Жақсы мектеп адамның бүкіл өмірін өзгертеді!
Мен осындай атаумен шыққан мақаланы кездейсоқ оқып қалып, өте пайдалы болар деген оймен қазақ жастарына арнап өз сөзіммен ана тіліме қысқаша түйіндеп ұсынып отырмын.
Шын мәнінде, түпнұсқа мақаланың тақырыбы: «Атақты мектепке түскеннен кейін адамдар арасындағы айырмашылық адам мен иттің арасындағы айырмашылықтан да үлкен екенін түсіндім» деп аталады. (Түпнұсқа мақаланы ағылшын тілінде Бейжіңде туып-өскен, АҚШ-та университет тамамдап, Уолл-стритте жұмыс істейтін азамат жазған).
Адамдардың: «Университетте оқып не керек? Соноу әйгілі Бейжің университетін бітірген біреу шошқаның етін сатып жүр, ал Цинхуаны аяқтаған біреу күзетші болып жүр. Кім болса да бәрі төменнен бастайтыны анық. Біздің компанияға жұмысқа кіргендердің арасында да сол суреттеген әйгілі мектептерді бітіргендер бар. Үлкен нәрсені армандағаны болмаса, ерекшеленіп өнімді жұмыс істеп жатқаны байқалмайды. Керісінше, арнаулы орта білімі бар адамдар тапсырманы сенімді әрі мәселесіз орындайды» деп айтқанын талай рет кездестірдім. Осындай әңгімелерді психология тұрғысынан мамандар «Ащы жүзім психологиясы» (іштей көре алмау, өзін жұбату) деп атайды.
Мен Бейжіңде туып-өскен Бейжіңнің баласымын. Бастауыш сыныпты үйімнің жанындағы қарапайым мемлекеттік мектепте оқып, еш алаңсыз, балалық шақтың ашық даласындай бейқам көңілмен толық 6 жылды көңілді өткіздім. Ал орта сыныпқа өтерде соқыр үміт, кездейсоқ бақ шауып, Бейжіңдегі өте атақты әрі беделді орта мектепке оқуға түстім. Міне, осы кезде заңғар, сұрапыл озат балалардың аяғына оратылып, өзімнің шын мәнінде «нөл» екенімді сезіне бастадым.
Жақсы мектеп балаға қалай талаптануды, еңбектенуді және табанды болуды үйретеді
Сол мектепке алғаш табаным тигенде, өзімнің 6 жылымды босқа өткізгенімді ұқтым. Менің ағылшын тілім алфавиттің 26 әрпінен әрі аспайтын, ағылшынша оқу бойынша 3–4 жасар баладан да төмен деңгейде еді. Ал менің парталас досым ағылшынша сөйлеу мен тыңдауда еш қиналмайтын, тіпті фильмдерді аудармасыз көріп, ағылшынша өсек айтатын қыз болатын. Ол бастауыш мектепте жүріп-ақ ағылшын тіліндегі «Charlotte’s Web», «To Kill a Mockingbird» сияқты классикалық шығармалардың бәрін жатқа білетін.
Математика, тіл білімі, физика, химия сияқты қай пәнді алсаң да, озат оқушылар еңсені басады.
Мойныма дем алып, артымда отыратын бала орта сыныпта жүріп-ақ жоғары сыныптың бағдарламасын аяқтап тастағандықтан, өз бетінше университеттің жоғары математикасы мен дифференциалдық теңдеулерін оқып отыратын жігіт еді.
Әдебиет сабағында сыныптастарымның деңгейі сонша, көне қытай классикалық шығармаларын бастауыш сыныпта-ақ оқып бітірген. Көне тіл оралымдарымен көркем әрі төгілдіріп жаза алатын.
Жоғары сыныпта оқып жүргенде, біздің сынып старостасы мектебіміздегі астрономияға, яғни жұлдыздар әлеміне әуес бір ұл туралы айтып беріп еді. Ол күн сайын мектептің телескопымен жұлдыздарды бақылап, зерттеу жасайтын. Қытайда ғылымға қоса, халықаралық астрономия саласында да көптеген ғылыми еңбектері жарық көрді. Оның бұл саладағы сіңірген еңбегін жоғары бағалаған Халықаралық астрономиялық одақ тіпті бір аспан денесіне (астероидқа/жұлдызшаға) оның есімін берді. Ол кезде ол бала бары-жоғы 16 жаста еді.
Орта мектепке келгенге дейін өзін «өте озатпын» деп есептейтін адам осы мектепке түскен соң, қатарластарымен арадағы айырмашылықтың жер мен көктей екенін ұғып, олардың деңгейіне жету үшін қаншалықты тер төгу керектігін түсінеді.
Бағыма орай, орта мектепте жүргенде жатақханада тұрдым. Соның арқасында осынау сұрапыл озаттардың 24 сағат бойы қалай талмай білім алатынын өз көзіммен көру мүмкіндігіне ие болдым.
«Кешке үй тапсырмасын орындай ма?» дейсіз бе? Үй тапсырмасын олар сабақ арасындағы үзілісте-ақ бітіріп тастайтын. Соған қарамастан, біздің мектептің барлық оқушысы (халықаралық олимпиадаға дайындалатындар мен өз бетінше университет бағдарламасын оқитындардан басқасы) кешкісін тапжылмай сабақ оқып отыратын. Менің кешкі дайындық сыныбымда өз мектептерінде тек «үздік» оқыған балалар жиналған еді. Олар күн сайын бүгінгі өткен сабақты қайталап, ертеңгі өтілетін тақырыптарды алдын ала меңгеріп алатын. Сондай-ақ, кеш сайын белгілі бір пәнді таңдап, бүгінгі өткен тақырып бойынша сабақтан тыс 5–6 қосымша есептер жинағындағы тапсырмалардың бәрін орындап шығатын. Оны айтып жеткізгісіз ертегідей жылдамдықпен бітіретін еді. Мен бір кітаптағы тапсырмаларды әрең дегенде аяқтап жатқанда, олар 5–6 кітапты орындап тастайтын. Парталас досым бұл тапсырмаларды бітіріп алған соң, қалған уақытында ежелгі қытай классикалық шығармаларын ағылшын тіліне, ал ағылшын-америка әдебиетін ежелгі қытай тіліне аударып отыратын. Содан ол қыз мектепті бітірген соң, Принстон университетіне оқуға түсті.
Тек осындай үздік мектепке түскеннен кейін гана адам ешқандай еңбексіз табысқа жете алмайтынын, ешқашан соқыр үмітпен, кездейсоқ бақпен жетістікке жету мүмкін емес екенін ұқтым. Сенің әрбір кішкентай талпынысың мен төккен терің кейін міндетті түрде бағаланатынын сүйек-сүйегіммен сезіндім.
1. Жақсы мектеп баланың өзіндік дүниетанымын қалыптастыруға көмектеседі...
Мен орта мектепте оқып жүргенде интернет дәл қазіргідей дамымаған еді, содан ақпараттан кенже қалып жататынбыз. АҚШ-та университетте оқудың қандай болатыны жайлы ешқандай түсінігім де, елесім де болған жоқ.
Көрші төсекте жататын, сабақты өте үздік оқитын бөлмелес қызым Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын құныға оқитын әрі Америка әскери академисында (Вест-Пойнт) оқуды армандайтын.
Себебін сұрағанымда, ол: «Америка әскери академиясынан» АҚШ-тың ең көп қолбасшылары шыққан, сондай-ақ әлемдік қаржы саласының 500 үздік көшбасшысы, 1000-нан астам корпорацияның бас төрағасы, 2000-нан астам атқарушы директоры және 5000-нан астам басқарушы деңгейдегі мамандары осы мектептің түлектері. Әлемдегі ешбір мықты бизнес-мектеп мұншалықты көп басшы мен лидерді тәрбиелеп шығарған емес», — деді.
Мен оның мақсатының мұншалықты айқын екеніне таңғалып, өзімнің де арманымды «басшы/лидер болу» деп айқындап, онымен бірге Америка әскери академиясына дайындалуға шешім қабылдадым. Балалардың бір-біріне тигізетін ықпалы мен әсерінің қаншалықты зор екенін осыдан-ақ көруге болады.
Осы арманымды жүзеге асыру үшін мен сол қызбен бірге Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы туралы егжей-тегжейлі жазылған 10-нан астам томдық кітапты оқып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты барлық фильмдерді қарап шықтым. Әскери академияға түсетін болғандықтан, екеуміз күн сайын 1200 метрге жүгіріп, жүздеген баспалдақпен жоғары қарай өрлеу жаттығуын жасап, 100 рет пресс (іш бұлшықетін шынықтыру) жасайтынбыз.
Орта мектепте ағылшын тілінен ең нашар оқитын оқушы болғандықтан, мен күн сайын әртүрлі тақырыптағы 3–4 мақаланы жаттап, қысқы және жазғы демалыстарымды пайдаланып, классикалық шығармалардың бәрін кем дегенде 10 реттен оқып шықтым. Нәтижесінде, жоғары сыныпқа өтер жылы ағылшын тілі емтиханынан аудан бойынша ең үздік оқушылардың қатарынан көріндім.
Біздің мектеп Цинхуа мен Бейжің университеттерінен алыс емес еді, содан маңайда классикалық ағылшын әдебиеті сатылатын кітап дүкендері өте көп болатын. Мен бөлмелес досыммен ақпарат алмаса отырып, әлемдік қаржы-экономика орталығы Волл-стриттен шығатын күнделікті басылымдардан бөлек «The Economist» журналын, «Экономикалық жаһандануға» қатысты кітаптарды құныға оқитын едік.
Бұл басылымдарды сатып алып, кейде мағынасын толық түсінбесем де, маған киім немесе тамақ алғаннан қарағанда осылар нағыз құнды дүние болып көрінетін. Содан бәрін сатып алып, жинай беретінмін. Осыдан бірнеше жыл бұрын Би-би-си-дің (BBC) «50 UP» деректі фильмін көріп отырып, кезінде сатып алған, мерзімі өтіп кеткен соны газеттерім есіме түсті.
Ол фильмде 14 адамның 50 жылдық өмірі көрсетіледі. Классикалық ағылшын отбасында туған 7 жасар Джон мен Эндрю күн сайын «Financial Times», «The Observer» сияқты басылымдарды оқып отырса, кедей отбасының баласы ұрыс естімей, таяқ жемей тамаққа қалай тоқ болып қонуды ғана ойлайды.
50 жылдан кейін текті де ауқатты ағылшын отбасында өскен бала жақсы мектепте оқып, беделді жұмысқа орнықса, қарапайым отбасынан шыққан 3 баланың біреуі ғана табысқа жетіп, қалған екеуі қарапайым жұмысшы болады. Ал кедей отбасында өскен бала мен оның ұрпақтары тұрақты жұмыс таппай, өмірден өтеді.
10 жасымда-ақ мен бір жақын досымның ықпалымен өзімнің ағылшынша есімімді «Morgan Stanley» сияқты табысты болу үшін Stanley деп қойған едім.
Менің өте мақтан тұтатын сол досым университетте оқып жүргенде ағылшын тілін жетілдіріп, қаржы нарығын терең түсіну үшін күн сайын Уолл-стритке қатысты зерттеулер мен мақалаларды оқып, көшіріп жазатын. Ол мақаланы бірінші рет оқып шығып, өз сөзімен қайта жазып шығатын. Содан соң екінші рет қайта оқып, мақаладағы кәсіби сөздерді пайдалана отырып, тағы бір мәрте өз сөзімен жазып шығатын еді. Өткен жылы ол «Goldman Sachs»-тан кетіп, әлемдегі ең үлкен жеке инвестициялық компанияның (Private Equity) ең жас әрі ең алғашқы азиялық директоры болып жұмысқа орнықты. Қазір оның жылдық жалақысы жүздеген мың АҚШ долларымен бағаланады.
Менің есімнен еш кетпейтін, ойымнан шықпай қойған бір жайт бар: жоғары сыныпқа өтерде екі досым мектеп кітапханасына ерікті (волонтер) болып тіркелген еді. Ол кезде мен іштей: «Кітапханада ерікті болып не көрініпті, апта сайын кітапханада күзетшідей телміріп отырмақшы ма, қызығатын несі бар?» деп ойлап, өте шыққанмын. Ал кейін өзімнің қаншалықты ақымақ болғанымды түсіндім-ау...
Ол кезде жоғары сынып оқушысы кітапханадан тек 2 кітап қана алуға құқылы еді. Ал кітапхана еріктісі 5 кітап ала алатын. Мен жоғары сыныпта алтындай уақытымды босқа өткізіп алғандықтан, көп кітап оқи алмадым. Ал осы екі досым әр жұма сайын сөмкелерін кітапқа лық толтырып алып үйлеріне қайтатын. Бұл екі досым 8–9 сыныпта жүргенде-ақ мектеп кітапханасындағы барлық кітапты оқып бітірген еді.
Мектепті бітірген соң, біреуі Бейжің университетіне, екіншісі Цинхуа университетіне оқуға түсті. Бакалаврды аяқтағаннан кейін Бейжің университетін бітірген қыз Принстон университетінде магистр дәрежесін қорғап, Қытайдың қоршаған ортаны қорғау саласындағы ірі зерттеуші-маманы атанды. Ал Цинхуаға түскені Гарвардта докторлық (PhD) қорғап, АҚШ-тағы беделді университеттің оқытушысы болды.
Жақсы мектепке түсу арқылы біз өзіндік дүниетанымымызды қалыптастырып, озық жандармен арамыздағы айырмашылықты түсінеміз және солардың деңгейіне жету үшін талмай еңбектеніп, ұмтылу керектігін ұғынамыз.
2. Жақсы мектеп оқушыға тек сабақ оқудың ең маңызды нәрсе емес екенін ұғындырады
Байқау емтиханын (ҰБТ/конкурс) дұрыс тапсыра алмағандықтан, мен беделді мектепке түскеніммен, өзім қалаған мамандыққа өте алмадым. Содан TOEFL мен SAT-қа дайындалып, АҚШ-қа барып оқуды шештім. АҚШ-қа аттанбас бұрын менде: «Барлық сабақтан тек «үздік» баға алып, орташа балымды (GPA) 4.0 етіп аяқтаймын, сосын Оксфордта магистр қорғап, Уолл-стритте немесе Силикон алқабында жұмысқа орнығамын» деген үлкен мақсат болды.
АҚШ университетінің табалдырығын аттасымен-ақ менің бұрынғы ойларым асты-үстіне түсіп, мүлде өзгерді. АҚШ-тағы университеттерде студенттер әлемді өзгертумен айналысып, қолдары тимей жатады екен.
Бір кедей ауылдан шыққан докторантура студенті АҚШ кітапханаларының ескірген кітаптардың 1 тоннасын бары-жоғы 1 центке сатып жатқанын көріп, өзінің туған ауылына шағын кітапхана салып берді. Осылайша, оқитын кітабы жоқ балаларға кітап тауып беріп, оқу залы бар қуаныш сыйлады.
Біздің жоғары курста оқитын бір ағамыз шетелдік студенттердің өз үйлеріне телефонмен хабарласуы өте қымбатқа түсетінін байқап, арзан сөйлесуге мүмкіндік беретін арнайы телефон картасын шығарды. Ол кезде бары-жоғы 3-курс студенті болған оның айлық табысы 1 миллион АҚШ доллары еді. Мен де соның картасын пайдаланып, үйімдегілермен сөйлесіп тұратынмын.
Сондай-ақ, көптеген студенттер Қытайда жейтін көкөністердің АҚШ дүкендерінде сатылмайтынын көріп, қытай көкөністерінің супермаркетін ашты. Студенттер өз үйінде жүргендей сезінуі үшін көптеген қытай шайханалары мен тамақтану орындарын ашқандар да болды. Сонымен бірге, АҚШ-қа саяхаттап келетін қытайлықтар көп болғандықтан, олардың саяхатын ұйымдастыратын туроператорлық компания құрған студенттер де бар еді.
Кейбір бизнеспен айналысатын студенттер өздерінің оқу ақысын тауып қана қоймай, үйлеріне де ақша жіберіп тұратын. Міне, осыдан кейін мен жай ғана қатардағы қызметкер емес, әлемді өзгертетін, өзгелерге көмектесуге өз үлесін қосатын ықпалды тұлға болуым керек екенін ұқтым.
Университетте жүргенде осындай достарымның ықпалымен мен де көптеген толық емес жұмыс күндегі (part-time) жұмыстарды атқарып, қысқы және жазғы демалыстарымның бәрінде тағылымдамадан (стажировкадан) өтіп жүрдім.
3. Жақсы мектеп студентке ең сенімді достар мен мықты орта қалыптастырады
Кез келген мектеп немесе университет адамның жоғарғы шегін емес, төменгі шегін (базалық деңгейін) белгілеп береді. Студентке оқу орнының босағасын аттау құқығын беру арқылы, оған дос-жаран мен таныстардың үлкен ортасын да сыйлайды. Мен де осы оқу орны мен достарымның көмегі арқасында осы ортадан өзімнің алғашқы жұмысымды тауып, 10 жасымдағы арманымды жүзеге асырып, Уолл-стритке жұмысқа орнықтым.
Көптеген адамдар Йель университетінің «K of C» (Skull and Bones / «Сүйек пен бас сүйек» сияқты құпия қоғамдар немесе университет қауымдастықтары) қоғамы туралы естіген болар. Осы ортадан АҚШ-тың 3 президенті, 2 Жоғарғы сот судьясы, сонымен бірге сансыз үкімет пен парламент мүшелері шыққан. 185 жылдық тарихы бар бұл қауымдастық АҚШ-тың парламенті мен үкіметін алға сүйреп келеді десек, артық айтқандық емес. Өз ортаңның, айналаңның құдіреті деген — осы.
Кезінде Бейжің университетін бітіріп алып, шошқа етін сатты деп елге күкі болып жүрген жігітке өзінің сыныптас досы бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс тастап, қазіргі таңда Қытайдағы ең үлкен шошқа еті брендін басқарып отыр.
Мектеп немесе университет саған сапалы орта қалыптастырып қана қоймай, некеңнің де ең ұтымды әрі тең болуына жағдай жасайды. Емтихан тапсырмас бұрын анам: «Қай мектепке түссең, содан өзіңе жар таңдайсың. Сол себепті жақсы мектепке түсу үшін барыңды салып ұмтыл» деуші еді. «Әйел адам ер адамнан төмен болуы керек» деген ежелгі ескі түсініктің келмеске кеткенін 2016 жылғы Отбасын дамыту есебі айқын көрсетті. 1980 жылдан бастап өзімен білімі мен деңгейі тең адаммен отбасын құру үрдісі тұрақты әрі қарқынды түрде өсіп келеді. Біздің достарымыздың арасында да біреуі Бейжің университетін, ал екіншісі Цинхуаны бітірген жұптар өте көп.
Білім сенің дүниетанымыңды өзгертеді, ал дүниетанымың сенің көзқарасыңа ықпал етеді, көзқарасың сенің бүкіл өміріңді айқындайды...
«Қарапайым нәрсенің бәрі құнды» деп өзіңіздің бүкіл өміріңізді босқа өткізіп алмасаңыз екен деген ниетпен осының бәрін жазып отырмын...
Бұл әлемде кейбір адамдар күн демей, түн демей еңбек етіп жүргенде, енді біреулері таңертең оянғанда-ақ әлемнің өзгеріп кеткенін байқайды...
Университеттің әрбір студенті кезінде оқушы болған...
Әрбір оқушы кезінде бала болған...
Адамның болашақта кім болатынын айқындайтын дәл осы мектеп жылдары...
Атақты мектепке немесе университетке түсумен өмір бітіп қалмайды...
Бірақ ол жерге түсе алуыңның өзі сенің сонша жылғы төккен терің мен талмай жасаған еңбегіңнің жемісі...
Сондай-ақ, бұл сенің өміріңдегі жаңа, соны соқпақтың бастауы.
Аудардым: Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz