«Қос үкімет» міндетті түрде төңкеріске ұласады
Egemen Qazaqstan газеті 3‑қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаевпен «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұқбатын жариялады. Негізі, сұхбаттағы көтерілген сұрақтардың көбі 2022 жылғы «Қаңтар оқиғасынан» кейін қоғам көкейіндегі сұрақтар десе болады. «Шиқан да бір күні жарылады» демекші, сұхбатта осы жайттың біраз көлеңкелі тұстары айтылыпты.
Мәселен, онда айтылған «қосарланған билік» тарихта болған оқиға – бұл осыдан жүз жыл бұрын Совет үкіметінің құрылуының бастауында орын алған саяси құбылыс. Онда Ресей империясын қиратқан ақпан революциясы уақытша үкіметтің орнауына әкелді. Ал уақытша үкімет «көпшілік» және «азшылық» деп бөлініп алып (большевиктер мен меньшевиктер), өзара тартысты. Ақыры Қазан төңкерісіне әкеліп, оның соңы тарихта «ақтар мен қызылдар» деген атпен қалған азаматтық соғысқа ұласқаны белгілі. Міне, тура осыған ұқсас саяси жағдайды жүз жылдан кейін Қазақстан қайталады деуге болады...
Енді сұхбатта көтерілген мәселелерге тоқталайық:
Президент өз жауабында: «Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды», ‑ дейді. Иә, Қазақстанда ұзақ жылдар бойы қалыптасқан авторитаризм қоғамды тұтас шарпыды. Тіптен, оның белгілері ауданнан асып ауылға, мектептен асып балабақшаға дейін жетті. Бірақ, біздегі авторитаризм «қазақстандық» деген ерекше сипатта өтті ‑ мемлекетті әлемге «демократиялық» атты декорациямен көрсете отырып, ішкі саясатта оған қарама‑қарсы диктаторлық билікті күшейту орын алды. Бұл процесс 2019 жылғы Н.Назарбаевтың «өз еркімен» президенттік орнын босатып беруіне дейін үздіксіз жалғасты. Неге біз «өз еркімен» дегенді тырнақшаға алып отырмыз? Оның себебі – сол кезде биліктің бар тармағы авторитаризмді бойына әбден сіңіріп, авторитаризмге тән құбылыс – коррупциямен әбден шырмалып, атқарушы биліктің «аяғы тұсалған» күйге енуінде еді. Соған сай, авторитаризм өзіне қарсы болатын қоғамдық факторларды толық жойып, құлдық сананы толық орнықтырдық деген сенімде болды.. Сондықтан, жоғарыда «осындай мызғымас жүйені кез келген жаңа биліктің қирата алуы екіталай» деген ой мығым болды. Онымен қоса, алдын ала дайындалған конституциялық өзгерістер арқылы «президент алмасуынан» кейін де ескі жүйенің билігін қамтамасыз етуі көзделді. Яғни, сол кездері қабылданған мемлекет заңдары ешбір жаңаруға мүмкіндік қалдырмады десе болады.
Осындай тұйық жағдайда билікті қолына алған президент Қ.Тоқаевтың алдында өте қиын сұрақтар тұрды. Ол «жауға жалғыз шапқан жеке батыр» сияқты әрекетпен шынайы демократияны орнату, коррупцияны жеңу мүмкін емес екендігін ұқты. Сондықтан ол өзінің алғашқы Жолдауында «Мен халықпен біргемін, сіздер де мені қолдаңыздар, біз тек халыққа сүйене отырып елімізді дамыта аламыз» деген мазмұндағы сөздерін Жолдауында ашып айтты: оны түсінген – түсінді, түсінбеген – түсінбеді...
Бірақ, Қ.Тоқаев осы Жолдаудың алғышарттарын қамтамасыз ететін реформаларды өмірге келтіре бастады. Ол «Сайлау туралы заңға» өзгеріс жасап, митингілердің ерікті өтуіне рұқсат берді. Оған қанаттанған халық та биліктің ресми рұқсатынсыз митингілерге шыға бастады... Келесі кезекте мемлекеттік басқару жүйесіне «тыңдайтын үкімет» атты принципті енгізді. Соны басшылыққа алып, Халық та билікке талаптарын ашық қоя бастады... Бұл қандай да бір заңға бағынудан қалған коррупциялық жүйеге кедергі бола бастады... Міне, осылай отыз жыл бойы алданып, езілген халықтың санасын оятудың алғашқы әрекеттер – қоғамды түбегейлі өзгертуге, халықты оятуға, оны мемлекетті басқару субъектісіне айналдыруға, соған сай мемлекетті жаңа басқару принциптеріне дайындауға деген алғашқы қадамдар болатын...
Алайда, одан сыбайласқан олигаполиялық жүйе тіксініп қалды. Ол туралы сұхбатта президент былай дейді:
- «Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады».
Міне, осылай Қазақстанда «қос билік» орын алды. Бұл жағдай ұзаққа созылуы мүмкін емес еді... Өйткені, тарихи деректер оның соңы төңкеріске ұласарын анық айтып тұрды:
- Ресейде буржуазиялық революция жеңіліп, оның орнын пролетарлық диктатура басты. Оның тарихы өте қайғылы аяқталды.
- Ал, біздегі күні кеше орын алған қаңтарда «сыбайласқан коррупциялық авторитаризм» жеңіліп, «халықтың демократиялық даму бағыты» өз мүмкіндіктерін сақтап қалды...
Бұл да болса, өз билігінен әбден езілген халықтың көз жасын құдайдың көргені шығар... Ол туралы президент сұхбатында ашық айтады:
«Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады» ‑ деп...
Жақсылыққа қарай, Қазақстандағы «қос биліктің» өзара ымырасыз қақтығысы президент Қ.Тоқаев жағындағы прогрессивті күштердің жеңісімен айқталып, «қос биліктің» басна су құйылды. Дегенмен де, қазір де біз ескі жүйе жақтастарының қатары сиреген, күші әлсіреген деп сеніммен айта алмаймыз. Неге десеңіздер, еліміз билік жүйесін революциялық жолмен бірден қайта өзгертуге бара алмай отыр. Оның себебін жоғарыда айттық – авторитаризм өз өміршеңдігін әуел бастан ойлаған деп... Ендеше, оны бірден өзгерте салу да мүмкін емес әрі қауіпті. Себебі, мемлекеттік басқару жүйесіндегі радикалды қадамдар – бүкіл мемлекет аумағындағы барлық қоғамдық және экономикалық қатынастар жүйесін қарқынды қиратып, қоғам мен мемлекеттік құрылымда хаостық жағдайды туғызады. Тәуелсіздікке қауіп төндіреді. Ал, ол жағдай кімге тиімді? Әрине, ол осыған дейін мемлекет пен халықтың бар байлығын заңсыз иемденіп, экономикамыздың елу пайыздан жоғары бөлігін қолына алып алған, «өздері шет елдерде тұрып, ақшаны Қазақстанда табатын» аз ғана топтың мүддесіне тиімді.
Олармен күресу де оңай емес. Осыны түсінген президент Қ.Тоқаев осы сұхбат арқылы тағы да халқына «менімен бірге болыңыз» деген астарлы сигнал беріп жатқандай болып көрінді маған... Сіздерге ше?..
Қорытынды: Бұл сұхбат төңірегінде өте ауқымды мәселелерді талқылауға болады. Сондықтан, оны талқылау осымен бітіп қалмайды деген ойдамын. Бүгін біз соған тамызық ретіндегі бір ұшқын ойды ғана айтып өттік. Болашақта сұхбат бойынша жазылатын мақалалар жалғасады деп сенеміз.
Abai.kz