Мұхамедиұлы 11 жылға бас бостандығынан айырылды
Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Арыстан Мұхамедиұлына, оның жұбайы Ғалия Ысқақова мен Мұстахим Төлеевке қатысты шешім шығарды.
Сот мәліметі бойынша, 2022 жылдың желтоқсанында Мұхамедиұлы Астана қаласының тергеу изоляторында қамаудан босап, «Д» қонақ үйін меншігінде сақтап қалғысы келіп, Төлеевтің адвокаты арқылы лауазымды адамдарға аса ірі мөлшерде пара беруге ниетін білдірген. Бұл ретте ол парақорлыққа делдал ретінде өзінің жұбайы Ғалия Ысқақованы тартқан.
Сот шешімімен Арыстан Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны, қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысы бар болғаны үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына шектетілді.
Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, (ҚК 368-бабының 1-бөлігі) 6 айға бас бостандығынан айырылды. Оған да өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынды.
Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан, 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Abai.kz