Камал Әбдірахман. Түріктер балаларымызды бұрып әкетпей ме?
Гимназияның алтыншы сыныбында оқитын ұлымызға математикадан қосымша сабақ беретін ұстаз іздеп біраз әурелендік. Осы кездерде бір қуанған, бір шошынған жағдайға кезіктік. Қуанғанымыздан бастайын. Қолы бос мұғалім жоқ. Астана қаласының барлық математиктерінен, тіпті, Жоғары оқу орындарының қабілетті студенттерінен де бірер сағат мұрсат табылмайды екен. Бәрінің алдында бір- бір шәкірт. Жұрт балаларының білім алуын шындап қадағалап жатыр. Ағылшын тілі де тұп-тура осындай. Ата- аналармен сөйлесеміз. Қыстап жатқан мектеп жоқ. Әркім өз ниетімен. Жеңілдеу- ау деп әдебиет, тарих жайлы сұрастырсам, бұлардан да қосымша сабақ алатындар бірқыдыру екен. Жөн- ақ! Өсетін елдің тірлігі!
Бірақ, секем алған жағдай да болды. Қалада қазақ- түрік лицейіне даярлайтын ақылы арнайы курстар бар екен. Конкурс үлкен, қатаң тест арқылы қабылдайтын болып шықты. Мұнысы қызық көрінді бастапқыда. Президенттің талапты балаларға деген мектептеріне де бұлай дайындалғанын естімеппіз. Онда да, білетіндердің айтуына қарағанда, талап қатал. Жетінші сыныптан бастап алады. Ешкімнің бет- жүзіне, атақ- дәрежесіне қарамайтын көрінеді. Талай мықтының немерелері мен балаларының беті қайтқан сыңайлы. Бірақ олар дабыратып, ақылы даярлық курстарын ашып тастамаған.

Қызығушылық пайда болды. Сұрастырып, індетіп көрдім. Қазақстанда жиырмадан астам қазақ- түрік лицейі бар екен. Еліміз ес жиып, етек жинай алмай жатқанда 1993 жылы ашып алған. Түріктер осынша мектепке әр жылы 500 миллион теңге мөлшерінде қаржы бөлетін сияқты. Ал, Қазақстандағы типті, 640 бала оқитын әр мектептің жылдық бюджеті 130 миллон. Сонда түріктердің қаржысы төрт мектепке де жетпейді. Біз шығаратын қаржы 84 пайыздан астам, 2 миллиард, 210 миллионның үстінде. Мектептер біздің Білім және ғылым министрлігі бекіткен бағадарламаға сай оқиды. Бірақ...
Осы мектепті бітіргендермен бірге Алматыдағы Университетте оқыған балдызым бар еді. Сонымен сөйлестім.
-Солармен сан тайталастық, айтыстық. Мақтайтыны Түркия, солардың өмірі, әдет- ғұрпы, ғылымы, белгілі адамдары. Олар үшін Түркияда білім алу қол жетпес арман. Бізге менсінбей қарайды. Қысқасы түріктене бастаған. Ал, сол түріктердің өзге емес, өздері түсірген киноларын көріп жүрміз ғой. Кеуделейтін дәнеңесі жоқ,- дейді.
Рас, киносынан шошисың, судай аққан қан, жік- жікке, әулет- әулетке бөлініп, қырқысып жатқан жұрт. Мафия да, тақия да соларда.
Рас, ойланбасқа амал жоқ. Түріктер осы лицейлерге біздің ең үздік, ең талапты балаларымызды жетінші сыныптан алып тәрбиелейді екен. Жеткіншектердің бүкіл өміріне азық болар, нағыз азаматтық позициялары қалыптаса бастайтын шақ. Санаға не сіңсе, сол – алдыңғы өмірін анықтап берер кез. Міне, әңгіме қайда жатыр. Әсіре үміт күттірер осындай ең шешімді сәтте, ең білімді, болашағынан аса зор талантты балаларымызды өзгенің тәрбиесіне беретін болып шықтық. Алты жылғы ұстаздардың, отаншыл балалар тәрбиелеудегі бар еңбегі не болмақ? Бала еш уақытта екі жақты тәрбие көруі тиіс емес қой. Мұны кез- келген педагог біледі. Ендеше, мынасы несі? Өз жерімізде, өз ырқамызбен қазақ- түрік деп қосанжарлатып отырғанымыз қай «кеңпейілдігіміз»?
Рас, бұл лицейлерде білім сапасы жоғары дейді. Бірақ, ол білім алты сыныпты бітіртіп, бұларға өткізіп берген ұстаздардың еңбегі, бұлардың зәредей қосқаны жоқ. Дарынды оқушы енді алған екпінін азайтпайды. Бір пәлеге төтесінен жолықпаса, шабысын бәсеңдетпейді. Ендеше, сапалы білімге бұл лицейлердің ныспы қатысы жоқ.
Рас, үш тілде оқытады дейді. Алайда соны оқытатын өз ұстаздарымыз. Түркиядан ешкімді көшіріп әкелмеген. Ұстаздардың біліктілерін жинап отырса, әрине, дұрыс оқиды. Оның үстіне қазір менің ұлым оқитын мектепте үш емес, төрт тіл оқытылады. Ағылшын, араб, орыс тілдері. Ендеше осы лицейдің не артықшылығы бар? Артықшылығы – дарынды ұландарымызды жинап алғаны және сол дарынды балалардың арқасында жоғары көрсеткішке жетіп отырғаны ғана.
Рас, бұлардың балалары жоғары оқу орындарына көптеп түседі екен. Бірақ бұл да олардың еңбегі емес. Алдындағы мектептердің берген білімі. Ата- аналардың қосымша сабаққа көптеп көңіл бөлуі.
Бірақ, осылардың барлығы біздің болшақ ұрпағымыздың, санасына «түрік лицейінде оқып жатырмыз» деген жалған ұғымның еніп кетуінің, Отансүйгіштік, патриоттық сезімінің екіге бөлініп жатқанының қасында қаншалықты құнды? Бойына «Тек қана қазағым!» деген ұғым толық сіңбеген, ақылы енді қалыптаса бастаған 13- 14 жасар ең дарынды балаларымызды өз еркімізбен жартыкештендіретіндей басымызға не күн туды?
Тәуба, қазір 1993 жыл емес. Өткен жылы Білім және ғылым министрлігі бөлінген қаржыны толық игере алмады. Ендеше, Түркиядан келетін, жартымсыз 500 миллион теңгеге несіне телміреміз? Менің мынадай ұсыныстарым бар:
1.Түрік- қазақ лицейлерін түгелдей жабу керек.
2.Мұнда тек қана дарынды балалар оқитынын ескеріп, лицейдің оқу бағдарламасын Президенттің дарынды балалар оқитын мектептерінің бағдарламасымен теңестіріп, жалпы орта білім беретін мектептер қатарынан шығару қажет.
3.Президент мектептерінің тізіміне енгізіп, сол мектептердегі барлық ережелерді, жағдайларды жасап, ұстаздардың еңбек ақысын да осы мектептегі ұстаздардікімен теңестіру керек.
Мен, әрине, маман емеспін. Бірақ осындай өзгерістерден Қазақстан да, әзірше қазақ- түрік лицейі аталатын мектептегі оқушылар да, ұстаздар да тек қана ұтады. Балаларды бүтіндей Қазақ Мемлекеттілігінің рухында, ата- баба дәстүрінде, қазақы санамен тәрбиелеуге толық мүмкіндік туады. Бұлай істемесек біз ең таңдаулы, аса дарынды балалардың үлкен бөлігін өз қолымен өзгенің бауырына салып бергеніміз. Бұл Қазақстанның болашағына жасалған орны толмас қиянат болады. Әлде мен бекер алаңдап отырмын ба?
Астана
Abai.kz