Ұлы Жібек жолы. Жібек мата туралы аңыз
Бұдан 2000 жылдай бұрын Жаң Чян дейтін бір қытайлық саудагер Қытайдың торғын-торқаларын алып, Ши-аннан батысты бетке алып, жолға шығыпты. Ол құлан жортпас шөл-шөлейттерден өтіп, асқар таулардан асып, Бетбақ даланы басып, көрмеген мехнаттарды көре жүріп батыс өңірге, Орталық Азияның жазиралы алқаптарына, сайын-сахараларына барып сауда жасаған екен.
Содан бастап жібек бұйымдарын белгі еткен шығыс мәдениеті батыстағылардың назарын аудара бастапты. Осылайша, «Жібек жолы» шығыс пен батыстағы ұлттардың қарым-қатынасына, барыс-келісіне жол ашып, байланыстың жарқын болашағын айқындайды: дүниедегі бес байырғы мәдениет жібек жолының ашылуымен өзара тоғысып, әлем тарихының дамуына мөлшерсіз зор ықпал тудырды. Осыған орай, бұрында-қазірде «Жібек жолы» дүние жүзі мәдениеті тарихындағы тартымды тақырыпқа айналды.
Әлемге әйгілі «Жібек жолы» барлық уақытта, шығыс пен батыстың саяси, экономикалық және мәдени байланысының ауыс-күйісін жеделдетіп, жол бойындағы әр ел тұрғындарының заманнан-заманға жалғасқан достығын нығайтты.
«Жібек жолы» деген атау қалай шыққан? Мұны германиялық зерттеуші ғалым Ричхофен (F.Von.Richthofen) алғашқы болып өзінің зерттеу еңбектеріне осылай деп жазған. Ол тұнғыш рет Қытайдың Ши-ан деген жерінен басталып, Шыңжаң арқылы Орталық Азияға баратын осы батыс өңір жолын «Жібек жолы» деп атаған екен. Осыдан кейін-ақ, германиялық тағы бір ғалым А. Герман (A.Herman) «Жібек жолы» сөзінің мағынасы мен мәнін шалғай батыстағы Вавилония мен Сирияның жолдарынан да іздеуге болады деп қарады. Бұл пікір тез арада халықаралық дәрежеде кең көлемдегі қолдауға ие болды. XIX ғасырдың соңынан XX ғасырдың басына дейін, Орталық Азия мен Шыңжаңға келген жиһанкездер түгел осы атауды пайдаланған. Мәселен, әйгілі жиһанкез, швециялық Свен – Гедин ( Sven Hedin) өзі жазған кітабын да «Жібек жолы» деп атаған.
Тарихқа үңіліп, жүгінер болсақ, шығыс пен батысты жалғастыратын осы жол бұдан үш-төрт мың жыл бұрынғы дәуірлерде оншалықты гүлденіп, көркеймеген. Әйгілі бұл жол Қытайдың Хан патшалығы кезінде ғана өркендей бастаған. Себебі, Хан мемлекетінің патшасы Хан Уди сол саудагер Жаң Чянды батыс өңірге екі рет жіберіп, Орталық Азиядағы елдермен достасуға пейілді болған секілді. Жаң Чян қазіргі Ферғана, Самарқан және Балқаш көлі сияқты жерлерге дейін барған. Бұл Жаң Чянның сапары тарихи жолды шығыс пен батыс үкіметтері арасындағы байланыс жолына айналдырған. Осыған орай, көптеген елдің саудагерлері де жібек жолында әр заманда ізін суытпаған. Жаң Чян сапарлаған кезінде батыс өңірлерге және Орталық Азияға Қытайдың жібек өнімдерін ала барған, ал елге қайтарында барған жерлерінің түрлі өнімдері мен сол батыс өңірінің музыкасы сияқты алуан мәдениетті алып қайтқан. Жаң Чянның жиһанкездігі қытайлықтардың батыс өңір мен Орталық Азияны кеңінен түсінуіне мүмкіндік берді. Сол сияқты, Жаң Чян барған елдердегі тұрғындарда Қытайдың өнімдері мен мәдениетіне қатысты түсінігін анағұрлым тереңдетті. Осылайша, бұл жол гүлденіп, көркейе бастады. Шығыс пен батыстың аралығындағы дәнекерге айналып, өркениеттерді өзара тоғыстырды. Осы жолды қорғау және дамыту мақсатында, Қытайдың әр дәуірдегі патшалары жол бойына қарауыл қойып, әскерлер жинақтаған.
«Жібек жолы» іс жүзінде өзгермейтін тұрақты жол емес, қайта ол уақыт талабымен өзгеріп отырды. Дегенмен, ерте замандағы дәстүрлі сорабы өзгермеген: жол шығыста Чаң-аннан (Қазіргі Ши-ан) басталып, Тарым Ойпатын көктей, Батыс Азияны кесіп өтіп, Жер Орта теңізінің шығыс жағалауына дейін барады, жалпы ұзындығы 7000 мың шақырымнан асады.
Азияның орта бөлігіндегі Қытайдың Шыңжаңы Жібек жолының торабы болып есептеледі. Ерте кездегі Жібек жолы Шыңжаңнан 3 айрыққа бөлінген. Тянь-Шань тауының солтүстігіндегі ежелден бар дала жолы: Жемсара, Іле өңірін басып, Балқаш өңіріне барады, одан ары батыс солтүстікке жүргенде Қара теңіздің шығыс жағалауына жетеді. Оңтүстік айрығы Крораннан (Лулан) шығып Күнлүн тауының батысын қапталдап Жаркентке дейін барады, тағы ары жүргенде Памирден асып, Орталық Азияға, Батыс Азияға, Еуропаға дейін созылады. Кроранның батыс солтүстігіндегі Көншы өзенінің жағасын бойлап, Күшарды басып Қашқар, Жаңашар ауданына баратын жол солтүстік айрығы саналады. Бұл жол да Памирден асып, Еуропаға дейін барады.
Кейін тағы үш айрық жол пайда болды. Йұймынның батыс солтүстігінен басталып, қазіргі Құмыл, Тұрпан, Жемсары сияқты жерлерді басып, бұрынғы дала жолына жалғасатын жол, бұл кейінірек «Солтүстік жол» деп атылды. Тұрпаннан шығып, Тянь-Шань тауының онтүстігін қапталдап, батысқа беттеп, Қарашәр, Күшәрді басып, бұрынғы солтүстік жол айрығымен тұтасатын жол кейінгі кездері «Орта жол» деп аталды. «Оңтүстік жол» бұрынғысымен ұқсас.
VII ғасырдың аяғына таман теңіз қатынас тасымалы дамығандықтан «Жібек жолы» біртіндеп екінші орынға жылжыды, бірақ XIII ғасырға дейін осы «Жібек жолы» Шығыс пен Батыс қатынасында маныздылығын жоғалтқан емес. XIX ғасырдың басында Испанияның елшісі Самарханның жағдайы туралы былай деп жазады: «Төңіректің төрт бұрышынан келген тауарлар Самарханға жиналыпты. Қытайдың торғын-торқалары көз жауын алады». Ол Қытайдың мың туйелік сауда керуенін өз көзімен көргенінде айтады.
Қытайдың жібек маталары осы жолмен Орталық Азияға, Батыс Азияға және Еуропаға толассыз тасылды, сонымен тұт ағашын өсіру өнері де батысқа тарала бастады. Сондай-ақ, Шыңжаннан шығатын әк тасы, былғары, жүн көрпешелер секілді тауарлар мен темір және фарфор ыдыстары, шабдалы, өрік, рауағаш және дәршен сияқты өнімдері Батыс елдерінің базарларын жаулап алды. Бізідің тағы бір айтарымыз, осы «Жібек жолы» арқылы Қытайға сол секілді оның манайындағы ел-жұртқа өзге елдерден экономиканың түрлі өнімдерімен қоса, Отқа табыну, Будда, Ислам діні сияқты діндер келіп жетті.
«Жібек жолы» тек қана сауда-сатықты ғана емес, мемлекет пен елдердің арасындағы достық және бейбітшілік қатынастарды да жоғары денгейге көтерді. Ол дүние жүзі өркениетін тоғыстырып, адамзат қоғамының дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Жібек матасына байланысты аңыз
Талай жұрттың құмарына айналған жібек маталары Қытайдың байырғы мәдениет белгілерінің айырықша түрі деуге де болады. Тіпті, осы жібек маталарының өте сапалы «К-тай» деп аталатын түрі Азия мен Еуропада аса кеңінен сұранысқа ие болған. Кейіннен осы матаның атауымен Хансулар деп талай ғасыр аталып келген жұрт, келе-келе Қытай елі деп атала бастады. Сөйтіп, матаның атауы тұтас бір елдің атына айналды. Қытайлықтар жібек құртын өсіру, жібек түту әрі кездеме тоқу сияқты өнермен бұдан төрт мың жыл бұрын аналыса бастаған екен. Бұл елде жібек шаруашылығының қалай шыққаны туралы аңыз бар.
Бір күні патша Шуан Юаншы мен тоқалы Лей Зу аулада тамақ ішіп отырады. Самал желдің тербеуінен қасындағы тұт ағашының басынан кеселеріне жылан пішіндес бір құрт түседі. Лей Зу құртты алып, алақанына салады. Ішіп отырған тамақтары ыстық болғандықтан, келіншектің қолы ыстыққа шыдамай құрт қайтадан ыдысқа түсіп кетеді. Лей Зу қолы күйіп қалмау үшін, тырнағымен ақырын ғана құртты алып тастамақ болады. Дегенмен, байқаусызда тырнақ құрттың қабығын жарып кетеді де, ішінен бір тал жібек шығады. Келіншек қайран қалып жаңағы жіпті тарта бастайды. Ол тартқан сайын ұзара түседі. Сонан, Лей Зу жібектің бір үшін саусағына орап, құрттың ішіндегі жібек таусылғанша тарта береді. Жарқылдаған әп-пақ жіпті көргенде Лей Зу өзінің кендірден тоқитын кездемесін осы жіппен тоқуды ойлайды. Сонымен қатар, жібек құртының қайдан түскенін іздейді. Сонан оның тұт ағашында өсетінін байқайды. Артынан осы құрттардың тұрмыс-тіршілігін мұқият бақылай келіп, жібек құртын өсіруге тәуекел етеді. Кейіннен бастаған ісі нәтиже беріп, келіншектің түрлі-түсті маталарын айналасындағы тұрғындар қызығушылықпен сатып ала бастайды. Өстіп, жібек өндірісі жолға қойылады.
Жаңа эрадан бұрынғы 221 жылы Чин хандығының патшасы – Чин Шыхуан Қытайды бірлікке келтіреді. Солтүстіктегі көшпелі Ғұн жұртының оңтүстікке жасаған шапқыншылығын бөгеу үшін, патша солтүстікте салынған ішінара қорғандарды өз-өзіне жалғастыру бұйрығын шығарады. Ол тұстағы қорғанның жалпы ұзындығы бес мың шақырымға жеткен екен және сол заманнан бастап «Ұлы Қорған» деп атала бастады. Қытайлар мен Ғұндар арасындағы ғасырдан-ғасырға жалғасқан соғыс, бұл Ұлы Қорғанды батысқа қарай создырып, нақты ұзындығы мөлшермен он мың шақырымға жеткізіледі. Осы арада ерекше көңіл аударып айтарымыз, Қытай еліне орасан зор пайда әкеліп жатқан атақты Жібек жолында, көшпелі жұрттың толассыз жорықтарынан сақтап туру керек болды.
Сөйткен, «Жібек жолы» қазіргі күндері жаңа заман экономикасының басты доноры болып саналатын сауда-сатық пен мәдениеттің үлкен күре тамырына айналды.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz