Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 2532 45 пікір 2 Ақпан, 2024 сағат 13:32

Бұл - Назарбаевтан кек алу емес, қоғамның өзінің арылу жолы!

Фото: Piroschka Van De Wouw / Reuters

НЕ ЕКСЕҢ, СОНЫ ОРАСЫҢ!

Кейінгі кездері тұңғыш президент Н.Назарбаевқа қатысы бар ақпараттық хабарлар қоғамда қызу талқыланатын болды. Ол 2022 ж. қаңтар айында республикалық эфирге шығып «Мен жәй ғана қатардағы зейнеткермін» деп жалпақ жұртқа жария еткен болатын. Алайда, қоғам  оны ешқашан «қатардағы зейнеткер» ретінде қабылдамайтынын көрсетуде.

Бұл – заңды құбылыс. Егер, тарихи тұрғыда алсақ, Н.Назарбаев Қазақстан халқы үшін қай уақытта болмасын «тарихи тұлға» болып қала береді. Себебі, оның қызметі мен жеке тұлғалық болмысы Қазақстан мемлекеттілігінің тарихының ажырамас бөлігі болып, тарихқа енді. Оны өзгерту енді мүмкін емес.

Мұндағы мәселе басқада, ол ‑ «Тұңғыш президент тарихқа қандай бағамен енді?» деген сұрақтан туындайды. Өйткені, кез келген оқиғаға баға беретін нәрсе – тарих. Олай болса, қоғам да осы сұрақты үнемі қойып отыратын болады: егер қоғам оның қызметін оң бағаласа, онда ол «Н.Назарбаевтың ескерткіші алынып тасталды» деген ақпаратты наразылықпен қабылдайды. Егер қоғам оның қызметін теріс бағаласа, онда ол бұл ақпаратты қолдап қабылдайды.

Осыдан келіп, қоғамда алғашқы президенттің өзіне, оның атқарған қызметіне, ол құрған мемлекетке және тағы көптеген мәселелерге жалпы баға беріледі.

Ал,  қазіргі ақпараттық желіде байқалғандай, Н.Назарбаевтың ескерткіштері мен үлкен портреттерінің алынып тасталуы қоғам тарапынан дұрыс деп бағалануда. Ендеше, бұдан «Бүгінгі қоғам Н.Назарбаевтың қызметіне, тұлғалық болмысына, ол құрған мемлекет үлгісіне көңілдері толмаған, қоғам оған ризашылық білдірмеген деген қорытынды сұранып тұратынын көреміз.

Иә, қазақтың «Не ексең, соны орасың» деген даналық сөзі қалайша дәл айтылған десеңші!

Мұның астарында Н.Назарбаев билік еткен кездердегі пайда болған жағымпаздықтың асқынған түрі, халықтың қазынасына обырлықпен қол салу, құқықтық мемлекеттің орнамауы, азаматтық қоғамның қысымға түсуі және халықтың әлеуметтік жағдайының тым төмендеп кетуі, мемлекеттік дамудағы тұрақтылықтың болмау сияқты көптеген күйзелісті құбылыстар тұрғаны осыдан білінеді.

Сондықтан болар, халық Н.Назарбаевтың қандай да бір ескерткіші, не портреті алынып тасталуының өзін «әділеттілікке қадам» деп бағалауда.

Бұл - Н.Назарбаевтан кек алу емес, бұл - қоғамның өзінің арылу жолы!

Ал, адами тұрғыда – ешкімнің ешкімге өкпесі жоқ...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

45 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373