IPI Қазақстанды шетелдік БАҚ-ты аккредитациялауға өзгеріс енгізуден бас тартуға шақырды
Қазақстан парламентінде қаралып жатқан "Масс-медиа жөнінде" заң жобасы елдегі сөз еркіндігінің жағдайына кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл жөнінде International Press Institute (IPI) ұйымының мәлімдемесінде жазылған.
Бас кеңсесі Венада орналасқан халықаралық ұйым құжат қазіргі қалпында қабылданса, шетелдік БАҚ-тың Қазақстандағы жұмысы шектеліп, онлайн-басылымдарға да үкімет тіркеуіне тұруға міндеттейтіні атап өтілген. Ұйым мәлімдемесінде Астананы даулы өзгерістерді енгізуден бас тартуға шақырды.
Өткен аптада парламентке "Масс-медиа жөніндегі" заң жобасы енгізілген. Онда сыртқы істер министрлігінің аккредитациясын алмаған шетелдік БАҚ пен журналистеріне жұмыс істеуге тыйым салынады.
Заң жобасына сәйкес, СІМ "ұлттық қауіпсіздікке қауіп әкеледі" деп есептейтін шетелдік басылымдарға да аккредитация бермеу құқығына ие болады.
Қазір Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермей келеді немесе аккредитация мерзімін ұзартпай жатыр. Олардың арасында 2022 жылдан бері аккредитациясы ұзармаған журналистер бар. Редакция барлық құжаттарды бірнеше рет және уақытылы тапсырған. Тағы бірнеше журналистің аккредитация мерзімі биыл аяқталады. Ережеге сәйкес, сыртқы істер министрлігі шетел ақпарат құралының тілшісіне аккредитация беру немесе бермеу туралы шешімді өтініш түскен күннен бастап екі ай ішінде қабылдауы керек. Аккредитация берілмеген жағдайда министрлік шешімін негіздеуі тиіс. Ал уәкілетті орган мұны заңмен қарастырылған мерзімде орындаған жоқ.
2023 жылы қыркүйек пен қазанда Азаттық 30-дан астам қызметкеріне аккредитация беру және мерзімін ұзарту туралы тағы өтініш түсірген, бірақ нақты жауап алмаған.
Қазан айында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты дауды медиация тәртібімен шешу туралы келісімді бекіткен. Оған сәйкес, министрлік жауапты 2023 жылдың 30 желтоқсанына дейін беруге тиіс болған. Жауап 2024 жылы 3 қаңтарда келіп түсті. Онда Қазақстан СІМ Азаттыққа тілшілеріне аккредитация бермейтінін хабарлады.
30 қаңтарда Азат Еуропа/Азаттық радиосы - Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арыз түсірді.
Арызда өкілдік Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген немесе аккредитация мерзімін ұзартпаған Қазақстан СІМ-нің шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Министрлікке қарсы шағым 2024 жылдың 3 қаңтарында Азат Еуропа/Азаттық радиосына Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "өкілдіктің 36 қызметкерін аккредиттеуден немесе аккредитация мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылданғаны жөнінде" хат келгеннен кейін түсірілген.
Фото: IPI facebook парақшасы
Abai.kz