Ақылы жолдардың сапасын жақсарту үшін тариф қымбаттайды
Жазға қарай ақылы жолдың тарифі қымбаттауы жоспарлануда. Себебі соңғы он жылда тариф бір бағаны ұстанып келген. Ал ақылы жолдың сапасын жақсарту үшін қажетті шаралар қолданылуы тиіс. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
«Тарифті өсіру жағын қарастырып жатырмыз. Неге екенін түсіндірейін. 2013 жылдан бері яғни 11 жыл бойы ақылы жолдың тарифі өзгермеді. Біздің тарифпен басқа елдің тарифін салыстырайық. Мысалы Қазақстанда ақылы жол тарифі – 1 теңге 20 тиын, ал Ресейде – 7 теңге», – деді Көлік министрі Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі брифингте.
Марат Қарабаевтың пікірінше, ақылы жолдың сапасын жақсарту үшін тарифті өсіру қажет.
«Сіздер жолдардың жақсы болғанын қалайсыздар ғой. Ол үшін оны күтіп ұстау керек. Сіздер ақылы жолдарды күтіп ұстауға бөлінетін қаржы салық төлеушілердің есебінен емес, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының есебінен болғанын қалайсыздар. Мәселені шешудің тек жалғыз жолы қалады. Ол – ақылы жолдың тарифін көтеру», – деді Көлік министрі.
Марат Қарабаевтың айтуынша, ақылы жолдың тарифті айтарлықтай қымбаттамайды. Мамандар ақылы жолдың тарифті нақты қанша пайызға өсетінін есептейтін болады.
«Ақылы жол тарифі көп өспейді. Кейбір адамдар 2-3 есе өсірейік деп айтып жатыр. Алайда мен ақылы жол тарифі 2-3 есе өспейтінін, бірақ пайыз жағынан артатынын мәлімдеймін», – деді Көлік министрі.
Оның айтуынша, тарифті өсіруге қатысты құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 14 күн тұрады.
«Барлығын қоғаммен талқылаймыз. Талқылауды наурызда бастауды жоспарлап отырмыз», – деді Марат Қарабаев.
Жалпы, ақылы жолдарда жүру ақысы 7 күн ішінде төленуге тиіс, 8-ші күні айыппұл салынады. Былтыр Көлік министрлігі осындай ескерту жасаған.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, елде 3 200 шақырым ақылы жүйе енгізілген. Ал қазір салынып біткен жол сапасын арттыру үшін жылына 60 млрд теңге қажет екенін айтты. Бұл қаражатты ақылы жолдар жүйесін енгізу арқылы табуға болатынын да атап өткен болатын.
Дерек бойынша төлем жасаудың 20-дан астам әдісі қарастырылған. Атап айтқанда, QAJ mobile мобильді қосымшасы, Kaspi.kz, Kiwi-әмиян, Forte Bank арқылы және т.б.
Abai.kz