Сәрсенбі, 17 Қыркүйек 2025
Ақмылтық 424 0 пікір 17 Қыркүйек, 2025 сағат 12:38

Қытай мен Ресейдің әскери парад жарысы: Кім жеңді?

Сурет: depositphotos.com сайтынан алынды.

Биыл Екінші Дүниежүзілік соғысқа 80 жыл толды. Фашизмге қарсы соғыстың мерейтойын жеңіске себепкер болған АҚШ бастаған одақтас елдер емес, біздің екі көршіміз (терістік әрі шығыс) ерекше атап өтті. Оның өзіндік мәні бар еді.

Ресей президенті 2022 жылы Украинаға соғыс ашамын деп, жеңілістің ащы дәмін татып, Ресейдің іс жүзінде ел ойлағандай «әскери держава» емес екендігі, мейлі қай жағынан болса да, әскери модернизация, экономикалық әлеуеті кері кеткені айдай әлемге әшкере болып қалды. 9 мамырдың орыс билігі үшін ел іші-сыртындағы беделін көтеруге таптырмас орай болғаны анық.

Ал Қытайдың жөні бөлек десек те, Ақ үй басшысы Трамптың тариф соғысының басты нысанасы екені анық. Америкамен сауда соғысында жеңілмеу үшін коммунистік билік Кремль сияқты әскери күшпен емес, ақылмен, айламен одақтас тартуға, экономикалық ықпалын кеңейтуге барын салып жатыр.

Мәскеу мен Бейжіңде өткен салтанатты әскери парадтар осындай саяси ойындардың көрінісі болғаны анық.

2000 жылы Путин билікке келгенде, Қытай елі Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге аяқ басып, АҚШ жасаған экономикалық игіліктердің дәмін тата бастаған еді. Арада ширек ғасыр өткенде АҚШ пен басты бәсекелеске айналып, АҚШ долларына байланған әлемдік экономикалық жүйені өзгертуге, геосаяси-экономикалық мүдделерді қайта құруға батыл қадамдар жасап отыр. Бейжіңдегі әскери парад соның әйгісіндей болды. Қытай елі Ресей сияқты ескі қаруларын емес, сандық технологияға, жасанды интелектке негізделген озық қаруларын паш етті.

Мұндай саяси мақсаттағы әскери парадтардың өзге елдерге жаман әсері болары айдан анық. Қазіргі әлеуметтік желі адамдардың күнделікті қаруына айналған ғаламтор дәуірінде көзсіз патриотизді дамытатыны сөзсіз. Бұл сол елдің билігіне тиімді болғанымен, тежеусіз кетуі мүмкін. Қазіргі күні терістік көршімізде өзге ұлттарға қарсы өшпенділіктің барынша асқынып тұрғаны шындық. Қытайда да соңғы кездері шетел азаматтарына шабуылдаған жағдайлар көбейген.

Құдай қосқан екі көршімізде болып жатқан мұндай державалық көңіл-күйлер бізді ойлантуы керек. Көп векторлы саясатқа сенім артып отыра беруге болмайды. Жастарға көзсіз ұлтшылдық бағытындағы емес, нағыз патриотизм тәрбиесін күшейтуміз керек. Қырағылықты күшейтуміз керек. Геосаяси қауіп түптің түбінде алыстағы АҚШ-тан емес, екі бүйірімізден келері анық.

Abai.kz

0 пікір