қауіпсіздігіне қатысты өрбіді. Әсіресе, тақымына көлік тиген жастардың жолда ойына келгендерін істеуі бала-шағаның өміріне қауіп төндіріп отырғаны айтылды. Ал №17 мектептің мұғалімдері бірінші қарашадан бастап облыс аумағында «әмбебап полиция қызметкерлері» іске кірісетіні туралы ақпараттың қаншалықты негізді екенін сұрады. Департамент басшысы мұндай құрылым облыс орталығында бірінші қарашадан бастап, ал облыс аумағында бірінші желтоқсаннан бастап қызметке кірісетінін түсіндірді. Мұндай құрылым Риддер сияқты жол полициясы жеткіліксіз аудандарға көлік қатынасындағы қауіпсіздікті сақтауға септігін тигізсе, патрульдік бақылау әлсіз аудандарда қоғамдық тәртіпті қадағалауды жеңілдететінін, бұл өзгерістен жол полициясы қызметкерлерінің көбейіп, жүргізушілерді орынсыз мазалауы көбейетіні жөніндегі болжамдардың бос сөз екенін қадап айтты.
Татьяна Сергеева №4 ықшам ауданданға жауапты учаскелік полиция өкілін көлікпен қамтамасыз етуді өтіне келіпті. Рашид Жақыпов облыс бойынша полиция өкілдеріне 480 көлік қажет екенін, соңғы екі жылда бұл қажеттілік 80 пайызға орындалғанын жеткізді. Ал аталмыш учаскеге аудандық ішкі істер бөлімінің иелігіндегі көліктердің бірін алып беру мүмкіндігі қарастырылатын болды.
Татьяна Иванованың үйін көлігіне ие болмаған «КамАЗ» жүргізушісі бүлдіріп кеткен. Оқиғаға кінәлі адам үйді қалпына келтіруге міндет алғанымен, үй иесінің жұмыс қарқынына көңілі толмай отыр. Департамент басшысы Рашид Жақыпов пен облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов мәселені аудандық бөлім басшыларына тапсырды. Ал Гэс көшесіндегі 14 үйдің тұрғыны жүргізушілердің жолсыз жерден жол салып, тұрғындарды тыныштықтан айырғанын айтады. Облыс прокуроры аудан прокурорына бұл мәселенің ақ-қарасын анықтап, жол заңсыз болса, қозғалысқа тыйым салуды міндеттеді. Солнечная көшесінің тұрғындары жылу трассасын жөндеушілердің бірнеше күн қатарынан сусыз, жарықсыз қалдырғанын айтып шағымданды. Облыс басшысы қала әкімі Жомарт Мұратовқа күн ішінде аталмыш көше тұрғындарымен тікелей кездесіп, мәселені шешуді тапсырды. Тұрмыстық күш көрсету, отбасылық жанжал, сақшылардың жетіспеуі, жол сапасы сынды мәселелермен байланысты сұрақтар да жауапсыз қалмады. Галина Сергеева жылу құбырларын ауыстырғаннан кейін, көшеде аяқ алып жүру мүмкін болмайтынын айтып, мәселе көтерді. Қала әкімі әзірге ешқандай жөндеу жұмыстарын қабылдау актісіне қол қойылмағанын, ондай кемшіліктердің бәрі жөнделетінін айтып сендірді. Кездесу соңында аймақ басшысы Риддер-Өскемен бағытындағы республикалық маңызға ие жолдың сапасымен бұрыннан таныс екенін, оны күрделі жөндеу 2015 жылы қолға алынатынын түсіндірді. Ал екі аптаның ішінде аталмыш жолдың шұңқырлары бітелмек.
- Айтылған мәселенің барлығы таныс және оның бәрін назарға алдық. Мемлекет халық алдындағы міндетті қаржының мөлшеріне қарай орындайды. Бірақ тұрғындарға масылдық пиғылдан арылу керек. Сонда ғана тұрмысымыз түзеліп, бала-шағамыздың болашағы айқын болады, - деп түйіндеді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Бұдан кейін облыс басшысы «Риддер ТЭЦ» акционерлік қоғамына бас сұқты. Жылу электр орталығының бас директоры Василий Ногин өткен маусымда жылу айдайтын құбырлардың қысымға шыдамай жарылуы салдарынан орталық қызметінде ақаулар пайда болғанын, соның кесірінен өткенде ғана қаланың қысқа дайындығы Үкімет тарапынан сынға алынғанын айтады. Бүгінде қысымға шыдамаған жаңа құбырлардың сапасы төмен екені анықталып, ауыстырылған. Қазіргі таңда бір қазандықта ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатса, екі қазандық жұмысын бастап кеткен. Ал қалған қазандықтардың сақадай-сай тұрғанын мәлімдеген Василий Ногин қажет көмір мен мазуттың бір жарым айлық қоры қоймада тұрғанын да айтты.
Қала тұрғындарымен кездесу барысында ішкі істер департаментінің басшысына сақшылардың тұрғындарды орынсыз тінтуі, көшедегі жастардың бұзақылығы, ұрлық, уақытша сауықтыру мекемесінің тарлығы сынды сауалдар қойылды. Рашид Жақыпов ұрлықты жұрт болып құрықтау керектігін, ұрланған қымбат металл мен ұялы телефондарды кімнің қабылдайтынын біле отыра, ешкімнің ауыз ашпауы салдарынан ұрлық тыйылмай тұрғанын жеткізсе, қала әкімі уақытша сауықтыру орны бұрынғы Тоқтаров атындағы мектеп-интернаттың ғимараты есебінен шешілетінін мәлімдеді. Екатерина Юрченко 20 жасқа келсе де төлқұжатсыз жүргенін айтады. Ресейде туған риддерлік төлқұжат рәсімдеуге қажетті сұраныстар көрші ел тарапынан жауапсыз жатуы салдарынан құжатсыз күн кешуге мәжбүр. Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы аталмыш мәселенің Ресей тарапынан жылдам шешілуіне ықпал етуге уәде берді. Тұрғын үйлерде орналасқан мейрамханалар мәселесі, жастар арасындағы нашаға құмарлықтың күн санап азаймауы да риддерліктерді алаңдататыны белгілі болды. Кездесуді қорытындылаған өңір басшысы барлық құқықтық қатынас Үкімет бекіткен норматив аясында жүзеге асатынын қадап айтты.
- Сіздер шекараға жақын орналасқан қалада тұрасыздар. Сондықтан да мұндағы қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынуы тиіс. Сіздер бірінші болып заңға бағынсаңыздар, сырттан келген қонақтар да біздің ережелерімізді сыйлайтын болады, - дей келе облыс басшысы қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстау үшін ерікті топтарды тартудың маңызы зор екенін атады. «Ұры да, маскүнем де, бұзақы да сырттан келмейтінін білесіздер. Олар біріңіздің көршіңіз, біріңіздің танысыңыз. «Сен тимесең, мен тимен» деген ұстаныммен тыныштық орната алмаймыз. Мұндай ұстаным қоғам үшін өте қауіпті. Қалада қылмыс болмасын десеңіздер, бала тәрбиесіне көңіл бөліңіздер. Бағана осындағы педагогтардың бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру жөніндегі ұсыныстары құптауға тұрарлық. Қылмыс болмасын деп әр терезенің алдына бір-бір сақшы қою мүмкін емес. Сондықтан құқық қорғаушылармен тұрғындар бірлесе қимылдағанда ғана нәтиже болады», - деді аймақ басшысы.
Кездесуден кейін облыс Әкімі «Риддер ағаш өңдеу комбинаты» ЖШС-нің жобасымен танысты. Бұған дейін таукен өнеркәсібі мен металлургияға қажет материалдар шығарып келген комбинат құрылыс саласына да бет бұрып отыр. Алдағы уақытта әр түрлі көлемдегі құрылыс тақталарын жасамақшы. Оған қажет финляндиялық құрылғының бағасы тым қымбат екенін ескерткен аймақ басшысы ағашты қайта өңдеуге көңіл бөлу керектігін жеткізді.
- Бұл жоба өте қымбатқа түсетін түрі бар. Тіпті болмаса, қытайлық құрылғыны пайдалану керек болады. Бағадағы айырмашылықты ескеру керек. Мұндағы ағаш өнеркәсібінің әлеуетін толық пайдалану үшін қайта өңдеуді қолға алу керек. Неге осындай қымбат жобаға жармасқанша, сіріңке, тіс шұқығыш, көкөніс жәшіктері сынды көпшілікке қажет бұйымдар жасамасқа, - деген облыс Әкімі «Ертіс» ӘКК мен орман шаруашылығының мамандары жобаны жан-жақты зерделегеннен кейін ғана, нақты шешім қабылданатынын айтты.
«Дудкин С.Н» шаруа қожалығының «Көкөніс қоймасын қайта жарақтау» жобасымен танысқан облыс басшысы бастаманың болашағы бар екенін мәлімдеді. Екі мың тонна картоп сақтауға қауқарлы қоймаға голландиялық құрылғылар орнатылмақ. Бұл кешен - қаладағы бағаны тұрақтандыруға қажетті картопты сақтайтын екі қойманың бірі. Сондықтан бұл жобаны жиын-терін науқаны аяқталғанша жүзеге асырудың маңызы зор.
Сондай-ақ, аймақ басшысы бес мыңнан астам өсімдік түрін баптап отырған қаланың ботаникалық бағын аралады. 154 гектарды алып жатқан бақта емдік шөптер, жеміс ағаштары, сәндік өсімдіктердің түр-түрі өсіріледі. Ботаникалық бақтың бас агрономы Андрей Винокурвтың мәліметіне сүйенсек, Өскемендегі этноауылда жайқалып тұрған барлық өсімдіктер осындағы тәлімбақтан шыққан екен. Мұндағы тәлімбақтың ағаштарына Астанадан да сұраныстар түсіпті. Әкім бұдан кейін қарашада қолданысқа берілуі тиіс хоккей модуліне бас сұқты. Бөлінген 280 млн. теңгенің атқарылған жұмысына көңілі толмаған өңір басшысы құрылыс қарқынына қатаң сын айтты.
- Нені күтіп отырғандарыңызды түсінбедім. Бөлінген қаржыға кешеннің қаңқасын тұрғызғандарыңызға мәз болып тұрғандарыңыз қалай? Уақытты оздырмай жуыну, киім ауыстыру бөлмелерін орната берулеріңіз керек еді. Көрермендер отыратын орын да дайын емес. О баста белгіленген қаржыдан артық бір тиын да берілмейтінін ескерткенмін. Сол шешім өзгермейді. Хоккей модулін бірінші рет салып отырған жоқпыз. Сондықтан қанша қаржы кететіні бізге мәлім. Трансформатор үшін 40 млн. теңге тағы сұрағыларыңыз келіп отыр. Сіздерге модульден бөлек тағы екі үлкен нысан берілген. Ал сіздер бөлген ақшаны місе тұтпай, жұмысты кешіктіріп отырсыздар. Олай болмайды. Келісілген 370 млн. теңгеге қараша айында құрылысты аяқтайсыздар. Өйтпеген жағдайда лауазымды адамдардың барлығы жауапқа тартылады, - деген ол қала әкіміне мердігерлерден жұмыстың жылдамдығын күн сайын талап етуді тапсырды.
Өңір басшысы соңғы бас сұққан нысан алпыс пәтерлі тұрғын үй құрылысы болды. 400 млн. теңге бөлінген құрылыс аяқталуға жақын. Облыс Әкімі дайын болған пәтерлерді аралап, үйдің балкондарын қаптаған қаңылтырларды өзге сапалы материалмен ауыстыру жөнінде міндет қойды.
Абай-ақпарат