Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Мерейтой 1679 0 пікір 10 Қаңтар, 2024 сағат 14:13

Қазақтың рухын Толағайдай көтерген 90 жыл

Бүгін әдебиет абызы марқұм Әбіш Кекілбаев «Баба басылым» деп атаған «Қазақ әдебиеті газетінің» шыққанына 90 жыл толды. Қазақстан Жазушылар одағының орган басылымы болып табылатын газеттің алғашқы саны 1934 жылы 10 қаңтарда жарық көрген еді.

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Мерейлі датаға орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ханым:

«Бүгін еліміздің шежірелі басылымның бірі – «Қазақ әдебиеті» газетінің алғаш жарық көргеніне 90 жыл толып отыр. Кезінде Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, С. Сейфулин, І. Жансүгіров сияқты әдебиетіміздің алыптары іргесін қалаған тарихи басылым сөз өнерінің алтын қазынасы. Оқырманының көзайымына айналған газеттің әр беті – тұнған тарих, әлі де жазары таусылмаған. Мемлекет басшысының бастаған реформалары мен халық үшін маңызды ақпараттарын қалың оқырманына талмай жеткізіп, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртып келеді. Басылым қоғамымыздың рухани азығына айналып, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдайтын абыройлы алаңға айналды», - деп жазды.

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Қазақстан Жазушылар одағының экс-төрағасы, танымал ақын Ұлықбек Есдәулет:

«Қазақ әдебиетінің» тамыры тереңде, бұтағы - биікте, жемісі - жұртының жүрегінде! Кешені бүгінмен жалғаған, ертеңге рухани жол салған өрелі де өркенді газет. «Қазақ әдебиеті» газеті тіл мен әдебиеттің, өнер мен мәдениеттің, дәстүр мен тарихтың, білім мен өркениеттің тағлымды, өнегелі жаршысы! Мерейтойың құтты болсын, қазақ баспасөзінің абызы!», - деп жазды.

Тоқсан жыл ұлттың рухани азығына айналған газетті құттықтап жатқандардың қарасы мол.

Сурет: әлеуметтік желіден алынды

Танымал жазушы, драматург Думан Рамазан:

«Қазақ әдебиеті» қазақ халқының өзін-өзі көретін айнасы, қолындағы туы, ары, ұяты, намысы. Ұлтымыздың рухани өсуіне, жан-жақты дамуына, ұлт ретінде кемелденуіне өлшеусіз үлес қосты. Тіпті кеңес өкіметі кезінде де бұл басылымның қазақ қоғамындағы орны мен ықпалы ерекше болды. Еліміз бен ұлтымыздың мүддесін қорғады, мәдениетін, өнерін, әдебиетін, ғылым-білімін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптеді, кеңінен насихаттады. Қазақтың қадір-қасиеті мен ана тілімізді сақтауға ұйытқы болды, табандылық танытты. Ұлттығымызды жоғалтпауға, асқақ рухымызды өшіріп алмауға, тәуелсіздік үшін күресті тоқтатпауға барын салды. Осынау қасиетті жолда ештеңеден тайынып, тартынған жоқ. Сол үшін «Қазақ әдебиеті» газеті мен онда әр кезеңде қызмет істеген қалам қайраткерлеріне алғыс айтамын.

Ризашылығым шексіз. Осы міндетті тәуелсіздік алғаннан кейін де лайықты жалғастырды. Соған өзімнің де тамшыдай болса да үлес қосқанымды мақтаныш етемін. Алдағы уақытта да тәуелсіздігіміздің баянды болуына, ұлтымыздың рухани түлеуіне, ана тіліміздің тұғырына қонуына, әдебиетіміз бен өнеріміздің кеңінен қанат жаюына өз үлесін қоса беретініне кәміл сенемін», - деп ағынан жарылды.


«Қазақ әдебиеті» газеті әр апта сайын, жұма күні шығады. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1934 жылы 10 қаңтарда жарық көрген алғашқы санында «Қазақ әдебиеті» - ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын» деген сөз беташар ретінде үлкен әріптермен терілді. Алғашқы санынан-ақ газеттің мақсаты осылай айқындалды.

Алғашқы бас редактор - Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшы - Мұхамеджан Қаратаев болды. Газет алғашқы жылдары белгілі бір жүйемен жарық көрмесе де өз оқырманын рухани дүниемен сусындатты. Оған дәлел – газеттің таралымы 1934 жылы 1-3 мың көлемінде болса, 1935 жылы 3500-ге жетуі.

Десе де, 1940-1954 жылдары газеттің шығуы белгісіз себептермен тоқтап қалды. 15 жылдық үзілістен кейін 1955 жылдың қаңтар айында қайта шыға бастады. Қайта жарық көрген басылымның бас редакторы Сырбай Мәуленов болды.

Осы жылдан бастап газет бір жүйеге түсіп, өзіндік жолын қалыптастырды. Қазақ әдебиетін дамыту жөніндегі жемісті жұмысы үшін басылым 1984 жылы, өзінің 50 жылдық мерейтойында «Халықтар достығы» орденімен марапатталған. «Қазақ әдебиеті» - ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби һәм мәдени өмірін жан-жақты қамтитын басылым.

Апталық өнер сүйгіш оқырман қауымның эстетикалық талғамын тәрбиелеуде елеулі рөл атқарды.

«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымына, барлық журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілейміз! Қазақстанның өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет үшін алғысымызды білдіреміз.

Abai.kz

0 пікір