Жұмабай Құлиев. 100 миллион доллар қайда, Марченко?
Жемқорлық – жеңілуді білмейтін тажал
«Баю – ұлттық идеологияға айналып бара жатыр», – дейді белгілі жазушы Төлен Әбдік.
«Біздің елдегі жемқорлық шамамен астрономиялық масштабқа көтерілді», – деп амалсыз мойындады Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев.
Иә, біз де мұның алдына шықпасақ, қалысар түріміз жоқ. Жемқорлық нағыз жеңімпаз аждаһаға айналды. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің мәлімдеуінше, жыл сайын сыбайлас жемқорлық бабымен 12000 шенеунік партия қатарынан шығарылатын көрінеді.
Өткен жылы Қаржы министрлігінен – 10 миллиард теңге, Төтенше жағдайлар министрлігінен – 6,5 миллиард, Денсаулық сақтау министрлігінен – 3,1 миллиард теңге игерілмей қалды.
Ал, «КазАгро» компаниясы мемлекеттік қаржыны бір пайызбен алып, ауылшаруашылық қызметкерлеріне әлденеше пайызбен үстемелеп береді. «Самұрық» әл-ауқат қоры өз жанынан 300-дей еншілес компания құрып алған. Осынау далиған мекемелерде қаншама масыл шенеуніктер қыруар айлық алып, қанмаша жемқорлық әрекеттер балалап жатыр десеңші!
Жемқорлық – жеңілуді білмейтін тажал
«Баю – ұлттық идеологияға айналып бара жатыр», – дейді белгілі жазушы Төлен Әбдік.
«Біздің елдегі жемқорлық шамамен астрономиялық масштабқа көтерілді», – деп амалсыз мойындады Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев.
Иә, біз де мұның алдына шықпасақ, қалысар түріміз жоқ. Жемқорлық нағыз жеңімпаз аждаһаға айналды. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің мәлімдеуінше, жыл сайын сыбайлас жемқорлық бабымен 12000 шенеунік партия қатарынан шығарылатын көрінеді.
Өткен жылы Қаржы министрлігінен – 10 миллиард теңге, Төтенше жағдайлар министрлігінен – 6,5 миллиард, Денсаулық сақтау министрлігінен – 3,1 миллиард теңге игерілмей қалды.
Ал, «КазАгро» компаниясы мемлекеттік қаржыны бір пайызбен алып, ауылшаруашылық қызметкерлеріне әлденеше пайызбен үстемелеп береді. «Самұрық» әл-ауқат қоры өз жанынан 300-дей еншілес компания құрып алған. Осынау далиған мекемелерде қаншама масыл шенеуніктер қыруар айлық алып, қанмаша жемқорлық әрекеттер балалап жатыр десеңші!
Біздің әл-ауқатымызды жақсартады деп сенген «Самұрық-Қазына» екінші деңгейдегі банктерге 90 миллиард теңгені депозитке салып қойған. Бүгінде 198 миллиард теңге қажет жеріне жұмсалмай, екінші дейңгейдегі банктердің депозиттерінде жатыр. «Әй, дейтін - ажа, қой дейтін – қожа» жоқ. Рахат! Үстіндегі өсімін қақшып алады да, мемлекетке қайта өткізе салады. Ең сорақысы, «Самұрық-Қазына» өзін Есеп комитеті тексере алмайтын етіп Парламент Сенаты арқылы бекітіп алды. Енді оған ешкімнің де тісі батпайды.
Қаржы министрі Болат Жәмішев Парламентке келіп: «Қазақстан мемлекетінің қарызы әлем бойынша 14 орында», – деп мақтанғанда ызадан жарылып кете жаздайсың. Ол қарызды алып, қазіргі заманға лайық зауыттар салсақ, әңгіме басқа. Қыруар қаржы жұмсаған зауыттарымыз қаңтарылып тұр емес пе? Сөз арасында айта кетейік, бидайдан отандық био отын алу қиял болып қалды. Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында био отын шығаруды көздеген зауыт ашылмай жатып, құрдымға кетті. Банкротқа ұшыраған кәсіпорынның жалақы қарызы орасан деңгейге жеткен. Қазақстан Даму банкі «қазақстандық керемет» деп атаған осы жобаға 100 миллион доллардан астам қаржы бөлген еді. Ақшасы желініп, тұралаған кәсіпорынға жауапты біреу бар ма екен?
Мысалы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеев экономикадағы небір жүрек сыздатар мәселелерді айта келіп, былай дейді: «Жайбасар Б.Жәмішев Қаржы министрлігіне бірінші орынбасар болып келгенде, мемлекеттің шетелдік банктерге қарызы 7 миллиард доллар болатын. Ол министрдің орынтағына отырғанда 70 миллиардқа ұлғайды. Ал, соңғы бес жылда бұл қарыз 140 миллиардқа жетті. Жұмысының «жемісін» осыдан-ақ көруге болады. Сондықтан, Үкіметтің және оның мүшелерінің қатесін ашық айтудан жасқанбауымыз керек...»
Мұхтар Тінікеев мырза бұдан асырып не айта алады? Ишараны түсінер жан болса, біраз нәрсе мәлім болып қалған жоқ па? Қарыз қауіпті деңгейге жетті деп дабыл қағатын бас қаржыгеріміздің сиқы осы болса не дерсің.
Қалай дегенмен, соңғы 12 жылда қоғамдағы әлеуметтік топтардың ара-жігі тіпті алшақтап кетті. Қазір біздің билікке бір жағынан Құдай қарасып тұр деуге болады. Тасқындаған мұнайдан түсіп жатқан доллар жеуге де, ысырапқа да, мемлекетті ұстап тұруға да шаш-етектен жеткілікті. Мұндай аста-төк мамыражай заман мыңжылдық қазақ тарихында болған жоқ шығар, өйткені Үкімет мұндай нөпір ақшаны не істерін білмей отыр. Шынын айтқанда, біздің экономика әлгі топан қаржыны қорыта алмай қалды. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне қарағанда, әлемдік геосаяси мүддені көздеген ірі державалар белгілі бір елді өз отарына айналдырудың 483 технологиялық әдістемесін жасағаны ғылыми түрде анықталған көрінеді. Соған қарағанда, орасан табиғи байлықтың, әсіресе, борышқа белшеден батуы – әлсіз елдер үшін аса қатерлі құбылыс.
100 миллион доллар қайда, Марченко?
Кезінде біздің де біршама заңдарымыз, соның ішінде табиғи ресурстар туралы заңды нормалар әлемдік банк пен шетелдік сарапшылардың берген кеңестірінің аясында жасалғаны рас. Ақыр соңында оның өзі шетелдік инвесторлар үшін еліміздің стратегиялық нысандарына ие болуына жағдай туғызды. Тағы бір түйткіл, белгілі бір елдің жерін өзіне қаратып алу немесе халықаралық нарықта құнды қағаздар түрінде шығарып кепілдендіру мәселесі назар аудартады. Байқап қарасаңыз, бұл айла – шарғылар тәуелсіз елдің заңымен, халықаралық конвенциямен бекітілген нормаларға сай қазіргі заманның заңдық, құқықтық соғыстың технологиялық тәсілі бойынша геостратегиялық саясаттың мықтап жүзеге асырылғанын аңғарамыз.
Мысалы, 2011 жылғы 10 қазанда Ұлттық банктің төрағасы Марченконың ақымақтығынан еліміз бір мезетте 100 миллион доллардан көз апара айрылып қалды. «Итальяндық құнды қағаздардың құнсыздануынан Ұлттық банктің валюталық резервтері құны жағынан 100 миллион долларға арзандады», – деп ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (КСЗИ) бас ғылыми қызметкері Вячеслав Доданов мәлім етті.
Мысалы, мына мәліметке назар аударыңыз, 2011 жылдың 1 қаңтарында Италия үкіметінің облигацияларымен Қазақстан Ұлттық банкі балансында 270 миллиард теңгеге бағаланған құнды қағаздар болған, яғни шамамен 1,5 миллиард доллар. Құйқылжыған биржада аяқ астынан қағаздардың құны 5 пайызға құлдырады. Яғни, 1,5 миллиард доллардан екі күннің ішінде біздің резервтер 100 миллион долларға арзандап шыға келді.
Дағдарыс кезінде аттай қалап, алтынға балап сатып алған құнды қағаздардың осынша деңгейде құнсыздануы онсыз да тәлтіректеп тұрған экономикаға оңай соққы емес. Мұны көрнекті экономистер Марченко бастаған жаны ашымастардың әлемдік нарықты болжап отыру саясатынан мүлдем мақұрым екенін көрсетеді деп есептейді. Егер сол Марченко өзінің жеке қаржысының 100 миллион долларынан айрылса сол бойда жарылып өлер еді. Сақалы шошайған, керенау, осындай без бүйректерге бәленбай жыл Ұлттық банкті, яғни қазына сандығын басқартып қойдық-ау!
Міне, қырағылығыңды жоғалтсаң қапыңды тауып, бір-ақ сәтте сазға отырғызатын әлемдік нарықтағы құнды қағаздар құмар ойынының сыры осындай.
Шекара асқан 148 миллиард доллар
Тағы бір айта кетерлік жайт, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері түпкілікті қожасы беймәлім, ақырғы жауапкершілікті жүктеуге келмейтін оффшорлық компанияларды мемлекеттің стратегиялық маңызды салаларына жолатпайды. Ал, біз бүгінде шетел инвесторларына жағдай жасаудан әлемде алға шығып кеткенімізді айтып, күпінуден жалықпаймыз.
2012 жылғы 1 қазанда Сенат депутаттарының «Атамекен» одағы, экономикалық даму және сауда, Қаржы министрліктері басшылығымен өткен кездесуде Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев былай деді: «Елдегі 737 компания Ұлыбританияға қарасты Виргин аралында тіркеуде тұр. Себебі, мұндай компаниялар ақшаны салықтан азат ету үшін, яғни салық төлемеу үшін құрылатыны белгілі. Ақшаны шынымен де сыртқа әкетіп жатыр. Салық төлеушілерді тіркеу, қайта тіркеу ісімен Әділет министрлігінің тіркеу қызметі айналысады. Біз бұл мекемемен тіл табыса алмаймыз, арамызда түсінбеушілік бар.
Мысалы, Қарағанды облысында 86 компания бір компания ретінде тіркелген. Осы сорақылықтарды Әділет министрлігіне ескертсек, олар жауапкершіліктен қашып, түлкібұлаңға салады...»
Міне, біздің құзырлы мекемедегі балалап жатқан қылмыстарды тізбелесең жүрегің сыздайды.
Оны айтасыз, Қаржы полициясының ақпараттық – сараптама басқармасының бастығы Олжас Бекетов: «Елімізде 200-ден астам жалған кәсіпорын қылмыскерлер мен нашақорлардың, тіпті өлім аузында жатқандардың да атына тіркеліпті. 2012 жылы жалған кәсіпкерлікке қатысты 82 қылмыстық іс қозғалса, биылғы жылдың 9 айындағы көрсетікш –771, яғни үш есеге дейін өскен», – дейді.
Иә, жемқорлық – жеңілуді білмейтін тажал екенін осы мәліметтен-ақ білуге болмай ма? Жыл сайын құтыра қаулай түсетін бұл обырға әзірге дауа табылмай тұр.
Базельдегі Халықаралық есеп банкі, Халықаралық қаржы қоры, Дүниежүзілік банк пен ұлттық үкіметтер тарапынан берілген мәліметтерді пайдаланған халықаралық қаржы сарапшысы, экономист Джеймс Генридің келтірген деректерінде Орталық Азия бойынша оффшорлық аймақтағы ақшасы көп мемлекеттер арасында Қазақстан мен Әзербайжан топ жарған. 1990 жылдан бері елімізден 148 миллиард доллар шекара асса, әзірбайжандар елінен шыққан қаржы 48 миллиард долларға тең.
Шіркін, алаяқтардың қуыс-қуысқа тыққан әлгі 148 миллиард доллар арам ақшасын қайта құстырып елге әкелсек, мемлекеттің сыртқы қарызы сонымен түп-түгел өтелгендей екен-ау!
Бізден –148 миллиард, ал Әзірбайжаннан – 48 миллиард доллар сыртқа әкетілген. Қарабайыр қисынға салғанда, Әзірбайжанға қарағанда, біздегі жемқорлық үш еседен астам үдеп тұрған жоқ па?
Жақында Грецияда журналист Костас Ваксе – Ванис тұтқындалды. Оның бар кінәсі – 2059 адамның атын атап, түсін түстеп, олардың Швейцария банктеріне тығып қойған 5 миллиард евро қаржыларын әшкере еткендігі. Грецияны тығырықтан шығаруға Еуроодақтық берген қаржысынан жырып, шетелге асырып жүрген шенеуніктердің обалы бар деуге бола ма?
Қазақстаннан қомақты қаржыны дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі оффшорлық аймаққа аударуға жекеменшік банктер, инвестициялық, заңдық, бухгалтерлік қызмет көрсету саласының мамандары белсене кірісетіні ақиқат.
Abai.kz