4 миллионға жуық адам декларация тапсыруы тиіс
ҚР мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов биыл Қазақстанда 4 миллионға жуық адам декларация тапсыруы тиістігін жариялады, деп хабарлайды Abai.kz.
Декларация тапсыратындар ішінде заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, кәсіпкерлер және олардың жұбайлары бар. Бұл азаматтар шетелдегі үйі мен банктегі қаржысын міндетті түрде көрсету қажет.
Декларация тапсырып үлгермегендер мен тапсырудан әдейі жалтарғандар арнайы жауапқа тартылады. Алдымен ескерту беріледі. Қайталанса – 55 380 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Декларацияны қалай және қайда тапсыру керек?
- Жалпы декларация тұрғылықты (болатын) жері бойынша, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – орналасқан жері бойынша беріледі (Салық кодексінің 632-бабы):
- қағаз түрінде болғанда - биылғы 1 қаңтардан бастап және 15 шілдеден кешіктірмей декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындаған кезде (жеке тұлға не оның өкілі қол қояды) келу тәртібімен не пошта арқылы немесе өзге байланыс ұйымын хабардар ете отырып, тапсырыс хатпен;
- электрон нысанда тапсырған жағдайда - декларацияны табыс ету міндеті туындаған биылғы 1 қаңтардан бастап және 15 қыркүйектен кешіктірмей.
- Декларацияны электрон түрде салық төлеушінің кабинеті арқылы ұсынуға болады (cabinet.salyk.kz), "Электрондық үкімет" порталы (egov.kz), сондай-ақ e-salyq azamat, eGov mobile, Halyk мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады.
"Бұл азаматтарға ел аумағындағы үйін, қазақстандық банктердегі шоттар туралы мәліметті көрсетудің қажеті жоқ. Мұндай ақпарат мәліметтер базасында болғандықтан, автоматты түрде есептеледі. Декларацияны әр азамат өзі тапсырады, өйткені болашақта бұл үшін қандай да бір жауапкершілік туындауы мүмкін. Егер кәсіпкер декларацияны тапсырып, алайда қандай да бір мүлікті көрсетуді ұмытып кетсе – қосымша декларацияны толтырады. Үш жыл ішінде өзгерістер енгізуге болады", – деді ҚР мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов.
Abai.kz
Дариға Асқар