Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 1884 1 пікір 13 Желтоқсан, 2023 сағат 13:06

Тұғырда тәуелсіздік ұрпақтары

Бостандыққа ұмтылған асқақ арман мен қайсар рухтың жеңісі - Тәуелсіздік. Ата-бабамыздың сан ғасырлық күресінің нәтижесінде ие болған егемендігіміз бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты маңызды? Қазіргі тәуелсіздік ұрпақтары  еркін  елдің  азат  ойлы азаматтарына айналып үлгерді.  Олар үшін  тәуелсіздік күні қазақ дүниетанымындағы қасиетті ұғымға жатады. Сондықтан кейінгі толқынның тәуелсіздік жайындағы  ойлары орнығып,  пікірлері  қалыптасып үлгерген. Осы орайда,   «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің сарбаздары ел  тәуелсіздігі жайындағы мазмұнды ойларын ортаға салды. 

Баярхан Нұрмұғамет, қатардағы жауынгер: 

Мен Тәуелсіздікті -  ұлы мақсаттарға жол бастар темірқазық, халқына күш-қуат берер риясыз күн шұғыласына теңеймін. Маңдайымызға біткен елдігіміз бен берекелі бірлігімізді, баянды тірлігімізді көздің қарашығындай сақтауда жан аямай қызмет етуге дайынмын. Ұлттық ұлан қатарына шақырылған тұстан бастап  жауынгерлік жасақ сапында  қала көшелерін аралап, тәртіптің сақталуын бақылаймын. Қызметтік міндетімді орындау барысында назарыма біраз  дүние ілікті. Әсіресе, көшеде мәз-мәйрам боп келе жатқан бала мен ананың жаймашуақ жүздері, арқа-жарқа болып, қыран-топан күлкіге қарық болған  таксистердің тұрысы, спорттық алаңдарда  ақ тер, көк терге түсіп, асыр салып  ойнаған балалар шуылы, өнерлі жастардың ел көп шоғырланған жерлерде домбыра ойнап, ұлттық аспабымның әуелеген күмбірі, қазақ күресіне асыққан білекті жастардың шоғыры, тіпті ит-мысығымен  беймарал серуендеп жүрген жандар болсын, барлығы да - бейбіт аспан астында мамыражай  күн кешкен азат елдің тұрғындары екендігін есіңе салады. Міне, осы бір көріністің ар жағында  азаппен келген азаттық деген қастерлі ұғым жатыр. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартты. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты. Біз тәуелсіздік ұрпақтары құнды асыл мұрамызды қастерлеу қажетпіз.  Өткенге зер салсақ, тарихтың  теперіші мен тағдырдың тәлкегімен қазақ жеріне аяқ басып, пана іздеген қаншама ұлттар мен ұлыстарды   кеудесінен қақпай, бауырына басқан қазақ халқының кеңпейілділігі мен мейірімділігі әлі де үзілмей, бүгінге дейін жалғасып жатқандай әсерге бөленесің. Лайым, Тәңір осындай кеңдігіміз бен ауызбірлігімізден  айырмасын.

Есхат Бауыржан, қатардағы жауынгер: 

Тәуелсіз Қазақстанның жастары үшін келешекке жүктелер міндет те өте  жауапты. Өйткені, әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылып, ХХІ ғасырдың төріне шығару -  біздің алдымызға қойылған міндет, әрі ұлттың намысына сын болып табылады. Сондықтан Отан алдындағы борышымды өткеріп болған соң, инженер мамандығы бойынша қызмет етіп, еліміздің дамуы жолына өз үлесімді қосқым келеді. Еліміз үшін еңбектеніп, халқымыз үшін қызмет істесек – бостандықтың боз ала таңының қадірін білгендігіміз болар. Мен Сеул қаласындағы Шуй Джоу технологиялық университетінен білім алдым. Білікті мамандардан игерген ілімімді күні ертең туған елімнің өркендеуіне арнасам  –  менен асқан бақытты жан жоқ шығар. Жалпы, Тәуелсіздік мерекесін жас ұрпақ жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры - ол білімді жастар деп ойлаймын.

Дәулет Аманбаев, қатардағы жауынгер: 

Тәуелсiздiктiң тұғырына қонуы – бiздiң ата-бабаларымыз армандаған сан ғасырлық азаттық салған сүрлеудің даңғыл жолы іспеттес. Алағай да бұлағай қилы-қилы заманадан баз кешіп, қаншама арпалысты бастан кешкен біздің жұрт ел болып қалыптасуды әманнан мақсат тұтты. Сол жолда жұдырықтай жұмылған жер қайысқан қол ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен  ел үшін егеске түсті. Өйткені, олардың бойын кернеген Отанға деген ыстық махаббатпен астасқан жауынгерлік рух еді. Менің де мерзімді әскери  қызметімді өткеру барысында – жауынгерлік рухымның асқақ болғаны, асылы абзал. Ал қайтпас қайсар рух бабалар ерлігін санаңның түйсігімен  түсіне білгенде ғана бойыңа қонады. Елі үшін еміренген ер қадірін бағалайтын мен үшін бұл мерекенің  құндылығы жоғары. Сондықтан  Тәуелсіздікке жету жолы  қаншалықты нәубетке толы болса, азат жердің ауасымен тыныстаудың баяндылығы да соншалықты жауапты екені ақиқат. Менің ойымша, жас ұрпақ тәуелсіздіктің тағылымдарын танып, қастерлеп,  құрметтеп отыруы керек. Өйткені, Тәуелсіздік бізге бәрінен де қымбат.

Тұрсынбек Наурызбай, қатардағы жауынгер: 

Айналаға көз жүгіртсек, қазіргі геосаяси ахуал күрделі шиеленіске толы.  Мұның барлығы әлемдегі жағдайдың тұрақсыздығын аңғартса керек.  Әлемде болып жатқан келеңсіз оқиғалар тұтас елдің құтын қашырып,  берекесін кетіргені  бесенеден белгілі. Ал, бейбіт аспан астында ғибратты ғұмыр кешу біздің елде өмір сүрген әрбір азаматтың маңдайына жазылғандай. Мен Ұлттық ұлан сапында абыройлы қызмет етіп, өзіме жүктелген жауынгерлік тапсырмаларды орындалу уақытынан бұрын атқарудамын. Осылайша, жедел әрі шапшаң қозғалыстың иесі екендігімді  байқатқым келеді. Осылайша, әскери бөлімде барынша белсенділік  танытып, алдағы уақытта келісімшарт бойынша қызметке тұрғым келеді.  Мен отан қорғау жолында тайынбас мінез қажеттігін білемін. Жалпы, бүгінгі таңда әскер қатарына шақыртылған сарбазды жағымды жаңалықтар күтуде. Мысалы, әскерден кейін өзің қалаған жоғары оқу орынына тегін түсе аласың. Сондықтан бұл жаңалық білімге құштар жандардың Отанға деген құлшыныстарын еселей түспек деген ойдамын. Мен жаңашыл бастаманы егемендіктің тағы бір ерен жеңісіне балаймын.

Әзірлеген Рүстем Мұхамет-Рақым

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5467