Әлімғазы Дәулетхан, тарих ғылымдарының кандидаты: «БАҒЫТ-БАҒДАР БАҒА БЕРУДЕН БАСТАЛУЫ КЕРЕК»
Қазан айының басында Алматыдағы Ғылым ордасында «Көне тарихқа – жаңа көзқарас» деген тақырыппен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Әлімғазы Дәулетханның туғанына 70 жыл толуына орай өткізілді.
Конференцияның шымылдығын ашқан Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, профессор, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов Әлімғазы Дәулетханның өнімді әрі батыл жазатынын, үндемей жүріп үлкен іс тындыратын ғылым қайраткері екенін баса айтты. «Адал еңбегімен жазып жүрген ғалым» деген баға берді. Жазушы Қабдеш Жұмаділов пен ғалым Мекемтас Мырзахметовтің баяндамасы да аса әсерлі шықты. Ал белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлы тарихқа қатысты небір өтірік әңгімелердің айтылып жүргеніне айрықша тоқталды. «Сондай көп өтіріктің бірі Либайға қатысты. Лауазымды тұлғалар бастап, көлденең алаяқтар қостап жүрген осы өтіріктің бетін ашып, ғылыми тұрғыдан жеңіске жетті Әлімғазы. Тіресіп жүріп жеңді. Осында орыстың үлкен тарихшылары келгенде: «Лексикондарыңыздан «қазақтарды отарлаған жоқпыз, өз еріктерімен қосылды» дегенді алып тастаңыздар. Сосын қазақ халқынан кешірім сұраңыздар» деген де осы Әлімғазы болатын», – деп, ғалымның ғылымға адалдығын алға тартты.
Қазан айының басында Алматыдағы Ғылым ордасында «Көне тарихқа – жаңа көзқарас» деген тақырыппен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Әлімғазы Дәулетханның туғанына 70 жыл толуына орай өткізілді.
Конференцияның шымылдығын ашқан Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, профессор, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов Әлімғазы Дәулетханның өнімді әрі батыл жазатынын, үндемей жүріп үлкен іс тындыратын ғылым қайраткері екенін баса айтты. «Адал еңбегімен жазып жүрген ғалым» деген баға берді. Жазушы Қабдеш Жұмаділов пен ғалым Мекемтас Мырзахметовтің баяндамасы да аса әсерлі шықты. Ал белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлы тарихқа қатысты небір өтірік әңгімелердің айтылып жүргеніне айрықша тоқталды. «Сондай көп өтіріктің бірі Либайға қатысты. Лауазымды тұлғалар бастап, көлденең алаяқтар қостап жүрген осы өтіріктің бетін ашып, ғылыми тұрғыдан жеңіске жетті Әлімғазы. Тіресіп жүріп жеңді. Осында орыстың үлкен тарихшылары келгенде: «Лексикондарыңыздан «қазақтарды отарлаған жоқпыз, өз еріктерімен қосылды» дегенді алып тастаңыздар. Сосын қазақ халқынан кешірім сұраңыздар» деген де осы Әлімғазы болатын», – деп, ғалымның ғылымға адалдығын алға тартты.
Расында, бүгінде тарихқа қатысты түйіні шешілмеген түйткілді мәселе көп. Қазақстан тарихының жазылуы мен оқытылуының өзі ғана біраз әңгімеге жүк. Қазақстан тарихы қалай оқытылуы тиіс? Қалай жазылуы керек? Кешегі Бекмахановтың «Қазақстан тарихы» мен бүгінгі оқытылып жүрген Қазақстан тарихының арасы неше алшақ? Біз осы және өзге де сауалдарымызды тарихшы, 1997 жылдан бері табан аудармай Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында істеп келе жатқан Әлімғазы Дәулетханға қойған едік.
– Әр заманның өзінің ділгір тақырыптары, түрлі міндеттері болып тұрады, – деп бастады Әлімғазы аға әңгімені. – Қазір де «Тарих толқынында» деген үлкен науқандық іс-шара жүріп жатыр. Осыған орай бірнеше сұхбат беріп, мақала жаздым. Түрлі жиындарға қатыстым. Солардың қай-қайсысында да басын ашып алуға тиіс бірнеше мәселе төңірегінде айтып жүрмін. Оны әркім әрқалай түсініп жатыр. Бірақ, шындық біреу-ақ. Кімнің қалай түсінетіні бөлек әңгіме. Жетпіс жылдығыма орай өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция «Көне тарихқа – жаңа көзқарас» деп тектен-текке аталған жоқ. Бұл тақырыпты институтымыздың директоры, профессор Хангелді Әбжанов ұсынды. «Жазып жүргеніңіздің барлығы көне тарихқа жаңашыл көзқарас тұрғысында ғой…» дегесін, көңіліме жақты. Сонда көне тарих дегеніміз не, оған жаңаша көзқарас дегеніміз не? Оның бір заңдылығы бар ма, жоқ әлде, әркім бір пікір айтса, соның барлығын жаңаша көзқарас деп қабылдауымыз керек пе? Әлбетте, оның өзінің тұғырлы көзқарас, тұрлаулы дәлел, тарихи негізі бар. Егер бұлардың бірі болмаса, істеп жүрген тірлігіміз демагогия болып шығады.
Мен өзімнің зерттеу объектіме қарай ерте замандағы біздің тарихымызды біртұтас қарастыруды ең негізгі талап деп есептеймін. Мейлі қазақтың жерінде болсын, немесе одан тыс, яки Моңғолия, Шығыс Түркістан, Ресей, тағы басқа республикалардың жерінде қалған тарихтың іздері, ата-бабамыздың жүріп өткен жолы біртұтас қаралуы керек. Тарих солай жасалған, демек, біз сол жолмен жүруге міндеттіміз. Жаңа нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ, осы сүрлеуден адаспасақ, осы жолдан шықпасақ, тарихымызды түгендей аламыз. Яғни, ежелгі Сақ, Үйсін, Қаңлы, Көк түріктер, Түркештер, Қарлұқ, Қарахан мемлекеті, одан бергі қара қытай билеген сексен жыл, одан кейінгісі Шыңғыс хан дәуірімен жалғасып кетеді. Осы алтын арқауды мықтап ұстау керек. Алтын арқау дегеніміз – ата-бабамыздың жүріп өткен жолы, олардың құрған үлкенді-кішілі мемлекеттерінің тарихын жазу деген сөз. Олардың этникалық құрамын, өмір сүру аумағын, мемлекеттік дәстүрін жазуға тиіспіз. Мемлекетті билеудегі дәстүр жалғастығы бар ма, жоқ па? Рухани-мәдени жалғастық бар ма? Шаруашылық жағында өзгеріс бар ма, жоқ па? Олар бір-бірінен не алды? Не қосты? Қалай дамытты немесе кері кетті? Міне, осы заңдылық, осы жолдарды тәптіштеп жазуымыз керек. Көне тарихқа көзқарас осы тұста анық көрінуге тиіс. Жаңа көзқарас осы тарихты Еуропа центристері мен бізді билеген орыс, қытай тарихшылары жазған тұрғыда емес, жаңағы айтқан заңдылық шеңберінде жазу.
Біздің халқымыз ежелден осы жерді мекен етеді. Ұзақ жылдық тарихында адамзат өркениетіне өзіндік үлесін қосқан байырғы жергілікті халық. Оны айтып отырғаным, күні кешеге дейін осы жерде түркі халықтары өмір сүргенін жоққа шығаратын тарихшылар болды, қазір де жоқ дей алмаймыз. Ресейде осындай көзқарас күні бүгінге дейін бар. Солженицынның лақпа сөзі жәй ғана сөз емес, тарихшылардың пікірі түрінде де жазылып жүрген жайы бар. Ал біз көне тарихты бағалауда ұлттық-мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарауға міндеттіміз. Бұл – бір.
Екіншіден, көне тарих деп отырғанымыз – біздің тарихымыздағы, соның ішінде соңғы ғасырлардағы үлкенді-кішілі тарихи оқиғаларға дұрыс баға беру. Бұған қалай баға беруіміз керек? Кеңестік дәуірде жазылған бес томдық «Қазақ КСР тарихы» мен тәуелсіздік алғаннан кейін жазылған бес томдық «Қазақстан тарихында» бұл мәселелер қалай жазылды және ол қалай жазылуы керек еді? Дұрыс жазылмаған мәселелер бар ма, жоқ па? Соны сүзгіден өткізуіміз керек. Біздің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақ тарихының 20 кітабын жазуға кіріскелі екінші болды. Келесі жылы 19-том аяқталады. Осы 20 кітапта нені қалай жазу мәселесінде әлі де бір тоқтамға келген концептуалдық көзқарас қалыптасқан жоқ. Көпшілігіміз бұрынғы жазғандарымызды жаңғыртып, енді біреулер ештеңені өзгертпей-ақ қайтадан ұсынып жатқан жағдайлар бар. Сонда бұл 20 кітап жазамыз деп көлем қуу үшін істеліп жатқан тірлік пе, әлде жаңаша көзқараспен жаза аламыз ба деген мәселеде «Тарих толқынында» шарасы жақсы қозғау салып отыр. Шынында қалай жазуымыз керектігін ойлану кезеңінде тұрмыз.
Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл болды. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті бар. «Қазақстан халқы» деген халық бар. Ол қазақ халқы емес. Осы халық, мейлі қазақ халқы болсын, мейлі Қазақстан халқы болсын, тәуелсіздікті кімнен алды? Бізді бұғауда ұстаған империяның аты бар ма, жоқ па? Осы уақытқа дейін сол империяның атын атап, түсін түстеген материалды мен көрмедім. Отарланушы бар да, отарлаушы жоқ. Оның себебі, біз отарсыздандыру саясатын мемлекеттік деңгейде жүргізбедік, оны саясат ретінде ауызға алған жоқпыз. Кез келген дербестікке қолы жеткен ел ең алдымен отарсыздандыру саясатын жүргізеді. Яғни, отарлық дәуірде қалыптасқан құлдық психологияны, басқалар жапсырған әсіредержавалық көзқарастарды тазалау, халықтың еңсесін көтеру, отарлық дәуірдегі ұлт-азаттық күрес қаһармандарын, қоғам қайраткерлерін, ақын-жазушыларын, ел мақтанышына айналған, елдің ұйытқысы болған азаматтардың рухын асқақтату, соларды дәріптеу және отарсыздықтың барлық саладағы зардаптарын жеке-жеке талдап, халыққа түсіндіру. Рухани, мәдени, экономикалық тазалаудан өту. Оның бірі де айтылған жоқ бізде. Әр нәрсенің өзінің аты бар. Сол өз атымен атасақ, Кеңестік Ресей империясының отаршылығынан құтылдық. Олай болса, кеңестік Ресей отаршылдығының сипаты неден көрінді? Соған бір-бірлеп жауап іздеуіміз керек. Отарлық империяның бізге келтірген зардаптары үшін кешірім сұрауымыз қажет. Керек десеңіз, құн төлетуге болады. Бұл отаршылдықтан құтылған елдердің баршасы бастан кешірген жайт. Осыны уақтылы нақты дәлелдеп бере алсақ, бүгінгі Ресей мемлекетінің басында отырғандар тарихи шындықты мойындап, біздің халықтан кешірім сұрауға тиіс. 1914 жылы жылы 6 миллионға жеткен халықты алпыс жылдан кейін де алты миллионнан асырмай, ұлтымызды геноцидке ұшыратқан империяның алдында оны талап етуге моральдық хақымыз бар. Ол отарлаушының бүгінгі мұрагері – Ресей Федерациясы. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия дәл солай бүкіләлемдік қауымдастықтан кешірім сұрады. Одан Германияның қадір-қасиеті кеміп қалған жоқ, керісінше, абыройы артты. Моральдық тұрғыдан жеңіске жетті, әлем халқының алдында бетін ашып алды. Сол секілді Рим папасы да кезінде 13-14-ғасырдағы қараңғылық дәуірі үшін кешірім сұрады. Түгі де кеткен жоқ. Бір өкініштісі, коммунистік жүйеден өткен империялар, мейлі орыс, мейлі қытай болсын, мұндай қадамға баруға дайын емес. Дайын ба, дайын емес пе, бұл сол елдердің ұятына байланысты нәрсе, ал біз өз сөзімізді айтуға тиіспіз. Оны дәлелдеу үшін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап, 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін жаңаша баға беруіміз керек. Қазақстанға не берді? Қазақ халқы осыған қандай үлес қосты? Белсене қатысқан қанша қазақты білеміз? Социалистік революцияның нақты қазақ халқына ешқандай қатысы жоқ деп ұғамын өз басым. Бұл біздің әрекетіміз емес, сырттан таңылған әрекет. Оны қалай дәлелдейміз десек те, тарихи негіз жеткілікті.
1920-22 жылдардағы ашаршылыққа жаңаша баға берілуге тиіс. Қазақтардың бірінің етін бірі жеуі сол жылдардан басталады. Одан кейінгі мәселе Голощекиннің билікке келуіне байланысты ұлттық интеллигенцияның шеккен зардабы. Сатқындықтың салдарынан ұлттың сүт бетіне шыққан қаймақтары қалай зардап шеккенін ашып айтуға тиіспіз. Ұлтты екіге бөлуден қандай зиян-залал келетінін Голощекиннің әрекетін зерттеу арқылы бағалауымыз керек.
Адамзат тарихында түрлі-түрлі ұрандар болды. Солардың ішіндегі ең танымалдарының бірі – Маркс пен Лениннің «Дүниежүзі пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұраны. Бүкіл кедейлерді байларға қарсы айдап салған ұран. Бұл ұлтты екіге бөлді, мемлекет екіге бөлінді. Мемлекеттің дәстүрлі ел билеу тәртібі бұзылып, өңкей оқымаған, ұрда-жық батырақтар билікті өз қолына алды. Мұның астары тым тереңде жатыр. Еврейлердің «менде жоқ – әлемде жоқ» деген саясаты болған. Яғни, еврейлердің мемлекеті болмады ма, дүниежүзінде солай болуы керек деген ұғым. Бірақ, оның жеткен жері баршаға мәлім. Ендеше, біз Маркстің манифесінен бастап, Кеңес одағының бізге не бергенін, қандай зардап-залал әкелгенін, мемлекеттің, ұлттың, діннің, шаруашылықтың, дәстүрдің күйреуіне қандай зиян келтіргенін ұлттың мүдде тұрғысынан қайта бағалауымыз керек.
Содан кейінгісі – 1930-32 жылдардағы геноцид. Оны геноцид деп атауға біз әлі күнге дейін мемлекеттік тұрғыдан дайын емеспіз. Бірақ, миллиондаған халық қырылған апатты геноцид демей не дейміз? 4 миллион халық обадан өлген жоқ. Олар тікелей қазақ халқының күнкөріс көзін бітеп, бағып отырған бес-он малынан айырғаннан кейін қырылды. Қырылатынын да, қырылып жатқанын да, ақыры не боларын да жоғарыдағылар білмеді дей алмаймыз. Біреудің абыройын қорғаймын деп, өз абыройымыздан айырылып қалмауымыз керек.
1937-38 жылдардағы репрессия – 1930-32 жылғы геноцидтің жалғасы. Жоспарлы түрде, санын белгілеп отырып атып, асқаны қазір бүкіл әлемге әйгілі. Бұл – екінші геноцид.
Үшінші геноцид – тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесі. Бұл қанша жерден экономикалық жағынан тиімді делінгенмен де, ұлтқа өлшеусіз зардап әкелген залал. 700 мектебіміздің жабылуы, қазақтардың атамекенінен жаппай қуылуы, қалың орыстың ортасында қалуының зардабын күні бүгінге дейін тартып отырмыз. Қазақты ассимиляцияға ұшырату тың және тыңайған жерлерді игеру науқанымен бүркемеленгенін ашық мойындауға тиіспіз. Күні бүгінге дейін мемлекеттік тіл тұғырына қона алмай отырса, бұл да соның салдары. Кемелденген социализмде жаппай тойшыл болдық, мұның арты маскүнемдердің, нашақорлардың көбеюіне, қазақтар өмірі атын естіп-білмеген жұқпалы дерттердің тарауына алып келгені тағы шындық.
Оның арасында екінші дүниежүзілік соғыс бар. Оны да әлі күнге дейін «Ұлы Отан соғысы» деп әспеттеп жүрген біз ғана. Басқа ешбір ел айтпайды.
Концептуалдық, методологиядық тұрғыдан алғанда, біз үлкен мәселелерге баға беруде біраз жайттың басын ашып алуға тиіспіз. КОКП тарихында, ғылыми коммунизмде, философияда оқығанымыз бойынша, адамзат тарихын эволюциялық дарвиндік ілім бойынша бағаладық. Бұл діндерді жоққа шығарып, жаңа дін жасаудың амалы болатын. Біз осы эволюциялық жолмен материалдық тұрғыдан адамзат тарихын жаздық. Бұл тақырыпқа да қайта айналып соғуға міндеттіміз.
Жетпіс жыл бойы қазақ халқы жабайы феодалдық қоғамнан кейін капитализмнен аттап өтіп, социализмге секірген халық деп оқыдық. Осындай жалған теорияны малдандық, мақтаныш көрдік. Абай атамыздың «Бір секіріп шығам деп, бір секіріп түсем деп…» дегеніндей, секірдік деп лепірдік. Кемелденген социализмде өмір сүріп жатырмыз деп ойладық. Заңдылыққа салсақ, оның ар жағында коммунизм тұрған еді. Бірақ, біз одан тағы да «аттап өтіп», жабайы капитализмге топ ете түстік. Бұл секірудің қандай кесір-кесапат әкеліп жатқанын 22 жылдан бері қарайғы қоғамдық-әлеуметтік жағдайымыздан көруге болады. Біз «секіріп» өтуді, келе жатқан жолдан жалт бұрылуды мақтан көреміз, асылы, олай емес. Адамзат тарихының өзінің даму заңдылығы бар. Оны қолдан өзгертіп, басқа бағытқа салғаннан мемлекет пен халық зардап шекпесе, пайда таппайды. Көзіміз соған жеткендей еді, бірақ әлі де сабақ ала алмағанымыз байқалады.
Бүгінгі ұрпақ үшін кешегі өмір –
көне тарих. Демек, көне тарихқа жаңа көзқарас деген ата-бабамыз жүріп өткен, өзіміз жүріп келе жатқан жолға қалай қарау керектігін көрсетеді. Міне, қазір бәріміз «Тарих толқынында» жүзіп келеміз. Жаңа бағдарламалар қабылданып, жаңаша талпыныс жасалып жатыр. Оның бәрі жақсы. Бірақ, соның аяғы қалай болар екен деген тұрғыда менің аздаған күдік-күмәнім бар. Науқандық шара болып қалмас па екен деймін. Күні кеше ғана мемлекет басшысының мемлекеттік хатшыға айтқан сөзін сөз деп есептеймін. Тәжиннің ынта-ықыласы жақсы. Бірақ, тарихты бірнеше айлық науқанға айналдыруға болмайды. Онымен түбегейлі айналысу керек.
Содан кейінгі үлкен мәселе – физикамен физиктер айналысатыны секілді, тарихпен де тарихшылар айналысуы керек. Оны науқанға айналдыруға, көкпарға салуға болмайды. Әркімнің пікір айтуға еркі бар деп, бетімен жіберу дұрыс емес. Мұның зардабын қазірдің өзінде көріп отырмыз. Кешегі парторг та тарихшы, баяғы кеңшар-ұжымшар басшыларының бәрі тарихшы, олардан бизнесмендер де қалып жатқан жоқ. Ақын-жазушыларымыз тегіс тарихшы. Мұндай күлкілі жағдай басқа ешбір халықта жоқ. Әсіресе, мемлекеттік дәстүрі қалыптасқан үлкен елдердің ешқайсысында мұндай сорақылыққа жол берілмейді. Әйтпесе, мемлекеттің тарихы ру-тайпаның тарихының тасасында қалады. Бұл орайда үлкен саясат керек. «Тарих толқынында» аясында осыны бір пысықтап алсақ, ұтылмаймыз.
Мен мемлекеттің мұрасы мен қазынасы далаға шашылмауы керек деп есептеймін. Осы жағынан алғанда, кейде «Мәдени мұраға» да көңілім толмай қалады. Осы бағдарламаға қыруар қаржы жұмсалды. Бірақ, елге әкелінген құжаттардың сапасы нешік? Көпшілігі Еуропада баяғыда шығып, орыс тіліне әлдеқашан аударылып қойған дүниелер. Архивке ешқандай қатысы жоқ, кітап дүкендерінде толып тұрған материалдардың фотокөшірмесін әкеліп, соған малданып жүргендер бар. Жүз мың құжат әкелдік деседі, бірақ, көпшілігі нақты қажетке жарай қоймайтын көшірмелер. «Қытайдың архивіне кірдік» дейтіндер көбейіп кетті. Қытай өзінің мұрағатына ешкімді де жәйдан-жай кіргізе салмайды.
Яғни, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бағыт-бағдар тарихи оқиғаларға баға беруден басталуы керек. Оны ұранға қосып, науқанға айналдырудың арты жақсы болмайтынын түсінуге тиіспіз.
Жазып алған
Жұлдыз Әбділда.
"Ақ желкен" журналы