Қазақстан соты кімнің мүддесіне қызмет етіп отыр?
ҚР Парламентінің депутаттары мен Қазақстандағы ҚХР елшілігінің назарына!
Қазақстан Соты Қытай компаниясының мүддесін Қазақстан банкінің заңды талабынан жоғары қойып отыр!
Қазақстанда «шет елден инвестиция тарту» дегенге тек жақсы жағынан бағалау үрдісі қалыптасқан. Ол – еліміздің дамуына ықпал етуші қаржылық тетік ретінде қарастырылады. Бірақ, оның да көлеңкелі тұстары жеткілікті – оған назар аударылмайды. Қазір осы «инвестициялар» төңірегінде көптеген былықтардың беті ашылып жатыр.
1‑ші тарих: ҚАЗАҚСТАН СОТЫ КІМНІҢ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ?
Бір кездері АҚ «Банк ЦентрКредит» республикалық деңгейдегі «Қалбатау‑Майқапшағай» автожолын қалпына келтіру жұмысына деп ТОО СП «КазГерСтрой» атына қарызын өтеу туралы екі кепілдік береді. Біріншісі, оның Қытай компаниясы China XingXing Corporation (Group)‑нан алған 65 млн доллар аванстық қарызын жабу, екіншісі – жол құрылысы конртактісіне тиесілі 2,3 млрд тенге қаржыны жабу. Әлде бір себептермен жұмыс екі жылға кешігіп басталады. Оған дейін ТОО СП «КазГерСтрой» 17,4 млрд теңгенің жұмысын жасап үлгереді де, банкпен кепілденген «аванстық қарыз» 11,5 млн доллар, ал кредиттік линия 418 млн тенге болып жеңілдетіледі. Алайда, сол екі арада жұмысты жүргізуші АҚ «ҰК «ҚазАвтоЖол» мен Қытайдың China XingXing Corporation (Group) компаниялары өзара екіжақты шартқа қол қояды да, екі тарап өзара келісе отырып, жолды жөндеу конрактісінен ТОО «СП КазГерСтрой» компаниясын шығарып тастайды. Ал, олардың бұлай етуіне заң бойынша ешбір құқы жоқ болатын. Сөйтіп, 2022 ж. мамыр айында China XingXing Corporation (Group) компаниясы АҚ «Банк ЦентрКредит» атына кепілдік бойынша төлем жасау туралы талапты жібереді. Ал, Абай облыстық Коррупциямен күрес департаменті болса, со жылдың шілде айында‑ақ «қылмыстық іс» ашып үлгерген екен. Сөйтіп, Қазақстан Соты Шешімін құрметтейтін қазақстандық банк 2023 жылдың наурызында осы іс бойынша барлық шығынды өтейді, «аванстық қарызды» қайтарады, қаржы толығымен China Xinxing Corporation (Group) компаниясының есепшотына аударылады...
Міне, осыдан кейін нағыз детективті оқиғаның басы басталады. Себебі, жоғарыда аталған «Қылмыстық істі» жабу барысында мәртебелі СОТ «Қарызды кімге қайтару керектігін» ұмытып кетеді. Сөйтіп ол сот шешімінде атаусыз қалады. (Әрине, ондай «жартыкеш шешімнің» сот инстанцияларынан қалай өтіп кеткені сотқа емес, бір Құдайға аян. Сонымен бірге, сот шешімінде «қарызы өтелсін» деп аты аталмаған Қытай компаниясына банктің қалайша ақша аудара салғаны да белгісіз).
Иә, мұны қазақстандық жақ елемейді. Алайда, қытайлар басқаша әрекетке көшеді де тез арада атын сәл өзгертіп, «Банкіден қарызды өтету туралы» сотқа арыз бере қояды. Ал, Астананың экономикалық Соты оны қабылдай қояды... Сөйтіп, ол Банкінің бұрынғы шығарған барлық Кепілдемелері бойынша толық қаржыны және іс жүргізуге кеткен 1,2 млрд теңге шығынды өтеу туралы Шешімді бұрқ еткізеді. Шешім қаулысында қаражатты Қытай компаниясының атынан әрекет етуші, осыдан төрт‑ақ ай бұрын ашылған, бұрындары көлеңкесі де көрінбеген жаңа компания ‑ XingXing Corporation (Group) есепшотына аудару қажеттігін де ұмытпайды..
2‑тарих: АЛТЫН ШЫҚҚАН ЖЕРДІ БЕЛДЕН ҚАЗ (халық даналығы)
Тура осы сценарий CITIC Сonstruction CО LTD компаниясымен байланысты жалғасады. Ол енді Астана‑Алматы жолына қатысты орын алады. Ондағы қаржы айналымы 4,2 млрд тенгені құрайды. Кепілдік ТОО «СП КазГерСтрой» ға беріледі. Сосын жұмысты атқарушы, өзімізге белгілі «КазАвтоЖол» тағы да CITIC Сonstruction CО LTD компаниясымен өзара екіжақты контрактіге отырады да, одан ТОО «СП КазГерСтрой»‑ды шығарып тастау туралы қосымша келісімге қол қояды. Ал осы екі арада ТОО «СП КазГерСтрой» Конртакт бойынша міндеттердің 92 пайызын орындап үлгерген болатын. Ал, Қарағанды облыстық Коррупциямен күрес агентствосы да кеш қалмай, АҚ НК «КазАвтоЖол» и ТОО СП «КазГерСтрой» жауапты қызметкерлері үстінен қылмыстық іс қозғауды бастап, кінәлі жақтан шығынды өтеуге қозғау салған еді.
Соған қарамастан, 2023 жылы Желтоқсан айында Астана экономикалық Соты тағы да Кепілдік бойынша соманы толығымен өтеу туралы Шешімді үстелге қояды. Сот Банкінің қарсы шағымын қабылдамай тастайды...
Осы жерде мынадай күмәнді сұрақтар туындайды:
1. Қазақстан Соты не себептен Қытай компаниясының мүддесін Қазақстан банкінің заңды талабынан жоғары қояды?
2. АҚ НК «КазАвтоЖол» компаниясы мен оның China XingXing Corporation (Group) және CITIC Сonstruction CО LTD компаниялары арасындағы «заңсыз жасалған шарттарына» көз жұма қарайды?
3. Сот не себептен «Қазақстандық банктің бір қарызды екі рет төлеуіне» ықпал етеді?
Қазіргі кезде, Президент «Әділетті Қазақстан» даму векторын алға қойды. Қазақстан билігінің барлық тармақтары осы принципке көшеді деп жариялады. Соның ішінде соттар да бар емес пе? Әлде ол «мемлекеттен бөлек мемлекет» пе?
Abai.kz