Жұма, 22 Қараша 2024
Араша 10694 23 пікір 28 Желтоқсан, 2023 сағат 13:46

Ұлымызға араша сұраймыз, Президент мырза!

«Балапан басына, тұрымтай тұсына» жағдай орын алған «Ескі Қазақстанның» Елбасизм кезіндегі билік жүйесі қазақ қоғамына «ала қойды бөле қырқу» принципін өмірге әкеліп, шырылдаған шындық үшін күрескендердің «бір елі аузына төрт елі қақпақ» қойғызғаны жасырын емес.

Енді ел сайлаған Мемлекет басшысы осы ескі жүйе орнықтырған тәртіп пен бассыздықтың түп тамырына балта шабу үшін бірсыпыра жұмыстар атқарып жатыр. Бұрын үні шықпайтын жұрт енді көңілдегі түйткілдерін Президентке ашық жеткізе алатын болды.

Жуырда редакциямызға: «Ұлым терең қалталы дәу-дөкейлердің «жаптым – жала, жақтым күйе» әрекетінің кесірінен жазықсыз сотталып кетті», - деп шып-пыр болған ата-ана келді. Президент Тоқаевтың атына араша сұрап жазған үшбу хаттарын көтері келіпті.

Abai.kz – еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға, өздерінің үндерін ел билігін тізгіндеген тұлғаларға жеткізуге Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Біз араша сұрап келген ата-ананы сөзге тарттық. Істің мән-жайын сұрап білдік.

Аширхан Сейдазов пен Камиланың Нурмаханова баласы Ернар Сейдазовқа Алматы қаласы Алатау аудандық соты мен Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі алқасы «BI-GROUP» холдингінің еншілес компаниялары – «Каспако»  және   «Bi Global» ЖШС-да заңсыз жасалған құжаттардың негізінде орын алған заңсыз әрекеттеріне күйініп, ұлының осы кәсіпорындарда 2 ай ғана жұмыс істеп, аяқ-астынан  «96 000 000 (тоқсан алты миллион) теңгенің материалын ұрлап кетіпті» деген жалған айыппен 8 жылға сотталып кеткеніне араша сұрайды.

«BI-GROUP» холдингінің еншілес компаниялары – «Каспако»  және   «Bi Global» ЖШС-нің жеке ақшасы болса бір сәрі, бірақ  мемлекеттің тапсырысымен мемлекеттің қаржысына мемлекеттік мектептер салынып жатқанын Алматы қаласы Алатау аудандық соты мен Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі алқасы  мүлде  елмеген.  Льдетаев, Арыстанбеков деген қызметкерлер жалған куә болып, Ернар Сейдазовтың мойнына «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің басшылығы жымқырған ақшаны көзбояушылықпен арта салған. Әділеттік үшін шырылдаған ананың зарына кім құлақ асады?

Осы бір күйінген ананың жанайқайын Abai.kz оқырмандарының талқысына һәм Ел басшылығының назарына назарына ұсынып отырмыз!


Сурет Ақорда сайтынан алынды

Қазақстан Республикасының 
Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сізден Алматы қаласы соттарындағы заңсыздық пен әділетсіздікке тосқауыл қойып, соттардың мемлекет қаржысына құрылыстар салып жатқан BI-GROUP холдингінің филиалдарындағы қаржылық заңдардың дөрекі бұзылуына көңіл бөлмей, заңсыз, әділетсіз шығарған сот актілерінің күшін жоюға ықпал етуіңізді сұраймыз

Алматы қаласы Алатау аудандық соты мен Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі алқасы BI-GROUP холдингінің еншілес компаниялары «Каспако»  және «Bi Global» ЖШС-да заңсыз жасалған құжаттардың негізінде менің балам Сейдазов Ернар Аширханұлын 8 жылға соттап жіберді.

Алматы қаласының соттары BI-GROUP компанияларындағы орын алған заңсыздықтарға, тәртіптің жоқтығына, қызметкерлердің жауапсыздығына,  әсіресе қаржы саласындағы ережелердің дөрекі бұзылуымен жасалған құжаттарға көз жұмып отыр.

Іс бойынша: «Менің балам 2 ай ғана жұмыс істеп, 96 000 000 (тоқсан алты миллион) теңгенің материалын ұрлап кетіпті. Оның бір бөлігін жұмысқа кірмей тұрып-ақ ұрлапты. Материалдық жауапты қызметкерлер - Учаске басшысы (қойма бастығы) мен жоба жетекшісі материал кірген-кірмегенін тексермей, накладнойға қабылдап алдым деп қол қоя беріпті. Ол ұрланған материал бухгалтерлік есеппен өтіп, ақшасы төленіп кетіпті. Одан соң да ұрлық жасала беріпті, оны ешкім тексермепті, сеніп жүре беріпті. Материал объектіге кірді ме, кірмеді ме ешкім қарамапты. Ол ұрлықты 5 айдан кейін ғана анықтапты».

Сонда бұл не деген қадағалау жоқ, ашық-шашық құрылыс?

Жауапты қызметкерлер, қауіпсіздік қызметі қайда қарайды?

Жалпы материалдық құндылықтар неге дұрыс есепке алынып, дұрыс саналып, нұсқаулыққа сай дұрыс алынып-берілмейді?

Әлде анықталғаны анықталып, анықталмағаны оңды-солды шашылып кетіп жатыр ма? Материалдар құрылыс объектілеріне жетіп жатыр ма? Әлде қағазбен он тонна, ал нақты бір тонна кіріп, сапасыз құрылыстар салынып жатыр ма?

Сұрақ көп...

(Суретте араша сұраған ата-ана)

BI-GROUP холдингінің қызметкерлері бұл сұрақтарға жауап бере алмады. Себебі, бұл BI-GROUP холдингі филиалдары  қызметкерлерінің, бұрыннан сол жерде таныс-туыстықпен орнығып алған мамандардың алдын-ала ұйымдастырған іс-әркетінің нәтижесі деп санаймын.

BI-GROUP холдингі филиалдарына егер ол жерде жақын таныс-туыс болмаса жұмысқа кіру, материалдық жауапты қызметке орналасу мүмкін емес екен.

Ал еш таныс-туысы жоқ менің баламды аяқ астынан жұмысқа алып, 2 ай ішінде жүз миллион ақшаны мойнына іліп, қалған жауапты адамдар сытылып кетті. Ол қызметкерлер неге жауапқа тартылмады?

Сот та бұл сұрақтарға жауап алуға тырыспады!

Сіздерден шындықты анықтауды сұрап жазып отырмын.

Менің балам сот үкімімен айыпты деп танылды, бірақ сот істі әділ, заңды қарамады, заңсыз үкім шығарды.

Заңсыздықтың дәлелі сол – менің балам жұмыс істемеген кезде жоғалған заттарды да менің баламның мойнына жүктеді.

Оның сыртында жоғалмаған, яғни түгендеу кезінде объектіде бар болған затты да ұрлады деп соттап отыр.

Заңсыз үкімнің шығуына «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің материалдық жауапты тұлғалары мен қаржылық қауіпсіздік бөлімі қызметкерлерінің заң талаптарын дөрекі түрде бұза отырып жасаған құжаттары негіз болды.

Сол қызметкерлер келтірілген шығынның жауаптылығынан өз бастарын алып қашу үшін барлығын менің балам Е.Сейдазовтың мойнына ілуге барларын салды, сол үшін сотпен заңсыз келісім жасады деп ойлаймын.

(Суретте BI-Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаев)

Себебі сот:

- «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің жасаған түгендеу тізімдері (инвентаризационные описи) ҚР Қаржы министрінің «Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 31 наурыздағы № 241 бұйрығының ( ҚР ӘМ-нде 2015 жылы 6 мамырда № 10954 тіркелген)   Түгендеу жүргізу тәртібі туралы 4 тарауының  61, 65, 67 тармақтарын өрескел бұза отырып жасалғанына;

- түгендеу тізімін жасауға комиссия мүшесі ретінде қол қойған  қызметкерлердің сотта өздерінің түгендеуге қатыспағанын айтқанына,

- түгендеу тізімін түгендеуге қатысуға болмайтын адамдар жасағанына;

- «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-да бухгалтерлік іс-құжаттардың қалай болса солай жасалатынына, ол құжаттар кім көрінгеннің, тіпті сол мекемелерде жұмыс істемейтін адамдардың қолында жүретініне

- жоғалды деген материалдарды учаске басшылары қабылдап алып, бухгалтерия арқылы өткізіп, жеткізушілерге ақшасын төлеп қойып, одан соң  ол материал жоғалды деп менің балама жала жауып отырғанына;

(Суретте Е.Сейдазов)

- менің балам Е.Сейдазов жұмыс істемеген кезде жоғалыпты деген материалды да менің баламның мойнына ілгеніне;

- түгендеу тізімі мен аудит, сараптама және сот үкімі бойынша материалдар мен шығын көлемі бойынша айырмашылықтарға;

- іс бойынша материалдардың Жеткізуші компаниялардан нақты алынған-алынбағанын дәлелдейтін құжаттардың жоқтығына

- сотта «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің қызметкерлері өз қызметтік міндеттері мен болған жағдай бойынша дұрыс жауап бере алмай,   материалдардың жоғалуына қалай жол берілгенін түсіндіре алмағанына;

- қызметкерлердің жұмысқа деген жауапкершілігі жоқтығына, өз міндеттеріне немқұрайлы қарауларына;

- прокуратураның жоғалмаған, түгендеу кезінде бар болған заттарды да айыптауға кіргізгеніне қарамастан ЗАҢСЫЗ үкім шығарды.

Бұл Заңсыз Үкімнің шығуына сол жауапсыз қызметкерлер мүдделі болды, ал полиция, прокуратура, судьялар солардың ықпалында кетіп отыр деп ойлаймын.

Құрметті  Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Әлі де болса әділдік, заңдылық болады деп үміттенемін!

«Каспако» және «Bi Global» ЖШС-да жасалған жалған құжаттардың негізінде Соттың Заң талаптарын бұза отырып шығарған үкімін қоғам талқысына салып, талқылау үшін журналистерге ақпарат беруге мәжбүр болып отырмын.

Және соттардағы әділетсіздікке, BI-GROUP холдингінің еншілес компанияларындағы талан-тараж бен қаржылық заңсыздықтарға баға беру үшін Сізге осы хатымды жолдаймын.

Сотта «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің менің баламнан материалды қабылдап алып, накладнойларға қол қойып берген Льдетаев, Арыстанбеков деген қызметкерлер «ол материалдарды көрген жоқпыз, Сейдазовқа сеніп қол қойдық» деп жауап берді.

Менің баламды бұрын танымайтын, білмейтін, таныстық-туыстығы жоқ адамдар жұмысқа жаңа келген адамға сеніп, қалай миллиондаған ақшаның құжаттарына қол қойып бере береді? Бұл жауапсыздық па? Жауапсыздық!

Және осы жауапсыздықты Сот ол қызметкерлер үшін қалыпты жағдай деп санады екен. Олардың сотта айтқан: «Біз бір-бірімізге сеніп, тексермей жұмыс жасай береміз», - дегеніне сене салды. Бұл сыбайласып қылмыс жасауға жол ашу деп санаймын!

Егер ол олардың жеке ақшасы болса бір сәрі, бірақ мемлекеттің тапсырысымен мемлекеттің қаржысына мемлекеттік мектептер салынып жатқанын сот  мүлде елмеді. Мемлекеттің ақшасы оңды-солды шашылып жатқан жоқ па? Талан-таражға түсіп жатқан мектеп құрылыстарының сапасы қандай? деген сұрақтар қойылмады.

Сізге адвокаттың жазған апелляциялық шағымын жолдаймын.

Шағымда «Каспако»  және «Bi Global» ЖШС-нің қызметкерлерінің  бухгалтерлік есеп бойынша қандай заңдарды бұзып құжаттар жасағаны,   сотта қандай жауап бергені, жалпы осы екі мекемеде жұмыстың қалай жүретіні туралы толық сипатталған.

(Суретте Сабазбекова Гулмира Муханбаевна - адвокат)

Осы жағдайлар Алматы қаласы Алатау аудандық сотында да, Алматы қаласының аплляциялық алқасында да айтылды. Адвокаттың 14-бетке жазған апелляциялық шағымында көрсетілген пікірлер мен уәждемелерге апелляциялық сатының судьялары ешқандай баға бермей, бар жоғы 3 беттік қаулыда «істі қайта қарауға негіз жоқ» деп пікір білдіре салды.

Ал заңдылықты қадағалауға тиіс прокуратура органының қызметкерлері өздері қылмыстық-процестік кодекстің талаптарын дөрекі бұза отырып, адвокаттың іс материалдары бойынша пікірін қарамай, жауап бермей, 6 томдық қылмыстық іспен жарты күнде танысып сотқа жолдап, одан соң сотта  негізсіз айыптау актілерін 4 рет қайта-қайта  түзетіп сотқа тапсырып,  адвокаттың заң нормаларының бұзылуын анықтап көрсетіп бергеніне қарамастан жалған дәлелдемелерге негізделген айыптау актісін қолдап отыр.

Мен бұл істе сыбайлас жемқорлық бар болуы мүмкін деп санаймын, себебі  BI-GROUP холдингінің филиалдары «Каспако» және  «Bi Global» ЖШС-нің қаржылық құжаттарына жауапты қызметкерлері өздерінің заңсыздықтары мен кемшіліктерінен жалтару үшін менің балам Е.Сейдазовты айыптап, оған бар жауапкершілікті арту үшін құқық қорғау, прокуратура және судьялармен  заңсыз келісім жасамаса, осынша заңсыздыққа жол берілмес еді.

Сол себептен де заңсыз, жалған дәлелдемелерді сот қабылдап, әділетсіз үкім шығарды деп санаймын.

Сот және прокуратура органдарына сенімім қалмады, оларға сене алмаймын.

Сізге Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен бостандығының  кепілі ретінде осы арызбен жүгініп отырмын.

Менің балам Е.Сейдазовқа қатысты қылмыстық іс бойынша орын алған заңсыздықтарды ашуға және әділ, заңды шешімге қол жеткізуге, істі қайта қарауға, заңсыз үкімнің күшін жоюға ықпал жасауыңызды сұраймын.

Ата-ана және қоғамдық қорғаушы Камила Нурмаханова, Аширхан Сейдазов

Ескерту: Мақалада аты аталатын заңды немесе жеке тұлғалар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірлерін ұсынатын боламыз.

Abai.kz 

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329