Тәуелсіз Шығыс Түркістанның жоғалуы
Қасымыздағы азаттығынан айырылған елдер: Тибет - 39 жылға созылған Тәуелсіздік...
1757-58 жылдары қазіргі Жаркент, Қашғар қалаларын Цин империясы басып алды. Сондай-ақ 1760 жылы бұл орасан зор аймаққа «Синь-Цзян» (Жаңа өлке) деген атау беріп, өз аумағы ретінде иелене бастады.
Бірақ осыған қарамастан, Тәуелсіздік жолында үздіксіз ұлт-азаттық күрес жүргізген ұйғыр халқы XVIII-XX ғасырларда Қытайға қарсы 400-ден аса көтеріліс жасаған екен. Әсіресе, XIX ғасырдың өне бойында ұйғыр қожалары басқарған көтерілістер көлемі мен саяси мақсаты жағынан жойқын болды. Бірақ 1851 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы Құлжа келісімінен кейін өзара қарым-қатынасын жақсартқан екі империя онсыз да басы қосылмай жатқан ұйғыр хандықтары мен сұлтандықтарын екі жақтан талай бастады. Ал 1871 жылы Ресей империясының әскерлері Іле сұлтандығын басып алғанымен, 1879 жылғы Ливади келісімі бойынша, ол аймақты Қытайға қайтарып берді. 1884 жылы Цин империясы Ұйғырияға қайтадан «Синьцзян» деген атау берді.
Ресей патшасының 1916 жылғы атышулы жарлығы нәтижесінде, Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық көтерілістерден кейін орыстың жазалаушы әскерлерінен қашқан қазақтар мен басқа да түркі халықтары Шыңжаңға өтіп, ол жердегі эмигранттардың үлкен шоғырын құрады. Міне, осы кезеңнен бастап РК(б)П ОК Саяси Бюросы Шыңжаң мәселесін ерекше назарда ұстады. Шыңжаңдағы Қытай билігі де кеңестік Ресеймен жақсы қарым-қатынас жасауға мүдделі болды. Себебі, Шыңжаң экономикасында басты рөл атқаратын сыртқы сауда-саттықта Ресей басымдыққа ие болатын.
1920 жылы Шыңжаң өкіметі Пекиннің келісімі бойынша Құлжаға Кеңестік сауда-дипломатиялық миссиясын келіссөздерге шақырды. Нәтижесінде 1920 жылы 27мамырда Құлжа қаласында Шыңжаң мен кеңестік Ресей арасындағы сауданы реттеп отыратын кеңестік агенттікті ашу жөніндегі Іле келісімі жасалды. Келісім бойынша екі жақты сауда, Қорғас арқылы өтетін жалғыз жолмен жасалатын болды. Міне, осы кезден бастап ШҰАР билігі кеңестік Ресейдің айтқанын істеп, Шыңжаңға шоғырланған ақ гвардияшылардың негізгі ошағын жоюға көмектесті. Олардың А.Дутов, Б.Анненков, Н.Денисов сияқты басшыларының көзі жойылды. Екі ел арасында аса үлкен маңызға ие болған керуен саудасы орнады. Кеңес мемлекетінен Шыңжаңға қант, сіріңке, мұнай өнімі, мата, жіп, темір мен шойын бұйымдар, ыдыс-аяқ және т.б. шығарылса,ол жақтан былғары, тері, жүн, жібек, мақта, шай, темекі, жылқы, сиыр, кепкен жеміс-жидек тасымалданды. 1926 жылы екі жақты сауда 1913 жылғы деңгейге жетсе,1929 жылы ол деңгейден 63,2 пайызға асып кетті.
Кеңес Одағы басшылығының XX ғасырдың 30-жылдарында Шыңжаңға қатысты қабылдаған шешімдеріне қарап, Шыңжаңның толық КСРО дотациясына көшкенін көруге болады. Әсіресе, 1933 жылы ақ гвардияшылардың көмегімен Шыңжаң билігіне келген Шен Шицайдың кезінде, Кеңес–ШҰАР қарым-қатынасы ерекше қарқынды дамыды. 1933 жылдың тамызында өткен БК(б)П ОК Саяси Бюросының мәжілісінде Шыңжаң экономикасын дамыту жөнінде қаулы қабылданды. Саяси Бюро Шыңжаңға 4 пайыз жылдық өсіммен 5 миллион рубль қарыз беріп, оны алтын, қалайы, тері, жүн және т.б. тауарлар арқылы қайтаруды міндеттеді.
Шыңжаң билігінің жетекшісі Шен Шицайдың Сталинге жазған хаттарында оның шексіз жағымпаздығын байқайсыз. Оның хаттары «Менің ең сенімді жолбасшыларым – Сталин, Молотов, Ворошилов…», - деп басталып,«Марксизм-Ленинизмге және Сталинге берілген және сіздің нұсқауларыңызды жүзеге асырушы Шен Шицай» деп аяқталады. Екінші жағынан, Саяси Бюро Шыңжаңдағы анти-кеңестік элементтерді жою кезінде осы Шен Шицайдың көмегіне жүгінді. Жергілікті мұсылман халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын басуда асқан қатыгездігімен көзге түскен Шен Шицай КСРО басшылығының қолтығына кіре отырып, өзінің Шыңжаңдағы саяси билігін нығайтты.
КСРО 30-жылдардың соңында Шыңжаң экономикасын толық монополиялап, жергілікті валютаның курсына әсер ете бастады. 1933 жылдың жазында Сәбит Дамолла және Мұхаммед Эмин Бұғра басшылығымен құрылған Шығыс Түркістан Ислам Республикасы ақ гвардиялық әскерлердің киімін киген ОГПУ-дың 13-ші Алматы полкы мен 10-шы Ташкент полкы әскери қызметкерлерінің күшімен талқандалды. Осындай жағдайда жергілікті қытайлық билік өкілдерінің өзі Шыңжаңның КСРО-ға қосылуы туралы мәселені бірнеше рет көтереді. 30-жылдардың өне бойында Сталиннің қолтығына кіріп, кеңестік саясаттың қолжаулығына айналған Шыңжаң дубаны Шен Шицай 1942-43 жылдары ашық анти кеңестік бағыт ұстап, Чан Кайши билігін қолдай бастайды. Шен Шицайдың осындай саясатынан кейін Кеңес Одағы бұған арнайы шешім қабылдауға мәжбүр болады. Л.Берия, С.Круглов, В.Абакумовтың Сталинге жолдаған баянхатында осы шешімді орындау үшін Шыңжаң өлкесіне арнайы адамдар жіберіліп, қытайларға қарсы көтеріліс ұйымдастыру жұмысының қарқынды жүріп жатқаны айтылады. Міне, осы ұйымдастыру жұмысының нәтижесінде Алтай, Тарбағатай және Іле аймақтарының қазақтары және өзге де ұлт өкілдері көтеріліс жасап (Оспан батыр көтерілісі), Шыңжаңдағы қытай жасақтарын талқандайды. Сөйтіп, 1944 жылдың 7 қарашасында Құлжа қаласында Шығыс Түркістан Республикасы құрылады.
Бірақ, Қытайдың Коммунистік партиясының жетекшісі Мао Цзедун бастаған армия Чан Кайши үкіметін талқандап, бүкіл қытайлық билікті өз қолына алады. Осы орайда, 1945 жылы Мао Цзедун мен Сталин келісімшартқа отырып, достық қарым-қатынас орнатады. Бұдан әрі орыстарға Шығыс Түркістан Республикасы керексіз болып қалады. Сөйтіп, кеңестік Сталин басқарған Саяси Бюро Шыңжаң мұсылмандарының тағдырымен ойнап, өздері құрған мемлекетті өз қолдарымен тұншықтырды. Міне, Кеңестер Одағы Саяси Бюросының Шыңжаңға қатысты осындай шешімдері өрескел қателік болды.
Осы орайда, қазақ халқының үш ғасырдан кейін, тар жол, тайғақ кешіп, әрең жеткен тәуелсіздігін жоғалтып алмай, оны қалайда сақтап қалуға, қадірлеп-қастерлеуге әр қазақ мүмкіндігінше атсалысуы қажет-ақ. Әттең, бізде ұлттық идиология жоқтың-қасы. Сондықтан шығар, солтүстігіміз бен Павлодар жағы мигранттар өлкесіне айналып кеткендігі бәрімізге мәлім. Бұл жақта, мемлекеттік қазақ тілі мен ұлт дәстүрі жоғалудың сәл ғана алдында тұрғандығы, осы өлке тұрғындарында мұсылмандық танымының мүлде келмуі, анық байқалып тұрады. Қазіргі күндері аннан-мыннан қашқан мигранттар үздіксіз келуде. Бізде тоқсан күнннен кейін мигранттарды шығарып тастайтын заң қабылданғанымен, оны қайтадан алдырып тастаған көрінеді. Бұл қазақ халықына жасалған қастандық қой. Мұны, билік ойластыруы керек.
Қазақстанды қазіргі күндері Қазақ мемлекеті қылып тұрған, қазақтары басым, оңтүстік облыстар мен батыс облыстары. Сондай-ақ, Ұлытау, Қарағанды, Торғай өлкесі және күндей жарқыраған Абай облысы ғана. Алдағы уақытта, тұтас мемлекетті нағыз қазақ еліне айналдыру билігіміздің әрдайым күн тәртібінде тұруы тиіс.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz