Ресейде орыс армиясы туралы жалған ақпарат таратқандардың мүлкі тәркіленеді
Мемлекеттік дума бірқатар баптар бойынша сотталғандардың мүлкін тәркілеу жөніндегі заң жобасын бірден екінші және үшінші оқылымда мақұлдады.
Құжатта "Орыс армиясы туралы фейк тарату", "Әскерден қашу", "Әскери бұйрықты атқарудан бас тарту" және "Лайықсыз ұйымдардың жұмысына қатысу" секілді баптар бойынша сотталғандардың мүлкін тәркілеу және барлық атақтарынан айыру жөнінде жазылған. Бұл баптың көбі Ресей Украинаға шабуыл жасағаннан кейін енгізілді.
Мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володиннің сөзінше, қабылданған шешім "өз еліне қарсы жұмыс істеп жатқандарды жазалап, атағын, мүлкін, қаражатын және басқа байлықтарынан айыруға мүмкіндік береді".
Ресей соттары Украинадағы соғыс туралы қорғаныс министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес келмеген ақпараттарды фейк деп есептеп, мұндай мәлімет таратқандарды еркінен айырып келеді.
"ОВД-Инфоның" мәліметіне сәйкес, Ресейде соғысқа қарсы ұстанымы үшін 830 адамға қылмыстық іс қозғаған. Олардың кем дегенде 250-не "Ресей армиясы туралы фейк тарату" бабымен айыптарға тағылған.
Фото: ANADOLU AGENCY
Abai.kz