Шайтанның торы
Күздің сұрғылт, тұманды күндерінің бірінде таңсәріде Арман Аджиев кезекті іс-сапарынан әдеттегісінен ерте оралды. Үшінші қабаттағы пәтерінің есігін өзіндегі кілтпен ашып, әйелінің ұйқысын бұзып алмайын деп аяғын аңдап басып, ішке кірді.
Бір жұма бұрын жолға шыққанда үй ішінің ауасы жұпар шашып тұрғандай еді. Ал қазір есік аттағаннан мұрынға темекінің мүңкіген, жайсыз иісі келді. Бұған ішімдіктің қолқаны ататын сасығы қосылды. Арман бір қырсыққа тап болғалы тұрғанын түйсігімен сезді. Жүрегі дүрсілдей соқты.
Жатын бөлменің есігін ашып кірсе, сегіз жыл бұрын сүйіп қосылған сұлу келіншегі Шырын жартылай жалаңаш күйінде ұйқыны соғып жатыр. Түн асқан тіскебасар дәм, таусылмай қалған виски, қос рөмке жиылмаған қалпы. Нақсүйерімен түнімен төсекте ұмар-жұмар аунағаны көзге айқайлап-ақ көрініп тұр.
Арман табиғатынан сабырлы жігіт еді. Бірақ та бұл жолы ашуын ауыздықтауға төзімі жетпеді. Төсегіне жақын келіп, келіншегін жұлқи оятты.
– Тұр, оян! Мынауың не?! Қалай ғана мұндайға дәтің барды?!
Кербез келіншек лезде оянды. Бірақ айыптымын деп айылын жияр көрінбейді. Қобыраған шашын долдана қайырып, тоқ балтыр әдемі аяқтарын еденге салбырата отырды. «Ал, істеріңді істеп ал!» дегендей, бұған бағжия қарады. Арман:
– Неге?! Неліктен?! Қалайша?! – дей берді аузына сөз түспей. – Кіммен болдың?
– Темекі әперші, – деді келіншегі жайбарақат.
–Кіммен болдың деп сұрап тұрмын мен!
– Еркекпен.
– Мен оны танимын ба?
– Жоқ, танымайсың.
– Менің адал төсегімді ластағаныңды сезінесің бе сен?! – деп барып, Арман келіншегін жағынан құлаштай ұрды. Қолы балғадай жігіттің қатты соққысынан жас әйел жерге мұрттай ұшты. Мұрттай ұшқаны не керек, сонда да кінәсін мойындап, тілін тартар емес.
– Еркек болғаныңмен, еркектік күшің жоқ, бейшарасың. Әйел болып сенен ләззат ала алмадым. Бәрін өзіңнен гөр, қымбаттым… – деп сарнап жатыр.
Сілеусіннің көзіндей сығырайған, шегір көзді бедеу келіншектің қылтың-сылтың қылығын бұл бұрын да байқаған. Бәрібір осы қатынды қатты сүйді. Бірақ қылмысының үстінен түскені бүгін ғана.
Арманның қаны басына тепті. Өзін ұстай алмай қалды. Келіншегін құлап жатқан жерінен кеңірдегінен ұстап, тік көтеріп қылқындыра бастады. Әйелі жан дәрмен бұлқына шығып, қашамын деген кезде, аяғы шағын үстелге тиіп кетіп, құлаған үстел үстіндегі жеңіл ыдыстардың күлпаршасы шықты. Арман қуып жетіп, әйелдің тамағына қайта жармасты. Сұлу келіншектің екі аяғы тыпырлап, көзі бағжаңдап, дауысы шықпай жанталасты. Енді бір сәт қарашығы шарасынан шығып бара жатты да, көздің мүйізгек қабығы көмескіленіп, солғын тартып сала берді…
Арман тек бір заматта есін жиды. Көп қабатты көршілес үйдің ауласында сең соққан балықтай сенделіп жүр екен. Бұл жерге қалай келді, қашан келді, қазір қай уақыт болды, мүлде білмейді. Ақыл-есінен айырылған пұшайман халде еді. Енді не болмақ, қалай болмақ?! Санасы әлі де сансыраған күйде.
Өзі кеше ғана құлай сүйген, онысыз өмірін елестете алмайтын келіншегі енді жоқ дегенге сенбейді. Өз қолымен өмірін қиды. Оған қалай қолы барды?! Ендігі тіршілікте не мән қалды?!
Арман тағы бір мезгіл теңселе басып жүрді де, бір шешімге келгендей өз үйі жағына адымдай басты. Қолмен істегенді мойынмен көтеру керек.
Абайсызда емес, қасақана кісі қанын арқалады. Енді әділ жазасын алмай жанына тыншу жоқ.
Ең алдымен қасына таныс бір кісіні ертіп, пәтеріне көтеріліп, мәйітті тағы бір қарап алу керек деп шешті. Содан кейін бәрін мойнына алып, полиция шақыруы қажет. Мұны ойлағанда Арманның көзі шұбарланып, басы айналып, қолы қалтырап, құсқысы келді. Өз қолымен о дүниеге аттандырған сүйіктісінің өлі бейнесі көз алдына келгенде, өз-өзін қоярға жер таппады. Бойын суық тер басты.
Бұлардың үйі – соңғы үлгіде салынған әдемі үй. Кіре берістегі консьерж шал мұны көріп елпек қақты.
– Ау, қымбаттым, жолдан қашан келдің? Бәрі сәтті болды ма?
Арман шалға түк түсінбей, ажырая қарады. Бұл шалмен таңертең ғана көрісіп, амандаспап па еді?! Мұнысы несі, жаңа көргендей! Әлде, жасы келген адамның ұмытшақтығы ма екен?
Арманның бұған көңіл бөліп, ойлап тұрар шамасы жоқ-ты.
– Ақсақал, – деді дауысының дірілін баса алмай, – маған сіздің көмегіңіз керек болып тұр.
Мұның бетіне мұқият қарап алған шал:
– Көмек беруге даярмын, – деді. Арман әуелгі сөзін:
– Менің әйелім…, – деп бастай бергенде, шал әңгімені бөліп жібергені:
– Иә, білемін… – деді ол әр сөзін нығарлай айтып.
Арман селк ете түсті. Қария жайбарақат:
– Осы жаңа ғана жоғарыдан қоңырау шалып, «Ата, қолым босамай жатыр, жоғарыға көтеріле аласыз ба? Арманға бір нәрсе беріп жіберейін деп едім. Ол ылғи да асығыс жүреді ғой. Қолшатырын ұмытып кетіпті. Іздеп қалса, берерсіз» деп мына бір затты берді, – деді.
Бұны естігенде Арманның екі көзі тас төбесіне шыға жаздады. «Не деп тұр мына шал?!». Былайынша, түрі де, сөзі де шынайы. Жорта жасап тұрмаған сыңайлы. Арманның түсі бұзылып кеткенін көріп:
– Оу, бала, не болды саған? Өңің қашып кетті ғой! – деді шал. – Әлде, бұл зат сенікі емес пе?
– Жоқ, менікі, – деді Арман міңгірлеп. – Бірақ сіз мұны қайдан алдыңыз?
– Әй, сен мені қай жеріңмен тыңдадың?! Айттым ғой жаңа, әйелің берді деп.
Арманның жүйкесі сыр берді.
– Қысқарт! – деген сөзі тым қатты шықты. – Неменеге мүләйімсисің?! Мені бейнебір жаңа көріп тұрғандай! Таңертең ғана амандасқан жоқпыз ба?!
Енді қарияның ашуы келді.
–Қарғам-ау, не деп тұрсың өзің? Бүгіндікке сені көріп тұрғаным осы. Ал мынаны шынымен де әйелің берді.
– Сен шал алжиын деген екенісің. Таңертең ғана шайыңды ішіп отырғанда келмедім бе? Жол шабаданымды көтерісіп кіргізгеніңді ұмытып қалдың ба? Тегі екеуіміздің біріміз жынды шығармыз. Әй, ол қатынды мен мына өз қолыммен өлтірген жоқпын ба?! Өлген адам мұны саған қалайша береді?! – деп жанұшыра бебеулеп, безек қаққанын Арманның өзі де аңғармай қалды.
– Адам қартайғанда бір бала деген – осы. Не айтып, не қойғанын білмей, расымен де алжып, есінен адасайын деген екен.
Арман «әйелі беріп жіберген» қолшатырын қолына алар-алмасын білмей, сәл аңтарылып тұрды да, оны шалдың төсегіне лақтырып тастады да, кілт бұрылып тысқа атып шықты.
Көшеде ағылған таксидің бірін қол көтеріп тоқтатты да, жүргізушіге:
Ең жақын жердегі полиция бөліміне жеткіз! – деп бұйырып, артқы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Әлгідегі оқиғаны қайтадан ой елегінен өткізді. Қария әлі де қарттық меңдеген кісі емес сияқты. Ендеше, неге бұлай дейді? Әлде, мұның бәрі түс пен елес пе? Осыны ойлап Арман өз-өзін шымшылап көрді. Жоқ, бәрі өңіндегідей.
Енді Арман қазір полицияға барған кезде өзінің қылмысты айғақтарын қалайша жеткізерін еркінен тыс, ойша саралай бастады. Полиция сөзінен жаңылатын алжыған шал емес, мұны мұқият тыңдап, бірден тордың арғы жағына сүңгітеді. «Не болса да, тезірек бітсе екен мына пәлекет» деп ойлады Арман.
– Келдік, – деді таксист иығымен еңсеріле бұрыла беріп. «Соншама жылдам жетіп қалдық па?» деп ойлап үлгерген Арман шопырға ақша ұсынды. Есікті ашып, енді шыға берейін деп еді, таксисттің гүжілдеген дауысы еріксіз тоқтатты:
– Өй, мынауың аз ғой, бауырым! Сенің мына ақшаң әуежайдан осы жерге дейінгі жолақының ширегіне дейін де жетпейді.
– Әуежайың не айтып тұрған?! Мен сені әлгіде ғана мына маңнан тоқтатқан жоқпын ба?
Шопыр жігіттің түсі қарақошқылданды. Шықшыты түйіліп, тісі шықырлады. Енді болмаса ұрып жіберердей төне беріп:
– Есің дұрыс па ей, өзіңнің?! Мен сені әуежайдан алып келе жатқаныма бір сағат болды. Жолда үйіңе соқтың, онда күтіп тұрдым. Енді жетер жеріңе жетіп алған соң, бейбастақ мінез көрсетіп тұрсың! Давай, ештеңе білмеймін, ақшаны толық төле! Әйтпесе…, – деп жұдырығын түйе бергенде, Арман, амал жоқ, шопырдың сұраған ақшасын қолына ұстатуға мәжбүр болды.
Тысқа атып шыққан жігіт бір орнында состиып, ұзақ тұрды. Мына маңайда болып жатқан оқиғалар бейнебір өзіне қатыссыз, басқа бір сыңар әлемде болып жатқандай беймәлім күйге түсті. Жарайды, шал шатасты дейік, ал бірақ мына таксистің қылығы қай қылық?
Арман жан-жағына аңтарыла қарады. Мынау түк те полиция бөлімі емес, өзі жұмыс істейтін кеңсенің ғимараты. Ақшасын есептеп отырған таксистің жанына тақай бере:
– Мен саған әлгінде полицияға жеткіз деген сияқты едім ғой, – деді күмілжіген күйде.
Жұдырығы шоқпардай таксист бұл жаққа тыжырына қарап алып:
– Арақ іше алмайтының бар, осыншама естен айырылғанша сіміргеніңе жол болсын! – деді де, газды күшендіре басып, көзден таса болды.
Арман мең-зең, бір түрлі лықсып келген беймазалық тұтқынынан шыға алмай, әрі-сәрі күйде қаққан қазықтай қақшиып ұзақ тұрды. Мынау болып жатқан уақиға миын бұлт шалғандай басына қонар емес. Ақылынан адаса бастаған жоқ па екен өзі?!
«Жоқ, олай емес, – дейді санасы басқа болжамдарға бағынбай. – Сен сап-саусың, өз әйеліңді қылқындырып жанын жаһанамға жібергенің де рас. Бірақ айналада еш қисынға келмейтін әлдебір нанымсыз оқиғалар болып жатыр. Алдымен әйеліңнің мүрдесін қарауың керек. Сол кезде бәрі орын-орнына тұра қалады».
Осындай оқшау ойлар құшағынан әзер босаған Арманның аяғына жан бітіп, қозғала бере жан-жағына көз жүгіртті. Бұның жұмыс істейтін кеңсесі әне, қол созым жерде тұр.
«Жұмысыма кіріп шығайын, Сәрсен мен Ерсіннің бірі орындарында болар, тәуір жігіттер еді, солардың біріне жай-жапсарды түсіндірейін» деп ұйғарды. – Тонның ішкі бауындай жақын араласып жүрген азаматтар ғой. Шындықты жайып салайын».
Сәрсеннің бұл күнде қызметі өскен. Қазір компания жетекшілерінің бірі. Арманды осыншама әуре-сарсаң мен жан азабына әкеліп соққан сәтсіз іс-сапарға жіберген де осы бастығы болатын.
Шақшадай басы шарадай болған Арман ішке кіргенде, хатшы қыз шашы добырап әлдеқандай қағазды іздеп жатты. «Шеф іште ме?» деген сөзге ыммен ғана жауап берді де, кіре беріңіздің мезіретін жасап, өз ісімен бола берді.
– О, Арман, кел, кір! Қашан келдің? Бәрі сәтімен бе? – деп көңілді қарсы алды Сәрсен. – Бірдеңе болып қалды ма, өңің қашып тұр ғой.
Бетінде қан-сөлі жоқ Арман күлбілтелемей бірден әңгімеге көшті.
– Басеке, саған жеткізер өте бір маңызды жәйт болып тұр, – деп айтып ауыз жапқанша болған жоқ, Сәрсен сөзді бөліп кетті:
– Құжаттар аман ба өзі?! – деп әріптесінің сүреңі қашқан ажарына тіксіне қарады.
Құжаттар аман, үйде, сөмкемде жатыр. Қалаға таңертең ерте жеттім. Үйге келсем….
Сәрсен бұл жолы да сөзін аяқтатпады:
– Бәрін білемін…
– Нені білесің? Мұны айтқан Арманның көзі алайып кетті.
– Келіншегің Шырын жаңа ғана қоңыраулатты. «Сөмкесін әуежайда ұмытып кетіпті. Алаңдамасын», – деп жатыр.
Бастығының мына сөзінен кейін Арманнан мүлдем ес кетті. Сұп-суық тер басты. «Бұлар не, бәрі бірдей келісіп алғандай, осыменен үшінші адам, таңертең ғана өз қолымен о дүниеге аттандырған әйелін тірі адамдай етіп сөйлегендері несі?! Әлде, шынымен де есім ауысты ма?!».
Арманның демі бітіп қалғандай, ентіге тыныстады. Терең шыңырауға құлап бара жатқандай қорқыныш күйін кешті. Шекесінің қан тамырлары шодырайып шыға келіп, осы қазір жарылып кетердей қаны басына тепті.
Бастығына қарап тұрып, меңіреу күйде міңгірлеп үн қатты:
– Түк түсінсем бұйырмасын…
Сәрсен ештеңе болмағандай, әңгімесін әрі қарай жалғастырды:
– Әуе компаниясының қызметкерлері сенің ұшақтағы орындығыңнан сөмкеңді тауып алып, үйіңе қоңырау шалған екен, келіншегің жұмыста екеніңді айтыпты. Бірден біздің компанияның мекен жайын хабарлап, тез арада жеткізіп берсеңіздер депті, әуежайдың курьері қазір жолда келе жатыр екен. Қысқасы, алаңдайтын еш нәрсе жоқ, жарқыным!
Әлі құрыған Арман сылқ етіп креслоға құлады. Есін жия бере:
– Сендер мені аямайсыңдар ма, бәрің ақылдасып алғандай бір сөзді қайталап!
– Түсінбедім, – деді бастық Арманның бетіне үрке қарағандай болып.
– Келіншегің қоңырау соқты деп қалай ғана өтірік айтып тұрсың?! Оның телефон соғуы мүмкін емес…
– Арман, өз-өзіңді ұста! Сабырға кел. Ашуыңды бас. Маған сенбесең, қазір хатшымды шақырайын. Әйелің телефон шалған кезде, ол менің қасымда тұрған. Бәрін естіді.
Мына сөзден соң Арманның сүлдері құрып, бір сазарып, бір бозарып тұрып қалды.
– Мүмкін емес…, – деп түсініксіз бірдеңені былдырлады.
– Не мүмкін емес? – деді бастығы.
– Естимісің мені, Шырын бұ дүниеде жоқ. Бүгін таңертең оны мына мен өз қолыммен буындырып, о дүниеге аттандырдым, – деп Арман шарасыз кейіпте гүрс етіп орындыққа отыра кетті. – Менің сөмкем ешқандай да ұшақта қалмаған. Оны мен өзіммен алып келгенмін. Ол сөмке қазір өлі Шырынның жанында жатыр…
Бастығы Арманның бұл сөздерін сыр бермей, мұқият тыңдады. Сосын кабинеттің бұрышында тұрған тоңазытқыштың есігін ашып, ішінен қымбат вискиді алып шықты. Екі рүмкеге толтырып құйды да, бірін Арманға ұсынды:
– Кел, көтеріп қоялық. Қазір бәрі өз орнына келеді.
Арман бастығы ұсынған вискиді жалма-жан қағып салды. Кенет бастығын қапсыра құшақтап, екі иығынан сілкілей жөнелді.
– Сәрсен, құлың болайын, менің сөзіме сенші! Шырынды мен өз қолыммен… Түсінесің бе, өз қолыммен өлтірдім… Өтінемін, көмектесші маған!
– Сонда маған не істе дейсің?!
– Полицияға званда! Қылмыскердің алдыңда отырғанын айт! Мен барлығын мойындаймын!
Сәрсен бұған бір түрлі аянышпен мүсіркей қарап тұрды да, қолын телефонға созды. Арман ішінен терең тыныс алды: «Мыналар әбден жындандыратын болды ғой! Полицияға жылдамырақ хабарлағаны керек маған. Не болса да, тезірек бітсе екен мына пәле!».
Осы кезде есік қағылды да, ішке хатшы қыз басын сұқты:
Телефонның құлағын ұстап, енді тере бастаған Сәрсен:
– Кіріңіз! – деді. – Не болып қалды?
Хатшы қыз есікті жасқана аттады. Арқа жағына қайыра ұстаған бір қолында әлдене бар.
–Кешіріңіздер, әуежайдан жаңа ғана курьер жетті. Арман мырзаның сөмкесін алып келді.
Хатшы сөйтті де, бастығының үстелінің шет жағына қоңыр түсті, қымбат былғарыдан тігілген сөмкені қойып жатып, Арманға:
– Шабарман курьер қабылдау бөлмесінде сізді күтеді. Ұмытылып қалдырған затты қабылдап алғаныңызды растап, қол қоюыңыз қажет, – деп күлімсірей тіл қатты.
Телефон тұтқасын орнына қондырып жатып, бұған сынай көз салған Сәрсенге бір, езуінде жылы жымиыс бар қызға бір қарап, абдырап қалған Арман жалма-жан өзіне әбден таныс сөмкені есі кете, жан ұшыра сипалай берді. Хатшы қыз Арманның әбіржіген түрін көріп, ақырын басып, жылыстап шығып кетті. Сәрсен болса, есі кіресілі-шығасылы, не істеп-не қойғанын білмей тұрған Арманды сәл ығыстырып:
– Өзім барып қол қоймасам, сірә да болмас, – дей беріп еді, Арманның жан дауысы шықты:
– Жоқ! Тек өзім ғана! Қазір ол шабарманға шындығын айтқызамын, менің сөмкемді қайдан алғанын бәрібір мойындатамын!
Түсі жауар бұлттан әрмен түнеріп, түрі қара-қошқыл болып, түтігіп кеткен Арман қабылдау бөлмесіне жұлқына шығып, сөмкені жеткізген бойшаң келген жас жігіттің жанына жағасынан алардай ентелеп барды да:
–Сөмкемді қайдан, қалайша алғаныңды жаның барында айт! – деп тепсінді.
Бұндай әрекетті күтпеген жігіттің көзі жыпылықтап:
– Әуежайдан, ауысым бастығынан…, – дей берді.
Мына сөзден кейін Арман жігіттің жағасынан қапсыра ұстап, жұлқи тартқанда, анау екі аяғы жерге тимей шыр айналардай болды.
– Соқ өтірікті, суайт! Бұны сен менің үйімнен алдың. Шыныңды айт, кәззап! – деп сілкілеген қарулы қолдың қауқарынан қатты қорқып, зәресі ұшқан жігіт:
–Есіңізді жиыңыз! Әуежайда бастығым берді, мен жеткізуші ғанамын… Мен сіздің қайда тұратыныңызды білгенді қойып, өзіңізді өмірімде бірінші рет көріп тұрмын! – деп безектеді.
Арман бұл кезде мүлдем дерлік ес-ақылдан айырылғандай, өз-өзін билеуден қалып, еліре сөйлеп, ескісі ұстаған жындыдай айналадағы адамдарға бой бермей, жолындағысын қырып-жойып әкетіп бара жатыр еді. Іштегі айқай-шуға сырт жақтан тағы бірер жігіт жүгіре басып кірді.
Бокстан спорт шебері, бойы екі метрге жуық дәу Сәрсен, амал жоқ, құтырығы ұстаған бурадай дес бермей кеткен Арманды жақтан тиген әжептәуір екі-үш соққыға жығылар болмаған соң, құлақ-шекеден бірер рет қатты ұрып, талдырып тастауға мәжбүр болды.
* * *
Арман есін жиғанда, диванда сұлап жатыр екен. Жан-жағын бажайлап қараса, өзіне таныс заттар көзге ұрып сала берді. Таңертең әйелін буындырып, жанын жаһанамға жіберген өз бөлмесі. Бірақ ешқандай күрестің ізі жоқ. Бәрі тап-тұйнақтай жиылған. Өңі ме, түсі ме, ажырата алар емес.
Шынымен де, уақиғаның барысы адам айтса нанғысыз желімен өрбіген жоқ па. Шырынды ұрып құлатып, буындырған сәті есінде. Ал қазір әйелінің мүрдесін қойып, сынған ыдыс, шашылған темекі тұқылының бірде-бірі көзге түспейді.
Осы екі арада Арман өзара сыбырласа сөйлескен адам дауысын естіп, шойындай ауыр тартқан басын ақырын көтеріп еді, терезенің алдында тұрған әріптес екі жігіттің сұлбасын көзі шалды. Ал арқасын беріп тұрған кісі полицей киімінде екен.
«Е, бәсе, солай болса керек. Әлдекім полицей шақырып, қылмыс болған жерге бастап әкелген ғой. Шырынның мүрдесін суретке түсіріп, мәйітханаға алып кеткен шығар. Енді тек мұның оянуын күтіп тұрғаны анық. Көп ұзамай мынау жындысүрей жаңылтпаштан құтылатын болдым» деп ойлады Арман.
Мұның қозғалғанын көріп, мығым денелі, мұртты капитан бері жақындап:
–Қалайсыз, өз-өзіңізге келдіңіз бе? – деп жылұшырай сұрады. Бұл бейнебір қылмыскер емес, зардап шеккен жан сияқты.
– Менің есімім – Карл, қылмысты тергеу бөлімінен, – деп таныстырды ол өзін.
Күнібойғы бейбастақ «кошмар» оқиғалардан запы болған Арманның дауысы жарқын шығып:
– Әйелімнің мүрдесін таптыңыздар ғой? – деп сұрады.
– Таптық, – деді полицей жігіт мұны мүсіркеген дауысын жасыра алмай.
– Өлі ме?
– Өкінішке орай, солай…
Арман: «Е, бәсе…» – деп алып:
Мен барлығын бірде-бір жалған сөз қоспай, баяндап, мойындауға даярмын, – деді. – Қамауға алуларыңызға болады.
Полицей бұған «Мынаның есі дұрыс па?!» дегендей таңдана қарады:
– Бәлкім, сізге тағы да дәрігер шақыру керек болар?
– Керек емес! – деген Арманның дауысы қатқыл шықты. – Мені неге қамауға алмайсыңдар? Мен – қылмыскермін. Қолға салатын кісендерің қайда?
– Сәл сабыр етіңіз, – деді полицей жігіт салқынқанды дауыспен. – Сіздің әйеліңіз жазатайым жағдайдың салдарынан қаза болды. Ваннаға түсіп жатып, аяғы тайып кетіп, шүйдесімен қатты соғылған. Мұндай жағдайлар біздің тәжірибемізде аз кездеспейді…
– Жоқ! Мүлдем олай емес! Мен жындымын ба, әлде сендер жындысыңдар ма?!
– Расымен де осылай болды. Біздер оны тапқан кезде, ваннадан аққан су астыңғы пәтерге жайыла бастапты.
– Тапқан кім?
– Кеңседе сіздің айғай-шу көтеріп, асау мінез көрсеткеніңізден қауіптенген әріптестеріңіз бізге хабарласты. Олар ес-түссіз жатқан сізді үйіңізге алып келгенде, мына жақтан мен де жеттім. Үшеулеп үйге кіргізген кезде, астындағы көршілеріңіз пәтерге кіре алмай шулап жатыр екен. Есікті ашып, ішке кіргенде, әйеліңіздің жансыз денесін тауып алдық. Жарты-ақ сағатқа кешігіппіз.
– Ойпырым-ай, сендер мені әбден жынды қылып, өлтіретін шығарсыңдар! Ешқандай да жазатайым оқиға емес, менің қолымнан өлді ғой ол!
Арманның мына сөзін естіген полицейдің дауысы енді тым қатқыл естілді:
– Егер кішкентай ғана кілтипан тапсақ, әрине, сізді темір тордың арғы жағына бір-ақ тоғытар едік.
Арман енді ғана аузын аша бермек болған кезде, үйге дәрігерлік саквояжын алып сот-сарапшысы кірді.
– Мына кісіні де тексеріңіз, – деп бұйырды оған мұртты полицей Арманды көрсетіп.
Сарапшы мұны қарап шығып:
– Соққы қатты тиіпті, шекесінде қанды ісік бар екен, әлі де жата тұру керек, – деді. Арман сарапшыдан:
– Дәрігер, сіз мүрдені зерттеп шықтыңыз ғой, солай ма? – деп сұрады.
– Солай.
– Ендеше, айтыңызшы, марқұм соққыдан емес, қылқындырудан өлген жоқ па?
– Жоқ. Біз бәрін мұқият қарадық. Әйеліңіз шүйдеден тиген соққыдан есінен танып, құлап түсіп, суға тұншығып өлген. Мұның барлығы сот хаттамасында айғақ адамдардың көзінше толтырылып, тіркелді. Енді оны өзгерту мүмкін емес.
Сарапшы-дәрігер Арманға сары түсті екі-үш таблетка мен стақанға су құйып берді.
– Ішіп алыңыз. Ұйқы шақырады. Оянғанда, бәрі ретке келеді.
Арманның амалсыздан дәрігер ұсынған дәрмекті ішіп алуына тура келді.
– Ал енді тараңыздар. Науқас тынығып алсын, – деді сарапшы.
Жиылған жұрт тарай бастады. Тек мұртты полицей ғана бір нәрсе сұрағысы келді ме, Арманға жалтақтап қарай берді. Арман соңғы күшін жинап:
– Бәрібір айтқанымнан танбаймын, ол менің қолымнан қаза болды, – деді.
Бұл тек сіздің ғана болжам-білгеніңіз, Арман мырза…
– Неге менің сөзіме сенбейсіңдер, осыған түсінбей басым қатты…
– Түсінбесеңіз, түсіндірейін. Сіздің бұл мойындауыңыздың әр тармағын жоққа шығаратын алты-жеті куәгеріміз бар. Сіздің әуежайдан бергі әр қадамыңызды тасқа басқандай көрсететін бұлжымас айғақтарымыз бар. Бұл айғақтардың күштілігі сондай, оған ешбір сот шүбәлана алмайды.
– Сіз де менің кінәлі екеніме күдік келтіре алмайсыз ғой?
– Алты куәгердің айтқанын мен қалайша теріске шығармақпын?
Капитан осылай деп, сыртқа шығуға жиналды. Дәрінің әсерінен ұйқы меңдеп бара жатқан Арман соңғы күшін жиып:
– Тоқтаңызшы! – деді жалбарына. – Мені ақыл-есімнен адаса бастаған жоқпын ба деген үрей қорқытып барады. Расымен мен кінәлі емеспін деп ойлайын десем, бәрін өз қолыммен жасағаныма мысқалдай шүбәм жоқ.
Неліктен соншама адам менің қылмысымды жоққа шығарғысы келеді?! Неге мені барлығы соттан құтқарып қалмақшы?
– Ол жағын мен білмеймін, – деп қысқа қайырды капитан.
– Білесіз, білгендей қандай! Бұны менің де білгім келеді, – деді Арман соңғы талды қармап.
Есіктің тұтқасына қолын апара берген капитан бір сәт бөгелді де, бұған сынай қарап тұрып:
– Сіз жарыңызды сүйдіңіз ғой, солай ма? – деді.
– Жанымдай жақсы көрдім.
– Бірақ көзіңізге шөп салғанын көтере алмадыңыз, дұрыс па?
– Иә, – деді Арман күмілжіп. – Бойды кернеген ашу-ызамды билей алмай қалдым…
– Түсінемін. Бәріміз де сіздің орныңызда болғанбыз…, – деді капитан әлденені ишаралап жұмбақтай сөйлеп.
– Сіз нені меңзеп отырсыз?! – деді Арманның иектеп бара жатқан ұйқысы шайдай ашылып.
Капитан енді кері оралып, орындыққа жайлана отырды. Сосын Арманға көзін тура қадап сөйлеп кетті:
– Құлай сүйген, ақ-адал деп жүрген әйелі күндердің күнінде белі тақым сағынып бұраңдап, жар төсегін былғап, төбесінен жай түсіргендей, ер-азаматтың намысын қорлаған жағдай тек сіздің бір басыңызда ғана ма? Бұндай қорлыққа шыдамай, қызғаныштың күйігінен ақылынан айырылып, көлденең жүрісі көп қатынның қанын мойнына жүктеуге мәжбүр болған еркектердің бір тобы ұйым болып бірігуі мүмкін бе? Иә, мүмкін. Ақ-адал еркектің жазығы не? Өмір бойы есінен шықпас қорлықтан өзге, ол абақты азабын тартуы тиіс пе?
Капитан осылай деді де, Арманға жауап күткендей тесіле қарады.
– Жоқ, – деді Арман міңгірлеп, – тиіс емес…
– Ендеше, – деді капитан орнынан тұра беріп, – әйелі ойнас жасап, шайтан торына түскен мұңдас еркектер тобына қош келдіңіз! Біздің ұйымның оншақты мүшесі бар. Олар мұндай шытырманға тап болған тағдырлас адамға мызғымас дәләл-айғақ жасап беруге әрқашанда әзір. Ендігәрі ештеңе ойламай, жақсы өмір сүруге бейіл болыңыз, құрметтім!
Сайлау Төлеуов
Дереккөзі: Қазақ Әдебиеті
Abai.kz