«Westoil Software» дауы. Еңбек дауы ұшықпасын десек...
«Westoil Software» ЖШС кеше ереуіл ұйымдастырып жатқан жұмысшыларға үндеу жасаған еді. Маңғыстау облыстық апелляциялық сот алқасының және Қарақия аудандық сотының шешімін басшылыққа алып, жұмысшыларды өз қызметтеріне қайта шағырған.
Біз бүгін әлеуметтік желідегі бірлі-жарым пікірді оқырман талқысына ұсынып отырмыз.
Кенжеғали Сүйеуов:
- Мен Маңғыстау тұрғынымын. Осы ауылды тус-өстім. Маңғыстауда болып жатқан 72 күндік еңбек дауына немқорлы қарай алмаймын.
Заң бойынша Әкімшілік мекеменің жұмысына араласа алмайды. Соның өзінде облыстық әкімшіліктің алдында, Жетібайдан келген қәриалардың алдына облыс апарат басшысы А. Қалмуратов шығып, Еңбек дауы заң шеңберінде шешілуі қажет екенін айтқан. Ол үшін жұмысшылар Еңбек қорғау департаментіне, прокуратураға, сотқа арыз жазуға құқылы.
Бірақ та «Вест Ойл» компаниясының жұмысшылары: «Бізді КМГ-ға алыңыз», - деп қатып қалған. 30 жыл кәсіподақта жүріп, әртүрлі жағдайларды көргенбіз. Өкінішке орай, әр түрлі адамдар өз пайдасын ойлап, халықты пайдаланып, өздері жазадан құтылып кетеді. Оны біз 2010 жылы Қаражанбаста, Құрықта, Ерсай компаниясында. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасында көргенбіз. «Екі арада шыбын өледі» деп, қансырайтын халық.
Сол себептен, мәселені Заң түрінде шешу қажет. Әрбір адамның артынан ермей, жұмысшы өз қара басын ойлау керек! Үкімет өз жағынан әрекет істеп жатыр, 72 күн жұмысқа шықпағаны үшін ҚР ЕК 52 бап, 8 тармағын қолданбай келе жатыр. Бірақ та заң жұмыс істемеген жерде хаос болады. Көп ұзамай Үкімет тәртіпке шақырады. Жұмыссыздық тізімінде тұрған 20 000 адам қазір сіздің орныңызды армандап тұр. Сол себептен, Еңбек дауы ұшығып кетпей тұрғанда, ақылға салып жұмысты жалғастырған жөн. Болмаған жағдайда жұмысыңыздан айырылып қаласыз.
Манет Шырақбай:
- Мен анамын! Мен елімнің тыныштығы, азаматтардың амандығы мен қатар қоғамдағы жұмыссыздық мәселесінің түбегейлі жойылуын тілеймін.
Осы күнге дейін жұмысқа шықпай тұрған іні-бауырларымды, балаларымды ақылға келуге шақырамын! Қандай мәселе болса да заң шеңберінде шешілуі керек. Сендердің отбасыларыңды кім асырайды?.. Қаншама адам жұмыссыз жүр?.. Сендер қол жеткен жұмысты, шынында қаншама отбасы аңсап отыр. Жұмыссыздықтың қиындығы қысып тұрғанда, бұл азаматтардың отбасын асырау үшін орындарыңа баруға бірден келіседі. Сіздерде бар бала-шаға оларда да бар. Дегенмен, сіздерді әзірге ешкім қуып жатқан жоқ, мекеме шыдап отыр. Негізгі талаптарыңды жұмыс жасай жүріп шешуге болады. Ымыраға келіңіздер. Айналайындар, сақ болыңыздар! Ең бірінші отбасыңызға керек екендеріңді ұмытпаңыздар!
Abai.kz