Сенбі, 23 Қараша 2024
Араша 1227 0 пікір 21 Ақпан, 2024 сағат 13:29

«Рахат» ісі: Сот кәсіпкерлерді емес, әкімдікті қолдады

Жуырда Алматыда «Рахат» базарының тағдырын шешуге қатысты кезекті сот отырысы өтті. Алматы әкімдігінің апелляциялық шағымын қараған сот, әкімдік пайдасына шешім шығарды. Енді егжей-тегжейлі жазайық.

«Рахат» базарының дауы қоғамға белгілі болған алғашқы күннен бастап (ол кезде қала әкімі Бауыржан Байбек еді) порталымызда Ел Президентінен, Сот билігі мен қазақ қоғамынан араша сұраған «Рахат» базарының 300-ге жуық кәсіпкерінің жанайқайы үздіксіз жазылып келді.

«Рахат» базарының жеріне көзалартушылық Алматыны Бауыржан Байбек тізгіндеп тұрған тұста басталған. Содан бері базар кәсіпкерлерінің басынан бұлт айырылмады. Ондағы 300-ге жуық кәсіпкер бақандай бес жылдан бері Алматы соттарының табалдырығын тоздырумен келеді. Байбектің тұсында базар орнына жиһаз фабрикасын саламыз деп сотқа сүйреген еді. Одан бері Алматыда 2 әкім ауысты. Ал «Рахат» базары орналасқан Жетісу аудандық әкімдігі енді ол жерге «саябақ саламыз» деп құбылуда.

О баста «Рахаттың» аумағы 5 гектар болған. Қала әкімдігінен жалға алып, салық төлеп отырған. Жыл сайын базар жерін әкімдік өзіне алып, тарылта берген. Қазір 1 гектарға жетпей жер таласқа түсіп отыр.

Былтыр күзде «Рахат» кәсіпкерлері мен қалалық әкімдік 1-ші инстанциядағы сотта кездесіп, сот дауға нүкте қойған. Сот шешімі кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Бұған келіспеген әкімдік апелляциялық шағым түсірген. Өткен жұмада Алматы апелляциясы әкімдіктің шағымын құптап, былтыр шығарылған сот шемін бұзды.

Енді «Рахат» кәсіпкерлері Жоғарғы сотқа жүгінбекші. «Сот шешімін біреуі шығарып, біреуі жойып әбден ойыншыққа айналдырды», - деп күйінеді олар. Саудагерлер заң жұмыс істесе, құқығымызды қорғаймыз, жерімізді бермейміз деп тас түйін бекініп отыр.

Жәнібек Башанов, заңгер:

- Алматы әкімшілік сотының шешімі өзгертілді. Сот «Рахат» базары орналасқан территорияны пайдалану құқық Жетісу ауданы әкімдігіне беру туралы шешім қабылдады. Біз сөзсіз, Алматы әкімшілік сотының бұл шешімін Жоғарғы Сотқа жолдап, қайта шағымданамыз. Біз бұл шығарылған шешімді даулаймыз. Себебі, шешім негізсіз, заңсыз шығарылды. 1-ші инстанциядағы сот әділ және заңды шешім шығарған еді. Бүгінгі сот ол шешімнің күшін жойды.

Қаптаған базарлардың ортасына «саябақ салу үшін» деп «Рахат» базарын бұзуға бағытталған шешім – кәсіпкерлердің кәсіптері мен жерді тартып алуға бағытталған шешім. Ол жерде кәсіп жасап отырғандар – қарапайым халық. Олар мемлекетке алақан жайып отырғ,ан жоқ. Керісінше, айма-ай салықтарын төлеп, кәсіптерін дөңгелетіп отырған адамдар. Ал жергілікті басқарушы органдар керісінше, кәсіпкерлерді жұмыстарынан айырып, халықты дүрліктірумен айналысып отыр.

Кузьминых Виталий Геннадьевич, кәсіпкер:

- Мен «Рахат» базарының кәсіпкерімін. 1999 жылдан бері осы жерде жұмыс істеймін.  Өмірімнің маңызды кезеңдерін осы кәсіппен байланыстырамын. Тұрақты сатып алушыларым бар. Бүгін ауа-райы жайсыз. Клиент жоқ. Алайда, мені іздеп келіп жатқан өзімнің сатып алушыларым бар. Басқа жерге барып саудамен айналасу, өз кәсібіңді өзің өлтірумен тең.  Қайнап жатқан сауда ешқайда жоқ. Қаланың әр жері – базар. Енді талқыланып жатқан алаңға оралсақ.

Біздің базардың орнына әкімдік әуелі жиһаз фабрикасын ашпақшы болды. Бұндай ауқымды кешен базардың аумағына сыймайтын болып шықты. Сөйтті де, бір себептен, екіншісіне ауды. Базарды қиратып, орнына саябақ саламыз дейді. Қайдағы саябақ? Қаптаған базардың қақ ортасында қандай саябақ салмақшы? Ол жерлерден жүк жегілген арбаралар ,  мотороллерлер өтіп жатыр, күн сайын. Ол жерде саябақ салу еш ақылға сыймайтын сылтау.

Біз «Рахат» базарының негізін қалаушылармыз! Айтып тұрғанымдай, өмірімнің белсенді де қызықты тұсы осы базарда істеген жылдармен тұспа-тұс келді. Басында сатушы болдым. Кейін жеке кәсіпкер ретінде аяққа тұрдым. Қазір денсаулығымда да ақау бар. Екі ота жасатуым керек. Бірақ осы шаруамен жүрмін. Қалай ғана бәрін тастап, кетіп қаламын? Бас-аяғын шешуім керек емес пе?! Өмір бойы жұмыс істеп, жинаған тауарым тұр. Жылдап жинаған тауарымды бір жерге апарым тарата салуым керек пе?!

Көмектеріңіз керек! Біз «Рахат» базарының құрылысын жасауға дайынбыз!  Жалға алуға мүмкіндік берсе болғаны! Сот процессі жалғасуда. Бір жерде ұтып шықсақ, басқа сотқа кеп жеңіліс тауып жатырмыз. Әлбетте базардың жақсы болуып кетуіне қол ұшымызды берер едік. Біздің де мүддеміздегі мәселе. Бізге тек тыныш қана жұмыс жасауға, жерді заңдық құқығымызды сақтап, бізге жалға берсе болғаны.

Айбар Алибеков, кәсіпкер:

- 1999 жылдан бері «Рахат» базарында контейнерлеріміз бар. Президентіміз Тоқаевтың халыққа жолдамаларын тыңдап жүрміз. «Жұмыс орындарын көбейтіңдер», - деген сөзін әкім-қаралар мүлде ескермей жатыр. Елімізде жағдай айтарлықтай жақсы емес!

Түсініксіз жағдайларға тап болдық. Аудандық сотта жеңіп шықтық. Ал бүгін, бізге беймәлім жағдайлар орын алды. Бәрін айтып түсіндірдік. 5 жыл бойы шыр-пыр болып жүргенімізді, 30 жыл бойы осы базарда істеп келе жатқанымызды айттық. Сот біздің сөздің бірде-бірін естіген жоқ!

Президентіміз: «Жұмыс орындарын көбейтіңдер. Жұмысшыларға жағдай жасаңдар», - деп жатқан жоқ па?! Бар нәрсені бұзып, тура сол нәрсені қайта салудың қажеті қанша?! Бізге уақыт берсін, үлкен сауда үйін саламыз! Ол жұмысты  өзіміз істейміз.  Бізге тағып отырған бір ғана мін бар - 6 жылда сауда үйін тұрғызбағандығымызды алға тартып отыр. Орнымызды тартып алмайтындығына сенімді болуымыз керек және 4 жыл уақыт берсін. Әкімшілік пен мемлекеттік соттың бізге таққан айғағы -жанымыздағылардың бәрінің сауда үйінде жұмыс жасап, біз ғана әлі сауда үйін тұрғызбағанымызда. Қолымызда заңмен рұқсат етілген қағаз  болмағаннан кейін біз алып сала бере алмаймыз оны! Жеңіске жетпегенше бұл істі жай қалдырмаймыз! Себебі, бұл жерде біз нанымызды тауып жүрміз!

Оспанова Ильсияр Идельбаевна, кәсіпкер:

- Мен жеке кәсіпкермін.  Көптеген жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Біздің соттан көңіліміз әбден қалды. Ұзақ уақыт бойы жалынып сұрадық. Бізге осы кішкентай тілімді қалдырыңыздаршы деп қанша айттық?! Қол қусырып отырғанымыз жоқ, мемлекеттік салықты төлеп отырмыз.

Неге қазір біздің қолымыздағы соңғы барымызды тартып алып жатыр? 20 жыл бойы мемлекетке салық төлеп келе жатқан кәсіпкерлерміз. Енді бізді кім ойлайды? «Саябақ саламыз», - дегендері жәй ғана ақша жымқырудың бір тәсілі ғана. Қаншама саябақ бар қалада?! Қазір сондай сылтаумен жерді алып, кейін 20-30 мың долларға сатып жібереді!

1-ші соттың үкімі бойынша біздің құқығымыз қорғалып шықты. Ал, қазір: «Босатыңдар! Осымен бәрі бітті», - деп отыр! Кім үшін? Қайтадан ақша жымқыру үшін! Қарапайым халықты неге ешкім түсінгісі келмейді? Бала-шағамыз бар! Алла бәріне куә, өзі бәрін реттеп берер! Жоғарғы сотқа шағымданамыз! Біз жұмыс істеп жатырмыз және ары қарай да жұмыс істегіміз келеді! Жұмысымызды жалғастыруға мүмкіндік берсін!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394