Әз-Наурыз мерекесін ұлттық идеологияға сай жарасымды өткізуіміз керек
Жұмыр жердің бетіндегі барша халық өз ұлтына тән төл мейрамымен мақтанады. Мереке дегеніміз – уыздай ұйып отырған халықтың берекесі. Ол халықтың ұлттық сана-сезімін оятады. Көңілін көтереді, жанын желпіп жадыратады, демалдырып, тынықтырады. Бір-біріне барыс-келісін күшейтеді, ынтымағын нығайтады. Халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған ата-баба салт-дәстүрлерін есіне салады. Жақсы ғұрыптарын жаңғыртады, өткенін жаңартады, өлгенін тірілтеді, өшкенін жандырады, бүгінін тойлатады. Болашақ ұрпақтарына қор жиып, мол мұра қалдырады. Сол арқылы арттан ілесіп, еріп, өсіп келе жатқан көгенкөз ұрпақтарымызға арлы, ибалы болатын, ұлтжанды, отанын сүйетін, елі мен жерін қорғайтын, ұлт дәстүрін саналы түрде сапалы атқаратын ұрпақ өсіру жолында терең тәрбие береді.
Қазақ халқының Наурыз мерекесі асыл салт-дәстүрге толы. Ұлтымыздың тұтас тарихындағы, ұлт болып қалыптасу барысындағы келелі оқиғалар мен ғасырлар бойы басып өткен өмір жолдарын, наным-сенімдерін, салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, соған орай туған әдебиеті мен мәдениетін, өнері мен ғылымын, табиғат және жаратылыстану көзқарастарын, біртұтас болмысын түгелдей ашып, айшықтап көрсетеді. Басқа да ұлттармен, ұлыстармен болған қарым-қатынастарын тереңнен түсіндіреді.
Мереке-мейрам ұлттың атақ-даңқын көтереді. Көршілес елдермен етене жақындастырады. Ата-бабаларымызша айтсақ, «Мереке – түбі береке», «Мерекелі ел – берекелі ел».
Тарихтан бері жалғасып қалыптасқан екі түрлі уақыт есебі бар. Бірі – Григориян есебі. Екіншісі – Ғижра есебі. Дәл қазіргі 2024 жылдың қаңтар айының жыл басы болып кіруі Григориян есебіндегі уақыт көрсеткіші екені мәлім. Ал біздің қазақ, яғни тұтас түркі тектес елдердің жаңа жылы 2024 жылы Наурыз айының 21 жұлдызында кіреді. Сол күн мен түн теңелген күні жыл басы жаңа жыл деп саналады. Оны біздің ата-бабалармыз «Ұлыс күн», «Ұлыс ай», «Уыз ай» деп атаған. Жеті дәнен тайқазанға тілеу көже жасау, ақ ырыс, көк ырыс, қызыл ырыс, дән ырыс сынды төрт ырыстан мол ақ дастархан жайып қонақ күту дәстүрі, балан салу, арқан тарту, ақындар айтысын өткізу, сөз жарысы, тағылым тыңдау, бата алу, амандаса бару, сый-сыяпат жасау, сауға беру, ат мінгізу, тон жабу, түйе жетектету, қазан шегелеу, ұйқыашар, теңге ілу, жабы ату, босаға майлау, діреткізер, селтеткізер, бастаңғы, кәде жасау, сыбаға асу, бұлақ көзін ашу, ағаш егу, көне жылды ұзату, қыдыр атаны , көктем нұрын күту, қыс иесі Ақпан-Тақпанды, Зымыстанды шығарып салу ойындары, балаларға сауғаға ұсыну, өлі-тіріге дұға жасау, ұлы істер істеу, уызқағанақ жасау, ауа райын болжау, бәс жеу, қыдырып тілеу көже ішу, үлкенге сәлем беру, аурулардың көңілін сұрау, өкпе-ренішті кешірісу, кек сақтамау, ескі жылды есіркеу, жаңа жылды жарылқау және тағы басқа толып жатқан дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, жаңартудың бәрі – осы ұлыс күндері ұлы мерекеде атқарылатын іс-шаралар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде (3 қаңтар, 2024 жыл) жарияланған сұхбатында кеңес кезінен қалыптасқан жаңа жыл мерекесінен гөрі Наурызды ерекше атап өткені өте орынды болды деп ойлаймын. Оның бұл тұрғыда айтқандары ұлттың ұлы мерекесіне үлкен ізетпен қарағаны деп қабылдауымыз қажет.
«Өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», – дейді Мемлекет басшысы өз сұхбатында.
Ал Наурызды жаңаша атап өту дегенді құр науқанға айналдырмау керек. Нақты өнімі, жемісі, жеңісі, берекесі, қайыры бар ұлы істерді бабадан қалған асыл дәстүрді бұзбай, соған сай ел, халық, ұрпақ көңілінен шығатындай нақты, затты іс шараларды жүйелі, жоспарлы етіп орналастырған жөн. Нақты күн тәртібін белгілеп, мемлекет бойынша бірізді мерекелік тәртіпті заң болуы тиіс. Ереже жасау қажет. Әркім өзінше, әр ауыл, әр аудан, әр облыс өз білгенінше мереке өткізсе, онда бірізділік болмайды.
Жалпы Президенттің бұл ойы – ортаға дұрыс қойылған пікір. Біз осы көзқарасты қолдап, әз-Наурыз мерекесін одан ары жаңғырта түсуіміз керек. Бір жылда бір келетін дәстүрлі мерекенің ұрпақ тәрбиесінде атқаратын рөлі мен беретін үлгі-өнегесі тіптен мол екеніне кәміл сенуге тиіспіз. Сондықтан жаңа заманға, ғылым мен мәдениеті үштасқан ортаға бағып, әз-Наурыз мерекесін ұлттық идеологияға сай жарасымды өткізуіміз керек. Бұл – қазақ халқының және қазақ мемлекетінің абыройын әлем елдері алдында асқақтата көрсететін өте тамаша уақыт. Осы уақыттың қадірін біліп, төл мерекеміздің қадір-қасиетін кетірмей, қайта берекемен біріге отырып, ұлт мәртебесін биіктете түсейік.
Жазып алған Оразәлі Баймұрат
Abai.kz